Кешегі кеңестік шинельді шешіп, ел боламыз ба, болмаймыз ба деген күдікті біржолата сейілтіп, өз алдына шаңырақ тіккен Қазақ еліне мәртебелі де беделді халықаралық ұйымдарды басқару сеніп тапсырылуда. Биыл ЕҚЫҰ-ға, ал келесі жылы Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалығымыз осының жарқын көрінісі болса керек. Қазақстан көптеген игілікті істерге бастамашы болып жүр, соның ішінде Ұйымның 11 жылдан бері өткізілмей келе жатқан саммитін қолға алуы үлкен жауапкершілік, содан кейін мәртебе.
Өткен ғасырдың 90-жылдарының бас кезі. Үміт пен күдік бір-біріне жеңістік бермей, әрі бірін-бірінсіз өмір сүре алмай әр сананы паналаған уақыт. Ал көкейде үш сұрақ: “Кеше кім едік? Бүгін кімбіз? Ертең кім боламыз?”. Ал жауап жоқ. Әрбір қабылданар шешім шешілмейтін түйінге тірелуі немесе күдікті жойып, санаға сенім, үмітке алау жағуы мүмкін сынаулы шақ. “Не бап шабады, не бақ шабадыға” салып емес, саналы, сындарлы және салмақты түрде шешім қабылдауды талап ететін, ұлттың, ұрпақтың бір күндігін немесе бір жылдығын емес, ғұмырлығына байланысты нақты шешімді талап еткен кезең еді ол.
Бүгін ол уақыт тарих қойнауына еніп үлгерді. Уақыт – емші, уақыт – таразы. Ал қазірде біз осыдан 20 жыл бұрын жауабы жоқ сияқты болып көрінген сұрақтарға нақты жауап бере алатын жағдайға жеттік. Олай болса, бірінші сұрақ: біз кеше кім едік? Елім деп еңіреген ерлері бар, төрт түліктен белі қайысқан жерлері бар, жерінің асты қазбаға, үсті сан ғасырлар шежіресін баян етер жазбаға толған, үлкенге – ізет, кішіге – құрмет көрсеткен, таспен атқанды аспен атқан, қиналғанға қамқоршы, қорланғанға қорғаншы болған, білекпен емес, біліммен мақтанған, ізгі үлкеннің жеңінен тартпай жолын қуған, ұрпағының бетінен қақпай, белін буған, сүрінгенге сүйеу, құлағанға тіреу, көршіге көмекші, туысқа себепші бола білген, пышақтасамын дегенді құшақтасуға шақырған, татулыққа дәнекер, бейбітшілікке себепкер, паналағанға сая бола білген ел болдық.
Алайда жерінің асты байлығымен, үстіндегі халқы жайлылығымен танылған, Алатаудан бастап Арқа асқан, Алтайдан Атырауға дейінгі созыла жатқан жерге көзін тіккендер де, сөзін бүккендер де, шүйліккендер де аз емес еді. Келер ұрпақтың баянды болашағы үшін қасиетті бабаларымыз бен әруақты аналарымыз қанын да, жанын да аямай, жамырай соққан жауына тойтарыс беріп, осы жерді ұрпаққа аманат етіп сақтап келді. Дегенмен де, толассыз соққан жауындай жауған жауға қарсы күрес үшін, күштіден көмек, істіден елек сұрауға мәжбүрленді. Бұл мәжбүрлілік азат елді еркінен айырды. Бостандық – бодандыққа айналды. Елінің өмірі жайлы болғанымен, көңілі жайсызданды. Атам заманнан баталы ел болған еліміз еркінен айырылып, тар қапастан шығамын деп булыққан еліктей елегізіп, қарғылы ел болды. Азаттық арманға, еркіндік қиялға айналды. Елім деп еңіреген, жерім деп тебіренген талай боздақтар осы жолда өз өмірлерін құрбан етті. Азаттықтың асқақ үні алаш даласында қанша шырқалса да, сәттілік пен жетістік оны айналып өтіп жатты. Біз көзі ашық, жүрегі таза, көңілі жайсаң халықтан, азаттықтың ауылын аңсаған, тәуелділіктен тазаруды, еркіндіктен нәр алуды көксеген елге айналған едік.
