Бір жылда 152 индустриялық жоба іске қосылды
2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен әлемдік дағдарыстан кейінгі еліміздің алдағы даму стратегиясы аясындағы 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық бесжылдық жоспары бастау алғаны белгілі. Индустрияландыру бесжылдығының алғашқы жылының өзінде елімізде жалпы құны 800 миллиард теңге болатын 152 ірі индустриялық-инновациялық жобалар іске қосылды. Осы мерзімде ел өңірлерінде 24 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Индустрияландыру картасы қайта жаңартылғаннан кейін жалпы құны 8,1 триллион теңгені құрайтын 294 жобадан тұратын жаңа кесте жасалынды. Бұл жобаларды іске асыру барысында құрылыс нысандарын салу кезінде 207 мың қазақстандық уақытша, ал жобалар іске қосылғаннан кейін 161 мың отандасымыз тұрақты жұмыс орнымен қамтылмақ. Жобалардың 131-і республикалық индустрияландыру картасына енгізілсе, 163 жоба өңірлік индустрияландыру картасына кіргізілген.
Елбасы өзінің Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында «Индустриялық даму – бұл біздің жаңа онжылдықтағы мүмкіншілігіміз, ел дамуы үшін жаңа мүмкіндіктер. Қазақстан табысты индустриялық держава болады – мен бұған әбден сенімдімін» деп атап көрсеткен болатын. Ақиқатында биыл бастау алған индустрияландыру бесжылдығының алғашқы жылы еліміздің өркениет биігінен лайықты орын алатын әлеуетті де дамыған державаға лайық қадам жасағандығын паш етті. Міне, осы бір қарышты қарқынмен даму үрдісіне Мемлекет басшысының өзі сәттілік тілеп, бір мезетте 80 ірі индустриялық нысанның тұсауын кескендігі де айқын дәлел болса керек. Үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында еліміз бойынша жалпы құны 380 миллиард теңгеден асатын 72 ірі өндіріс нысаны пайдалануға беріліп, 12 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Енді міне, екінші жартыжылдықта жалпы құны 450 миллиард теңгеден асатын 80 ірі инвестициялық жоба іске қосылып, тағы да 12 мың жаңа жұмыс орны ашылып отыр. Бір жылдың ішінде 152 ірі индустриялық-инновациялық жобаны іске қосу бұрын-соңды ешқандай мемлекет тарихында болып көрмеген құбылыс. Бұл индустриялық өрлеу дәуірінің басталғандығының, егемен еліміздің ертеңгі қуатты дамуының берік базасының іргетасы қаланғандығының айшықты айғағы болса керек.
Қазақстан индустрияландыру картасы шеңберіндегі екінші жартыжылдықта пайдалануға беріліп отырған кәсіпорындардың тұсаукесерін өткізу салтанатына келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ең алдымен, еліміздің барлық өңірлерінде пайдалануға беріліп отырған нысандардың макеттік көрмесімен танысты. Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченко Мемлекет басшысына өңірде индустрияландыру картасы бойынша іске қосылған инвестициялық жобалардың жайымен таныстыра келіп, екінші жартыжылдықта облыста жеті ірі нысан пайдалануға берілгенін атап көрсетті. Мемлекет басшысы облыс әкімінен өңірдегі еңбек өнімділігінің өсімі туралы сұрады. Мемлекет басшысының сұрағына әкім жауап бере алмай мүдіріп қалды. Елбасы өз сұрағына өзі жауап беріп, өңір басшысының облыс экономикасының ахуалын жете білмейтінін бетіне басып, ескерту жасады. Осындай бір келеңсіз жағдай Мемлекет басшысы Атырау облысының пайдалануға берілгелі отырған индустриялық жобаларының көрмесімен танысу кезінде де орын алды. Елбасы облыс әкіміне өңірде мұнай-газ саласының инвестициялық жобаларынан басқа ешқандай өндірістік кәсіпорын іске қосылмай отырғандығын ескертіп, сын тезіне алды.
Мемлекет басшысы индустрияландыру картасы шеңберінде еліміздің барлық өңірлері бойынша пайдалануға беріліп отырған нысандардың макеттік көрмелерімен жан-жақты таныса келіп, арнайы ұйымдастырылған телекөпір арқылы бірқатар нысандардың ашылуына сәт-сапар тіледі.
ҚАРАҒАНДЫ__________________
Ел индустриясының қара шаңырағы Қарағанды өңірінің өндірісті өркендетудегі қадамы жылдағыға қарағанда биыл қарышты бола түсті. Бұл жөнінде индустриялық жобалардың тұсаукесер рәсімінде Елбасына қысқа да нұсқа баяндаған облыс әкімі Серік Ахметов осы уақытқа дейін 9 ірі жобаның іске асырылғанын атады. Мұның өзі 800-ден астам адамның еңбекпен қамтамасыз етілуіне ықпалын тигізбекші.
Бұдан төрт-бес жыл бұрын қалт-құлт күйдегі Майқұдық құс фабрикасы қазір адам танығысыздай өзгеріс үстінде. Жобалық құны 1 миллиард 391 миллион теңгені құраған өндірістік кешенді жаңғырту бағдарламасы ойдағыдай орындалғаннан бері келешекке үміт те үлкейген. Нидерланды, Жапония, Украина, Ресей елдерінің ең соңғы үлгідегі технологиялық құрал-жабдықтарымен жасақталып, жайнаған кәсіпорын алдағы уақытта жалпы қуаты жылына 137 миллион жұмыртқаға жеткізуді көздейді.
Мұнда тағамдық жұмыртқа өндіруді белгіленген межеге көтеру үшін қолайлы жағдай бар. Тауықтар күтімі, балапандар өсімі толық автоматтандырылған құралдармен атқарылады.
Фабрика Бұқар жырау ауданының экономикасы өрлеуіне сүбелі үлес қосуымен қатар әлеуметтік өміріне де елеулі өзгеріс енгізуімен жергілікті тұрғындарды қуанышқа бөледі. Құрамында еңбек ететін 180 адамның дені жастар.
Қарағандының іргесіндегі шағын шаһар Саранның бұрынғы өндірісті орталықтардың бірі тұрғысындағы орны жылдан-жылға толысып келеді. Осында орналасқан «Евромет» ЖШС-нің көмірден металлургиялық кокс алу үшін жылу-техникалық кешенінің 2-ші кезегін іске қосуы құлашын кеңейте түсті. Соның арқасында бұдан былай қарай сырт жерден кокс импорттау күрт азаятын болды. Жылына өндірілетін 30 мың тонна кокс аймақ сұранысын қамтамасыз етуге жетеді.
Аталған жобаға арналған 500 миллион теңгенің 320 миллион теңгесін серіктестік өз қаржы көзінен бөлсе, 180 миллион теңгені Еуразиялық банктің несиелік көмегімен инвестицияға салды. Кәсіпорын өтімді өнімді өндіруді жолға қою арқылы күш-қабілетін күшейтумен бірге қала бюджеті түсімін жылына 23 миллион теңгеге толықтыра алады. Тұрғылықты 45 азаматқа жұмыс тауып берілді.
Қарағандының маргарин өнімдері тұтынушыларға көптен танымал. Енді оның өтімділігі одан сайын өсе түспек. Осындай бағыт ұстанған «Евразиан Фудс» АҚ жаңа технологиялық қондырғыларды орнатуға басым көңіл бөледі. Буып-түю жүйесі цехын толықтай қайтадан жаңғырту еңбек өнімділігін ұлғайтуға, өндіріс мәдениеттілігін көтеруге, өнім сапасын жақсартуға тағы бір үлгілі қадам жасатты. Бұл салада қолданылатын шетелдік заманауи техникалар сағатына 3 тоннадан 6 тоннаға дейін маргарин құюға жағдай туғызды. Дайын өнімдерді әр түрлі формада әрі әшекейлі қаптау да бұрынғыдан жылдам, сапалы атқарыла бастады.
Іске асырылған осындай жобаларды таныстырып өткен облыс басшысы келесі жылы «Көктасжал» кеніші игерілетіндігі, «ҚазБелаз» бірлескен кәсіпорнында БелАЗ жүк көлігі құрастырылатындығы және қосалқы бөлшектер шығарылатындығы, «Сары Қазына» ЖШС катодты мыс өндіретін зауыт салатындығы сияқты ірі жобалардың көзделіп отырғандығына тоқталды.
СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ................................
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың қатысуымен өткен индустриялық карта аясындағы нысандардың тұсаукесерінде үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша Қызылжар өңірінде іске қосылған инвестициялық жобалар жайында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Серік Біләлов баяндап берді. Облыста инвестицияның жалпы көлемі 27,6 миллиард теңгені құрайды. Ол бойынша 14 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Олардың құрылысы кезінде бір мыңнан астам, ал пайдалануға берілгеннен кейін 1,8 мыңдай адамды жұмысқа тарту міндеті тұр. Салалық құрылымдары да әралуан: 6-уы – агроөнеркәсіптік кешені және ауылшаруашылық өнімдерін ұқсату, 3-уі – мәшине жасау, 2-уі – металлургия және тау-кен өнеркәсібі салаларын қамтиды. Үстіміздегі жылдың бірінші жыртыжылдығында 6 жоба пайдалануға беріліп, 500-ге жуық жұмыс орындары пайда болды. Екінші жартыжылдықта 4 жоба өмірге жолдама алып отыр. Бұлардың жалпы құны – 13,9 миллиард теңге. Аймақ басшысы Елбасы тапсырмаларының мүлтіксіз орындалғанын айта келіп, серпінді жобалардың басым бөлігі елді мекендерде орналасқанын атап көрсетті. Аққайың ауданындағы «Леонов» ЖШС-де бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан тауарлы сүт фермасы заманауи технологияларға сәйкес қайта жабдықталды. Шетелдік құрал-жабдықтар орнатылып, 300-ге жуық асыл тұқымды сиырлар әкелінді. Бүгінде байлаусыз күтілетін 600 басқа арналған ғимаратта 60 адам жұмыс істейді. Таяуда Ақжар ауданының Ащыкөл елді мекенінде 60 мың тонналық элеватор кешені іске қосылды. Оның құрылыс жұмыстарымен «Богви» ЖШС-іне қарасты «Еңбек-Нан» компаниясы айналысты. 600 миллион теңгеге канадалық құрал-жабдықтар орнатылды. Әрқайсысы 10 мың тонналық 6 сыйымдылық астықты бір мезгілде тазартып, кептіре алады. Жүк вагондары мен автомобильдер үшін электронды таразылар қойылды. Астық қабылдау, кептіру, тазалау және сақтау жұмыстары компьютер арқылы атқарылады. 80 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Осылайша жалпы сыйымдылығы 89 мың тоннаны құрайтын «Солтүстік-Ащыкөл» астық сақтау кәсіпорны жанынан 60 мың тонналық тағы бір жаңа элеватор кешені бой көтерді. «ЗИКСТО» АҚ-та астық тасымалына қажетті хоппер жүк вагондарының өндірісі игерілді. Жаңа үлгідегі жоба бойынша жылына 600 вагон құрастырылады. Биыл өндіріс орны одан әрі кеңейтіліп, контейнер тасымалдаушы жүк вагонын шығару қолға алынды.
Келесі жылы бірнеше жоба бойынша жұмыс жалғасатын болады. Олардың қатарында «Сырымбет» тау-кен байыту кешені, Новоишим май өндіру комбинаты, «Наурыз-2030» жылыжай құрылысы бар. Қызылжар ауданында Қазақстанда баламасы жоқ, нанотехнология бойынша жұмыс істейтін «Биоплант флора» органикалық-минералды тыңайтқыштар өндіретін зауыттың құрылысы басталды.
ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН......................................
Телекөпір шеңберінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша Өскемен қаласындағы катодты мыс зауыты іске қосылды. Зауыт басшысы Сергей Маскаленко жобаның еліміздің индустриялық-инновациялық бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отырған маңызды нысандардың бірі екендігін атап көрсетті. Енді еліміз болашақта мыс өндірісінде дайын өнім өндіруге қол жеткізетін болады. Зауыт бүгінгі таңдағы озық техникалармен жұмыс істейді. Телекөпірге қатысушы Динар Уәлиханов өз сөзінде бұл кәсіпорынның шетелдік өндірістерден еш айырмашылығы жоқ екендігін айта келіп, өзінің осындай өндіріс орнында жұмыс істейтінін бақыт санайтындығын жеткізді. Осыдан кейін Елбасы зауыттың пайдалануға берілуінің маңыздылығына тоқтала келіп, жаңа өндіріске сәт-сапар тіледі.
ЖАМБЫЛ...............................................
Бүгінде алыстағы ауылды «өркениеттен шалғай жатқан қияндағы қыстау» деп айту үшін алдымен жақсылап тұрып ойланып алу керек сияқты. Неге? Өйткені, Кеңес өкіметінің тұсында қаланы ғана қарық қыла беретін «индустрияландыру» дейтін игілігіңіздің кереметтері тәуелсіздіктің арқасында қазір алыстағы ауылдарға да жеткен.
Мысалға, Мойынқұм ауданындағы Мыңарал ауылын алайық. Балқаш көлінен басқа алданышы жоқ ауыл маңынан жаңа өндіріс ошағының құрылысы басталғалы бері мұнда тіршілік тынысы анық сезіле бастады. Ауылдағы жұмыссыз жастар мен жасамыстар еуропалық технологиямен жабдықталған цемент зауытына барып, қал-қадерінше жұмысқа орналасып жатыр. Зауыт басшылары уәдесінде тұрса, болашақта мұнда тек қана ауыл тұрғындары арасынан шыққан білікті мамандар шоғырланбақшы. Ал оларды оқытып, білім беру мен біліктілік тәжірибесінен өткізу өнеркәсіп қожайындарының мойнындағы шаруа.
«Жамбыл цемент өндіру компаниясы» мен «Мыңарал Тас Компаниясы» ЖШС-лары іске қосқан бұл өндіріс ошағында шикізатты өндіруден бастап экологиялық әсері жағынан зиянсыз жоғары сапалы құрғақ цемент шығару және оны тұтынушыларға жөнелтуге дейінгі барлық жұмыстар қамтылған.
– Облыстағы бұл үлкен жоба мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып отыр. Жұмыстың жалпы құны 40 миллиард теңге, ал өнеркәсіптің қуаттылығы жылына 1200 тонна жоғары сапалы цемент өндіруге жетеді. Зауыт Тәуелсіздік күні қарсаңында, яғни 15 желтоқсан күні толық қуатында іске қосылды. Содан бергі санаулы күндердің ішінде 3 мың тоннадан астам цемент шығарылды, – дейді облыс әкімі Қанат Бозымбаев өңірдегі индустриялық-инновациялық жобаның межелі уақтысында жүзеге асқан қуанышымен бөлісіп.
Бүгінде қазақ елін үлкен құрылыс алаңына теңеген орынды. Ал ол құрылыс алаңындағы мамандар үшін ең керектің бірі – барлық талаптарға сай сапалы цемент екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан, Мойынқұм ауданынан еңсе көтерген жаңа зауыт өнімдерін Астана, Алматы, Балқаш жылу-электр орталықтары, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолы сияқты тағы басқа да көптеген құрылыс нысандарына қазірден бастап жөнелте беруге әбден болады. Дәл қазір осы нысандардың талап-тілектерін қанағаттандыру үшін мамандар өнім түрлерін кеңейту барысында жұмыс атқарып жатыр. Олардың есебінше, зауыттың бір жылдық өнімінің құны 10 миллиард теңгені құрайды. Ал бұл толағай табыс облыс экономикасымен бірге аудан әлеуетін көтеру үшін де үлкен олжа болып саналады.
Мыңаралдықтар қуанышында да шек жоқ. Неге десеңіз, индустриялық-инновациялық жобалармен бірге мәдениеттің өркениетті елдерге тән мәуелі де сәулелі қадаммен қатар адымдайтыны анық. Мыңаралда оның да мысалы бар. Қазір ауылдан шыққан цемент өндірушілер үшін арнайы қалашық салу жоспарлануда. Ол қалашықтағы барлық талаптарға жауап беретін тұрғын үйлердің кілттері зауыт жұмысшыларының қолына, құдай қаласа, келесі жылдың қыркүйек айында тимек.
БАТЫС ҚАЗАҚСТАН..................................
Келесі кезекте Елбасы Батыс Қазақстан облысында Тәуелсіздік күні қарсаңында іске қосылған әрі жаңа жылға дейін пайдалануға берілетін нысандар макетімен танысты. Оның жалпы саны бесеу. Тек бір өңір үшін ғана емес, сонымен бірге тұтастай республика көлемінде айрықша маңызы бар нысандар мен жобалар жөнінде Мемлекет басшысына Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов баяндап берді.
Оның біріншісі өткен аптада Орал қаласында іске қосылған – металл құрылымдарын ыстықтай мырыштау өндірісі. Көп жағдайларда қолда бардың қадірін білмей, бағаламай жататын кездер болады. Мұндай технологиямен оралдық өндіріс шеберлері бірінші рет беттесіп отырған жоқ. Бұған дейін де бұл бағыттағы желілер орнатылған болатын. Жобаның тағы бір тиімділігі – осындай желілерді қайта жаңғыртуға септігін тигізгенінде. Оның қуаты жылына 8500 тонна металл құрылымдарын ыстықтай мырыштауға есептелген.
Сондай-ақ жоба осы бағыттағы импорттың үлесін әжептәуір қысқартуға мүмкіндік береді. Ең бастысы, жаңа өндіріс республикада мұнай-газ кеніштерін игеріп жатқан шетелдік компанияларды әлемдік стандарттарға сай отандық өніммен қамтамасыз ете алады. Мырыштау өндірісіне италиялық құрал-жабдықтар орнатылған. Жоба құны 239,3 миллион теңге. Аталған жобаның жүзеге асуына байланысты жүзге тарта жаңа жұмыс орындары ашылды.
Батыс Қазақстандағы Чинарев кен орнында құрылысы аяқталған газ дайындау кешені – республикадағы ең ірі жобалардың бірі. Осы арқылы тазартылған және сұйытылған газ өндіруге сонымен бірге ілеспе, қалдық газды пайдаға асыруға болады. Кешен өндірісі екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде жылына 1,5 миллиард текше метр газ тазартылып, 141 мың тонна сұйытылған және 750 мың тонна тұрақты газ өндірілмек. Екінші кезеңде өндірілген өнім мөлшері екі есеге дейін артады деп күтілуде. Аталған жоба экспорттық өнім көлемін ұлғайтуға бағытталған. Оның құны 28,2 миллиард теңге.
Құрылыс индустриясын дамыту – Мемлекет басшысы қойып отырған бүгінгі күннің биік талаптарының бірі. Бұл бағытта да Ақжайық өңірінде аяқталған жобалар баршылық. Солардың бірі ұсақ дисперсиялы фракциядан жасалған есіктер мен жиһаз өндірісі. Аталған жоба өз қуатына толық қосылған кезде жылына он екі мыңға дейін жоғары сапалы есіктер мен жиһаздар әзірлей алады. Шикізаты, діңгегі мықты болса – әзір өнімнің қай-қайсысын да ұзақ уақыт бойы пайдалануға болады. Мұндай көзқарас әсіресе есік секілді үнемі қозғалыста болатын өндіріске өте-мөте қажет. Жобаны іске асырған «Алтимстройдеталь» ЖШС жетекшілері мәселенің бұл жағын да жан-жақты ойластыра біліпті. Мұндағы негізгі шикізат қарағай және өзге отқа да, суға да төзімді сапалы материалдар болып отыр. Ең бастысы оралдық құрылыс шеберлерінің өнімі ыстық пен ылғалға төтеп бере алуымен, деформацияға шыдамдылығымен ерекшеленеді. Осы кезге дейін мұндай өнімдерді еліміз Қытай мен Ресейден, Белоруссиядан алып жүрсе, ендігі жерде бұл импорттың үлесі әжептәуір қысқартылмақ.
Газ бен су өндірісіне қажетті өнімнің бірі – полиэтиленнен жасалған құбырлар. Қазір республиканың кез келген түкпірінде өнімнің дәл осы түріне деген сұраныс өсіп келеді. Осы сұранысты өтеу мақсатында Орал қаласындағы Ержан Бахтияров басқаратын «Әлім» ЖШС әр түрлі диаметрдегі полиэтилен құбырлар шығаратын өндіріс орнын таяу күндерде пайдалануға беруді көздеп отыр. Оның негізгі құрал-жабдықтары Қытайдан жасалып жеткізілген. Жоба қуаты жылына 11 мың тонна құбыр өндіруге есептелген.
Республика Президенті Н.Ә.Назарбаев отандық өндіріс жетекшілеріне газ айдау агрегаттары өндірісін ұйымдастыру туралы жауапты тапсырма берген болатын. Осыған байланысты «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-пен «Батыс Қазақстан мәшине жасау компаниясы» АҚ 2009-2013 жылдарға арналған өзара ынтымақтастық туралы шартқа қол қойып, іске кіріскен еді. Бүгінгі күні тындырылған істер тізбегі айтарлықтай. Соның нәтижесінде құны үш миллиард теңгеге тең үлкен жоба құрылысы жаңа жылға дейін аяқталмақ. Елбасы осы үлкен құрылыстың макетімен танысып бүгінгі заманғы металл өңдеу жабдықтарына қатысты өз ой-пікірін жеткізді. Газ айдаушы агрегаттар мен газ-турбиналы электр стансалары индустриялық-инновациялық бағдарламаны іске асырумен еншілес іс екеніне тоқталды.
Өңірлермен болған телекөпір кезінде сөз сөйлеген Қазақстан Үкіметінің басшысы Кәрім Мәсімовтің атап көрсеткеніндей, 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасын орындау үшін 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыру жұмыстары басталғандығы белгілі. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты ел экономикасының жаңа сапалық деңгейге шығуын қамтамасыз ете отырып, оны әртараптандыру, қазақстандық қамтуды ұлғайту, шағын және орта бизнеске қолайлы мүмкіндіктер туғызу, негізгі назарды шикізатты өңдеу ісіне қарата аудару, экспортты күшейту, жоғары технологиялық өндірістерді іске қосу мәселесін қамтиды.
«Мемлекет басшысы ағымдағы жылдың басында қазақстандықтарға арнаған Жолдауында таяудағы онжылдықтағы теңдестірілген дамудың және жедел әртараптандырудың ең алдымен ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру есебінен қамтамасыз етілетінін айтты. Сондай-ақ, Президент Үкімет алдына үдемелі индустриялық өсу міндетін қойды. Экономиканы жаңғырту үдерісіне Парламент депутаттарымен бірге «Нұр Отан» партиясы да белсенді араласты. Бұл ретте айта кетерлігі, индустрияландыру ұлттық идеяға, жалпы республикалық ауқымдағы ұлы жобаға айналды», – деді К. Мәсімов.
АЛМАТЫ......................................................
Елбасының қатысуымен өткен телекөпірде Талғардағы ана мен балаға арналған дәрумендерге бай, таза табиғи сүт өнімдерін шығаратын «Амиран» зауытының тұсауы кесілді
Ел дамуының табыстылығы әр саланың бәсекеге қабілеттілігіне байланысты. Жолдауда 2014 жылға қарай азық-түлік тауарлары ішкі рыногының басымдығы отандық тағам өнімдерін құрау қажеттігі алға қойылды. Осы мақсатта үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында өңірде 18,3 млрд. теңгені құрайтын 10 жоба жүзеге асырылды. Олардың қатарында сүт өнімдерін шығаратын «Danone Berkut», майбұршақ майын өндіретін «Сарыбұлақ Компаниясы», майбұршақ өңдейтін «ЗПС Экстра» және басқа кәсіпорындарды атауға болады.
Жаңа жыл қарсаңында тағы бір жаңа кәсіпорын іске қосылды. Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов Талғар ауданынан 1 гектар жер телімін алып, ағымдағы жылдың қаңтарында корейлік инвесторлармен бірігіп, құрылыс жұмыстарын бастаған еді. Енді міне, зауыттың барлық құрылыс жұмыстары аяқталып, заманауи техникалық құралдармен жабдықталып, жұмыс толық автоматтандырылып, ел игілігіне айналды.
Еліміздің ертеңгі болашағы бүлдіршіндердің қалыпты өсуі мен ана денсаулығын қорғауға назар аудару нәтижесінде «Қуатты Қазақстанды бірге көркейтеміз!» тақырыбындағы «Амиран» зауытының ашылуын тікелей телекөпір арқылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қабылдады. Қазақ тағамтану академиясының бастамасымен тау етегінде салынған зауыт ана мен балаға арналған сүт өнімдерін шығаратын бірден-бір кәсіпорын. Осылайша жаңа жылдан бастап бұрын көбіне шет елдерден тасымалданған тағам түрлерін өзімізде шығаруға мүмкіндік туды. Бұл отандық өнім.
Өзге өңірлердегі индустриялық-инновациялық жаңалық Жетісу өңірінде де жалғасып, тікелей телекөпір арқылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа тағамтану академиясының директоры Төрегелді Шарманов құнды жобаның толық жүзеге асырылғанын жеткізді.
– Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Шығарылатын өнімнің құпия сыры – Қазақ тағамтану академиясының көп жылғы зерттеу жұмысының нәтижесі. Өнімде ана мен бала ағзасына қажетті дәрумендердің тапшылығы ескеріліп, жиі кездесетін аллергия, анемия, дисбактериоз, диабет және басқа ауруларды емдеу мен оның алдын алуға мүмкіндік туғызатынымен құнды. Ана мен бала денсаулығына қажеттіліктер ашытылған сүт қоспаларының құрамында бар және бай, – деді Тағамтану академиясының директоры Төрегелді Шарманов телекөпір арқылы «Амиран» зауытының ашылу салтанатында.
Бұдан соң жауапкершілігі шектеулі серіктестік директорлар кеңесінің төрағасы Руслан Юн сөйлеп, кәсіпорынның алдағы жоспарларына тоқталды.
«Амиран» кешеніне 1 млрд. 300 млн.теңге инвестиция тартылды. Зауыт жылына 2,7 мың тонна түрлі сүт өнімдерін шығарады. Зауытқа 57 адам жұмысқа тартылған. Шаруа қожалықтарымен сүт өнімдерін сатып алу үшін келісім-шарт жасалған.
Тұтынушылар зауыт шығарған балалар мен аналарға арналған ашытылған сүт қоспалары мен ірімшік сықпасы, түйіршікті ірімшік, балалар йогурты, сарысу негізіндегі сусын, ботқа дайындауға арналған сүт және 10 пайызды кілегейді іздеп әуреге түспейді. Бұл ғалымдар мен инвесторлардың бірлескен жұмысының нәтижесінде өндіріске енгізілген жаңалық деуге болады. Тағамға таза табиғи сүттің емдік қасиеті пайдаланылып, адам ағзасына қажетті дәрумендермен толықтырылғандығымен ерекшеленеді.
Телекөпір арқылы өткізіліп отырған тұсаукесерде аталған зауыттың атқарушы директоры Ольга Путинцова сөйлеп, компанияның мүшесі ғана емес, екі ұлдың анасы ретінде шығарылған тағамдар тәтті және адам ағзасына пайдалы екендігін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, қабылданған сүттің сапасына жоғары талап қойылатынын жеткізді. Содан кейін ол Мемлекет басшысынан еліміздің өскелең ұрпағының саламатты өмір салты үшін ауадай қажет жаңа зауытты іске қосуға рұқсат сұрады. Елбасы еліміздің болашағы – балалар үшін өте маңызды да пайдалы кәсіпорын өмірге жолдама алып отырғандығын атап көрсетіп, зауыттың жұмысына сәттілік тіледі.
Осы күні екінші жартыжылдықта 11 млрд. теңгелік үш жобаның тұсауы кесілді. Олар: жоғарғы «А» сыныпты 60 мың жүк орнына арналған кешен, Достық бекетіндегі мұнай өңдеу қондырғысы және Есік жеміс консервілеу зауыты. Аталған жобалардың жүзеге асуына байланысты 400-ге жуық жұмыс орны ашылып, өңір халқының әлеуметтік жағдайының жақсаруына негіз қаланды.
ҚОСТАНАЙ..............................................
Қостанай облысында екінші жартыжылдықта пайдалануға беріліп отырған индустриялық нысандар туралы облыс әкімі Сергей Кулагин Мемлекет басшысын жан-жақты хабардар етті. Сол нысандардың ішіндегі бірі де бірегейі «Қостанай ұн комбинаты» АҚ-тың макарон шығаратын фабрикасы еді.
Бұл қуаттылығы жөнінен тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азиядағы макарон шығаратын ең ірі кәсіпорын болып табылады. Инвестициялық жоба негізі келесі жылы жазда тапсырылу керек деп жоспарланған болатын, ал ол қазір ырғақты жұмыс істеп тұр!
Жаңа фабрикада шығарылатын «Корона» макароны Қостанайдың жоғары сортты, сапалы бидайының ұнынан иленеді. Көп көлемде өндірілген әрі өзіндік құны да шығанға шықпаған бұл азық дәл қазіргі қымбатшылыққа қарағанда арзан көрінеді. Базар толған түрлі азық-түліктің арасынан тұтынушының Қостанай макаронын іздеп тұратыны да оның құнын арзандатып отыр. Өйткені тауардың сөреде іркілмей тез өткені оның жұрттың қалтасына ауыр тимегенін де дәлелдесе керек.
Бұл серпінді индустриялық инвестициялық жоба бүгінгі нарық талабына толық жауап береді. Алған адам сапасынан да, дәмінен де, сыртқы безендіру көркінен де инедей мін таба алмайтын макарон «Қазақстанда жасалған» деп мақтанышпен айтуға лайық. Қазақстандық мазмұн, қазақстандық бренд осылай жасалса керек-ті! Оның сыртында фабрика тек макаронмен ғана емес, 80 адамды жұмыс орнымен де қамтамасыз етті. Компьютерлендірілген цехтардың ішінде жұмысшылар көлде жүзген ақ қаздардай аппақ желеңмен ғана жүріп жұмыс істейді. Алып фабрикадан сағатына 4200 тонна макарон шығарылады. Ал әр отбасының дастарқанынан күн сайын табылатын сүйікті азық түрінің жылына 30 мың тоннасы өндіріледі.
Фабрика бір макаронның кеспе, ұзын, қысқа, ұлу түрінде кесілген 20-дан астам түрін тұтынушыға ұсынады. Фабрикасы бар «Қостанай ұн комбинаты» акционерлік қоғамы жылына «Корона» деген брендпен экспортқа 35 пайыз сапалы ұн тартатын «Зерновая индустрия» компаниясының құрамына кіреді.
ПАВЛОДАР...............................................
Елбасының қатысуымен өткен телекөпір аясында Павлодар облысында «Каустик» акционерлік қоғамына қарасты жаңа химия зауыты іске қосылды. Жаңа дейтініміз, зауыт бұрынғы химия зауытының негізінде құрылғанымен, қазір уақытқа сай барлық жағынан өзгерістерге ұшырап, тың өндіріс орны болып қайтадан жаңарып, қалыптасып отырғандығында. Жұртшылық естігенде тіксініп қалатын бұрын сынап қолдану арқылы өндірісін алға бастырған химия зауыты емес, жаңа жобаға, инновацияға, экологиялық қауіпсіздікті сақтауға қарай бет бұрды. Зауыт мамандарының айтуларынша, каустикалық ұнтақ және хлор өндірістері бұрынғыдай сынап пайдалану әдісімен емес, енді мембранды технология жүйесінде жасалады. Сондықтан, жеке меншік өндіріс орны болып құрылған күннен бастап өндіріс орны атына заты сай етіп химиялық өнімдерді жасап шығаруды мақсат етті. Небәрі бір жыл ішінде ескіден жаңа жасап шықты. Бұл бір, екіншіден, жаңа химия зауытына керекті шикізат көздері облыс аумағындағы тұзды көлдерден алынатын болды. Алыстан іздемейсің. Отандық өндіріс деген осы. Сөйтіп, қуаттылығы жылына 30 мың тонна болатын хлор, каустикалық сода өндіру жобасы қолға алынды. Енді бүгін іске қосылған кәсіпорын жылына ыдыс-құтыларға құйылған 12 мың тонна сұйық хлор ерітіндісін, 20918 тонна натрий гипохлориді, 12 мың тонна тұрмыстық салада қолданылатын ағартқыш сұйықтар, 30 мың тонна каустикалық сода, 6,6 мың тонна натрий гипохлориді, 9,7 мың тонна хлор ерітінділері, 45 мың тонна тұз өндіреді. Жаңа зауыттың пайдалануға берілуіне байланысты 150 жаңа жұмыс орны ашылды. Жобаның жалпы құны – 16,2 миллиард теңге. Бұл туралы телекөпір барысында акционерлік қоғамның басқарма төрағасы Ерлан Орынбеков мәлімдеді. Ол Мемлекет басшысына бұл зауыт құрылысының алдағы жылдары ел экономикасын өркендетуге ерекше үлес қосатынын жеткізді.
Елбасына бұл зауыт құрылысының алдағы жылдары ел экономикасын өркендетуге үлес қосатыны жөнінде айтып берді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев зауыт басшысын тыңдап болған соң өзінің осы зауыт құрылысын бақылауда алып келгенін, шынында бұл зауыттың еліміз үшін маңызы зор өндіріс орны екенін атап көрсетті.
Зауыт каустикалық сода мен хлорды мембрандық технология бойынша әлемдік деңгейдегі жаңа өндірістік технологияларды қолданып өндіретін бірден-бір кәсіпорын әрі өнімдері экологиялық жағынан таза. Бұрын болмаған жаңа өндірістердің құрылуы экономикалық белестерге, сонымен бірге, әлеуметтің сан түрлі мәселелерін, соның ішінде, жұмыссыздықты шешуге септігін тигізеді. Жаңа технологияларға арқа сүйей отырып, шикізат қана шығармай, оны өңдеуге де қол жеткізуде. Ал зауыт құрылысына қажет инвестицияны «Қазақстанның Даму банкі» және «Эксимбанк» акционерлік қоғамдары бөлді. Мұндай өндірістер қазақстандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, экономикалық өрлеуімізге үлес қосады. Себебі аталған өндіріс кәсіпкерліктің басқа да түрлерінің дамуына қолайлы жағдай туғызады. Бұл өз кезегінде аймақтағы шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді. Жаңа химиялық өндірістің өнімдері саналатын сұйық хлор, тұз қышқылы және натрий гипохлорид құрамы зерттеу, тексеріс-талдаулардан өтеді. Жаңа зауыт өнім шығаруда ас тұзын пайдаланатын болады. Арнайы жолмен келіп түскен шикізат бірнеше кезеңнен тұратын өңдеуден өткізіліп, соңында жоғарыда аталған өнім түрлеріне айналады.
Бүгінде еліміздің тұрғын үй-коммуналдық саласы, мұнай саласы кәсіпорындары негізінен сырттан келетін импорттық өнімдерге тәуелді. «Каустик» кәсіпорнында мембранды әдіс италиялық «Uhdenora» компаниясының құрал-жабдықтары негізінде қолданылады. Бүгінгі таңда шетелден қажетті жабдықтар толығымен жеткізілген. Мамандар заманауи технологияның нәтижесінде өнімнің сапасын ғана арттырып қоймай, сонымен бірге, энергия үнемдеуге де болатынын айтады. Екіншіден, жергілікті тұрғындарды алаңдататын экология мәселесі, басшының сөзіне сенсек, жаңа өндірістің экологиялық қауіпсіздігі арнайы сертификат жүйесімен анықталыпты. Егер қоршаған ортаға қауіптілігі дәлелденген болса, қаржы институттары бұл жобаны қолдамайтын еді, оны жүзеге асыруға қатыспас еді. Үшіншіден, жаңа зауыттың іске қосылуы қала халқын жұмыспен қамту мәселесін де шешуге үлес қосып отыр. Биыл облыста құны 761,6 млрд. теңге тұратын және 8980 жұмыс орнын ашқан 51 инвестициялық жоба іске асырылуда. Бүгінде Президент тапсырмасымен қолға алынған инновациялық жобалар саны бойынша облыс елімізде үздіктер қатарынан орын алып отыр.
МАҢҒЫСТАУ...................................................
Қазақстандық индустрияландыру картасына Маңғыстау облысынан жалпы құны 536 миллиард теңгені құрайтын және 27 мың жаңа жұмыс орны ашылатын 17 инвестициялық жоба енгізілген. 9 жоба ағымдағы жылы іске қосылды. Оның ішінде жалпы құны 32 миллиард теңге болатын 4 нысан бірінші жартыжылдықта іске қосылып, 580 жұмыс орны ашылған болатын. Енді, міне, жалпы құны 21,1 миллиард теңге құрайтын 5 жоба екінші жартыжылдық аясында пайдалануға беріліп отыр. Өңірде қосымша жаңадан тағы да 608 тұрақты жұмыс орны ашылды.
Енді іске қосылып отырған инвестициялық жобалардың ішінде жабынаралық қуыс плиталарын шығару зауытының құрылысы бар. Бұл нысанның сметалық құны 900 миллион теңгені құраған. Зауытта 34 адам тұрақты жұмыс істейтін болады. Бұл өндіріс ошағы жылына ұзындығы 18 метр болатын 36 мың дана жабынаралық қуыс плиталарын шығарады. Өнім «Валлер» автоматтандырылған неміс технологиялық желісіне негізделген. Бұл ТМД елдерінде осындай технология бойынша жұмыс істейтін бірден-бір желі болып табылады. Зауыт шығаратын өнім импортты алмастыратын ішкі рынокқа бағдарланған.
Облыста пайдалануға беріліп отырған екінші нысан металл құрылғылар зауыты бойынша өндірістік алаң құрылысының жобасы. «ТеңізСервис» ЖШС іске қосқан бұл нысанның сметалық құны 5,8 миллиард теңгені құрайды. «АтырауФлоуЛайн» ЖШС іске қосып отырған оқшаулауалды құбырлар өндіру зауытының сметалық құны 1,3 миллиард теңгені құрап, жаңа өндіріс орнында 38 жұмыс орны ашылды. Бұл жоба «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында іске қосылып отыр. Зауыт шығаратын өнім – жылына 100 мың метр көлеміндегі әртүрлі диаметрдегі оқшаулауалды құбырлары, бірінші кезекте ішкі рынокта, оның ішінде «Каспий энергетикалық хабы», «Ақтау-Сити» қала құрылысы жобаларын іске асыру кезінде, сондай-ақ теңіз мұнай операцияларын қолдаудың жағалаулық инфрақұрылым нысандарының құрылыстарында пайдаланатын болады. Облыста екінші жартыжылдықта пайдалануға беріліп отырған келесі нысан – Ақтау қаласы әуежайындағы халықаралық жолаушылар терминалының құрылысы және ұшыру-қондыру жолағын жаңғырту жобасы. «АТМ Групп» ЖШС жүзеге асырып отырған бұл жобаның сметалық құны 10,9 миллиард теңгені құраған. 500 жаңа жұмыс орны ашылған.
Телекөпір аясында Елбасы тұсауын кескен тағы бір инвестициялық жоба – Баутин кентіндегі бұрғылау ерітінділерін дайындау зауыты. «Эм-Ай Дриллинг Флюидз Интернэшнл, Б.В.» филиалы іске қосып отырған бұл зауыттың жалпы құны 2,3 миллиард теңгені құрайды. Зауытта 36 жаңа жұмыс орны ашылған. Зауыт шығаратын өнім теңіздегі бұрғылау қондырғыларында пайдаланылатын болады. Экологиялық қауіпке тосқауыл қойылды. Зауытта бұрғылау ерітінділерінің қажет етілетін жоғары параметрлерінен құралған ұңғымаға мұнай негізінде жылына 84 мың тонна көлемінде айдауға арналған ерітінділердің толық тізбесі өндірілетін болады. Елбасы өмірге жолдама алған жаңа зауыттың жұмысына сәттілік тілеп, бұл жаңа өндіріс ошағы шығаратын өнімнің өте маңыздылығын айта келіп, бұрын мұндай өнімді сырттан импортталатынын енді өз еліміздің сұранысын толық қанағаттандыруға мүмкіндік жасалып отырғандығын атап көрсетіп, бүкіл Маңғыстау облысының еңбеккерлерін еңбек жеңісімен құттықтады.
ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН.......................................................
Телекөпір шеңберінде Оңтүстік Қазақстан облысында іске қосылған нысан – Шымкент қаласынан 40 шақырым қашықтықтағы Бадам ауылындағы жаңа құс фабрикасы. Халық аузында күркетауық деп аталатын құстың 76 мың жұмыртқасы Канададан әкелінген. Канададан Алматыға ұшақпен жеткізіліп, Шымкентке мәшинемен тасымалданған жұмыртқалардың тұқымы асылдығында дау жоқ. Болашақта күркетауық жұмыртқалары өз елімізде дайындалатын болады. Қазір фабрикада 70 мың күркетауық балапандары өсіп жатыр.
Бұл – Қазақстанда күркетауық етін өндірістік негізінде өсіру бойынша бірінші инновациялық жоба және индустрияландырудың республикалық картасына енген.
Құс кешенінде құсты өсіру және етін қайта өңдеу өнеркәсіп негізінде барлық халықаралық стандарттарға және талаптарға сәйкестендірілген. Ауыл инфрақұрылымын дамыту, оның ішінде, ауылды табиғи газбен қамтамасыз ету, сонымен қатар, облыстың ауыл шаруашылықтары мен кооператорлары өсіретін өнімдеріне тұрақты сұраныс болады. Құс кешенінде қазір 230 адам жұмыс істеп жатыр. Өндіріс толық қуатына енген кезеңде олардың саны 500 адамға көбейеді.
“КазАгроФинанс” АҚ қаржыландырған жобаның жалпы құны 3294,5 млн. теңге. Бірінші кезекте 5 мың тонна, фабрика толық қуатына енгенде жылына 10 мың тонна құс еті өндіріледі.
Өндіріске израильдік технология қолданылған. Жоба аясында жоғары технологиялық құрал-жабдықтар жетекші халықаралық кәсіпорындардан алынған.
Өндірілген өнімнің 70 пайызы ішкі, ал 30 пайызы сыртқы рынокқа экспортқа өткізіледі.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен телекөпір кезінде осы мәселелерді “Ордабасы Құс” ЖШС-ның директоры Мұрат Тағаев мәлім етті.
Қой жеген қазақ енді жоғары сапалы күркетауық етіне де үйренеді. Жаңа жыл қарсаңында Астанаға да біразын жіберіңдер деп әзілдеген Елбасы жаңа жобаның іске қосылуына рұқсат беріп, өміршең болуына тілектестігін білдірді.
АҚТӨБЕ.................................................................
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен тікелей эфир арқылы іске қосылатын анағұрлым маңызды республикалық сегіз жобаның қатарында Мұғалжар ауданындағы «ТемирСервис» ЖШС-ның фосфор ұнын өндіретін зауыты да бар. Жаңа кәсіпорынның жұмысшылары осынау салтанатты сәтке тиянақты дайындалыпты. Телекөпірдегі кезегі келгенде «ТемирСервис» ЖШС-ның бас директоры Нұрдин Дамитов Елбасына мұнда жаңа қуат үнемдегіш инновациялық технология енгізілгенін, осында ауыл шаруашылығына қажетті фосфор ұны өндірілетінін, оны пайдаланғанда дәнді дақылдардың түсімділігі 30 пайызға, майлы дақылдар 50 пайызға артатынын жеткізіп, зауытты іске қосуға рұқсат сұрады. Осы жерде сөз алған оператор Талғат Сарқұлов кәсіпорынның агроөнеркәсіп кешені үшін өте тиімділігін атап өтті.
Нұрсұ