• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
26 Қараша, 2010

Үкілі үміт пен нық сенім

883 рет
көрсетілді

Осы күндері көз көріп, құлақ естіп, ет әбден үйренді. Әммә қазақ қауымы, барша Қазақстан халқы биылғы желтоқсанның 1-2 күндері Астанада ЕҚЫҰ Саммиті өте­ті­нінен хабардар. Үлкен-кішінің ау­зында: “Еуроатлантика және Еуразия аумағындағы жалпыға ортақ, бөлінбейтін және ұжымдық қауіпсіздікке арналған маңызды мәселелерді талқылау үшін Қазақстан елордасына ЕҚЫҰ-ға мүше 55 мемлекет пен 12 серіктес елдің басшылары мен үкімет төрағалары, 69 халықаралық ұйым жетекшілері, 500-ге тарта үкіметтік емес ұйым өкілдері мен 1000-нан аса журналист келеді”, – дейтін бір сөз. Құшақ ашқан меймандостық сөз! Және бұл сөз жай айтыла қалған әншейін сөз емес, бұл қазіргі Қазақия жұртының жүрек қалауы мен болашақ сеніміне деген үкілі үміт сөзі. Қазақ жерінде өтетін бұл саммиттің мәні мен маңызы аса зор. Осы реттен бе, Қазақ­стан Пре­зи­денті Н.Ә.Назарбаев ЕҚЫҰ қа­уым­дас­ты­ғына арналған өзінің бейнеүн­де­уін­де төр­аға­лық­тың ұранын – “Сенім, Дәстүр, Ашық­тық, Толе­рант­тылық” деп жария еткен-ді. Сенім. Дәстүр. Ашықтық. Толеранттылық! Төрт­­күл дүниеге тараған осы бір төрт сөздің ас­­та­рында не бір сыр жатқандай. Солтүстік Америка, тұтас Еуропа және Азияның біраз елі мүше болып отырған, жалпы саны 56 мем­лекет кіретін жаһандағы ең ірі халық­ара­лық ұйым­дар­дың біріне төрағалық ету кез кел­ген мем­ле­кет­тің маңдайына бұйыра бермейтін бақ. Бұрынғы ТМД елдері бар, бас­қадай “сен тұр, мен атайын” дейтін алпауыт мем­лекеттер арасынан суы­рылып алға шы­ғып, ЕҚЫҰ-ға жетекшілік ету Қазақстанның ен­шісіне тисе, бұл да бір бұй­рық – Алаштың абы­ройы, арқасы босаған, ая­ғы шешілген ерік­ті қазақ елінің жетістігі, Ел­ба­сының беделі! “Бедел” дегенде, айтуға тиістіміз, бедел де­ген де күрес. Беделді көре алатындар да, көре ал­­май­­­­тындар да бар. Ондайлар іште де, сыртта да табылады. ЕҚЫҰ-ға төрағалық сөз бола бас­та­ғаннан алдымен осындай адами пен­делік “барьерден” өту керек болды, өтілді де. Қал­ған жа­ғы, әрине, еңбек, төгілген тер, із­де­ністер... Төр­ағалық – сын. Жауапты ұйым­ға жетекшілік жа­сау үшін және мықты көш­бас­шы, аталы жұрт, ауданды ұлт, көшелі мем­ле­кет болу керек, сөз сонда өтімді келер. Өне­гелі елдің өресі биік. Қа­зақстанда осы ком­поненттер түгел бар-тын жә­не қандай! Ұс­таса етегі, жексе жетегі бар Елбасымыздың атақ-даңқы, шүкір, жеткілікті. Жас та болса тез жетілген мемлекетіміздің бо­са­ға­сы берік, ша­ңырағы биік екендігін қазір әлем мойындады. Сондықтан да ғой біздің елдің ЕҚЫҰ-ға төраға болуды көздегені. Әйтпесе өт­ке­лін білмей кім су кешеді. Сол себепті де көп­теген кеңесулерден