Каратэшіміз Дархан Ассаділов (60 кг.) ақжолтай жігіт екен. Спорттық өмірбаянында әлемнің күміс, Азияның қола медалі бар оғыланымыз 25 қараша күні алтынның тығынын ағытып берді. Дарханның ақжолтай жолы Ринат Сағындықовқа да (67 кг.) құт болды. 2009 жылы Қытайда өткен Азия чемпионатында алған күмісін Азиаданың алтынымен аптады.
Жеңіл атлеттер сайысы өтіп жатқан стадионға ойыстық. Маргарита Мацко 2009 жылы Гуанчжоуда өткен Азия чемпионатында осы стадионда 800 метрге жүгіруден күміс жүлдегер атанған еді. Бұл жолы финалға шыққан сегіз жүйріктің ішінде қазақстандық қыз 2:00. 29 уақытысымен бірінші келді. Жүйріктердің жарысы секөнттермен өлшенетіндігін есепке алатын болсақ, Маргарита екінші орын алған Вьетнам қызынан қозы көш бұрын келді десе де болады. Ханой бойжеткені Туонгтың уақыты – 2:00.51.
Мацконың құрметіне қазақ байрағы көтеріліп, әнұранымыз ойналғанда сүйріктей сүйкімді қыз Ольга Рыпакова жарысын қойып, қолын жүрек тұсына ұстап тұра қалған. Жүзінде нұр тұнады. Бұл кезде өзі де шашасына шаң жұқтырмай келе жатыр еді. Ольга үш қарғып ұзындыққа секіруде біріншіде 14 м. 64 см. көрсетіп, екіншісінде 14 м. 78 см-ге қарғыды. Азия рекордына 15 м. 25 см. нәтижемен өзгерту енгізген қызымызға, әрине, бәсекелестер көп болды. Бірақ, ешқайсысы маңайлай алмады. Екінші орында келе жатқан қытай Хи Лам соңғы кезегінде стадион толы жанкүйерлерінен қолдау сұраған. Көмектеспеді. Қазақ қызын ала алмайтынын білген Хи секірмеді. Нәтижесі 14 м. 18 см. Үшінші орындағы Таиланд өкілі Муангтың көрсеткіші 13 м. 85 см. Ольга бәйгені шаппай алды. Туымыз көтерілді. Әнұранымыз ойналды.
Анна Алябьева бастаған көркем гимнасшы қыздарымыз да шу дегенде топ бастап еді. Көркем гимнастика – жан, тән сұлулығының болмысын ашатын бекзат өнер. Төрт түрлі жаттығуда біздің қыздар Азия ойындарының алды болды. Алтын алған аруларымыз: Анна Алябьева, Марина Петракова, Мәдина Мұқанова және Мизана Измаилова. Төрттігіміз командалық есепте бірінші орын алды. Енді Азия чемпионы, әлем кубогы кезеңдерінде үштіктен көрініп жүрген Анна Алябьева жеке сынға түседі.
Кереметті Карпов көрсетті. Онсайыстың алғашқы түрінен 24 қарашада қарсыластарынан 200 ұпайдан артық алға шығандап кеткен Дмитрий ядро лақтыру мен сырықпен секіруде бірінші орынға шығып, екінші орында келе жатқан өзбекстандық Руфат Артықовтан 500 ұпайға дейін ұзаған. Карповтың сегіз сайыс бойынша жинағаны 6 812 ұпай. Артықовтың жинағаны 6 342 ұпай. Найза лақтыруда Карпов бесінші орынға шықты. Соңғысы 1 500 метрге жүгіру болатын. Қарсыластарына қарағанда бойы ұзын, денесі ауырлау Дмитрий орта жолда қалып қоймаса болғаны деп қауіптендік іштей. Жарыс нәтижесі бойынша төртінші келе жатқан корей Кимнің құстай ұшқаны-ай. Шу дегенде топ бастаған Ким жеке-дара кетті. Уақыты – 4:13. 57. Карпов төртінші келді. Онсайыс қорытындысы бойынша 8 026 ұпай жинап, алтын медаль алды. Екінші орындағы жанкешті Кимнің жинағаны – 7 808 ұпай. Үшінші орынға 7 755 ұпаймен вьетнам Ю Хуен шықты. Жүгіруде соңынан келген Артықов алтыншы орында қалып қойды.
Біз әлемнің қос дүркін чемпионы, байрақты бәсекеде туымызды көтеріп жүрген Серік Сәпиевке сеніп үйренгенбіз ғой. Сендіретін өзі. Шегінуді білмейді. Қос қолы найзағайдай жарқылдап үнемі айқасты қалайтын батырымыз өзбек Өткіржан Рахмоновты соққының астына алды. Үшінші раундтың басында нокдаунға жіберді. Есеп – 9:3. Серік Сәпиев – жеңімпаз!
Сегізінші алтынды су добынан жігіттеріміз алып берді. Алып берді деп айтуға оңай. Қытай құрамасы алғашқы кезеңде 4:2 есебімен жеңіп тұрған. Мұзжарғыш кемелердей бассейндегі судан таудай толқын туғызған жігіттеріміз қайраттарына мінді дейсіз. Өз елі, өз жерінде тұрып, халқының саны бір Гуанчжоудай ғана мемлекетке алтын ұстатып жіберуге қытайлар да ықыласты емес. Жеңіс добын бәрібір біздің баһадүр жігіттер салды. Есеп – 7:6.
Бір күнде сегіз алтын медаль! Бұл 14 күнде жинағанымыздан асып түстік. Алдымыздағы 19 алтын медалі бар Иран журналистері сасқалақтай бастады. Бірінен соң бірі бізді оңашалайды. “Енді неше алтын алуға мүмкіндіктеріңіз бар?” деп.
26 қараша күні каноэ мен байдарка есуден алтын күтіп едік. Қытай мен жапондар оның маңайынан жүргізетін емес. Бұйырғаны 2 күміс, 1 қола болды.
Көркем гимнасшы қызымыз Анна Алябьевадан, балуан қыздарымыздың бірінен, боксшы Данияр Елеусіновтен және 400 метрге жүгіру эстафетасынан алтын күтіп отырмыз.
Бет қатталып жатқанда Азиададағы тілшіміз Бақтияр Тайжан телефон арқылы Анна Алябьеваның алтын жүлде алғанын хабарлады. Телефонның ар жағындағы жанкүйерлердің қуанышында шек жоқ. Соған қарағанда, гимнасшы қызымыздың жеңісіне біздің ғана жанкүйерлер емес, аренада отырған барлық көрермендер риза сияқты. “Соңғы жаттығуда” лентасы оралып қалып, өлі тыныштық орнаған еді, – деді Бақтияр Тайжан. – Сонда да Анна әдемі өнер көрсетіп, қарсыластарынан оқ бойы озып кетті. Сөйтіп, барлық жинағаны – 111, 450 ұпай. Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері Елена Шалыгина еркін күрестен Азиада жеңімпазы атанды. Ол моңғол қызы Насамбураа Охирбаттан 5:0 есебімен басым түсті. Бокстан 64 кг. салмақта сынға түскен Данияр Елеусінов те алтын жүлдеге ие болды. Каноэ есуден күміс пен қола жүлде алдық. Ерлер арасындағы 200 метрлік каноэ қайықпен жарысуда Александр Дятчук күміспен күптелсе, 50 метрлік жекелей каноэ бәсекесінде Наталья Сергеева қола жүлдеге ие болды. Үш қарғып секіруде Евгений Эктов қытайлық Ли Янцзыға есе жіберіп, күміс медальды қанағат тұтты. Бокс бәсекесінде Біржан Жақыпов ежелгі қарсыласы қытайлық Жу Шиминнен 9:5 есебімен ұтылып, ол да күміс жүлдені иеленді. Жеңіл атлетикадан биіктікке секіруде Анна Устинова үшінші орынды жеңіп алды. Бұл сында алтын мен күміс Өзбекстан спортшыларына кетті. Сондай-ақ Гүзел Манюрова қола жүлдеге ие болды. Осылай Қазақстан құрамасы 18 алтын, 23 күміс, 37 қола медальмен кешегі бесінші орнында тұр. Біздің алдымыздағы Иранда 20 алтын, 12 күміс, 25 қола. Қазақстан құрамасы 1998 жылы Таиланд елін алға жіберіп, бесінші орынға тұрақтаған болатын. Енді міне араға 12 жыл салып, біз “меншіктеп” алған төртінші орнымыздан айырылмасақ деп тілейік. Бүгінгі бәсекеде басқа спортшыларымыз екі және одан артық алтын жүлдені алса, Ираннан басып озарымыз сөзсіз. Бір қызығы, осы елдің жеңіп алған 20 алтын медальының 19-ын ерлер мойындарына тақса, 1 алтын жүлдені у-шудан нәзік жанды өкілі иеленіпті. Ал Қазақстанда 8 алтын жүлдені ер адамдар алса, 10 рет бірінші орынға шыққандар әйелдер екен. Осындай жағдайды Қытай еліне қатысты айтуға болады. Онда көрші еліміз жеңіп алған алтын жүлделердің 110-ы әйелдерге тиесілі болса, 71 алтын медальды ер адамдар иеленген екен”.
Бақтияр ТАЙЖАН, “Егемен Қазақстан” – Гуанчжоудан (Қытай).
____________________
Суретте: гимнасшылардың ортасында тұрған Анна Алябьева; күрес клемінде Елена Шалыгина.