Бұл басқосу стратегиялық бағытты айқындайды және Ванкуверден Владивостокқа дейінгі қауіпсіздіктің жол картасын қалыпқа түсіреді.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
* * *
Бабалардай салт жүріп түн қатам ба,
Дүниеге осылай тіл қатам ба,
Бұл қазақта болмаған бұл бір жиын,
Қазақ қазақ болғалы бұл жаһанда!
Бұл бір жиын халқыма керек дер ем,
Жетінші жиын екен – ерек дер ем,
Жолдар бар ма жаһанға сапар шегіп,
Көпір бар ма қазақ боп мен өтпеген?!
Берген сыйы болар бұл Ұлы Иенің,
Көтерген бір дем алып күн иегін,
Қалмау үшін күрескен оқ астында,
Дірдектеп тұрған кезі дүниенің.
Балалығы бар ұлттың өтті шағы,
Жер-Ананың ып-ыстық от құшағы,
Қарудың құдіреті басым бүгін,
Бір қозғалса күллі әлем көкке ұшады.
Бір ұлт емес, барша әлем алаң бүгін,
Бір даладай көтерді далам жүгін,
Шүкір, делік, осыған тәубе, делік,
Уа, Қазағым, жетті ғой ғаламға үнің!
Жеткізді дүниеге далам да үнін,
Аңдап басар аялы қадам бүгін,
Жер-жаһаным жиылып жиын өтсе,
Қазақ ұлты – бұл сенің адалдығың!
Жарқырап шыға келер мүмкін жанар,
Ашылмайтын құпия құлпым да бар.
Күллі әлемнің жиыны Сарыарқамда,
Жаһандық келісімдердің кілтін табар.
Біз көрдік ғасырлардың азабын да,
Біз көрдік Тәуелсіздік ғажабын да,
Жер-жаһанның жиыны Астанамда,
Астанам ұлы әлемнің назарында.
Перзентімін өзіңдей мен де анамның,
Киелі Қазақ халқым бел балаңмын,
Еуропаға төраға болса Қазақ,
Кеңдігінен кемеңгер кең даламның.
Адамзат – бір Құдайдың құлы бүгін,
Сезді әлем біздің жұрттың жылылығын,
Жиылса жер-жаһаным Астанама,
Қазақ ұлты – бұл сенің ұлылығың!
Дарияларға тоғысты ағыс үні,
Алдан туды тағдырдың тағы сыны,
Ұлылықтың басында өзің барсың,
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы!
Тәңірдің берген сыйы – таспа, Қазақ,
Тәуелсіз бүгінгі күн, басқа Қазақ,
Әлемдік жиынымды Астанамда,
Бір Құдайға сиынып баста, Қазақ!..
Шөмішбай САРИЕВ, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.