• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
25 Қараша, 2010

Жасампаздық жемісі

815 рет
көрсетілді

Біздің еліміздің тәуелсіздік алғаннан бергі жеткен ең үлкен жетістіктерінің, шыққан ең үлкен биіктерінің бірі, менің ойымша, биылғы саммит болып табылады. Мен оның өтпей қалу ықтималдығы туралы қазір күмәнданбаймын, бірақ біздің қоғамымызда оның болғанын қаламайтын немесе дұрыс өтпегенін қалайтын күштердің бар екенін айтуға тиістімін. Аяқтан шалғысы келіп тұратын ондайлар еліміз бір жаман атаққа іліксе екен, әлемдік форум ойда­ғы­дай өтпесе екен деп күпіршілікке барады. Мұн­дайлар біздің Отаны­мыз­дың дамып, әлемге танылға­нынан би­лікке деген қара басының өк­песін жоғары қояды. Қазақ­станның азаматы бола тұра сондай пікір­лер айту жалпы елге жамандық тілегенмен бірдей емес пе. Мұндайда қандай өкпең болса да елің үшін ұмыту керек қой. ЕҚЫҰ – дүниежүзілік үлкен ұйымдардың бірі, оның өзіндік тарихы бар. Қазақстан секілді жас елдің осындай Ұйымға төрағалық ету мүм­кіндігін алудың өзі – үлкен жетістік. Ал енді оның 11 жыл бойы болмаған саммитін ұйымдастыру – әлем тарихының алдындағы үлкен ерлік. Бұл біздің халқымыз үшін мақ­та­ныш ететін табыс деп есептеймін. Сон­дықтан біздің отандастарымыз барлық ой-пи­ғыл­дары­мен осы саммиттің елімізде жо­ғары деңгейде өтуін тілеуі керек. Әркім өзі­нің отырған ор­нында, өзінің отбасында соған тілекші болып, үлес қосуға ұмты­лулары керек. Мұндай бақ бізге бекерден бекер келіп жатқан жоқ. Кейбіреулер бұл біздің мұнайы­мыздың және басқа да жер қойнауындағы байлықтарымыздың арқасы дегенді айтады. Әрине, олар да өзінің игі ықпалын тигізген шығар, бірақ дәл сондай мұнайы, жер асты байлығы мол мемлекеттер аз ба? Тіпті сол, Кеңес Одағының орнында пайда болған мемлекеттердің өзінде де байлық жеткілікті ғой. Мысалы, Ресейді алайықшы. Ендеше, неге сол Ресей төраға болмады, неге ол өзін ұсынбады? Кейбіреулер біз ЕҚЫҰ төрағасы болуға дайын емеспіз, бізде демократиялық шарттарға сәйкес келмейтін мәселелер бар дейді. Мәселе онда емес. Осыдан екі жыл бұрын ЕҚЫҰ бас­шы­ларының бірі біздегі саяси партиялар жетек­шілерімен кездескен еді. Сол кездесуде біздегі ра­дикалды оппо­зи­ционерміз деп жүрген пар­тиялардың бірі­нің төрағасы мынадай сұрақ қойды: “Бізде адам құқы мынадай-мынадай салаларда сақталмайды, жиі бұзылады. Фактілер жеткілікті. Билік өзінің Испанияда берген уәдесін орындамай отыр. Осыған қалай қарайсыз?” – деді. Сонда Ұйымның сол кез­дегі басшысы: “Егер Қазақстан Еуроодақ елдерінің бірі болса, онда мына мемлекет біздің ұстанымымызды толық орындамай отыр деп мәселе көтеруге болар еді. Ал мына тілге тиек етіп отырған құрылымыңыз – Еуропаның қауіпсіздігі мен өзара ке­лісімпаздығын қам­тамасыз етуге бағытталған құрылым. Ол өзінің қызметін қоғамдық негізде атқарады. Мұндағы негізгі шарт – құр­лықтағы қауіпсіздік, эко­номика, эколо­гия және адам құқығын қорғау мәселелері. Соған бейімделіп келе жатқан ел­дерді біз қолдаймыз. Ал адам құқығын толық қорғау мәселесі бір күнде орындалмайтын мәселе”, – деген еді. Шынында да, кеше ғана тоталитарлық жүйеден, жалғыз партиялық коммунистік режімнің тәртібінен босаған елде сол кез­дерде өмір сүрген адамдардың психо­ло­гия­сын өзгерту деген бір күнде, бір