• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
16 Желтоқсан, 2010

Тәуелсіздік тұғыры тұлғалана түсті

470 рет
көрсетілді

Кеше Астана қаласындағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 19 жылдығына арналған салтанатты жиналыс пен мерекелік концерт болды. Оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі. Тәуелсіздік – еліміздің ең басты мерекесі. Қазақстанның жаңа дәуірде қол жеткізген бар­лық табысының қайнар көзі – Тәуелсіздік. Тәуелсіз ел болған­ды­ғымыздың арқасында ғана Қазақстанның сөзі мен ісін бүкіл әлем таныды. Дүниенің бір бұ­ры­шында қазақ деген халықтың үлкен істер тындыра алатын өре­сі мықты, өрісі кең халық екен­ін әлем білді. Қазақстанның биік табысына қол жеткізген президенттік билік және осы жылдары оның басында үздіксіз болған Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың жеке факторы екеніне де ешкім  күмәндана алмайды. Осы уақытқа дейін қол жеткізілген барлық табыстар бір төбе болғанда, кешегі өр­ке­ниет­тің көшбасшысы атанып жүрген еуропалық елдердің аймақтық қауіпсіздікті сақтау үшін құрған ЕҚЫҰ-ға мүше болып табы­ла­тын барлық 56 мемлекеттің бас­шылары саммитінің Астанада өткізілгендігі жеке-дара бір төбе табыс болды. Оның қаншалық­ты маңызды екендігінің тереңіне кәрі тарих қана бойлап, бағасын беретін болады. Бүгінгі күні біз оның маңызы мен терең си­па­тына қанша ұмтылсақ та бәрібір бойлай алмаймыз. Жалғыз-ақ осы оқиғаның арқасында Қазақ­станның бүкіл әлемге үлгі айта алатын алып та көрнекі мемлекет болғандығы білінді. Ал Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясат әлеміндегі ауыр салмақ­ты­лардың қатарында тұратыны­на және оның сөзі мен пікірін, ұсынысын ешкім де көзге ілмей кете алмайтындығына енді ешкім де шек келтіре алмас. Кешегі салтанатты жина­лыс ­та дәл сол төрткүл дүниенің төбе билерін жинаған Тәуел­сіз­дік сарайында өтті. Еліміздің барлық аймақтарынан келген белгілі тұлғалар, зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері мен ардақты аналар, түрлі конфессиялар мен этномәдени бірлестіктер жетекшілері кең сарайға лық толды. Осы жерде ресми адамдар, Үкімет мүшелері мен депутаттар, саяси партиялар мен ҮЕҰ-лар жетекшілері де отыр­ды. Қазақстандағы диплома­тия­лық миссиялардың басшылары мен өкілдері, шетелдік қонақтар, БАҚ қызметкерлері де жиын арасында бір төбе болып орын ал­ды. Қай жаққа қарасаңыз да елімізге есімдері етене таныс жандар. Бір жақсысы сол – бә­рінің де жүзі жарқын, сөй­лес­кенде ашық-жарқын, көтеріңкі дауыспен жауаптасады. Елбасы­ның Жарлығымен Мемлекеттік наградалар алып, оларын кеуделеріне жарқырата тағып жүр­ген­дер де аса көңілді. Қысқасы, мұн­дай көңіл-күйді өзге еш­қандай мерекеде көре алмайсың десек артық айтқандық емес. Сағат 16.00-де залға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кіретіндігі жария етілді. Жинал­ған­дар­дың бәрі жапа-тармағай орын­­дарынан тұрып, Президентті тұракелген күйі қол со­ғып қарсы алды. Одан кейін зал­дың жарығы күңгірттеніп, жи­нал­ғандардың назары сахнада тұрған алып мониторға ауды. Онда еліміздің 2010 жылғы та­быс­тарына қысқаша шолу жаса­лып өтті. Соның ішінде, әсіресе, Саммитке көбірек назар салын­ды. Одан әрі БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның, ЕҚЫҰ Бас хат­шысы Марк Перрен де Бришам­боның, Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медве­дев­тің, Түркия Президенті Абдулла Гүлдің, Италия Премьер-министрі Сильвио Берлусконидің, т.б. мемлекет және үкімет басшы­ла­рының Қазақстан халқы мен Пре­зидент Нұрсұлтан Назар­баевты республика Тәуелсіздігі күнімен құттықтаулары берілді. Бейнеқұттықтаулар аяқтал­ған соң залға Қазақстан Рес­пуб­ликасының Мемлекеттік туы сал­танатты түрде әкелініп, кеш­тің басталғаны жарияланды. Осы­дан кейін Мемлекеттік ән­ұран орын­далып, жиналғандар­дың бәрі орын­дарынан тұрып, оған қосыл­ды. Халық орын­дарына отырған соң мінберге Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев шығып, салтанатты сөз сөйледі. (Прези­денттің сөзі жеке беріліп отыр). Президенттің сөзінен кейін кеш Қазақстан өнер шебер­лерінің күшімен дайындалған мерекелік концертке жалғасты. Бұл концерттің өзгелерден сапалы бір өзгешелігі болды. Ол барлық нөмірлердің де қазақ тілінде хабарланып, орындал­ған­дығы еді. Жақсыбай САМРАТ.