• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
25 Қараша, 2010

Жұмыс нақты әрі жедел жүргізілуі тиіс

395 рет
көрсетілді

Кеше “Нұр Отан” ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин қоғамдық қабылдау бөлімдерінің жұмысы бойынша өңірлермен бейнеконференция өткізді. Азаматтардың өтініштері жылдам және сапалы шешілуі керектігі бейнеконференцияның өзекті тақырыбына айналды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев партия алдына азаматтармен ашық және белсенді жұмыс жүргізуді қатаң тапсырса, ол ең алдымен қоғамдық қабылдау бөлімдерінде көрініс табуы тиіс. Нұрлан Зайроллаұлы өз сөзінде азаматтардың басында туындаған барлық мәселе жергілікті атқару­шы органдармен тығыз байла­ныс­та шешімін табуы қажеттігіне ерекше назар аударды. Өйткені, қоғамдық қабылдаулар азаматтар мен жергілікті атқарушы органдар арасындағы байланыстырушы қоғамдық институтқа айналып отыр. Қазіргі таңда партияның жер-жерде 258 қоғамдық қабыл­дауы­ның жұмыс істеуі өңірлердегі жағдайды саралауға мол мүмкіндік туғызуда. Қоғамдық қабылдау­лар­ға өз басындағы жағдайды айтып келушілер қатары жылдан жылға ар­та түсуде. Мәселен, биылғы жылдың басынан бері 72 мың адам өз өтініш-шағымдарымен партия қабылдауларында болыпты. Егер тарқатып айтар болсақ, оның 4 мыңнан астамы тұрғын үй-комму­налдық қызмет мәселелері бойын­ша келген. Одан кейінгі мәселелер әлеуметтік-экономикалық санатқа жатады: жұмысшылар жалақысын төлемеу, екі қолға бір жұмыспен қам­тамасыз ету және балаларын ба­лабақшаларға орналастырып беруге ықпал ету және тағысын тағылар. Партия Төрағасының бірінші орынбасарының мәліметінен бел­гілі болғандай, келіп түскен шағым­дардың 81 пайызы мемлекеттік ор­гандар тарапынан қаралып, соның 52 пайызы өз шешімін тапқан. Қоғам­дық қабылдау бөлімдерінің жалпы жұмысы туралы айтар болсақ, онда азаматтардың шағым-өтініштерін шешу жөнінен Ақтөбе облысы 94 пайызбен алда келеді. Маңғыстау об­лысында бұл көр­сет­кіш 72 пайызға, Қарағанды облы­сында – 57, Алматы облысында – 81, Оңтүстік Қазақстан облысында 76 пайызға жеткен. Міне, осы жоғарыда аталған өңірлер азамат­тар мәселелерінің оң ше­ші­луін ба­­рын­­ша жолға қойғандар қа­тарынан са­налады. Мұндай қоғам­дық қабыл­дау­ларда Мәжіліс де­путаттары 72 қа­былдау өткізсе, мәс­лихат депу­тат­та­рының жүргіз­ген қабылдаулары 589-ға жетіпті. Осы ретте Н.Нығматулин қо­ғам­дық қабылдауларға келуші­лер­­мен жұмыс нақты және жедел ше­шім қабыл­данатындай етіп жүзеге асқаны жөн екенін ерекше айтып өтті. Әсіресе, қоғамдық қабыл­дау­ларды істі нақты шеше алатын не­ме­се нақты шешім қабылдай ала­тын басшылардың жүргізуі ұтымды. Азаматтардың әрбір шағым, өтініш­тері назардан тыс қалмай, барлы­ғына жауап берілуі қажет. Сондай-ақ мәселе шешімін таппайтын бол­са, онда оған не қаржының жоқ­ты­ғы немесе біраз уақыттың қажеттігі ашып айтылғаны жөн. “Нұр Отан” ХДП Орталық ап­па­раты қоғамдық қабылдау бөл­ме­сінің меңгерушісі Жұмажан Жү­ке­нов партияның жауапкершілігін арт­тыру бағытында жаңа ізде­ніс­тердің жалғасын тауып жатқанына назар аударта келіп, Ресейде билік партиясының шешімдері 40 пайызға орындалып жатқанын мысал ретін­де келтірді. Бұл жөнінен “Нұр Отан” партиясы алда келеді. Тағы бір бел­гілі болғаны, партияның Орта­лық аппаратында тұрғын үй-комму­нал­дық қызмет мәселелері бойынша қабылдаулар жүргізіліп келе жатса, консультациялар тегін беріледі екен. Мұндай қызмет түрі партия мен Ад­вокаттар одағы арасындағы ме­мо­рандум негізінде азаматтарға те­гін кеңес беру мақсатында да ұй­ым­дастыры­лыпты. Қоғамдық қабыл­дау­лар темір жолдар мен автожол­дар бойында да өз шешімін тапқан. Ендігі мәселе – барлық мем­лекет­тік органдармен бір­лесе отырып, азаматтардың өтініштерін барынша сапалы әрі дер кезінде шешу. Бейнеконференция жұмысы бір сағатқа созылды. “Нұр Отан” ХДП өңірлік филиалдары қоғамдық қа­был­даулары тарапынан жұмыс ба­рысы туралы телеарналарда ай сай­ын есеп беру, апта сайын мони­то­ринг нәтижесін жариялау, азаматтар өтініштерін бір орталықта тіркеу си­яқты көптеген ұсыныстар айтылды. Енді бұл ұсыныстар Орталық ап­па­ратта жан-жақты пысықталып, тиісті шешім қабылданады деп күтілуде. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.