жылда, тіпті он жылда да жүзеге аса қоятын оңай мәселе емес қой. Сұң­ғыла саясаткерлер осыны жақсы түсініп отыр. Сон­дықтан, мен ЕҚЫҰ сол кездегі төр­­ағасының біздің мүмкіндік­тері­мізге әділ көзбен қарағанына риза болдым. Ол Қазақстанда ЕҚЫҰ шарттарын орындауға, оның мақ­сат­тарын іске асы­руға деген ұмты­лыстың бар еке­нін жо­ғары бағалап тұр. “Қазақстан демократиялық, құқықтық, әлеу­меттік мем­ле­кет құрамыз деп Ата Заңына жазып қойған. Қазақстан сол Ата Заңдағы мақсаттарды орын­­дауға негіз болатын заңдар қа­былдап, соған сәйкес құры­лым­дар құрып, соған сәйкес ке­ле­тін саяси өзгерістер жасап жатқан мемлекет”, – деп жауап берді. Ал, біздегі кейбір сая­сат­керлердің Конституцияның 1-бабында жазылған талаптар бірден орындалмай қалды деген сындары тіптен орынсыз. Осы жақын арада біз адам құ­қық­та­рын қорғау жө­ніндегі елі­міз­дегі жағдай ту­ра­лы баяндаманы тыңдадық. Оған Еуроодақ елде­рі­нің, соның ішін­де Ұлыбритания­ның елшісі қа­тыс­ты. Сол елші осындай құжаттың өзін дайындау кез келген мемлекеттің қолынан келе бермейтінін ашық айтты. Ал біз осын­дай баяндаманы жасап жүргенімізге төрт жыл болыпты. Сол баяндамалардағы адам құқығын қорғау жөніндегі кемшіліктерді ешкімнен жа­сыр­май айтып жүр екенбіз. Мәселен, бізде мы­надай-мынадай заң бұзушылықтар бар, бірақ соған қарсы мынадай-мынадай іс-шаралар қол­данылып жатыр деп ашық баяндап отырмыз. Соның қатарында түрмедегілердің жағ­дайын жақсарту мақсатында оларды бақылау Ішкі істер министрлігінен Әділет министрлігіне берілді. Қазіргі кездегі құқық қорғау органдары саласында жасалып жатқан өзгерістерді, міне, осылардың барлығын біз саралап, халыққа ашық айтудамыз. Мен алдымыздағы саммитке сындар айтып, ЕҚЫҰ төрағалығына сәйкес емеспіз дегендерге осылай жауап берер едім. Үшінші мәселе, ЕҚЫҰ-ға төраға болып отырған мемлекеттің қалдырған ізі, кейінгі­лер­дің одан алатын үлгісі болуы керек. Осы тұр­ғыда Қазақстан жасаған істерімізді ұялмай көр­сетіп, басқаларға үлгі болуға әбден лайық деп айта аламыз. Бұл арада ал­дымен біздегі этнос­аралық, дін­ара­лық қатынастардағы ауыз­бірлік, татулық, ты­ныш­тық мәселесі алдымен ауызға оралады. Мұндай іс барлық көпэтносты, көп­конфессиялы мемлекет­тер­дің қолынан келіп жатқан жоқ. Біз осы мәселе бой­ын­ша күннен-күнге дүние жүзінің бір орталығы бо­лып бара жатырмыз. Ләйім солай болсын. Қазір дүние жүзіндегі ішкі ісінде де, өзара да бір-бірімен алауыз болған мемлекеттер бізге қарайтын болды. Өйткені, біздегі ауызбір­ші­ліктің үлгісін ЕҚЫҰ төрағасы ретінде біз әлем­ге таратып жатырмыз. Әлі көресіздер, көптеген мемлекеттер кейін біздің осы үлгі­мізді өздеріне енгізе бастайды. Оған менің ешқандай күмәнім жоқ, өйткені, көптеген мемлекеттерде дін­ара­лық, ұлтаралық шие­ле­ністердің салдарынан әлі күнге қырғындар болып жа­тыр. Мысал үшін біздің көршіміз – Қырғызстан­ды алсақ та жеткілікті ғой деп ой­лай­мын. Біздің тәуелсіздік алған 19 жылымыздың 7-8 жылы жығылып қалған жерімізден тізерлеп тұруға ғана кетті. Сол кездерде то­та­литарлық жүйеден нарықтық экономикаға көшу тетік­терін жасайтын жаңа заңдар қабылдау керек болды. Оны жасай алатын, іске асыра алатын білікті азаматтар табу ке­рек болды. Қалып­тасып қалған жүйені бұзу қиын жолмен іске