Австрия астанасы Вена қаласында Қазақ елінің ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуінің аяқталуына және Тәуелсіздіктің он тоғыз жылдығына арналған Қазақстан өнер шеберлерінің концерті өтті
Өз алдымызға Тәуелсіздік алғаннан бері еліміз жер шарындағы барша мемлекеттермен терезесі тең қарым-қатынас орнатты. Соған орай, арада барыс-келіс те көбейді. Сондай барыс-келіс көбейген елдің бірі Австрия десек, оның да өзіндік жөні бар. Ең алдымен биылғы жылы Қазақстан төрағалық еткен ЕҚЫҰ-ның штаб пәтері Вена қаласында орналасуының өзі де сол елмен қарым-қатынастың жиілеуіне өз септігін тигізгені анық. Әрине, өз еліңде штаб пәтері орналасқан ірі халықаралық ұйымның күнделікті тірлік-тынысынан австриялықтардың да сыртқары қалмасы анық. Ендеше, осы үстіміздегі жыл әлемге, оның ішінде Австрияға Қазақстанды барлық жағынан танытқан, таңырқатқан жыл болды. Бұл жерде таңырқатқан деген сөзді де жәйдан-жәй айтып отырғанымыз жоқ. Соңғы кезеңде төрт құбыласы түгел елдердің өзі де дағдарыс зардабын тартып, шықпа жаным шықпамен отырғанда, Қазақстан сынды жас мемлекеттің көркейіп, дамып бара жатқаны әрине, кімді болса да елеңдетіп, қызықтырғаны анық. Ендеше, мұндай елдің өнері, әдебиеті, мәдениеті хақында олардың білгісі келетіні де заңдылық емес пе десек, Қазақстан өнер шеберлерінің осы жолы Венаның қақ төрінде өнер көрсетуі, олардың бұрын естімеген, көрмеген, білмеген тосын өнерге қызығушылығын оятып қана қойған жоқ, шын мәнінде таңырқатты да, тамсандырды да. Иә, еш нәрсеге таңдана да, таңырқай да қоймайтын көне Еуропа тұрғындары Ұлы Дала сазына құлақ түріп, қуана қол соққанына мына өзіміз куә болдық. Жә, бұл туралы әңгіме кейінірек. Алдымен, Венадан түйген әсерімізді аздап айтып өткеніміз артық болмас.
Әрине, сырт елге барған әр адам одан өзінше ой түйіп қайтады емес пе. Ал біздің ойымызша, Вена қаласын көрген де, көрмеген де арманда десек болғандай. Көрмеген жұрттың арманда болатыны белгілі. Ал көрген адам неге арманда болады дейсіз ғой. Өйткені, Вена тарихы тым тереңде жатқан көне қала ғана емес, музаның сүйікті мекені десе де жарасады. Ондағы архитектуралық тұрғыдан бір-біріне мүлдем ұқсамайтын әрбір үйдің өзіндік тарихы бар, сөйлеп тұрған музей десең де болады. Сөйте тұра Венада ескі мен жаңа өзара әдемі үйлесім тапқанын байқайсыз. Ең ғажабы, бүкіл әлемге танымал адамдар осы қалада өмір сүрген. Айталық, Шуберт пен Штраус, Бетховен мен Брамс, Моцарт мен Гайднның бүгінде бүкіл адамзаттың игілігіне айналған ғажайып шығармалары осы қалада өмірге келген. (Тіпті қалада мына жерге Моцарт жиі бас сұғатын, ал ана жерде отырып Штраус өзінің алғашқы тырнақалды туындысын жазған дейтін шағын кафелер де жетіп артылады). Вена музыканың астанасы дейтін сөздің төркіні де осында жатыр. Сондықтан да шығар, әуежайдан түскен сәттен бастап-ақ сізге бейнебір Венаның ауасына да музыка сазы сіңіп қалғандай әсер етеді.