Ал бүгін біз достығымыз бен татулығымыз жарасқан, береке-бірлігіміз сақталған, тәуелсіздік торабындағы төрт құбыламызды түгендеген, әлем елдерімен тереземіз теңескен, елеулі елу елдің қатарына қосылуға ұмтылған егемен елміз. Себебі, ел мен жердің ертеңі үшін қилы кезеңдерді бастан кешірген бабаларымыздың асыл арманы мен тілегі орындалып, Қазақстан Тәуелсіз мемлекет атанды. Тәуелсіз Қазақстан. Тәуелсіздік! Теңдесі жоқ бақыт, теңеуі жоқ шаттық. Қазақстан үшін тәуелсіздіктен асқан мұрат, бірліктен асқан мақсат жоқ. Себебі, біздің қазіргі жетістігіміздің бәрі осыған байланысты.
“Біз бүгін кімбіз?” деген екінші сұрақтың жауабын біз осылай бастай аламыз. Біз бүгін әлемге ядролық қарусыз өмір сүруге болатынын дәлелдеп берген елміз. Біз бүгін дүние жүзіне ұлтаралық татулық пен дінаралық келісімнің өзіндік үлгісін ұсына білген елміз. Біз бүгін тұғырлы тәуелсізідігіміз бен еңселі егемендігіміздің көк туын желбіреткен, бірлігі мен тірлігі жарасқан елміз. Мұның бәрі ауызбіршіліктің, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып отырған татулықтың арқасы. Сол елді осындай күнге жеткізіп отырған, қилы күнде ұтымды ұсыныс пен ұғымды шешім қабылдай білген Елбасының ерлігі. Елбасының “әуелі – экономика, содан кейін – саясат” деген салиқалы саясатының арқасында бүгін еңсесі биік елге айналып отырмыз. Тарих есебімен алғанда аз уақыт болғанымен, істелген іс пен атқарылған шаралар жөнінен кешегі мың жылдарға бергісіз жолдан өттік. Осы уақыт ішінде Қазақстан жаһанға жаңалық ұсынғыш, бейбітшілік пен келісім үлгісі боларлық, бастамашыл, жасампаз елге айналды. Мақтауға да, мақтануға да тұрарлық Тұңғыш Президентіміздің сындарлы саясатының арқасында біз бүгін істі алыстан шалатын, жоспарында бір күндігімен емес, көп күндігімен жүретін, жас та болса бас бола алатын нағыз егемен, тәуелсіз ел атандық. Саусақ бірікпей, ине ілікпейтінін, төртеу түгел болмай, төбедегі келмейтінін дәлелдеп берген ел болдық. Осының арқасында бізге Азия ғана емес, Еуропа өз төрін ұсынды.
Әлемнің алдыңғы қатарлы 56 мемлекетінің басын қосқан беделді халықаралық Ұйымға төраға болып сайландық. Бұл – біздің еліміздің, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық аренадағы беделінің нақты көрінісі. Бұған дейін ТМД, ШЫҰ, ЕурАзЭҚ, АӨСШК сынды ұйымдарды тиімді де ұтымды басқарған бізге төрағалық таңсық қызмет емес десек те, біз бұл төрағалыққа жәй келгеніміз жоқ, өзіндік ұстанымымыз, бастамамыз бар, жаңа, тың идеялармен, оны жүзеге асыру жоспарымен келдік. Себебі, бұл Ұйым географиялық жағынан ғана емес, саяси беделі, халықаралық мәселелерді шешудегі рөлі жағынан да биік тұрған Ұйым болып табылады. Төрағалыққа кіріскен уақыттан бері еліміз төрткүл дүниені шарпыған мәселелерді қарастыруда өзінің іскерлігімен, ұтымды ұсыныстарымен ерекшеленіп келеді.
