• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
26 Қараша, 2010

Сағат сайынғы алтын сыңғыры

501 рет
көрсетілді

Кеше Қазақстан қоржыны тағы  сегіз алтын жүлдемен толықты. Таңер­теңнен кешке дейін қымбат жүлдені алу оңай емес, әрине. Азиада баста­лысымен бір күнде осыншама алтын медальды санай алмай жүрген бізге каратэ-додан 60 кило салмақта сынға түскен Дархан Ассаділов пен 67 кило салмақтағы Ринат Сағындықовтың, оның алдында 400 метрге жүгіруде Ольга Терешкованың, үш қарғып секіруде Ольга Рыпа­кованың,  онсайысшы Дмитрий Карповтың, көркем гимнасти­кадан Қазақ­станның әйелдер құрамасы мен боксшы Серік Сәпиевтің, жеңіл атлетикада 800 метрге жүгіруде мәреге бірін­ші жетіп, алтын жүлдені мойнына таққан Маргарита Мацконың бұл ерліктері расымен де еліміздің мерейін бір өсіріп тастағаны сөзсіз. Сөйтіп, қазір Қазақстанның Азиаданың 14 күнінде жинағаны 15 алтын. Елден шыққандағы межеміз 25 алтын медаль болатын. Қалған екі күнде осыған қол жеткізсек нұр үстіне нұр болар еді. Соңғы күндер еккен егіннің әр дәнін санайтын қоңыр күз. Спорт басшылары да жатып та, тұрып та алтын медаль санап жүр. Біз де санаймыз. Әуелде 30-ға жеткізіп қойып едік. Мынау Қазақстанның несібесі деп майлы жілік ұстатайын деп тұрған ешкім жоқ. Мұнда қырық серкеш санап беретін нағашы қайда. Кеше бокстан 4 жігітіміз фи­нал­ға өткенде көңіліміз көл болып келе жатып Қазақстан делегациясы құрама командасының баспасөз хатшысы Ардақ Тоғымов екеуміз 24 қараша күні алуға тиісті алтын­дарды санағанбыз. 14 күнде жина­ған ал­тын­мен пара-пар түсу керек бола­тын. Деп ойлағанбыз. Олай емес екен. Сөзсіз алтын алады деп сенген балуанымыз Таймураз Тигиев (96 кг) бірінші кездесуінде үнді Канриды балшықтай илегені­мен, иран Уада­нидан аса алмады. Күші жетіп-ақ тұр. Тактикалық қателік жіберді. Оның үстіне төреші де Иран балуа­нына ашық жақ тартты. Тигиевтің ұпайын бермей қойды. Секүнданты Аманжол Бұғыбаев наразылық біл­дір­геннен кейін қазылар қайта қарап ұпай берді. Таймураздың мінезі қойдай тастарды домалата­тын селдей ғой. Иранның қабағын жарып жібер­ді. Кілем үстінде қой­ғыласудан кетәрі емес. Төреші­нің де іздегені осы. Ұпайын тартқызды. Жалпы Иран құрамасы алын­байтын қамал болып тұр. Леонид Спиридонов (66 кг) Аба­саммидан ұтылды. Каратэ­шіміз Халид Халидов тағы да сол иран Рорхавқа жол берді. Қалған кез­десу­лерде қарсыластарын түріп шыққан жігіттеріміз алтын медальға есепте болатын. Тек шоқпар жұды­рық боксшы­лары­мыз ғана иран­дықтарға бесінші бұрышты іздетіп жатыр. Нұржан Қа­таевтың екі дүр­кін Олимпиада чем­пионы өзбек­стандық Артур Тай­мазовтан (120 кг) аса ал­май­тыны белгілі еді. Осетин жігіті бұл жолы да сауат­ты күресті. Ал Өзбек­станның атынан кі­лемге шық­қан ұлты қазақ Серік Мейір­беков алтын жүлде алды. Еркін күрестегі үміт енді Е.Ша­лыгина (63 кг) мен Г. Маюровада (72 кг) ғана қалды. Каноэ мен байдаркадан екі қола және күміс медаль алдық. Бұл жерде де алтын аламыз деген үмітте едік. Қазіргі бессайыста бойжет­кендер командалық сында қола жүлдені місе тұтты. Осындай сәт­сіздіктерді айтпағанда, он­сайысшы Дмитрий Карпов спорт­тың бес түрі бойынша сәрсенбі күні бірінші орынға шыққан. Кеше ядро лақ­тыруда өзіне ешкімді шендес­тірген жоқ. Денесі ауырлау жігіті­мізге сырықпен секіру қиынға түсе ме деп ойлап едік. Дмитрий жігіт екен. 4 м. 40 см. Биіктікті місе көр­меген отандасымыз 4 м. 80 см. бағынды­рып төбемізді көкке жет­кізді. Ал, Анна Алябьева мен Мария Петра­кова сынды көркем гим­насшы қыз­дарымыз коман­далық есепте алда келеді. Ертеңгі жеке жарысты қос­қанда құдай қос көрсе қос қызы­мыз екі күнде екі алтынды қолы­мыз­ға ұстатпақ. Ольга Рыпакова үш қарғып секіруде алтын жүлдені жеңіп алды. Ал су добынан ерлер ко­мандасы Қытай құрамасымен ал­тынды сарапқа салады. Гандбол­шы қыздарымыз жартылай финал­да алаң қожайыны Қытай құрама­сы­мен, волейболшы қыздарымыз фи­налға шығу үшін Оңтүстік Корея­дағы әріптестерімен сынға түседі. Азиадада спортшылар осы­лай сынға түсіп жатқанда бес­сайыс­шымыз Галина Дол­гуши­на жарақат алып қалды. Ол мінген ат ке­дер­гіден секіре бере сүрі­ніп, жы­ғылды. Ер­тоқы­мнан жер­ге ұшып түс­кен Галина ба­сы­мен құ­лап, есінен танып қа­лыпты. Осы­дан кейін ол Гуанчжоудағы ауру­хана­лар­дың біріне жет­кізілді. Қазір оның жағдайы жаман емес, өзіне өзі келді. Ал жылқы жануардың мойны қайыры­лып, сол жерде мерт болды. Азиадада допингке қарсы тек­серулер қатты жүріп жатыр. Өзбек­станның тағы бір спортшысы до­пинг-тестен өтпей қалды. Сы­нақ­­та сыр берген балуан Жахонгир Му­минов жарыстан шеттетілді. Бұған дейін өзбекстандық дзюдо­шы Шокир Муминов допинг қол­данғаны үшін күміс жүлдеден қағы­лып, екі жыл мерзіміне ресми жа­рыстарға қатысудан шеттетілген еді. Қазір Қазақстан 15 алтын, 18 күміс, 32 қола жүлдемен бесінші  орынға көтерілді. Алдымызда 19 алтын, 11 күміс, 23 қола жүлдені иеленіп отырған Иран келеді. Ал біздің өкшемізді басып келе жатқан Тайваньда 12 алтын, 12 күміс, 33 қола, жетінші орында тұрған Өзбекстанда 10 алтын, 17 күміс пен 20 қола медаль бар. Кеше Лаос, Непал, Сирия ел­дері Азиададағы алғашқы қола жүлделеріне ие болды. Бет қатталып жатқанда Азиадағы тілшіміз Бақтияр Тайжан телефон арқылы боксшы Иван Дычко мен жеңіл атлетикада 100 метрге жүгіруде Наталья Иванин­скаяның күміс, еркін күресте Дәу­рен Жүма­ғазиев, Леонид Спири­донов пен Ермек Байдуашовтың қола жүлдені иелен­генін, ал волейболшы қыз­дарымыздың үшінші орын үшін тала­суға мүмкін­дігі бар екендігін хабарлады. Бақтияр ТАЙЖАН, “Егемен Қазақстан” – Гуанчжоудан (Қытай).