– Ау, мұның бәрі Венаның кешегі тынысы ғой. Бүгінгі өнерінің деңгейі соған сай ма дейсіз бе? Иә, бұл тұрғыдан да Венаның жерге қарайтын жәйі жоқ. Өйткені, Венаның өнері де өсіп-өркендеу үстінде екенін мына бір мысалдан-ақ айқын байқауға болады. Айталық, бір Венаның өзінде ғана 50 театр, 100-ден астам музей және толып жатқан концерт залдары бар. (Қала халқы шамамен біздің Алматымен қарайлас. Анықтап айтсақ, бұл қалада 1 миллион 600 мың адам тұрады). Ал осы қаладағы опера театрларындағы орындардың 20 пайызы бір жыл бұрын сатылып кететінін ескерсек, Венаның опера театрларына тосыннан барып, өнерін тамашалап қайтамын деу бос әурешілік екенін де ұмытпаған жөн. Ал Вена филармониясы оркестрінің өнерін жыл сайын тікелей көрсетілім арқылы жаңа жылда бүкіл әлем сүйсіне тыңдайтынын музыка сүйер қауым бізсіз де жақсы біледі. Бұған қоса толып жатқан аты әлемге танымал концерттік ұйымдар мен орталықтар күн сайын дерлік түрлі халықаралық өнер байқауларын өткізіп жататыны өз алдына бір әңгіме. Осының бәрін ойша шолып өткенде бұл қаланың халқы музыка аясында өмірге келіп, ана дүниеге де музыкамен аттанатын тәрізді.
Ал осындай ортада өскен адамды өнеріңмен елең еткізу, әрине, оңай емес. Ендеше, музыкамен оянып, музыкамен ұйқыға кететін веналықтар біздің өнерімізге қалай қарар екен деп алаңдаған қазақстандық жастарды да түсінуге болады. Алайда, мұндағы жұртшылық өздерінде асыл мен жасықты айыра білер талғам барын танытты. Қазақ өнеріне құлшына қол соқты.
Ең алдымен біз бұл жерде Қазақстан өнер шеберлерінің концерті Хофбургтың Фест залында (қазақшаға аударғанда мерекелік зал деген мағына береді) өткендігін және мұның өзі біздің елімізге деген үлкен құрмет екенін айтуымыз керек. Әрине, ол үшін Хофбург жайлы бірер сөзбен айта кеткеніміз артық болмас. Хофбург сонау ХІІІ ғасырдан бері тарихи әрі саяси мәнін сақтап келе жатқан көне орталық. Осынау архитектуралық әсем кешен заманында император сарайы болса, бүгінде де Австрияның саяси орталығы міндетін атқарып отыр. Міне, осы ғажайып архитектуралық ғимараттың әсем залында концерт өткізу кез келген елдің маңдайына жазыла бермегенін де ұмытпаған жөн. Және бұл концерттің осы залда өтуінің тағы да бір мәні бар десек те болады. Олай дейтініміз, жыл басында Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалыққа кірісу салтанаты дәл осы арада өтіпті. Енді, міне, жыл аяғында төрағалығымыздың табысты аяқталуы тағы да осы арада жалғасты. Құдайға шүкір, Қазақстан өзі төрағалық еткен тұста бүкіл әлемдік мәселелердің оң шешім табуына мұрындық болумен қатар, он бір жылдан бері өткізілмей келе жатқан осы ұйымның Саммитін өткізіп, елордаға 56 мемлекет басшыларын жинады. Сөйтіп, алдағы атқарылатын істерді де анықтап, соған орай декларация қабылданған. Бір сөзбен айтқанда, бұдан былай өмір сүру-сүрмеуі екіұдай болып тұрған ұйымның бойына қан жүгіртті. Мұның өзі кеше ғана өздері жабайы шығыс деп кежірейіңкіреп келгендерді бұл жас елдің іскерлігіне тәнті етті. Оны көзіміз көріп те, естіп те, оқып та жүрміз. Венаға барған осы сапарымызда да салтанатты шараға қонақ ретінде қатысқан бірқатар шетел азаматтары да бізбен әңгімесінде Қазақстан жайлы өте жақсы пікір айтқан. Олардың ой пікірлерімен де оқырман қауымның бүгін осы мақала арқылы танысуына мүмкіндік бар.
Дұрыс-ақ. Қазақстан атына жақсы ой-пікір айтылуы біз үшін қуаныш екені рас. Бірақ оған аспай-таспай, болдық деп босамай, толдық деп тосылмай өз тірлігімізді атқара беруіміз қажет. Сонда бізге бүгін таңырқай қараған елдердің өздері-ақ ертең тамсана қарайтынына еш күмән жоқ. Ол үшін – ұйыса, ұйымдаса жүріп, елді алға апарар тірлікті бірігіп атқаруымыздың маңызы зор.
Елдік мәселе дегенде көптеген ағайынның «әй, біздің қолдан не келеді. Отыр емес пе ана жоғарыдағылар. Солар ойлансын. Солар істесін» деп жантая кететіні бар. Бұл жауапкершіліктен қашудың ең оңай әдісі. Әйтпесе, ортақ іске әрқайсымыздың қосар үлесіміз аз ба? Мысалы, біз веналықтардың өңкиген мәшинелерді сирек мінетінін байқадық. Көше толған шағын көліктер. Сөз орайында өзімізді қарсы алып, шығарып салып жүрген веналық азаматқа осы жәйтті айтып едік, ол сәл қуақылана күліп алды да, шала-шарпы орысшасымен әңгімесін Алматыға келген бір сапарынан бастап кетті.
– Осыдан бірер жыл бұрын Алматыға барғанбыз. Сонда көшеден кілең қаптаған джип мәшинелерін көрдік. Біз де бастапқыда сіздер сияқты мән-жәйді ұқпай «бүгін сіздерде фермерлердің жиыны өтіп жатқан сияқты ғой» деп едік, жанымызда жүрген алматылық азаматтар «неге олай деп ойлайсыз?» деді. Содан кейін біз көшеде джип мәшинелерінің молдығын, Еуропа елдерінде оны негізінен фермерлердің мінетінін айттық. Өйткені, бұл мәшинелер майды өте көп қажет етеді. Әрі фермерлердің күнделікті өміріне ыңғайлы ғой деген ол бізге сұраулы жүзбен қараған. Одан әрі біз оның не айтқысы келгенін түсіне қойдық. Иә, шағын мәшиненің майды көп қажет етпейтіні рас. Егер елдің бәрі отбасының табысын осылайша үнемдей білсе, артық шығынға жол бермесе, қай істе де аста-төктен тартынса, бұл елдік мәселе емей немене? Жалпы, үйрен де жирен деген ғой, мұны да жақсы әдеттен үлгі алсақ қане деген ниетпен айтып отырмыз.
Енді әңгімені мақаланың бас жағында айтып өткен Қазақстан өнер шеберлерінің концертіне бұрсақ, оны тамашалауға Австриядағы әр елдің елшілері, халықаралық ұйымдардың басшылары, Вена жұртшылығы қатысты. Жиналғандар алдында ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасының арнайы уәкілі, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Константин Жигалов сөз сөйледі. Ол қатысушы мемлекеттер мен атқарушы құрылымдарға жыл бойында Қазақстанға көрсеткен қолдауы үшін, сондай-ақ Астанадағы Саммиттің жемісті өткізілуіне қолғабыс беріп, белсенді қатысқандары үшін алғыс білдіре келіп, Қазақстан Президенті атынан ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы Марк Перрен Де Бришамбоға «Достық» орденін табыс етті.
Бұдан кейін сөз кезегін алған Бас хатшы Қазақстанды ЕҚЫҰ-дағы жемісті әрі шын мәніндегі тарихи төрағалығымен құттықтады. Бұл марапаттың тек өзіне ғана емес, Астана Саммитін дайындап, өткізуге еңбек еткен және бұл іс-шараны одан әрі алға апаруға белсене кіріскен жұртшылыққа арналғанын айтты.
Венаға бұл жолы өнер шеберлерінің шағын тобы ғана барған болатын. Әйтсе де, олардың әрқайсысы өздерінің сайдың тасындай іріктелген, нағыз сахнаның сәні екенін көрсетті. Құрманғазының «Балбырауынымен» сахна шымылдығын ашқан этнографиялық «Керулен» ансамблі бастан-аяқ осы концерттің темірқазығына айналды. Әншілер Дүйсенбек Өмірәлиевтің, Гүлзира Бөкейха???????, ????? нованың, биші Әнел Нұрсейітованың, қобызшы Самат Қарабалаевтың осы ансамбльге қосылып көрсеткен өнерлерін жұртшылық өте жылы қабылдаған.
