• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
28 Желтоқсан, 2010

Әлемнің биік сенімі

426 рет
көрсетілді

Үрпиген үрейлі дүниенің үзіл­ген үмітін жалғап, біріне-бірі от қаруын кезеніп отырған нәзік те, тентек әлемнің бейбітқатар өмір сүруінің жаңа дәуірі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Саммитінің сәтті де абы­ройлы аяқталуымен және де Астана Декларациясының қабылда­нуы­­мен, міне, енді басталды! Сол әлемнің алтыдан бірін бауырына басып дәуірлеп тұрған күні кешегі Кеңес Одағының ыды­рауына байланысты дүниені қайта бөлісу және әркім өзінің ық­пал етуші аймағын кеңейтуге жанталасып, барынша күш жұм­са­лған соңғы бір ширек ғасырға жетер-жетпес уақыт өлшемінде әлем­нің ақ кептерлі бейбітші­лігі­нің қанатын қиғандай етіп, баға­сын тым арзандатып, құн­сыз­дан­дырып алғандығымызды ойға алар болсақ, Қазақ елінің төр қа­ласы Астанада 1-2 желтоқсан күн­дері сәтті өткен ЕҚЫҰ-ның Жетінші Саммиті адамзаттың Жаратушыдан жазған өмір сүру хақына ешкімнің де қол сұғуына хақысы жоқ екендігін ұғындыра түскен, соны қайта бір еске сал­ған көне тарихтың ұлы оқиғасы деп бағалануы керек. Адамзат дәуірінің ХХ ғасы­ры­ның аяқталар және ХХІ ғасы­ры­ның басталар өліара сол бір тұ­сынан төнген қауіп пен қа­тер­дің қорғасын бұлттары әлі де сейіле қоймағандығын айта оты­рып, мемлекеттер мен биліктің басына келген саясатшы­лар­дың әрбірі дүниені өз­дерінің айдаға­ны­на жүргі­зе­мін, де­­генімді істетемін деген пен­дешілік ойдан аса ал­мағандық­та­ры­нан да жә­не де «өзім бас­қарып отыр­ған елден басқа елеулі ешкім­нің де бол­мауы керек, ме­нің ұл­тым ғана ұлы, менің хал­қым ғана дана да дара» деген ойдың тар құр­сауы­нан шыға алма­ғандық­тары­­нан да және тағы да өзім, өзім­нің ғана елім аман болсын деген пиғыл-парқының парасат­сыз­­ды­ғы­нан аса алмай отырған­дық­тарынан да дүние әлі қан­сырап, жылап тұр. Жаңа дүниенің, былайша айт­қанда өз тәуелсіздіктерінің ал­ғаш­қы қадамдарын адам бала­сы­ның қанының төгілуімен, түрлі ұлт­тар мен ұлыстардың дау-жан­жалдарымен басталған Прибалтика, Кавказ, Таулы Қарабақ, При­днестровье оқиғаларын кәрі тарих өзінің жадынан шығарып, ұмы­та алар ма екен?! «Ауы­лы­мыз аралас, қойымыз қоралас»,  дейтін қырғыз ағайындарымыз­дың күні кешегі өздерін де, өз­гелерді де арандап тастауынан жа­­­зық­сыз жандардың төгілген қа­нының құнын кім өтейді, зардап шеккендердің көз жастары да оңайлықпен құрғай қояр ма екен?! Дәл қазір Шығысы­мыз­дағы екі Корей мемлекетінің бір-біріне қа­ру­лы сес көрсетуі дү­ние­ге төнген соғыс пен жанжалдың дауының әлі де сейілмегендігін, әлі де қауіп пен қатердің төніп тұрғандығын айғақтай түскендей болады. Мына дөңгеленген дүние ендігі арада адам баласының өз ақыл-ойының, білімі мен ғылы­мының жетістігін пайдалана оты­­­­рып, өз қолымен жасаған қаруы­­ның соққысын көтере ал­масы да анық. Бұл жалпы тіршілік әлемі­не, жалпы жаны бар дүниеге төнген қатер деуіміз керек. Адам баласы, жалпы өрке­ниет қолдағы қаруымен ғана мықты ма? Солай деп сұраулы ойға берілер болсақ, онда адам баласының ақылы мен парасаты қайда қалмақшы?! Адам­ның сол арқылы атом апатын те­жеу­ге, сөйтіп адам баласының па­ра­саты мен ой-санасы өзінің оқ­қа­ға­ры болуға жарамаса, адам­дығың қайда?! Осы бір ойлар адамзаттың адал перзенті, Қазақстан сияқты абыройлы мемлекеттің Президенті, ұлтымыздың Көшбас­шы­сы Нұрсұлтан Назарбаевты әр­дайым толғандырып келе жат­қан­д­ығын айтқан ләзім. «Қазір­дің өзінде қауіп пен қатерді сезініп, түсінген адамзат байлық пен кедейліктің арасындағы «бейбіт­сүй­гіш» байлар мен «агрессия­шыл» кедейлердің арасындағы алшақтыққа қарай нық та нақты қадам жасай алады», – деп Елба­сы өзінің «Сындарлы он жыл» кітабында (13-бет) айтқанындай, расында да, бейбітсүйгіштік пен агрессияшылықтың арасы күн са­йын алшақтап бара жатпаса, жа­қындай қойғаны неғайбыл. Міне, осы бір адамзаттың бейбітшіл ниетінің жақындасуының амалын айтып, қадамын жасап келе жат­қан әлемде бірден-бір саясатшы, бірден-бір Президент болса, ол Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев екендігін қолымызды жүрегімізге қойып мойындамас­тан басқа амалымыз тағы да жоқ екендігін айтар едім. Нұрсұлтан Назарбаевтың жүр­­гізіп отырған бүгінгі саясаты оның тұла бойына біткен адами және қазақ деген дана халықтың ізгі ой-ниетімен, адал көңілімен ұштасып, ұласып тұрғандығын тани білген жөн. «Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз! Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз, ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөзді асырмаған елміз! Досымыз­ды сақтай білген елміз, дәмі-тұ­зын ақтай білген елміз», – деп қазақтың ұлы билерінің бірі Қаз дауысты Қазыбектің айтқан осы бір ұлағаты өзінің бір ұрпағына да­рыса, ол, сөз жоқ, біздің Елба­сы­ның бойына дарып, ойына қон­­ғандығын біле білейік! Дана­лық даналыққа ұласып, ол бү­гін­гі жан алысып, жан берісіп жат­қан мына алмағайып заман­ның зар күйі мен тар күйінен өзінің қазақ деген халқын аман сау алып келе жатса, бұл ұлттың ба­сын­дағы үкілеген бағы болса керек-ті. Әуелде Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға басшылық жасауға тәжірибесі мен іскерлігі, ой-өрісі жете ме деген күдіктің айтылып қалған­дығы да рас. Осы төрағалықтың бізге қажеті бар ма еді деген сияқ­ты өз ішімізден шыққан күңкіл сөздер де естілді. Алайда, Астана Саммиті Қазақстанның зор мүм­кіндігін және де оның Президенті Нұр­сұлтан Назар­баевтың дүние­нің төрт бұрышы­ның кез келген мәсе­лесін саяси тұр­ғыдан шешуге ұм­тылатын ерік-жігерін, ақы­лы мен парасатын, ертеңгі күн мен бола­шақты болжай алатын көре­ген­дігін, кез келген қиын мә­селе­нің түйінін еппен шеше білер тап­қыр­лығын көрсетіп, дәлелдей алды. Астана Саммиті бейбітшілікті сақтау жөніндегі әлемнің қал­ғып кеткен санасын оятты. Астана Саммиті дүниедегі адам баласының мүддесіне қа­тыс­ты мәселелерді мемлекеттер­дің осылайша бас қосып, бірлесе шешуі арқылы өркениетті алда­ғы уақыттағы қатерлерден сақ­тап қалудың бірден-бір жолы екен­дігін ұғындыра түскендей болды. Астана Саммиті бір ғана мемлекеттің тыныштығы, оның бай да қуатты болуы ендігі арада оларды да әр елге төнген қауіп пен қатерден сақтап қала алмасын сезіндіргендей еді. Астана Саммиті адамзаттың ортақ мекені – Жер болса, сол Жер шарының мекенділері – адам баласы мен жан-жануар­лары­ның тіршілігін, солардың қор­­шаған ортасын бүліну мен қи­раудан, бұзылу мен құрып кетуден сақтау шараларын бірлесіп ой қосып, бірлесіп ақыл­дасып, бірлесіп шешудің ойын зерделеп, тізбектеп бергендей әсер қал­дырды. Адамзаттың алдындағы ұлы жауапкершілікті сезіне білген Қа­зақ­стан және оның Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев әлемдік қо­ғамдастық алдындағы зор бе­делінің нәтижесінде Астана Сам­­­митін жоғары табыспен өт­кізе алды және сол арқылы соңғы он бір жыл бойы бастарын қоса алмай келген ЕҚЫҰ тіршілігін қай­та жандандырып, бұл ұйымның әлем және оның халықтарының болашақтағы тағдырлары үшін қажеттігін таныта білді. Қазақстан өз астанасында Сам­­­мит өткізу арқылы еуроат­лан­тикалық және еуразиялық ке­ңіс­тікте бір-бірінен бөлінбейтін қауіп­сіздік құрудың көкейкесті мәсе­лелерін айдай әлем­ге ұсына білді. Сөйтіп, На­зарбаев ұзақ жылдар бойы үні шықпай келе жатқан Ұйымның беделін сақтап қала алды және оның тоқ­тап қа­лу­дың аз-ақ ал­дында тұрған жү­регі­не нәр беріп, санасы­на тың ойлардан дем салып, қуат­танды­рып, рухтан­ды­рып жі­­берді. Әлем ЕҚЫҰ-ның өз бола­шақ­тары үшін аса қа­жетті екендігін Астанадағы Саммиттен ұғы­на түсті, бұл ұйымға Қазақ­стан сияқты басшылық жасау керектігін де мойындады. Сенім, дәстүр, ашықтық, тө­зім­ділік ұранымен өткен Қазақ­станның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығы сәтті де абыройлы болғандығы қуанта түседі. Бұл біздің еліміздің әлемдік қоғам­дастықтың кез келген ұйымы­ның төрінде отырып, билік айта алар білімі мен білігін, ақылы мен парасатын, кемеңгерлігі мен кеңдігін, даналығы мен даралы­ғын паш еткендей. Астана Саммиті әлемдік жә­не қазақ халқының өз тари­хы­ның бет­теріне алтын әріптермен жа­зы­лып қалар ұлы оқиғалар­дың бірі болды. Астана Саммиті арқы­лы Қазақ елі де өз тәуел­сіздігінің 20 жылға жетер-жетпес даму кезеңінде сан ғасырлық тарихы бар әлемнің дамыған, өркені өс­кен өркениетті мемле­кет­терінің қа­тарына барып қосы­лып, жар­қын жүзбен нық барып тұра алды деп батыл айта аламыз. Жабал ЕРҒАЛИЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.