кейін, 2007 жылы Мад­рид­те өткен жиында Қазақстанның Еуропадағы қа­уіпсіздік және ынтымақтастық ұйы­мына төр­аға болуы бірауыздан ма­құл­данды. Осының бәрін жиып-теріп қоры­тын­ды­ла­сақ, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткені бі­рінші кезекте Қазақстанның әлемдік қоғам­дас­тықтың алдында жеке дербес мем­ле­кет ре­тін­де қалыптасқандығының арқасы. Өйт­кені, Қазақстан өзін халықаралық қаты­нас­тарда та­ныта білді, жаһандық мәселелерге бел­сене ара­ласа отырып, аймақтық, әлемдік мә­селелерді ше­шу үшін түрлі ұсыныстар жа­сап, бастамалар көтерді, идеялар тастады. Бір сөз­бен айтқанда, жа­салған жұмыстар жет­кі­лік­ті еді. Осы ретте Ел­басы Н.Ә.Назарбаев өз сөзін­де: “Қазақстан үшін Орталық Азияның тұрақ­ты дамуы – аса ма­ңызды басымдықтың бірі. Еліміздің эко­но­микасының дамуы бүкіл өңір­ге оң ықпалын тигізуде. ЕҚЫҰ-ның өзге де мемлекеттерімен бірге, Қазақстан қазіргі әлемдік құрылымның түйінді мәселелерінде Шығыс пен Батыстың ара­сын түсіністік арқылы жақындастыруға ба­ғыт­талған ұм­ты­лыс­тарды жан-жақты қол­дай­ды”, – деді. Шы­нымен де, төрағалықтың ал­ғаш­қы күні­нен бастап Қазақстан бірнеше жыл­дар­дан бе­рі бір тоқтамға келе алмай, дүрдараз бо­лып отыр­ған елдерді бітімгершілікке ша­қыр­ды, олар­дың арасында бейбіт келіссөздер жүр­гіз­ді. Бұған Таулы Қарабақ, Ауғанстан, Оң­түс­тік Кавказ, Днестр бойы, Қырғызстан, т.т. ел­дер мысалы толық дәлел бола алады. Әлбетте, ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуге негізгі се­беп болған фактор Елбасымыздың беделі бол­ғаны даусыз. Содан кейінгі себеп, Қа­зақ­стан­ның әлем алдындағы қол жеткізген та­быс­та­ры басты әсер етті деу орынды. Қазақ­стан ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен кезінде әлем­ді алаңдатып отырған күрделі мәселелердің ше­ші­луіне оң ықпал жасады. Бүгінде, төр­аға­лық­тың 10 айы өткеннен кейін, ЕҚЫҰ ел­де­рінің сая­си элитасы және халықаралық са­рап­шылар қо­ғамдастығы Нұрсұлтан Назар­баев­тың ЕҚЫҰ-дағы саяси басшылығының тиім­ділігі мен сындарлылығына жоғары баға беріп отыр­ға­нының өзі осындай қыруар жұ­мыстың, зор ең­бектің нәтижесі. Бұған мысал көп. Мәселен, қазіргі таңда әлемдік сарап­шы­лар “Орталық Азия елдерін қазақстандық үл­гіде дамыту қа­жет” деген пікірді айтуда. Бұл тұжырым елі­міз­дің өткен 20 жыл ішінде жет­кен табыс­та­ры­на қарай туындап отыр. Жа­қында Қа­зақ­стан­ға келген америкалық са­рап­шы М.