Елбасының атына Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде оқып жүрген бір топ қырғыз жастарынан хат келді.
Халықаралық оқу ордасынан келген хатқа Н.Шакирова, А.Қырғызбаев, Н.Атабалаев, А.Аданұлы, М.Асқаров, Ш.Марибжанов, И.Салахудинов, т.б. қол қойған. Онда авторлар Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың биыл Түрік Республикасында өткен Түркі тілдес мемлекеттер басшыларының саммитінде сөйлеген сөзінде Ош және Жалалабад облыстарына мектеп және аурухана салып беру туралы бастама көтергенін зор ризашылықпен жазады.
Одан әрі хат иелері: “Аса мәртебелі Нұрсұлтан Әбішұлы! Қамқорлығыңыз үшін Түркістанда оқып жүрген бір топ қырғыз жастары атынан шексіз ризашылық білдіреміз. Сіздің тек Қазақ елі мүддесімен шектеліп қалмай, күллі түркі дүниесі туралы ізгі ой, қамқор әрекет үстінде жүруіңіз бізді бек шаттандырады, қуанышқа бөлейді. Тарихи тамыры бір, тілі түбірлес, туыстас түркі халықтары бағына Сіздің аман-сау жүруіңізді бір Алладан тілейміз!”, деп ізгі ниеттерін білдірген.