Енді бірер күнде 2011 жыл табалдырық аттайды. Жаңа жыл – жаңа арман, жаңа міндеттердің бастауы. Осыдан сәл бұрын ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына қадам бастық. Осы аралықта жаңа экономикалық жүйенің негізі қаланып, барша халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсарғанына көз жеткізілді. Бағыт – айқын, міндет – зор. Сонымен қатар, ұлттың болмысын, тілі мен дінін сақтап, тамыры терең тарихын таныған көп этностық топтардың рухани кемелденуіне жол ашқан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы да өңірдегі ұлттар мен ұлыстардың білек біріктіріп, Елбасының алға қойған тапсырмаларын орындаудағы белсенділігімен танылып отыр. Оған облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының XVI сессиясында хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбайдың ұлтаралық татулық, ел іргесінің беріктігімен алдағы міндеттерді қамтыған сөзі де нақтылай түсті.
Жүректің жұмбағын жүзің шешіп береді деген. Басты ұстанымы «Сыйласым, сенім, ашықтық – халқымыздың ізгі дәстүрлері» ауқымында жұмысын жалғастырған жиын ел көлеміндегі елеулі оқиғаларды ортаға салып, Жетісу жеріндегі атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерді де назардан тыс қалдырмады. Ассамблея бүгінде тілі басқа, тілегі бір халықтар арасындағы бірлік пен ынтымақтың тамырын кеңге жаюына, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтудегі бағдарлы істерін тәптіштеп жеткізді.
Бір қызығарлығы, «Достық» үйіндегі әңгімеге этномәдени бірлестік мүшелерінің белсене қатысуы. Өңірдегі орыс этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Наталья Белик еркін, ерікті еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді білуі шарт екендігіне назар аударды. Бұл – бүгінгі қажеттілік. Ортақ Отанымыз Қазақстанның дамыған елу елдің қатарынан табылуындағы нақты қадам екендігін ұмытпауымыз керек, дегені өзгелерден қолдау тапты.
Еліміздегі «Барбанг» күрдтер қауымдастығының облыстағы филиалының төрағасы Сиябанд Калоев қауымдастық мүшелері атынан қазақ халқының мейірбандығы мен достық пейіліне алғысын арнады. Ортақ шаңырақтағы бірлік пен ынтымақ тікелей қазақтардың өзге ұлттарға деген ізгі ниетімен өріліп, жалғасын тауып келеді. Көсегеміз көгеріп, ұрпақ өсіріп, оларға жан-жақты білім беруіміз, қамқорлық жасауымыз ақкөңіл, дархан, бейбітшіл елдің арқасы деп түсінемін. Міне, хан сарайындай атына заты сай «Достық» үйінде бас қосып, ойымызды, тілегімізді ашық ортаға салып отырмыз.
Жастар – елдің болшағы дегендей, ортаға шығып қазақтың қаймағы бұзылмаған бай тілімен сөз бастаған «Айналайын» балалар үйінің тәрбиеленушісі Светлана Бабкинаның пікірі кімді болса да бейжай қалдырмады.
– Мемлекеттің қамқорлығын көріп өскен жанмын. Мені Қазақстанның жарқын болашағы қызықтырады. Қазіргі кезде Талдықорғандағы медициналық колледждің студентімін. Алға қойған мақсатым – туған елімдегі халықтың денсаулығын қорғау, ертеңіне қызмет ету. Шаһар жыл өткен сайын сәулеттеніп, әсем ғимараттар бой көтеруде. Ол жақсы. Қалада еліміздің тәуелсіздігі жолында күрескен тұлғаларға ескерткіш, белгітас қойылған. Бұл біз үшін қажет.
Қазақша сөйлеп, қазақша ойланамын. Көптен көкейімде жүрген ұсынысым бар. Мүмкін бұл артық та болар, сонда да айтайын. Қаратал өзенінің жағалауындағы Тіл сарайы мен Достық үйінің екі аралығында данышпан Абай мен жыр алыбы Жамбылдың ескерткіштері қатар орнатылса, біздің рухани қажеттілігімізге жақсы қадам жасалар еді, деді Светлана.
– «Сенім. Дәстүр. Ашықтық. Төзімділік», бірін бірі толықтырған ортада кездейсоқ жайға орын жоқ. Бұл – Мемлекет басшысының ұстанымы. Біздің өмірге қажеттілігіміз содан бастау алады, – деген Қызылағаш ауылының тұрғыны, чешен этномәдени бірлестігінің өкілі Хава Дудай апаттан кейінгі өздеріне жасалған қамқорлыққа тоқталды. Барша қазақстандықтар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарды. Ауыл көркейді, тұрмыс жақсарды. Десек те, тырнақ астынан кір іздеп, күні-түні дамыл таппаған тиянақты жұмыстан кемшілік тапқысы келетіндерге деген назын да айтып қалды. Елбасына ауылдастары атынан алғысын жеткізді.
Сессияда айтылған пікірлер тоғысып, өңірдегі тірліктің жарасым тапқанын дәлелдеді. Мәселен, гректер қауымдастығының төрағасы Георгий Иорданиди өңірде тұңғыш Президенттің халықтың әлеуметтік-мәдени жағдайын жақсарту мен елімізді дамытудың жаңа кезеңіндегі даму бағдарламасы дәйекті жүзеге асырылуда, деп халықтың салт-дәстүрін, мәйекті мәдениетін көрсететін «Этноауыл» салуды қолға алатын кез келгенін айтты. Жастар ұлтының кешегісі мен бүгінгісін біліп өсуі қажет. Оған жол ашу аға ұрпақтың міндеті екендігін де ортаға салды. Ал, қарашай-балқар этномәдени бірлестігінің мүшесі Сабина Тилова, Ассамблея мүшесі Анатолий Чесноков, тағы басқалары Елбасының Жолдауындағы қазығы берік, мемлекеттігі бекем, төрт құбыласы түгел Қазақ елінің айбынын асырып, атағын әлемге танытуға баршаның күш-қайратын жұмылдыру, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру бағытындағы өрелі істерді өрістетуді ұсынды.
Ассамблея сессиясына облыс әкімі Серік Үмбетов қатысып, көп ұлт өкілдерінің ұтымды пікірі мен ұсыныстарын құптады. «Көп тілегі – көл» деген. Елімізді жаңа биіктерге бастайтын бастамалар қажет. Құнды құжатта ең басты құндылығымыз – Отанымыз, Тәуелсіз Қазақстан екендігі атап көрсетіліп, мемлекет және оның әрбір азаматы қай жерде де қоғамның тұрақтылығы мен елдің әл-ауқатына кері әсерін тигізуі ықтимал кез келген қадамға бармауы айтылған. Демек, ынтымақ пен бірлік болса, әлі де шығар биігіміз алда, деді.
Отан игілігі үшін жұдырықтай жұмылып, жер жәннаты Жетісудың кемел келешегіне, ұлттық стратегияға ұйыстырушы күш ретінде бірігуге үндеген байыпты бағдарлама қабылданды. Жаңа жылды жетісулықтар осындай жоғары ұстаныммен қарсы алды.
Алматы облысы.
Күмісжан БАЙЖАН.
Суретте: Достық үйіндегі салтанаттан көрініс.