• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Қараша, 2010

Бас шырша шамдары жарқырай жанды

636 рет
көрсетілді

Астана ажары бүгін ерекше сұлуланып кеткендей.  Жақындап келе жатқан мереке­нің дүбіріне қоса Жаңа жылға безендірілген қаланың көрінісі елорда тұрғындары мен қонақтарына мерекелік тамаша көңіл-күй сыйлағандай. Жалпы, Астанада соңғы жылдары Бас шыршаны жағу рәсімі игі дәстүрге айналып үлгерді. Елдің Бас шыр­шасымен бір мезгілде, республикадағы барлық шыршалардың шамдары жағы­латын бұл шараның өтуі  жылдағыдан өзге­шерек. Өйткені, таяу күндері елордамызға төртүл дүниенің әр бұрышынан мемлекет және үкімет басшылары келетінінен, Астанада үлкен Саммит болатынынан ха­бар­дар барша жұрт жиынның табысты өтуінің тілеуін тілеуде. Оны өз сөзінде Елбасы да атап өтті. – Қазақстанымыздың мерейі үстем болып, 56 мемлекеттің басын қосатын үл­кен жиын өткелі жатыр. Бұл барлық қазақ­стандықтардың қуанышы екенін мен күнде көріп отырмын. Бүгін мен барлық отан­дастарыма ризашылығымды білдіремін, бұл – еліміздің мерейі, Қазақстанның мерейі, қазақтың мерейі. Қазақстанды дүние жүзі танып, осындай белгілі Ұйымның үлкен форумын өткізуге біздің шаһарды лайық деп тауып келіп отыр, – деді Президент Нұрсұлтан Назарбаев. Жаңа жылға дейінгі бір айдың ішінде талай қызықтар болады, дегенмен, шырша балалардың, жасөспірімдердің қызықты уақыты, ертегілер әлеміне жетелейтін өзгеше мереке және олар үшін қуанышқа толы арманды уақыт болып саналады.     Ал алдағы жылды біз Азияның қысқы ойындарымен бастайтын боламыз. Астана мен Алматыда VІІ Қысқы Азия ойындары салтанатты түрде ашылады. Осылай деген Мемлекет басшысы өтіп бара жатқан 2010 жыл қазақстандықтар үшін тұрақтылық пен сенімге толы жыл болғанын атап көрсетті. Еліміз жаңа табыс­тар мен жетістіктерге қол жеткізді. Қазақ­стан өз даму болжамынан көшілгері келеді. Ел экономикасы жоғары қарқынмен да­муда. Еліміз бойынша жаңа кәсіпорындар мен инновациялық өндірістер ашылуда. Бұл жұмыстар халықтың әлеуметтік жағ­дайын бірнеше есе өсіретін болады. Оның барлығы сіздердің ата-аналарыңыздың жағдайын түзеп, балаларын оқытуға, спортқа баулуға, басқа да игі істерге септігін тигізеді. Келешек иелері, сіздер үшін біз елдің тәуелсіздігін орнатып, мемлекетті құрып жатырмыз, бола­шақтарың баянды болсын, жастарың ұзақ, ата-аналарың аман болсын, елдің үлкен азаматы болып, Отандарыңды сүйіп өтіңдер, деген аталық мейірмен балаларға қараған Елбасы барша қазақстандықтарға жаңа табыстар, зор денсаулық, ырыс пен баянды бақыт тіледі. Шырша маңында астаналық өнерлі балалардың мың бұралған билері мен әсем әндерін тыңдап қуана қол соққан қала мектептерінің оқушылары Елбасы­мен бірге Бас шыршаның отын жағу құрметіне ие болған халықаралық конкурстардың лауреаттары – бірі қобызшы, бірі – пианист – қарғадай екі бала Дариға Елеу мен Әділбек Бектаевқа қызыға қарайды. Бас шыршаның жағылуы осыдан кейін жүретін қайырымдылық балы секілді түрлі мерекелік іс-шараларға бастау болады. Мұндай жерде мейірімділік пен ғажайыпқа әрқашан да орын табылады. Ал кешегі күні 4 мыңнан астам балалар мен жасөспірімдер Аяз Ата мен Ақшақар, перизат, гномдар, жануарлар мен адам бойымен теңесетін қуыр­шақтар түріндегі ертегі кейіпкер­лерінің қатысуымен өткен театрлан­дырылған көріністің куәгері болды. Еліміздің Бас шыршасының биіктігі 30 метрді құрайды. Оны безендіру үшін 650-ге жуық ойыншықтар мен жарық диод­тары, сондай-ақ 700 метр плейлайт пен белтлайт қажет болыпты. Қаланың барлық аудандарында биіктігі 3-тен 30 метрге дейін жететін тағы да 520 шырша қойылған. Олардың шамдары түнгі жарықтандырумен бірге жағылып, бірге сөндірілетін болады. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ. ---------------------------------- Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.