Жаңа мыңжылдықтың табалдырығынан аттағаннан кейін-ақ ел экономикасы оңала бастағаны мәлім. Соған қарамастан, жыл сайын қыс маусымы тақағанда семейліктер алаңдай бастайтын. Өйткені, әбден тозған жылу құбырлары мен қазандықтар қатты аязда қала тұрғындарын жылумен қамтамасыз етуге кепілдік бере алмай жататын.
Ақыры бұл мәселе Елбасының құлағына да тиді. Іле одан кейінгі жерде Үкімет те қозғалып, Семейді жылумен қамтамасыз ету мақсатымен кезең-кезеңімен қажетті қаржы бөліне бастады. Осы қаржыға ең алдымен жылу құбырлары ауыстырылды. Ал одан кейінгі жерде қазандықтарды ауыстырып, жөндеу мәселелері қолға алынды. Бірақ ол анау айтқандай оңай шаруа емес екен. Расында ондаған жылдар бойы шешімін таппай келген мәселені бір жыл ішінде шешу мүмкін емес-ті.
Абырой болғанда, бұл істе де ілгерілеушілік бар. Айталық, қаланың Жаңасемей бөлігіндегі бірінші жылу-энергиялық орталығында жаңадан салынып жатқан су ысытатын екі қазандық құрылысы қызу қарқынмен жүргізілуде. Олардың құрылысы келер жылдың осы уақытында бітуі тиіс болатын. Бір қуанышты жайт сол, солардың бірінің дайындығы – 95, екіншісінің дайындығы 50-60 пайыз мөлшерінде. Яғни, мұның алғашқысы жуық маңда іске қосылмақ.
Жаңадан салынып жатқан осы екі қазандықтың құрылысына республикалық бюджеттен 11 миллиард теңге қаржы бөлініпті. Осы орайда және бір айта кететін жайт сол, Павлодар қаласында жасалған бұл қазандықтар Семей өңіріндегі Қаражыра көміріне лайықталып шығарылған көрінеді. Қазандықтар құрылысымен айналысып жатқан «Свинецстрой» ЖШС де өздеріне жүктелген талапты үлкен жауапкершілікпен атқарған. Мұнда енді қазандықтардың өзін өзі электр қуатымен қамтамасыз етуге мүмкіндік туғызатын арнайы турбиналар орнатылмақ. Оның маңызы қаншалықты екендігі айтпаса да түсінікті.
Солай дей тұрғанмен, қала тұрғындарының көңіліндегі алаң біржола сейілді деуге болмайды. Өйткені, өткен жылғы қаһарлы қыс әбден қысып бергенде қалада көмір тапшылығы сезіліп, әбігерлі шақ туған еді. «Биыл көмір мен мазут жеткілікті. Үкімет тарапынан осы мақсатқа деп 361 миллион теңге қаржы бөлінді», дейді қала әкімінің орынбасары Төлеген Данияров. Анада қалаға көмір жеткізілмей жатыр екен деген сөз де бос қауесет болып шықты. Қазірде қалаға күніне 37 вагон көмір жеткізіліп жатқан көрінеді. Сондықтан семейліктердің биылғы қыстан қысылмайтындықтарына сенім мол.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.
Семей.