Олкотт “Қазақстан – Қыр­ғыз­стан­ды тығырықтан шы­ға­ратын бірден-бір ел” деп мәлімдеген бо­ла­тын. Сонымен қатар көп­те­ген әлемдік са­рап­шы­лар Қазақстан Орта­лық Азия елдері да­муы­ның локомотиві ретін­де аймақтағы жағдайды рет­теудің бірден-бір фак­торы бола ала­тын­ды­ғын айтып келеді. Қысқасы, Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі барысында Ауғанс­тан төңі­регінде елеулі шаралардың ұйытқысы бола ал­ды. Үстіміздегі жылы желтоқсанның ба­сында Ас­танада болатын ЕҚЫҰ-ға мүше Мем­лекет бас­шыларының саммитінен кү­те­ріміз көп. Егер 56 мемлекет басшылары бі­рігіп келісімге қол жет­кізер болса, сең­нің одан әрі қоз­ғалары сөз­сіз. Бұл Қазақ­стан­ның әлем алдын­дағы беделін ша­­рық­тата түсері анық. Жалпы, Қа­зақ­станның ЕҚЫҰ-­ға төр­аға­лы­ғы шеңберінде осы уақытқа де­йін әртүрлі іс-ша­­ралар өтті деп, ауыз толтырып айтуға бо­ла­ды. Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төр­а­ға­лық етуі бары­сын­да біздің ел әлем жұрт­шы­лы­ғының на­за­рын Ауғанстан төңі­регінде қордаланған мәсе­ле­лерді реттеуге баса көңіл ау­дарды. Үс­тіміз­де­гі жылы Қазақстан мем­ле­кет­тік бюджеттен 50 млн. АҚШ долларын бөлу ар­қылы мың ауған­дық жасты еліміздің жоо-ла­рын­да оқы­туды бастап кетті. Инвестицияның ең ма­ңыз­ды­сының жастарға бөлінген ин­вес­ти­ция еке­нін ескерген еліміз ауған жастарына бі­лім бе­ру, оларды заманауи құндылықтармен су­сын­да­ту арқылы Ауғанстанның болашағы үшін игі іс атқарып отыр. Тағы бір айта ке­тер­лік жәйт, Қазақстан осы уақыт аралығында Ау­ған­станға гуманитарлық көмек ретінде 6 мың тонна күріш, 2 мың тонна бидай, 1,3 мың тон­на құрғақ сүт жөнелткен болса, аурухана, мек­­теп, балабақша құрылыстары үшін қар­жы­лай көмек ретінде 3 млн. АҚШ дол­ла­рын бөл­ген болатын. Мұндай игі ша­ра­лар­дың әрмен қа­рай жалғаса берері сөзсіз. Осы секіл­ді гума­ни­тарлық шаралар тек саяси үлгі­де ғана емес, қара­пайым адами құндылықтар тұр­ғысынан өз­ге елдерге үлгі боларлық мә­се­ле. Біздің Пре­зи­дентіміз арадағы 11 жыл­дық үзілістен кейін Астанада ЕҚЫҰ-ның Сам­ми­тін өткізу туралы Ұйымға мүше 56 мемлекетті ымыраға келтіре алды, бұл Қазақ­стан­ның ЕҚЫҰ-ға табысты және тиімді төр­аға­лық еткендігінің жарқын айғағы. ЕҚЫҰ-ға төрағалық етудегі жинаған тә­жі­ри­беміз, Саммит өткізудегі мәртебеміз біздің болашағымызға да үлкен әсері болмақ. Елі­міз­дің саяси-демократиялық дамуына оң ық­пал ете­ді. Осының барлығы өз тәуелсіздігін ал­ған елі­мізді басқарып келе жатқан Нұр­сұл­тан Әбіш­ұлының сарабдал саясатының іске ас­қа­нын білдіреді. Бір кездері қазақтың тұң­ғыш Пре­зиденті бала кезінде: “Егер келе­шек­те қолымнан іс келетін азамат бола қалсам, қа­зақ деген халықты дүние жүзіне танытып, тере­зесін тең етер едім”, – деп армандайды екен. Ел­басының сол арманы бүгіндері іске асып отыр. Алдағы саммит Қазақ елін дүние жүзіне та­нытып, терезесін тең етер ХХІ ға­сыр­дың ең басты, ең маңызды оқиғаларының бірі болмақ. Өйт­кені, Қазақ елінде өтетін бұл басқосуда ал­дағы онжылдықтағы жаһандық қа­уіп­сіздік, ын­ты­мақтастық және гума­ни­тар­лық қарым-қа­ты­нас­тарды анықтайтын ай­ту­лы, тағдырлы ше­шім­дер қабылданады деп жос­парлануда. Орын­дал­ған арман деген осы! Осындайда бәрі еске түседі. ...1990 жылғы 24 сәуірде Қазақстан Республикасының Жо­ғар­ғы Кеңесі республикада президенттік билік инс­титутын енгізу туралы заң шы­ға­рып, сес­сия­да ел Президенті етіп Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевты сайлады. Ұзамай “Қазақ­стан Рес­пуб­ликасының Мемлекеттік еге­мендігі туралы” дек­ларация қабылданды. 1991 жылдың 1 жел­тоқсанында қазақтың сан ға­сырлық тарихында Қазақстан халқы бір­ауыздан өзінің тұңғыш Президенті етіп Нұр­сұл­тан Назарбаевты сал­та­натты жағдайда сайлады. Бұған жалғаса сол жыл­дың 16 жел­тоқ­санында “Қазақстан Рес­пуб­ли­касының Тәуелсіздігі туралы Конститу­ция­лық заң” бекі­тілді. Қазақтың нағыз күткен күні, міне, нақ осы күннен басталады. Бұдан кейінгі күн­дер мен жылдарды бір сөзбен өрлеу жыл­­дары десек те болар. Жаңару, жаңғыру бас­­тал­ды. Тәуелсіздік жарияланғаннан кейінгі са­­наулы күндерде “Қазақстан Рес­публи­ка­сы­ның азаматтығы туралы” Заң қабылданып, 1992 жылы республиканың Қарулы Күштері, Рес­публикалық ұлан, ішкі және шекара әс­кер­лері құрылды. 1993 жылы сәуір айында елі­міздің Әскери-теңіз күштері жасақталды. Ел­дің мемлекеттік жаңа нышандары, мемлекеттік наградалары қабылданып, 1993 жылы Қазақ­стан­да өзінің ұлттық валютасы – теңге ен­гі­зіл­ді. Бұлар мемлекетімізді қалып­тас­тырудың ең қажетті нысандары еді. Енді 1993 жылдың 28 қаңтарында республика еге­мен­дігінің қа­лып­тасуын заң жүзінде аяқтаған ал­ғашқы Конс­титуция дүниеге келді. Соның негізінде рес­публика ұлттық қауіпсіздікті, аза­мат­тық құ­қық­тар мен бостандықтардың нақ­ты кепіл­де­рін, демократиялық қоғам мен құ­қық­тық мемлекет құруды қамтамасыз етудің жа­ңа са­па­лы кезеңіне көшу басталды. Өмірде сара жол жоқ. Тәуелсіздіктің бұр­алаң жолы – жаңа сүрлеуі, әрине, қиындық әкелмей қоймайды. 1994-1995 жылдар оңайға ти­ген жоқ. Сол жылдары Нұрсұлтан Әбіш­ұлы: “За­ман тыныштығын берсе, бүгінгі дағ­да­рыс­тан да шығамыз. Тәуелсіз Қазақстан Дәу­летіне Сәулеті сай қуатты мемлекетке ай­на­лар. Қазақ хал­қы әлемдік өркениетке қазір­гі­ден де қо­мақ­ты үлес қосар. Даламызда да, қаламызда да шат тір­лік орнар”, – деп еді. Бұл – болашағына сен­ген басшының сөзі-тін. Әйтсе де ауыр қиын­шылықтарды бастан ке­шір­ген еліміз 90-шы жылдардың соңынан бастап тұрақты даму жолына түсті. 