Меніңше, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына Қазақстанның төрағалығы Ұйымның алдында тұрған негізгі міндеттерге жаңаша көзқарас қалыптастырды. Бұған Қазақстанның белсенді әрекетімен қатар, геосаяси, геоэкономикалық орналасуы да белгілі бір деңгейде әсер етуде. Кезінде Наполеон “Елдің саясаты оның географиясында” деген екен. Себебі, елдің орналасуы да оның саяси жағдайына үлкен әсерін тигізеді. Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі Батыстың Шығысқа деген көзқарасын мүлде өзгертуі тиіс. Қазіргі уақытта және бұған дейін де тегі игі істерді біз Батыстан күтіп, Батыстан үлгі алып отырдық. Ал бүгінгі таңда Қазақстанның күллі әлемнен алары қаншалық болса, берері де соншалық. Өйткені, біздің егемендігін енді ғана алған еліміз бүгінде құлашын кеңге сермеуде. Өмірлік тәжірибеміз, көргеніміз бен білгеніміз аздау болса да шешкеніміз бен бекіткеніміз арқылы жаңа заманға жаңа көзқарас қалыптастырудамыз. Алаулы үмітімізден туындаған келешекке деген сеніміміз, үлкенге ілтипат, кішіге құрмет, айналамызға ізгілікті қалыптастырған ата дәстүріміз, кезіндегі сұрапыл соғыстан, сондай-ақ жаппай қуғын-сүргіннен бой тасалап, пана іздеп келгендерді жатсынбай, құшақ ашқанымыз, істе де, тірлікте де күллі әлемге ашықтығымыз алыс-жақынға үлгі етіп ұсынар артықшылықтарымызға айналды. Міне, сол барымызды басқалар бағалайтын дәрежеге көтеріліп отырмыз. Оларды тәжірибе ретінде тарату мақсатында ЕҚЫҰ-ға төрағалыққа талпыныс танытып, бұл идеямыз сәтті болды. Сөйтіп, біз алған бағытымыздан айнымайтын, берген сертімізден тайқымайтын елміз деуге негіз бар. Сонымен қатар, өткенін елеп, бүгінін бағалап, келерін болжай білетін елміз. Біздің ұстанымымыз: Сенім. Дәстүр. Ашықтық. Төзімділік. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған осы ұстанымдар арқылы біз Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымын, түптеп келгенде, әлемді әлемге басқа, жаңа қырынан көрсете алатынымызға сенімдімін. Себебі, аталған Ұйымға төрағалық ету ниетін білдірген 2003 жылдан бері Қазақстан бұл жауапты қызметке үлкен дайындықпен, өзіндік ұтымды ұсыныспен, жағымды жаңалықпен келді. Қоғамымызда құқықтық-саяси реформалар бірінен соң бірі жүзеге асты. 2007 жылғы конституциялық реформа, оның негізінде жүзеге асқан құқықтық шаралар, заңнамаларды халықаралық стандарттарға сәйкестендіру, 2009-2010 жылдарға арналған Адам құқықтары саласындағы ұлттық іс-қимыл жоспарының және жаңа 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі Құқықтық саясат тұжырымдамасының қабылдануы осының айғағы.
Оның үстіне Қазақстан – ТМД елдері, сондай-ақ мұсылман, түркі тілдес елдер арасынан төрағалыққа қол жеткізген алғашқы мемлекет. Сондықтан Қазақстан Шығыс пен Батыс арасындағы көпір ғана емес, Батыс пен мұсылман елдері арасындағы дәнекер де болып табылады. Себебі, біздің ел Конституцияға сәйкес зайырлы ел болғанымен, халқымыздың көпшілігі ислам дінін ұстанады. ЕҚЫҰ қауіпсіздікті кешенді ұғым деп санайтындығына және үш өлшемде: әскери-саяси, экономикалық-экологиялық және гуманитарлық өлшемдерде әрекет ететіндігіне байланысты Іс басындағы төраға Қазақстанда қазір атқарылып жатқан нақты шараларға күнделікті мән беріп келеді. Сондықтан оның түсін түстеп, өңін өңдеуден гөрі, сол атқарылып жатқан және атқарылғалы жатқан шаралардың маңыздылығына тоқталғанды жөн көріп отырмыз.