асты. Соның салдарынан тұрмыстық ахуал қиындап кетті, жұмыс­сыздық артты, экономи­ка­мыз быт-шыт бол­ды. Астығымыз, мал ша­руашылығы өнім­де­рі, жер қойнауындағы байлығымыз ешкімге керек болмай қалды. Көршілес Өзбек­стан­ның өзі бұрын 90 пайыз етін, 100 пайыз асты­ғын Қазақстаннан алатын болса, енді Кеңес Одағы күйрегеннен кейін етті Гол­лан­диядан, астықты Канададан ала бастады. Ана жақтан алса кәсіпкерлеріне пайда көбірек түсетін болды. Міне, осындай қиын­дықтармен жүріп 7-8 жылымыз, жоғарыда айтқанымдай, таза аяқтан тұруға ғана кетті. Тек содан кейін ғана біз саяси жүйені жаңалауға кірістік. Соған қа­рамай, қазір дүние жүзі таңқалатындай жағ­дайға жеттік. Әлеуметтік тұрғыдан алға шық­тық. Міне, осы жетістіктер басқаларға үлгі емес пе? Тіпті кейбір мәселелерде біз еуропалық елдердің өзін артта қалдырдық. Мәселен, Елбасы жуырда Парижде сөй­леген сөзінде Фран­цияда жасалып жатқан зейнетақы реформасын біз олардан әлдеқайда бұрын жасап кеткенімізді айтты. Ал біз болсақ, енді соның өзін жетіл­діре түсуді ойлап отыр­мыз. Өт­кен­де “Нұр Отан” мен “Әділет” пар­тиялары бірігіп, осы тақы­рыпта үлкен кеңес өткіздік. Яғни, бүгінгі таңдағы кеміс­тігімізді ашып айтып, соны еңсеруді ақылдастық. “Ауруын жасырған өледі” дейді халқымыздың даналығы. Қоғамда шындықты айтатын, соны түзетуді талап ететін партиялар болмаса, ондай аурулар бітеу жараларға айналып, бір күні бәрібір жарылады. Ал бізде оны айта алатын партиялар бар. Жалпы, бізде демократиялық институт­тар­дың бәрі бар. Тек соларды жөнімен қол­дана білу керек. Кейде барлық нәрсені бір­жақты “қара” немесе біржақты “ақ” деп қана қабыл­дайтындар бар. Біздің “Әділет” партиясы өзі­мізді “ақты” да көре білетін және оны оң дей­тін, “қараны” да теріс дей­тін партиямыз деп есеп­тейміз. Біз өзімізді билікке де, басқа пар­тияларға да оппонент­піз дейміз. Біздің көксе­геніміз – заңдылық арқылы әділеттікке жету. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ, құдайға шүкір, қазіргі кез­дегі өсу жолымызда демократиялық қоғам құру мақсатында жасаған жұмыстарымыз аз емес. Кемістігіміз де жеткілікті. Кейбіреулер бәрі бір күнде бола қалса екен деп ой­лайды, ондай мүмкін емес қой. Сондықтан да алдағы саммит – біздің мемлекетіміздің, Елбасы Н.Назарбаевтың дұрыс саясатының бірден-бір дәлелі деп есептеймін. Және бүкіл халық болып оның жақсы өтуіне атсалысуымыз керек. Осы іске байланысты біздің партия не істеп жатыр дегенге келсек, осы ЕҚЫҰ жөнінде төр­ағалыққа өтердің алдында арнайы үндеу қабыл­дадық, онда еліміздің ниетіне қолдау білдірдік. Бұл өте дұрыс мәселе, оған жетуіміз керек дегенді айттық. Кейбір партиялар қарсылық білдіріп, сынап жатқанда біздің қолдағанымыз дұрыс болды деп ойлаймын. Кез келген мемлекетте әлеу­мет­тік салада, адам құқығын қорғау мәсе­ле­сінде әділетсіздікке апаратын әрекеттер болып тұрады. Мысалы, өткенде ғана Францияда зейнетақы мәселесіне қарсылық акциясы болды, оны күшпен басты. Күшпен баспаса, қырғыздардағы сияқты бәрін қиратып бүлдіреді емес пе, сондықтан мемлекеттің мықты болғандығы да керек. Бірақ, барлық мәселені күшке тіреп қоюға да болмайды, ондай мемлекеттің де күні шектеулі екендігін ұмытпауымыз керек. Мақсұт НӘРІКБАЕВ, “Әділет” демократиялық партиясының төрағасы.