Кеше Парламент Мәжілісінің кезекті жалпы отырысы болып, онда көптеген мәселелер қаралды. Жалпы отырыс жұмысын палата Төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжанов ашып, жүргізіп отырды.
Қазақстан Республикасы мен Палестина автономиясы арасындағы Палестина мемлекеті елшілігінің мұқтаждықтары үшін Астана қаласындағы офистік үй-жайды өтеусіз пайдалануға беру, 2009 жылғы 11 желтоқсандағы Кеден одағының өсімдіктер карантині туралы келісімге өзгерістер енгізу және осы Одақтың 2009 жылғы 11 желтоқсандағы санитарлық шаралар жөніндегі келісіміне өзгерістер енгізу туралы хаттаманы, сондай-ақ Қазақстан мен Түрік Республикасы арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы шартты ратификациялау туралы заң жобалары бойынша қорытынды әзірлеу жөнінде Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы В.Рогалев баяндап, тиісті шешім қабылданды. “Қазақстан Республикасының білім туралы” Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасымен жұмысты жалғастыру жөнінде Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Д.Нөкетаева баяндап, заң жобасын қарауға жаңа мерзім белгіленді.
Бірінші оқылымда қарауға ұсынылған Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне байланыс мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы заң жобасы депутаттардың бастамашылдығымен дайындалған еді, сондықтан ол туралы негізгі баяндаманы депутат М.Айсина, ал қосымша баяндаманы Ж.Дүйсебаев жасады. Осы заң жобасы екінші оқылымда да қарауға ұсынылып, отырыстың соңынан ол екінші оқылымда да мақұлданды.
Ал кейбір заңнамалық актілерге механикалық көлік құралдарына және олардың тіркемелеріне міндетті техникалық байқаудан өткізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы қызу талқыланып, бірінші оқылымда мақұлданды және екінші оқылымда қарау туралы ұсыныс қабылданбады. Нақтырақ айтқанда, бұл көліктерді техникалық байқаудан өткізу ісін мемлекеттің міндетінен алып, бәсекелестік ортаға, яғни жекеменшік фирмаларға жүктеуді көздейтін заң жобасы еді. Ол депутаттар арасында әртүрлі көзқарас тудырды. Осы күні қазақстандықтарда 3 млн. 300 мыңнан артық көлік құралдары бар екен, оларды техникалық байқаудан өткізуге кемінде 3 мың теңгеден төленеді, сонда 9 млрд. теңге бюджетке түседі, сонша қаражатты неге жекеменшікке жібереміз деушілер де болды. Бірақ соның арқасында мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылатынын кейбір депутаттар ескермеген секілді.
Бірнеше рет ұсынылып қабылданбаған “Ғылым туралы” заң жобасы осы жолы бірінші оқылымда мақұлданды, ал екінші оқылымда да қарап жіберейік деген ұсыныс мұнда да өтпей қалды. Заң жобасы туралы негізгі баяндаманы Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов, ал қосымша баяндаманы Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хатшысы Б.Әлімжанов жасады. Одан әрі дипломатиялық қызмет туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу, 1968 жылы Венада қол қойылған Жол жүрісі туралы конвенцияны толықтыратын Еуропалық келісімді ратификациялау туралы және т.б. заң жобалары мақұлданды.
Жақсыбай САМРАТ.