2000 жы­лы Қазақстан нарықтық эко­номикалы ел мәртебесіне ие болды. Содан кейінгі бес жыл­да ел экономикасы 10 пайызға өсті. Қазір Қазақстанның ішкі жалпы өнімі Ор­талық Азия мен Кавказдағы жеті елдің ішкі жал­пы өні­мінен асып түседі. Бүгінгі таңда елдегі басым міндеттердің бірі бәсекеге қабілетті экономика құру болып отыр­ғанын жұрттың бәрі біледі. Мемлекетіміз таяу арада БСҰ-ға кіруге, әлемдегі бәсекеге ба­рынша қабілетті 50 елдің қатарында көрінуге ұмтылуда. Үмітті ел саясатта болсын, эконо­ми­када болсын, әлеу­мет­тік салада болсын өзге­лер­ге үлгі бола­тындай дәрежеде дамуды мақсат етсе, бұл үшін “Қазақстан – 2030” атты Стратегиялық бағдарлама қа­был­дап, еліміздің 2030 жылға дейін да­муын алдын ала белгіледі. Нәтижесінде Қазақ­­стан экономикалық реформаны жү­зеге асыруда кешегі Кеңес Одағы рес­пуб­ликаларының алдына шығып, ұс­тан­ған экономикалық модель даму­шы ел­дер­ге үлгі-өнеге ретінде ұсыныла бас­та­ды. Қазақ елі осылайша қоғамның саяси жүйесін, заң шығарушы билікті, атқа­ру­шы билікті реформалаудың нәтижесінде халық­аралық, демо­кратиялық талап­тар­дың үдесінен шыға алған ел атанды. Елімізде өмір сүретін сан ұлт өкілдерінің тең дәрежеде дамуына қолайлы жағдай туғыза отырып, қазақ халқының өз жерінде тілінің, дінінің, мәде­ние­тінің өркендеуіне қол жеткені қуа­ныш. Бір кездері өз елінде саны 29 пайызға дейін құлды­ра­ған халқымыздың саны қазіргі кезде респуб­лика тұрғындарының 63,9 пайызын құрайды. Мемлекеттік тілдің дамуына қамқорлық жаса­лып отыр. Ұлттық мәдениетімізді қайта түлету үшін “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарла­ма­сы жасалды. Қазақтың елордасы – Астана дү­ние­ге келді! Әзіз қазақ жұртын, оның Прези­денті Нұрсұлтан Әбішұлын бүгінде барша әлем та­ни­ды. Сайып келгенде, осының бәрі Тәуел­сіз­діктің арқасы! Осыған орай Елбасы: “Дү­ние­де тәуелсіз ел бар. Әлемде егемен Қазақ­стан бар. Оның көп ұлтты, тату ын­тымақты халқы бар. Қуатты экономикасы, се­німді саяси жү­йесі бар. Ең бастысы – бүгіннен нұрлы, бүгіннен жемісті болашағы бар”, – деп әлемге жар салып еді, сол сөзі ақи­қатқа айналды. Ендігі жерде байырғы “Күлтегін” жырында айтылған: “Біліксіз қағандар отырған екен, жалтақ қағандар отырған екен. Әміршілері де біліксіз екен, жалтақ болған екен. Бектерінің, халқының ымырасыздығынан, табғаш халқының алдауына сенгендігінен, Арбауына көнгендігінен, інілі-ағаның дауласқандығынан, Бекті халқының жауласқандығынан, түркі халқы елдігін жойды”, – дейтіндей ағайын арасындағы алауыздықтан, бірлігі жоқ елдік­тен, ымырасыздығы кеткен халықтан, біліксіз би­ліктен сақтасын деу орынды. Қазақ қазақ болғалы қазаққа бірлік пен тұтастық басты тақырып болып келген. Ас­та­на Саммитінің негізгі арқауы да осы тақы­рып. Бұл қағиданы біздің Елбасымыз да берік ұста­нады. Соның бір айғағы ретінде Қазақ­стан Рес­пуб­ликасының Президенті: “Қазақ­стан ешқашан да бірде-бір аймақтың “айыл тарт­пасы” болмайды, ешқашан да оның “кіші іні­сі” болмайды”, – деді. Мұның елшілдік бір көрінісін Шортанбай ақын айтыпты. Көне жырау: Зар, зар заман, зар заман, Зарлап өткен тар заман. Мынау ақыр заманда Алуан-алуан жан шықты, Арам, араз хан шықты, Қайыры жоқ бай шықты. Сауып ішер сүті жоқ, Мініп көрер күші жоқ, Ақша деген мал шықты, Кедей қайтіп күн көрер? – Сол себептен қорқамын! Келе жатыр жақындап Ай мен күннің арасы. Таңда мақшар болғанда, Таразыны аударар Залымның қылған күнәсі. Тәуба, таупық келтірмес Азған елдің молдасы. Жаһаннам деген дозақта Шайтан болар жолдасы. Құбыласын білмей құл, Сонда тартар жазасын. Кешірмейді Құдайым Бес намаздың қазасын. Құрт-құмырсқа жиналып, Кетірер оның мазасын. Сақта, Құдай, сонан деп, Сол себептен қорқамын! – деп өтті. Қазақтың зары аз болды ма, абыз жыр­дың басы дерлік Сыпыра жырау: “Мен ба­баң­мын, бабаңмын, мен нелерді көрмедім”, деп қобыз шалып, жүз алпыс жасаған жыр­шы өз ғұмы­рын­да он бір патшалық көргенін тол­ғаған. Сон­дағы жазбай терген тақырыбы – ауыз­бірлік, қазақ халқының елдік мінезі! Жә­не бұл жолынан жаңылмаған да. Адас­қанды үйірге қосып, жаңылғанды жырымен жас­қаған. Кезінде Асан қайғы баба: Құйрығы жоқ, жалы жоқ, Құлан қайтіп күн көрер?! Аяғы жоқ, қолы жоқ – Жылан қайтіп күн көрер?! Шыбын шықса жаз болып – Таздар қайтіп күн көрер?! Жалаң аяқ балапан, Қаздар қайтіп күн көрер?! – десе, бұл да бір мысал, кейінгіге қалдырған пәлсафа тол­ғау! Қазтуған жырау: Мен қарға бойлы Қазтуған, Қайғыланып асып барамын Ноғайлы – қазақ елімнен, – дейді. Таудағы бөрі тарлан елінен ауғанда тынысы тарыл­ға­нын жасырмайды. Бұл – атышулы “Елім-ай­дың” жалғасты шумағы іспетті жыр жолы! Қаз­ту­ған жырау жыры Молдова мен Днестр бойы мәселесін реттеудегі Қазақ­стан­ның қосқан үлесі мен Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл бағытта атқарған рөлін еске салады. “Дүниенің басы сайран, түбі ойран” деген Доспамбет жол жүріп, тоғай-тоғай су кешіп, толмағалы ала балтасын қолға алып, топ бастады. Сөйтіп жүріп ол: Айналайын Ақжайық, Ат салмай өтер күн қайда?! Еңсесі биік боз орда Еңкейе кірер күн қайда?! Қара бұлан терісін Етік қылар күн қайда?! Күдеріден бау тағып, Кіреуке киер күн қайда?! Күмбір-күмбір кісінетіп, Күреңді мінер күн қайда?! Толғамалы ақ балта Толғап ұстар күн қайда?! Алты құлаш ақ найза, Ұсынып шаншар күн қайда?! Садақ толған сайгез оқ Масағынан өткеріп, Басын қолға жеткеріп, Созып тартар күн қайда?! Кетбұғадай билерден Кеңес сұрар күн қайда?! Еділдің бойын ен жайлап, Шалғынға бие біз байлап, Орындықтай қара сабадан Бозбаламен күліп-ойнап, Қымыз ішер күн қайда?! – деп армандаған екен. Сол жыраудың қиялдаған күні енді ту­ды, заман өзгеріп қазақ жұрты тәуелсіз ел атан­ды. Бүгінде барша Алаш милаты азат! Өт­кен абыз жыраулар толғауларына назар ауда­ру­дағы мақсат – бұрынғыға үңілу, бүгінгі сабақ­тастықтың бастауын тануға ұмтыл­ған­дық талап. Осы идеяны еліне жақын біздің Елба­сымыз да күні бүгіндері жазбай таратып, ай­тып жүр. Өйткені, Қазақстан Прези­ден­ті­нің оқушы қолына жетіп жатқан еңбектерінде бұл жағы мүлдем мол, Қазақстанның халық­ара­лық танымалдығын арттыру, оның жетіс­тік­терін, экономикалық әлеуеті мен мә­де­ние­тін паш ету, тарихын, әде­бие­тін, өнерін жете біле­тін басшы бұл жағынан алғанда кімге де болса үлгі. Дейтұрғанмен, қазіргі заман жаға­ны жайлау етіп жіберетін заман емес. Төрт құбы­ла қашан тең болған, ондай дәуір еш ға­сыр­да болмаған. Жалпы, рахат заманды еш­кім көрдім деп айтпайды. Дәл қазір Қазақ­станда “Қой үстіне бозторғай жұмыртқалай қал­ды” деп мақтану орынсыз. Есті ел сабыр сақ­тайды. Мамыра жазда да дауыл тұрады. Саф-саф көңіл – саф көңіл. Бұқар баба сон­дық­тан да “жар басына қонбаңыз” деген. Жар басына қонбаңыз, Дауыл соқса үй кетер. Жатқа тізгін бермеңіз, Жаламенен бас кетер. Жаманмен жолдас болсаңыз, Көрінгенге күлкі етер. Жақсымен жолдас болсаңыз, Айрылмасқа серт етер, – депті. Есте ұстар ғақлия! Қазақ елі – көп ұлысты, бірақ қазақ атаулы бір ұлттан тұратын мемлекет! Осы ұғымды Елбасы да әрдайым нығарлай ай­та­ды, ұғынғанға олжа! Елі­міз­дегі ұлтаралық та­ту­лық пен келі­сім­нің бірегей моделінің, рес­пуб­ликаның тәуел­сіздік жылда­рын­дағы әлеу­мет­тік-экономикалық және саяси же­тіс­тік­­те­рі­нің нәтижесі мен танылуы осы реттен де ал­дағы саммиттің басты тақырып­тарының бірі бо­лып отыр. Бірлік қып іс етуге шорқақ, жұртым, Табылса оңай олжа ортақ, жұртым, Сияқты қара қарға шуылдаған, Үрейсіз, қоян жүрек қорқақ, жұртым. Білмейсің жөнің менен терісіңді, Ел болып іс етпейсің келісімді. Үміт қып бәйге атындай талай қосып, Байқадық шабыс түгіл, желісіңді. Жөн айтқан жұртшылыққа адам болса, Шығасың қолыңа алып кебісіңді. Бытырап бет-бетіңе жөнелгенде, Көрдік қой жайылатын өрісіңді. Келгенде өзді-өзіңе мықты-ақсыңдар, Қайтейін, өзге десе көнгішіңді. Сықылды сынық бұтақ төмендесең, Кім жұлмас оңайдағы жемісіңді?! – деп жазған еді Ахмет Байтұрсынов “Жұртыма” дей­тін өлеңінде. Бұл өлеңді ұлы ұстаз ХХ ға­сыр басында жазған. Осындай бейқам жұртты Алаштың енді бір арысы Міржақып Дулатов: Көзіңді аш, оян қазақ көтер басты, Өткізбей қараңғыда бекер жасты. Жер кетті, дін нашарлап, хал һараб боп, Қазағым, енді жату жарамас-ты, – деп оятып, халыққа түкпірлі ой, елшілдік ұран тас­тады. Енді бүгінгі қалыпты Елбасының сөзімен айқындасақ, Еуразияның