• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
25 Желтоқсан, 2010

Офицерлер балы – мәдениеттілік мектебі

655 рет
көрсетілді

Кеше Бейбітшілік және келісім сарайында әсем бір офицерлер балы өтті. Жаңа жыл қар­са­ңын­да өткізіліп отырған бұл офицерлер балын Экономикалық қыл­­мысқа және сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы күрес агент­ті­гі­нің қаржы академиясы ұйым­дас­тыр­ды. Жалпы, осы шараға бай­ла­нысты Қаржы полициясы ака­де­миясы мен Бейбітшілік және келісім сарайы арасында ын­ты­мақ­тастық меморан­ду­мы­на қол қойылған болатын. Сол өзара ын­ты­мақ­тас­тық­тың нәтижесі зал то­лы адам­дар­дың қуанышты жү­зі­нен ай­қын аңғарылды. Қаржы полициясы академия­сы­ның аталған офицерлер балын ұйымдастырудағы негізгі мақ­са­ты, осы оқу орнының бастығы М.Бә­шімовтің айтып өткеніндей, сы­бай­лас жемқорлықпен күрес жүр­гі­зетін ертеңгі мамандардың заң та­лабы мен тәртіпті ту етіп ұстай­тын­дықтарымен қатар, олар сан-са­лалы өнерге жақын екендігін, соған орай халықпен үнемі тығыз бай­ланыста болып, бір сөзбен айт­қанда, сегіз қырлы, бір сырлы екендіктерін байқату және бо­ла­шақ қаржы полициясы қыз­мет­кер­лерін дәстүрді құрметтей білуге, олардың эстетикалық талға­мын қалыптастыруға, клас­си­ка­лық және билердің төресі – вальсті шебер билей білуге тәрбиелеу. Құ­қық қорғау органдарының әр қыз­меткері тек заңды жатқа біліп, сол заң аясында ғана адамдармен қарым-қатынас жасауға тиіс емес. Олар заңның орындалуын талап ете­­тіндіктен, ең алдымен өздері бастап сол заңды құрметтей алуы ке­рек. Демек, тәртіпті, мә­де­ниет­ті, білімді екендіктерін, жұртпен сы­пайы қарым-қатынас жасай ала­тындықтарын қашанда қағыс қал­дырмауға тиіс. Оны осы Қаржы полициясы ұйымдастыр­ған офицерлер балына қа­ты­су­шылар толық дәлелдеп берді. Академия қабырғасында осын­­­­дай терең де, жан-жақты білім алып келе жатқан тың­дау­шы­лар офицер деген атаққа іліккенде сыбайлас­қан­дарды сарыла іздеушілер ғана емес, мәдениеті жо­ға­ры, саяси білімді, әдеп­ті әрі өнер­дің өрінде еркін жүзе алатын то­лық­қанды маман болып шығуы керек. Әрине, офицерлік бал әс­ке­ри­лер арасында ежелден келе жатқан үрдіс. Бұл мерекенің та­рихы сонау француз және бургун сарай­ла­рынан бастау алатыны бел­гілі. Қай заманның әскерилері болмасын жы­лына бір мәрте бас қосып, сал­та­нат­ты кеште би билеп, көңіл кө­те­ру­ді әдет қылған. Міне, кеше осындай тарихы те­рең­де жатқан мерекелік ша­раға жи­ылған жұрт ерекше бидің көр­кін тамашалады. Әсем әнмен өр­нек­телген балдың алуан түрлі қы­зықтары, әдемі ырғақты вальс тол­қынында би билеген жұп­тар­дың қайталанбас айырықша сұлу қи­мыл-қозғалыстары шақырыл­ған қо­нақ­тарға есте қаларлықтай керемет сезім сыйлады. Ортаға шығып жұптасқан соң­ғы курс тыңдаушылары оркестр­дің әсем әуенімен әуелей айна­лып, дөңгелене жөнелді. Қазақ валь­сінің атасы атанған Шәмші Қалдаяқовтың «Кешікпей келем деп ең» әнін магистрант Е. Ма­қа­шев сазына келтіріп орындағанда бүкіл зал толқындай тербеліп, бұ­рын-соңды болмаған әуезге енді. Қазақ өнеріне ұлттық бояуы қа­нық мәңгілік туындылар сый­ла­ған аса дарынды сазгер батыстық өнердегі вальсті қазақ топыра­ғы­на, қазақ жанына жақындатып, ұл­тымыздың төл өнері санатына айналдырып жібергені табиғи ай­шықталып әр жүрекке нұр болып құйылды. Тұла бойды шырмаған сыйқырлы сезім әуеніне бөленген жұптар «Вена вальсі», «Қазақ валь­сі», танго, «Ағылшын вальсі», «Академия вальсі» және т.б. би­дің небір түрін ұршықтай үйіріле биледі. Әр балдың өзіндік дәстүрі бойынша мұнда да Бал Хан­шасы дараланып, ол «Ақ би» әуені аясында академия бастығын биге шақыру құрметіне ие болды. Иә, осы бір шаттық нұры елі­міз­дің барлық әскери бөлімше­ле­рін­де жаппай етек алуы үшін офи­церлік балдар әскерилердің, оның отбасының, шақырылған қо­нақтардың дәстүрлі белсенді де­малыс түріне айналуы қажет. Еш­тен кеш жақсы деген, мә­де­ниет сарайлары мен офицерлер үйінде бал билерінің мектептері мен ансамбльдерін көптеп ашса ар­тық етпейді. Өйткені, өмірдің өзі көрсеткендей, бұл тек мә­де­ниет­ті адамның уақытты қызықты өткізіп қоюы ғана емес, сондай-ақ оның белсенді демалысы және әде­мі әдептер қалыптасуының мек­тебі болмақ. Бал – мінез-құ­лық түрінің этикасы мен тәжірибе этикеті, ерлер мен әйелдердің, ханымдар мен мырзалардың ор­та­сы. Сондықтан бүгінгі офицерлер кор­пусы бойларына ұлттық әске­ри дәстүрлерді, ұлттық намыс пен әдепті сіңіруі қажет. Сонда ғана офи­церлік балдар намыстың, адал­­­дықтың, әділдіктің, қайтпас-қай­сарлықтың және ең бастысы, мәдениеттіліктің үлгісіне айнала алады. Бұл қазіргі жастары­мыз­дың дұрыс үлгі алуына, әскери дәс­түрімізді одан әрі қалып­тас­ты­ру­ға әсерін тигізеді. Мұндай армия мектебінен шыққан адам то­лық­қанды, жан-жақты білікті, қай­­сар, сөз бен істің, намыстың ада­мы ретінде өнегеліліктің айна­сына ай­на­лады. Сонымен қатар офицерлік балмен айналысу әске­ри қызметті жақсы атқаруға әсе­рін тигізеді. Би мәдениеті ептілік пен жыл­дам­дық­ты қажет ететіндіктен, офи­цер­дің денсаулығы ар­тып, жан-дүниесі жандана береді, дейді Қар­жы академиясының под­пол­ков­­нигі Ә.Бөлебай. Александр ТАСБОЛАТОВ.