Өнерде шекара жоқ деген сөз рас-ау. Эльмира Жанабергенованың орындауындағы термені де көпшілік ықыласпен тыңдады. Жырдың сөзін түсінбегенімен, әдемі мақам мен әншінің орындау шеберлігі көпшілікті мейлінше тәнті етті. Тағы бір тоқтала кететін жәйт, Венаға табанымыз тиген сәтте соңымыздан сүйіншілей бір хабар жеткен болатын. Сөйтсек, әншілер Эльмира Жанабергенова мен Гүлзира Бөкейханова «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие болыпты. Осы хабарды естігеннен кейін-ақ өнерпаз топ мәре-сәре қуанышқа бөленген. Содан да шығар, сахнаға шыққан әртістердің бәрі де өзгеше шабытпен өнер көрсетті. Сахнадағы ғажайып көңіл-күйді сезіне отырып, қазақтың халық әндерін, ұлттық билерін сүйсіне тамашалаған қауым енді бір сәт жас әншілер Жұлдыз Төтебаеваның орындауында Л.Хамидидің «Қазақ вальсін», Медет Шотабаев шырқаған Абайдың «Айттым сәлем Қаламқасын», сондай-ақ осы екі әнші бірігіп орындаған Ф.Сарторидің «Conte partiro» және А.Пьяцеллоның «Либертанго» сынды әндерін Аида Аюпованың орындауында тыңдап, оларға өзгеше риза болды. Әрине, дәулескер күйші Айгүл Үлкенбаеваның домбырамен шет- елдік музыкаға арналған попуриі де жұртты бір сергітіп тастады.
Тамаша концерттен кейін көтеріңкі көңіл күйге бөленген бір топ веналық қандастарымыз бізге бауырымдап құшақ жая, ортамызға келді. Олардың бірі Қызырхан Шолпан деген азамат екен. Ол өзінің Австриядағы Қазақ мәдени орталығының жетекшісі екенін айта келіп, қасындағы Абыз Орхан деген жігіт ағасын орталықтағы орынбасарым деп таныстырды. Жеке кәсіппен айналысатын осы екі азаматтың да Венада тұрып жатқанына ширек ғасырдан астам уақыт болыпты.
Олардың айтуынша, бұл қалада тұрғылықты 25 қазақ түтіні бар. Жалпы саны 125-тей адам көрінеді. Елшілікте жұмыс істейтін жастарды, олардың отбасын, осы қалада оқитын студенттерді қосса, бір қауым ел сияқты. Веналық қазақтар Қазақстан елшілігімен тығыз қарым-қатынаста көрінеді. Олармен жиі-жиі хабарласып тұрады екен. Елшілікте жұмыс істейтін азаматтар да әртүрлі мерекелік шаралардан оларды сырт қалдырмайтын сияқты. Бүгінгі жиынға да осындағы қазақ мәдени орталығына деп біраз шақыру билетін беріпті. Оған әлгі азаматтар қазақтың кім екенін көрсін, танысын деп кіл жастарды ертіп әкеліп отыр екен.
Бір айта кететін жәйт, бұл жерге алғаш келген қазақтар екі қолға бір күрек деп тек күнкөріс қамын күйттеген болса, қазір олардың арасында білімді жастар аз емес көрінеді. Әртүрлі ірі компанияларда менеджер болып жұмыс істеп жүргендері бар болса, бүгінгі кешке келіп отырған жастардың бәрі дерлік Вена университетінде оқитын болып шықты.