жүрегінде, өрке­ниет­тер тоғысында талай халықтарды тал бесігінде тербеген ұлы даланың төсінде дүниеге келген біз­дің халқымыздың барша тарихы – ұлт пен ұлыс ретінде сақталып қалу жо­лындағы талас­сыз күрестерге толы тарих екені және анық. Ба­балар жүріп өткен жол – тар жол, тайғақ ке­шулі жол-тын. Сол бұр­алаң­ды қиын жолмен “мың өліп, мың тірі­ліп” жүріп өткен қазақ хал­қы басынан не бір ал­мағайып заманды өткере отырып, бүгін­гі­дей күнге қол жеткізді – егеменді ел болды. Бүгінгі біздің әр күніміздің түрлі кең ау­қым­ды оқиғаға толы болуы зор қуаныш. Астана Саммиті соның бір айғағы. Еш заман­да, еш ғасырда, сонау ордалы қазақ хан­дық­та­ры тұ­сын­да қазақтың бұл сайын даласы мұн­дай ұлы жиынды көрмеген. Арыға соқ­пай-ақ бергі ХV ғасырдың орта шенінде қазір­гі ұлттық рес­пуб­ли­камыздың табанында орын тепкен Қазақ Ордасынан бері барша адам­зат мүддесін көздер дәл осындай аламан жи­ын, Астана Сам­ми­тін­дей мәслихат өткі­зіл­меп­ті. Алтын Орданың ұлы ханы Жәнібектен бас­тап қазақтың соңғы ханы Кенесарыға дейін мұндай кең ауқымды әлемдік мәжіліске куә болмаған, енді Тәуелсіз қазақ халқы осын­дай ұлы мәртебеге ие, оны өткізіп отыр­ған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назар­­баев! Саммиттің тарихи маңыздылығы да, мә­ні де, міне, осында. Алаштың елордасы – Ас­танада енді аз күнде әлем жұртшылығы күт­кен жаһандық үміт пен сенім саммиті өтеді. Алаш туы астында Біз – алаштың баласы. Күніміз туып көгерді Сарыарқаның даласы. Құрт аурудай жайлаған, Құртпаққа бізді ойлаған, Қанымызға тоймаған, Қолымызды байлаған, Ерімізді айдаған, Елімізді лайлаған, Жерімізді шимайлаған, Өшті залым қарасы. Жасасын, алаш, жасасын! Алаш туы астында, Қолдайтын Алаш бабамыз. Туысқандық, теңдік деп, Туын қолға ап шабамыз. Берілгенде тілектер, Жарылмай ма жүректер. Заң жасайтын орынға Жұртпен бірге барамыз. Қатардан орын аламыз. Жасасын, алаш, жасасын! Алаш туы астында Өлсек, бірге өлдік біз. Не жақсылық, не қайғы Көрсек, бірге көрдік біз. Ішкі жанжал-таласты, Күншілдікпен қарасты, Мына жерге көмдік біз. Жасасын, алаш, жасасын! Алаш туы астында Күн сөнгенше сөнбейміз. Енді ешкімнің алашты Қорлығына бермейміз. Адамдықтың жолына Бастаған ерлер соңында. Басқаға көңіл бөлмейміз. Қандай шайтан келсе де, Алдауына көнбейміз. Өлер жерден кеттік біз, Жасайды алаш, өлмейміз. Жасасын, алаш, жасасын! – дей тұрып, сөз соңын қазақтың ұлы ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров жазып таратқан “Алаш ұранымен” аяқтап, Астана төрінде өт­ке­лі отырған Ұлы жиынға: “Төрле, Саммит!” деп құшақ жайсақ болады. Әзіз қазақ жұрты әр­дайым үкілі үмітпен өмір сүріп, нық сенім­мен алға бассын! Қоғабай СӘРСЕКЕЕВ, жазушы.