Қазір әлем назары Астанада. “Қонақ келсе, құт келер” деген салиқалы сөзі бар киелі халықтың елордасы – Астана жасампаздықтың ордасы. Астанада әлемнің бұрын-соңды бастары бірікпеген Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бір емес, үш съезі өтті. Әлемдегі медия қауымдастықтың проблемаларын қарастыру үшін күллі дүниенің журналистері бас қаланың төріндегі мінберге жиналуды дәстүрге айналдырды. Тағысын тағылар. Енді, міне, 11 жылдан бері өтпеген Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер Мемлекет басшыларының саммиті биылғы жылдың 1-2 желтоқсанында Астана төрінде өтетін болып отыр. Қазақстанның да, бүкіл әлемнің де бұл саммитке артып отырған үміті зор. Жаңарған уақыттағы жаңадан пайда болған өзекті мәселелерге деген көзқарас та жаңадан болуы тиіс. Себебі, алдыңғы өткен басқосудан кейінгі зыр етіп өте шыққан 11 жылда әлем, қоғам өзгерді. Қойылар талап жаңарды. Саяси ахуалдар басқашаланды. Жаһан дүние жаңа мыңжылдыққа аяқ басты. Адамзат оның алғашқы ондығын да тәмамдағалы отыр. Ал қордаланып, шешуін күткен мәселелер көп. Сондықтан бұл кездесудің маңызы да, әлеуеті де өте зор болмақ. Мұны үшінші мыңжылдықтың алғашқы он жылдығының қорытынды жиыны десек те жарасар. Президент Н.Ә.Назарбаев ЕҚЫҰ-ға мүше елдер сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуін ашу рәсімінде Астана Саммиті туралы “Жоғары деңгейдегі кездесу ЕҚЫҰ-ның осы заманғы сынақтар мен қатерлерге бейімделуіне қуатты серпін беріп қана қоймайды, сонымен бірге, Ұйымның өзінің беделін арттырып, оның еуропалық және еуразиялық қауіпсіздік архитектурасындағы рөлін күшейтеді”, деп атап көрсеткен еді.
Иә, өз ұлтының ғана емес, бүкіл әлемнің тыныштығын, қауіпсіздігін, тұрақтылығын қалайтын Елбасымыз бұл саммиттің тек Қазақстанға ғана емес, Ұйымның әлем алдындағы беделіне қосатын үлесін де алға тартып отыр. Елбасымыз, сонымен қатар, бұл жиынның қазіргі таңда нақты қажеттілігін бірнеше себептермен дәлелдеп берді.
Біріншіден, қазір халықаралық қатынастар жүйесінің дағдарысы әбден айқын болып отыр. Сондықтан әлемдік тәртіп мәселесі шешілуін күттірмейді. Ал соны шешу арқылы қауіпсіздікті қамтамасыз ете аламыз.
Екіншіден, Елбасымыздың сөзімен айтқанда, “...дағдарыстан кейінгі әлемнің ортақ, тұтас картинасы бүгінде әлі жоқ. Жағдайды экология, климат, теңсіздік және азық-түлік қауіпсіздігі, басқа да проблемалар секілді ортақ сынақтар күрделендіре түсуде. Басқаша айтқанда, дағдарыстан кейінгі дамудың жаһандық күн тәртібінде қаржы-экономикалық әлем тәртібінің жаңа моделі тұр”.
Үшіншіден, этностық және діни төзімділік саласындағы қордаланған мәселе. Себебі, “бүгінде ЕҚЫҰ-ның жауапкершілік аймағында мәдени, өркениетті және дінаралық үнқатысудың өткір қажеттілігі пісіп- жетілді”.