Сырттағы ағайын арасынан қазақстандық қандастарымызды да кездестірдік. Оның бірі – Жасан Зекейұлы Алматыда тұратын азамат. Шығыс медицинасымен айналысатын, талай науқас адамдардың ауруынан айығып кетуіне өз септігін тигізіп жүрген Жәкеңді біз де сырттай білетін едік. Енді, міне, онымен алыс Венада жүздесіп отырмыз. Жасан бауырымыз да Венаға жәй қыдырыстап келмеген екен. Оған дәл осы шараның алдында ғана Еуропа Бизнес академиясы мен дүниежүзілік марапаттау бірлестігі дүниежүзі ғылымына қосқан үлесі үшін Сократ атындағы халықаралық орденді тапсырған көрінеді.
Венада жүрген тағы бір қандасымыз Нұржан Әлжанова деген ғылым докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің оқытушысы болып шықты. Ол өзінің осы жерге тәжірибе жинақтау үшін екі жылға келгенін айтса, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ректоры Бейбіт Мамыраев бауырымызды да осы жерден кездестірдік. Ол да Вена университетімен ғылыми байланыс орнату үшін келісім-шарт жасауға келіпті. Бұл да тәуелсіздіктің арқасы дедік біз оларға сәттілік тілей отырып.
Тәуелсіздік мерекесін Венада тұратын қазақтар жыл сайын арнайы атап өтеді екен. Биылғы басқосуына бізді де шақырған. Әрине, барғаннан кейін мәре-сәре болып, талай әңгіме айтылды. Өнер шеберлері де қарап қалған жоқ, самсаған қазақ өнерінің жұлдыздарын бір сәтте көріп-тыңдау мүмкіндігіне ие болған ағайынның да қуанышында шек болмады.
– Құдай қазақтың көз жасын көрді. Тәуелсіздік алдық. Міне, биыл сол тәуелсіздігіміздің 19 жылдығын тойлап отырмыз. Осыған мың тәуба дей келіп, сөз бастаған Қызырхан бауырымыз одан әрі сонау 1986 жылғы оқиғаны еске алды. – Әрине, біз ол оқиғаны өз көзімізбен көргеніміз жоқ. Алайда, елден жырақта жүрсек те қазақ жастарының қаны жазықсыз төгіліп жатқанын естіп, қабырғамыз қайысқан. Біздің қолымыздан не келеді, көз жасымызды көлдеткенбіз. Тіпті топталып барып, осындағы орыс елшілігінің алдына жиналып, қазақтарды қырып-жоюды тоқтатыңдар деген талап-тілегімізді айғайлап айтып, олардың ғимаратының алдына қап-қара күл шашқанымыз да есімізде. Сол жазықсыз төгілген қанның өтеуі болар, еліміз Тәуелсіздік алды. Біз де елге емін-еркін баратын болдық. Қайда жүрсек те қорған болар тәуелсіз еліміз бар екенін ойлағанда, жүрегімізді шаттық кернейді. Әлгінде айттық қой, мұндағы қазақтардың жаңа ұрпағы білімді жастар деп. Енді сол жастардың бетін елге бұрсақ дейміз. Олар ел үшін еңбек етсе дейміз. Бұл біздің қазіргі басты мақсатымыз.
Ал бүгінгі мынадай қасиетті күні бізге қонаққа келген сіздерге де дән ризамыз. Адам баласының өмірі тек бақыттан ғана тұрмайды, бақытты сәттері ғана болады. Дәл қазір біз сол бақытты сәттерді бастан кешіп отырмыз. Бұл да Тәуелсіздіктің арқасы. Еліміз аман, Тәуелсіздіктің іргетасы мықты болсын – деді қоштасар сәтте Қызырхан бауырымыз.
Иә, бұл сөзге не қосуға болады. Бәріміздің де тілегіміз Тәуелсіздігіміздің баянды болуы ғой. Сонда жетер биігіміз де, алар асуымыз да аз еместігіне сенім мол.
Жұмагүл ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ,
Талғат ЖҰМАҒҰЛОВ.
Астана-Вена-Астана.
* * *
Шетелдіктер не дейді?
Иан Клиф, Ұлыбританияның ЕҚЫҰ-дағы елшісі:
– Қазақстан өзінің ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы кезінде жақсы жұмыс атқарды. Әсіресе, Қырғызстандағы ахуалды тұрақтандыру бойынша атқарған қызметін атап өткен маңызды. Бұл жанжалдарды болдырмау процесінде жағымды тәжірибе болды әрі біздің далалық миссиялар қолдана алатын жаңа механизмдердің негізін қалады. Кең ауқымда алғанда Қазақстан төрағалығы ЕҚЫҰ-ның барлық үш өлшемінде тиімді рөл атқарды, әрі «Корфу үдерісі» деп аталатын еуропалық қауіпсіздіктің болашағы жөніндегі бейресми диалогты дамытты. Біз сондай-ақ Қазақстанның ЕҚЫҰ-ның ауған мәселесі бойынша ұстанымын белсенді еткенін жоғары бағалаймыз.
Әдетте Біріккен Корольдік демократия, адам құқықтары, сөз бостандығы және БАҚ бостандығы іспетті негізгі бостандықтарды қамтамасыз етуге айрықша мән береді. Мұнда біз ЕҚЫҰ қызметін одан әрі жетілдіру қажет деп санаймыз. Әсіресе, барлық елу алты мемлекет, солардың ішінде Қазақстан тарапынан нақты құндылықтарды растауын қамтамасыз ету қажет. Біз сондай-ақ әдеттегі қарулы күштерге бақылау, аумақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, Таулы Қарабақ, Приднестровье және Кавказдағы ұзаққа созылған жанжалдарды реттеу сияқты бағыттар бойынша практикалық іс-қимылдар жоспарын қабылдауды қажет етеміз. Сондай-ақ, демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюроның адам құқықтарын қамтамасыз етуге байланысты ақыл-кеңестеріне сәйкес үлкен жұмыс атқару қажет.
Джон Бернхард, ЕҚЫҰ-дағы Данияның Тұрақты өкілі:
– Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы тарихи маңызға ие, себебі Қазақстан осынау беделді халықаралық институтты басқарған тұңғыш посткеңестік және алғашқы орталықазиялық мемлекет болып табылады. Бұл миссия ағымдағы мәселелер және дағдарысты ахуалдарды реттеудегі Ұйымның тиісті қалпын ұстап тұру үшін көптеген материалдық және интеллектуалдық ресурстарды талап етті. Қазақстан өзіне жүктелген міндеттерін жеңіспен атқарды, оның дипломаттары Вена мен Астанада белсенді іс әрекет жасап отырды. Бұл қатысушы мемлекеттердің көбінесе қайшы пікірлерін тыңдай білу, осының негізінде тиімді ымыраны таба білудің арқасында мүмкін болды.
Штефан Скалдарзон, Исландия елшісі:
– Қазақстан төрағалығына бір жағынан сыйымдылық пен ауқымдылық, екінші жағынан мұқияттылық пен барлық қатысушы елдердің пікірлеріне зерделі назар қою тән болды. Бұл көптеген көкейтесті мәселелер бойынша мәмілеге қол жеткізуге мүмкіндік берді. Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы жетекші рөлі өзінің «төрт Т-дан» құралатын «сауда маркасына» ие болды. Мен мұндай ұстанымды болашақ барлық төрағалықтарға, ірі әрі кішігірім делегацияларға басшылыққа алуға кеңес берер едім.
Корнел Ферута, Румыния елшісі:
– ЕҚЫҰ басындағы Қазақстан Ванкувер мен Владивосток арасындағы бәрін қамтитын, жалпыға ортақ және бөлінбейтін қауіпсіздік ұғымындағы Ұйым барлық қатысушы мемлекеттерді жігерлендіруінің көрнекі дәлелі болды. Қазақстандық төрағалық сондай-ақ Орталық Азия үшін айрықша маңызға ие. Бұл аймақ ұйым қызметінде белсенді бағыты ретінде қалыптасып келеді. Біз Қазақстанға төрағалықтың ағымдағы міндеттерді айқын орындауы үшін ғана емес, пайда болған мәселелерге тиімді жауап бергені үшін лайықты алғысымызды білдіреміз. Бұл орайда біз болашақ төрағалықтарға Қазақстан тәжірибесін, атап айтқанда дағдарыстық басқару, жанжалдарды болдырмау, сенім шараларын нығайту сияқты салаларда пайдалануға кеңес береміз.