1, 5 миллиардқа жуық халқы бар Қытай 16 миллионнан астам халқы бар Қазақстанмен 23 қараша күні спорт аренасында екі рет жекпе-жекке түсіп, айналдырған бір сағаттың ішінде екеуінде де жеңіліс тапты.
Бұл қыздырма, қызыл сөз емес. Грек-рим күресінің соңғы күнінде қазақтың түйе балуаны Нұрмахан Тінәлиев (120 кг) қытай алыбы Лю Деймен кілемге шықты. Азияның алды болған бойы 2 метр қытайға сарай толы жанкүйерлері жақ тартты-ай дейсіз... Бірінші кезеңде біздің балуанды партерге қойды. Нұрмахан маңқиған Қаратау секілді былқ етпеді. Екінші кезеңде төреші партерге қытайды қойды. Аш белге қос қолын өткізген Нұрмахан екі толғағанда алып қытай аяғы сереңдеп біздің балуанның бұрауында кетті. Жеңіс! Нұрмахан Тінәлиев – Жамбыл облысындағы Шу ауданының түлегі. Марат Тұрлыхановтың тәліміндегі балуан Азия Олимпиадасының жеңімпазы! Сол күні еркін күрестен кілемге түскен Дәулет Жұмағазиев (60 кг) бауырымыз қола медаль үшін болған таласта Солтүстік Корея балуаны Ри Жонгты жеңді. “Жұмағазиев өте талантты балуан. Финалда күресуі керек еді, тактикалық қате жіберді ” дейді Жақсылық Үшкемпіров ағамыз.
Регби – жаужүректердің ойыны
Нұрмаханның құрметіне қазақ байрағы көтеріліп, әнұранымыз ойнағаннан кейін регби жарысы өтіп жатқан сарайға асықтық. Қазақтың қыздар регби кұрамасы қытайлық құрамамен алтын медальдің тағдырын шешуге тиіс болатын. Регби – жаяу көкпарды көзге елестетеді. Алып сарайды лық толтырған жанкүйерлер Қытай құрамасын қолдап, құлақ тұндырғанымен біздің бойжеткендер селт етпеді. Корей құрамасын 52:0, Таиланд құрамасын 22:14 есебімен жеңген қазақстандықтарға қарсы ойнаған, Үндістан мен Гонконг құрамаларын 42:0, 34:0 есебімен ойсырата жеңген алаң иелері бұл кездесудің фавориті саналған. Регбиде қолына доп алып жүгірген ойыншы оңбайды. Бірнеше адам бірден жабылады. Біреу құшақтап құласа, қалғандары қолындағы допты алу үшін іліккен жерінен жармасады. Шыбық тимей шыңқ етер футболшыларымыздың аяғына қарсыласының аяғы тиіп кетсе ойбайлап тұрмай жатар еді. Ал біздің қыздардың ауырсынуға уақыты жоқ. Мемлекетінің намысы үшін отқа-суға түсуге дайын. Осындай жан алып, жан беріскен ойында біздің қыздар 17:14 есебімен тамаша жеңіске жетті. Бұл командалық ойындардағы тұңғыш алтын медаль! “Chіna” деп құлақты тұндырған қалың қытайдың ішінде 4 журналист қиқу салып тұрмыз. Екі қызымыздың өңдері бал-бұл жанып, алқынып жетті. “Қазақстанның байрағын беріңіздер!”. Ардақ Тоғымов пен менде бар еді. Іліп әкетті. 8 қыз екі жалауды төрт жағынан керіп, алып сарайды айналып зыр жүгірді-ай. Әттеген-ай, өз жанкүйерлеріміз жоқ. Әттеген-ай: “Қытайды ала алмайды”, деп тележурналистеріміз келмеген. Керемет түсірілім болар еді-ау!.. Бас бапкермен тілдестік. “Азия чемпионатында Қытай құрамасынан тас-талқан болып ұтылып едік. Бүгінгі жеңісіміз өзімізді де таңғалдырды. Қыздарымыз керемет ерлік жасады. Қазылар әділ болды”, дейді.
Бұл күні 3 алтын олжалауымыз да мүмкін еді. Ұзындыққа секіруші қызымыз Ольга Рыпакова алтын алған корей Жунгтан 3 см. ғана ұтылды. Көрсеткіші 6.50 см. Ольганың алтыны алда. Үш қарғып секіруде. Құрлық рекордын жаңартқан одан осындай жеңіс күтеміз. Қазіргі бессайыста Лада Жиенбаланова бастаған қыздарымыз Қытай, Корея төрттігін ғана алға салып, қола медаль жеңіп алды. 7 алтын, 14 күміс, 26 қола медалі бар Қазақстан бұл күні 7-ші орынға көтерілді.
Бет қатталып жатқанда Азиададан тілшіміз телефон арқылы қоржынға тағы бес қола жүлде түскенін хабарлады. Оны жеңіп алған спортшылар – каратэ-додан Халид Халидов, бокстан Саида Хасенова, ерлер арасында Данабек Сужанов, еркін күрестен Ермек Байдуашев пен Леонид Спиридонов. Осы күні төрт былғары қолғап шебері финалға шықты. Олар – Біржан Жақыпов, Данияр Елеусінов, Серік Сәпиев пен Иван Дычко.
Бақтияр ТАЙЖАН, “Егемен Қазақстан”, – Гуанчжоудан (Қытай).
* * *
ЖАСТАР ЖЕҢІСКЕ ЖЕТТІ
Таяуда Ресейдің Омбы қаласында кикбоксингтен өткен халықаралық турнирде отандастарымыз 3 алтын, 3 күміс және 2 қола жүлдеге ие болды.
Кикбоксингтің “А” санаты бойынша өткен турнирге 15 пен 18 жас аралығындағы жасөспірімдер қатысты. Байрақты бәсекеге еліміздің 8 қаласынан жиналған үздік спортшылар мен елордалық №3 балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінің өкілдерін жаттықтырушы Данияр Шымыров бастап барған болатын.
Турнир кикбоксингтің “фулл-контакт” және “лоу кик” атты екі түрінен өтті. Жарыста Д.Шымыровтың шәкірттері сегіз түрлі дәрежедегі жүлделерге ие болды. Атап айтқанда, Нұрдәулет Мұхи, Еламан Тұраров пен Аяділ Балғазаров алтыннан алқа тағынса, Серік Сейілбеков, Азамат Дүйманов пен Сағыныш Мұхаметжанов күміс жүлдені иеленді. Ал Дархан Төлеқожа мен Дәурен Меделбек қола медальдарды қанағат тұтты.
Жұлдыз БАЙДІЛДА, ЕҰУ студенті.