Төртіншіден, Ауғанстан проблемасы. Бұл қазір тек Азияның немесе Еуропаның емес, бүкіл әлемнің алдында тұрған шешілуі тиіс мәселе. Бұл мәселелерді шешу бір елдің, не бір өңірдің ғана міндеті емес, ол – бүкіл әлем алдында тұрған міндет. Өйткені, қазіргі жаһандану заманында бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығару арқылы ғана біз қордаланған, пісіп-жетілген проблемалардың соңғы нүктесін қоя аламыз. “Келісіп пішкен тон келте болмайды”, дейді дана халқымыз. Ал мақсаты бір, ниеті ортақ болуы үшін, біріншіден, бір-бірімізге деген сенім нық болуы тиіс. Екіншіден, барлық іс-әрекетіміз ЕҚЫҰ-ның негізгі құндылықтары мен қағидаларына негізделуі шарт. Үшіншіден, бір-бірімізге деген сенім болуы үшін, бір-бірімізге ашық болуымыз, яғни ашықтық қажет. Төртіншіден, “сабыр түбі сары алтын” демекші, барлық іс пен тірлікте төзімділік таныту – уақыт талабы. Сонда ғана біз аңсағанымызды алып, көксегенімізді көруге қол жеткіземіз. Әлемге керек қауіпсіздікті, әр елге керек тыныштықты осылай қалыптастырамыз. Қауіпсіз күн көретін, игі жақсы істің бәріне үлгеретін жаһанға айналамыз. Біздегі ниет те, ұстам да осы.
Біздің өткеніміз бен бүгініміз қысқаша айтқанда осындай. Әрине, өткенді өзгерте алмаймыз. Алайда өткеннен өнеге алып, бүгінді саралау арқылы біз болашаққа жоспар түземіз және “біз ертең кім боламыз? ” деген сұраққа жауап аламыз. Дала даналары “Ертеңін ойламаған елден без” деп жәйдан-жәй айтпаса керек. Бүгінгі басқан әрбір қадамымыз ертеңгі күннің кепілі болуы тиіс. Бүгінгі істің жеңісі оның ертеңгі берген жемісіне байланысты. Елбасының халыққа жолдайтын жыл сайынғы әрбір Жолдауы осының белгісі. Мақсатымыз – Азия барысына айналу, әлемнің ең дамыған 50 мемлекетінің қатарына кіру, тағысын тағылар. Мұның бәрі бүгінгі жоспарымыз, ертеңгі бағындырар белестеріміз. ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуді біз кеше өзіміздің стратегиялық жоспарымыз деп бекіттік. Бүгін, міне, оны жемісті түрде атқарып келеміз. Ал келер жылы Қазақ елі Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық етеді. Ертеңгі өткелі отырған ЕҚЫҰ-ның Саммиті де елдің алдына жаңа жоспар, жаңа ұсыныстар, жаңа идеялар алып келіп, ұстанымымыз бен бағытымызды одан әрі нақтылай түсетіні анық. “Көрінген таудың алыстығы жоқ”. Ол күнге де келерміз. Қуанышпен, шаттықпен, жемісті еңбекпен, жеңісті бастамалармен келеміз. Себебі, Қазақстан – бірлікшіл ұстанымы мен қанатты өнегесі бар, бейбітшілік пен тұрақтылық ту тіккен ел.
Тарих қойнауына үңілсек, Қазақ елі қашанда барымен базар етіп, әділет арқылы бірлікті, сыйластық арқылы тірлікті көріктендіре білген. Үлкенге ізет, кішіге құрмет, айналасына ілтипат көрсету арқылы халқымыз дәріптеген асыл мұраттар мен биік мақсаттарға жеткен. Келешегінің кемелденуіне, болашағының бағы артуына бар күш-жігерін салған. Енді, міне, осы бір жауапты кезеңде де Қазақстан аты мен затына лайық әлемге үлгі көрсететіні анық.
Берік БЕКЖАНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты.