Қай-қай халыққа да ел болып еңсесін көтеру оңайға түспегенін көне тарихтан білеміз. Әрісін айтпағанда, жетпіс жылдан астам Мәскеудің ықпалында болып, кеңестік кезеңнің теперішін көрген Қазақстан да осы тар жол, тайғақ кешуден өтті. Өткенде де әдемі өтті. Әрине, бұл халқымыздың бірлігі мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сара саясатының арқасында мүмкін болғанын жасырудың реті жоқ. Халқымыз «Мың қосшыдан, бір басшы» деп тегін айтпаса керек. Осы бір тарихи жауапты сәтте ел тізгінін Нұрсұлтан Әбішұлының ұстауы қазақтың бақыты болды десек, артық айтқандық емес. Тәуелсіздіктің алаң-көбеңіндегі қиындықтардан халықты алып шығатын қайыспас қара нар керек еді бұл істе. Елбасы халқының бағына туған ұл екенін өз ісімен көрсетті, елінің ертеңі сенімді, береке-бірлігі мықты болуы жолында тыңнан соқпақ салды.
Әрине, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға мүше болып кіруінің өзі үлкен абырой болатын. Бастапқыда Еуропаның 33 мемлекетін және АҚШ пен Канаданы біріктірген бұл ұйымға қазір 56 ел мүше болып отыр. Саяси-экономикалық дамудың өзіндік жолына түскен еліміздің ұйымның төрағалық тізгінін қолына алуы ұлы тарихи оқиға, ұлан-ғайыр жетістік болды. Мұндай әлемдік деңгейдегі абырой-беделдің оңайлықпен келмейтіні де белгілі. Қазақстан әлемдік қауымдастық алдында өзінің ұлтаралық және конфессияаралық келісімге ұмтылушылық бастамасын баянды ету жолында тағы бір үлкен іс тындыруға бағыт ұстады. Араға он бір жыл салып еліміздің бас қаласы Астанада ЕҚЫҰ Саммитін әлемді таңқалдырарлықтай деңгейде ұйымдастырып, өткізді. Бұл әрбір қазақстандықтың бойында мақтаныш сезімін тудырып отырғаны шындық. Біз Елбасымыздың әлемдік саяси аренедағы беделі мен толағай табысына мақтанып қана қоймай, елдегі ынтымақ пен бірліктің, достық пен татулықтың нығаюына әрқайсымыз өзіміздің хал-қадерімізше үлес қосқанымызды да мақтаныш етеміз. Шетелдік сарапшылардың өздері Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы ұйым жұмысына соны серпін берді деп бағалады. Сыртқы саясатта сындарлы бағыт ұстану, ұлттар мен ұлыстардың өзара достығы мен бірлігін қалыптастыру, ортақ Отанымызда бейбітшілік пен тыныштықтың тұғырын берік қалау – бұл Елбасы алға қойған биік мақсаттардан бастау алып отырған қағидаттар деу орынды болмақ.
Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі – демократиялық дамудағы біздің Президентіміз Н.Назарбаевтың үлкен еңбегі. ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету үлкен жауапкершілік екенін ұмытпауымыз керек. Қазақстан өзінің төрағалығы кезінде Еуразия аймағындағы дау-жанжалдарды реттеуде үлкен жұмыс атқарды және әлемдік саясатқа пайдалы әсер әкелетін бірқатар бастамалар ұсынды. Қырғызстандағы саяси дағдарыстың түйінін шешуге бірінші болып әлемдік қауымдастықтың назарын аударып қана қоймай, көршіліс қырғыз бауырларға басу айтып, материалдық қолдау-көмек көрсетуге бастамашылық танытты. Әзірбайжан мен Армения арасындағы бітеу жараға айналған Таулы Қарабақ проблемасын шешудің ықтимал жолдарын табуға талпынды. Ауғанстан мәселесін күн тәртібіне шығарып, әлемдік есірткі бизнесінің жолын кесу бастамасын көтерді. Ал күні кеше ғана Астанада өткен бүкіләлемдік рухани мәдениет форумы да бірлікке бағытталған шаралардың бірегейі ретінде есте қалды.
Саммиттің Астанада өткізілуіне және, ең бастысы, қорытынды құжат – Астана Декларациясының қабылдануына Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың биік беделі ықпал етті деу орынды. Қашан да Қазақстан халқының қамын жейтін Ұлт Көшбасшысы бұл жолы да әлемдік өзекті проблемаларды көре білетіндігімен, оларды шешуге жұмылдырушылық қасиетімен халықаралық беделімізді көтеріп тастады.
Жалпы, Астана қаласында өткен ЕҚЫҰ Саммиті барлық халықаралық қауымдастықтың назарын аударған маңызды оқиға болды. Қазақстанның жас елордасы – Астана қаласы тарихта із қалдыратын әлемдік ауқымдағы маңызды форумды тамаша ұйымдастыра алды.
Ал облысымызда атқарушы органдардың, ақпараттық-насихаттық топ мүшелерінің Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі жөнінде түсіндіру және насихаттау жұмыстары кеңінен жүргізілді. Ақпараттық-насихаттық топ мүшелері Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету басымдықтарын түсіндіру және насихаттау бойынша дайындалған әдістемелік құралдармен жабдықталып, конференциялар, дөңгелек үстелдер, сұхбаттар, тәрбие сағаттарын ұйымдастырды. Бұқаралық ақпарат құралдарында арнайы айдарлар ашылып, онда Қазақстанның осы беделді халықаралық ұйымға төрағалық етуінің маңыздылығы жөнінде қоғам қайраткерлерінің, ғылыми және шығармашылық интеллигенция өкілдерінің, этномәдени бірлестіктер жетекшілерінің пікір-лебіздері берілді. Ақтөбе қаласында және елді мекендерде аталмыш тақырып бойынша билбордтар және көрнекі үгіт-насихат құралдарын орнатылды.Қазақстанның аталмыш ұйымға төрағалық етуі мен Саммитін өткізуін, мұндай биікке ТМД елдерінің ішінен бірінші болып шығып отырғанын әрбір Ақтөбе тұрғыны мақтан тұтады.
Ахат МЫРЗАЛИН, Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы.