Халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетудің кепілі білікті медициналық кадрларды дайындау мен олардың кәсіби деңгейлерін шыңдау екендігі белгілі. Сондықтан да медициналық қызметкерлерді түрлі кәсіби оқу бағдарламаларынан өткізу өте маңызды. Соның ішінде денсаулық сақтау жүйесі жақсы дамыған елдердің тәжірибелерінен үйренудің орны бөлек. Осындай бағытта ақ желекті абзал жандардың біліктіліктерін көтеретін, батыс елдерімен тығыз әріптестік қарым-қатынас орнатқан, отандық дәрігерлеріміздің шетелдерге шығып тәжірибе жинақтауына толық жағдай жасаған оқыту клиникалары республика бойынша жоқтың қасы деуге болады. Дегенмен де елордадағы жалғыз жұмыс істеп жатқан мұндай оқыту клиникасын көргенде осыған да шүкір делік.
Астана қаласының Денсаулық сақтау саласын 2008-2010 жылдардағы дамыту және реформалау мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде қала әкімінің қаулысымен «Астана қаласының Денсаулық сақтау басқармасы» ММ «Оқу-клиникалық орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылыпты. Мінеки, медицина кадрларының кәсіби біліктіліктерін көтеру, осы салаға қазіргі замандағы инновациялық технологияларды енгізу, денсаулық сақтау жүйесінде халықаралық деңгейге жету мақсатында құрылған орталық бүгінгі таңда жемісті жұмыс атқарып келеді. Ол өмірге келгеннен бері біраз мемлекеттердің емхана, госпитальдарымен тығыз байланыс орнатып, көптеген білікті дәрігерлер Астанаға келіп осындағы медицина қызметкерлеріне дәріс оқып та үлгерді. Мәселен Гарвард университеті Медициналық мектебінің білім беру бағдарламаларының клиникалық базасы және де АҚШ-тағы ең үлкен клиникалық ғылыми орталық болып саналатын, Бостон қаласындағы «Партнерс Хелс Кеар Систем» медициналық корпорациясымен жасасқан ынтымақтастық нәтижесінде 1000-ға тарта отандық дәрігерлеріміз шетелдерге барып біліктіліктерін шыңдап қайтты.
Аталған оқыту-клиникалық орталығының директоры Райхан Мусинаның айтуына қарағанда, статистикалық мәліметтер бойынша, бүкіл әлемде медициналық манипуляциялардың дұрыс орындалмау себебінен медициналық қателіктерден туындайтын қауіп жыл сайын өсіп келеді. Осыған байланысты дүние жүзінде имитациялық оқыту медициналық кадрларын дайындау әдістерінің берері мол. Дәл осы әдіс аталмыш оқыту-клиникалық орталығында кеңінен қолданылатын көрінеді. Шетелдердің тәжірибелеріне сүйене отырып бұл орталықта госпиталь базаларының негізінде симуляциялық тренинг-орталықтары да қатар қызмет атқарады.
«Партнерс» корпорациясымен ынтымақтастық шеңберінде оқу-клиникалық орталығында қазіргі замандағы симуляциялық тренинг-орталығы құрылды. Орталықтың 3 дәрігер-нұсқаушысы «Партнерс» корпорациясының «Стратус» симуляциялық орталығында дайындықтан өтіп және америкалық кардиологтар бірлестігінен сертификаттандырылды. Бүгінгі таңда біздің орталығымызда 3000-нан астам дәрігерлер оқытылды. Біз тек медиктерді ғана емес, сондай-ақ еліміздегі спортшыларымызға да алғашқы жәрдем көрсету сабақтарын өткіземіз», – дейді орталық директоры Райхан Мусина.
Орталықта Оңтүстік Корея, Германия, Жапония, АҚШ медициналық ұйымдарымен байланыстар жасалған. Сонымен, қалалық дәрігер-онкологтарға осы жылдың желтоқсанында Қазақстан-Корея ынтымақтастық шеңберінде Сеул ұлттық университетінің шеберлік сыныбы ұйымдастырылды. Қазір дипломнан кейінгі білім беру тұрғысында Санкт-Петербург медицина академиясының тәжірибе циклы өтіп жатыр. Және желтоқсанда халықаралық медико-биологиялық емдеу-кеңес «Gally International» холдингінің президенті, АҚШ-тағы Атланта университетінің кардиология мен неврология профессоры Гюмрих Алиевтің шеберлік сыныбы өткізілді. Бәсекелестікке икемделіп, болашақта сапа көрсеткішінің жақсаруына мұндай оқыту орталығының кең ауқымда ашылғаны өте орынды секілді.
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ. Астана.