Қырық жылғы журналистік қызметімде мұндай қысылған емеспін. Ол кісі өмірден озып, көзден кеткелі бері көңілімнің ең бір көрікті жеріне, жүрегімнің жан аяғы баспас түкпіріне аялап сақтап жүрген ұлы ұстазым туралы ойларымды сыртқа шығару қиынның-қиыны екен-ау өзі...
Иә, ол кісі мен үшін басына самұрықтан басқа құс қона алмайтын алып бәйтерек, жан баласы шыға алмайтын Эверест шыңы сияқты болып мәңгі асқақ күйінде қалды. Алғашқы редакторым, ұлағатты ұстазым ғана емес, рухани әкем болды. Осы күні біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей, қолыма қалам ұстап, қатарымнан қалмай, журналистика деген ұшы-қиыры жоқ жазираның шаңын аспанға шығарып жүрген жүйріктерден қара үзіп қалып қалмай, кәдеге жарап жүрсем, ол, ең алдымен, Құрекең сияқты құдіретті қалам иесінің алдын көргенімнің, ұлан-ғайыр тәрбиесінің титтей де болса тамшысын алып қалғанымның арқасы деп білемін. Ал ол кісінің бүгін ұлтымыздың сөз өнерін өрге сүйреп жүрген айтулы шәкірттері де қаншама: Кеңес Юсупов, Қуанышбай Құрманғалиев, Ұзақбай Доспанбетов, Мұрат Күлімбетов... санай берсең осылай кете береді.
Дәл бүгінгі күні жүзге толып отырған Құрекең көзі тірі кезінде-ақ өз заманының аты аңызға айналған айтулы да айдынды азаматы еді. Ол кісі туралы сол журфакта оқып жүргенде-ақ арамызда талай әңгімелер айтылатын. Сапар Байжанов, Шерхан Мұртаза, Камал Смайылов, Сейдахмет Бердіқұлов... Міне, осы алыптардың ортасында маған неге екені белгісіз Құрекеңнің тұлғасы ерекше асқақ, болмыс-бітімі бөлек болып көрінетін.
Жолдама бөлісу кезінде деканымыз темір Темкең: «Дорогой, тебя Тургай ждет или партбилет на стол!» деп үстелді бірақ алақанымен салып қалды. Тым болмаса өзім туып-өскен Жезқазған да емес (ол кезде ол да облыс болып ашылып жатқан), түу алыстағы Торғай... Тентіреп кетті деген осындай-ақ болар. Көкжиегі көгілдір таулармен көмкерілген Алматыны кім қияды, оның үстіне үйленіп те үлгергенмін. Тұңғышымыз Саматты асырай алмай ауылдағы ата-енемнің қолына бергеміз, енді жанұшырып жұмыс іздейін. Мектеп бітіргеннен кейін екі жыл ауылда сиыр бағып, партия қатарына өтіп келгем. Көкем жоқ. Бар сенерім сол.
Алла тағала тағдырымның соқпағын әу баста-ақ Құрекеңмен табыстыруға жазып қойған ғой, бір күні көше кезіп келе жатып, Совет пен Фурманов көшелерінің қиылысынан «Қазақстан» баспасы деген көрнекті маңдайшаны оқып қалдым. Оның директоры да болатынын қайдан білейін, «ең бастығы осы шығар» деп, «бас редактор Құрманбек Әбілдаев» деген жазуы бар кабинеттің есігін имене аштым. Сірә, соғыс ардагері болуы керек, бір қолы ептеп кемдеу, екі бетінен нұры тамған, қызыл шырайлы, жылы жүзді кісі отыр екен. Қақалып-шашалып келген шаруамды айтып жатырмын.
– «Қазақстан коммунисі» журналының қайда екенін білесің ғой?
– Білемін.
– Білсең осы бетте дереу сонда бар да, менің атымнан бас редакторына жолық. Ал жолың болсын!
«Қазақстан коммунисі» журналы – міне! Мынау – қабылдау бөлмесі. Ал ондағы жазуды оқып шын мәнінде талып қала жаздадым: «Бас редактор Құрманбек Сағындықов». Иә, мен еңбегінен диплом жұмысын қорғаған, аты маған ертегідегі аңыздай естілетін Құрманбек Сағындықов мына есіктің аржағында отырған көрінеді. Не ілгері басарымды, не кейін кетерімді білмей теңселдім де қалдым.
– Жәмкенов деген сен бе? – деп сұрады менің әрі-сәрі күйімді аңғарып қалған хатшы қыз. – Сені редактор күтіп отыр.
Дереу әлдебір түймені басып емен есіктің ар жағына хабарлап та жіберді.
– Кір, – деді сонсын.
Енді шегінетін жер қалмады. Есікті ақырын ашып кіріп бардым. Ол кезде қазіргідей қытайдың ілмиген іркес-тіркес үстелдері жоқ. Кәдімгі еменнен жасалған шомбал мүліктер басшылардың айбынын асыра түсетін. Содан ба, әлде өзім ашқұрсақ ілмиген студент болғансын ба, әйтеуір орынтақта отырған адам маған айрықша дәу болып көрінді. Еңгезердей аппақ кісі екен. Екі бетінен қаны тамып тұрған реңді адам. Ал енді бұрын-соңды мұндай сұсты жанды кездестірген емеспін. Тостағандай от шашқан көзімен бас-аяғымды шоли қарағанның өзінде тізем дірілдеп қоя берді. Ана Құрекең мына Құрекеңнің қасында тіпті баладай екен ғой. Бір- екі аттап барып, қалшиып қаттым да қалдым. Екі жанары бүкіл денемді қарып барады, тынысым жиілеп, денем бой-бой болып терлей бастадым.
– Қарағым бері кел, отыра ғой!
О, ғажап, енді қарасам, манағы ызбардың ізі де жоқ, екі беті нарттай жанып, жылы жымиып отыр. Сұсты жанның мейірі аса шуақты болатынын осы жолы аңғардым.
– Шырағым, бізге жауапты хатшының көмекшілігіне қызметкер керек еді. Журналымыз Орталық Комитеттікі болғаннан соң міндетті түрде партия мүшесін алуымыз керек. Естуімше коммунист екенсің, сол орынға бара ғой. Өзіңді өзің көрсете білсең кейін бөлімге де ауыса жатарсың, – деді де, – әлгі Зұфарды шақыршы, – деп бұйырды. Кабинетке шашы ақ бурыл, сары кәстөм-шалбары мен галстугы, кеңсірігіне ілінген көзәйнегі зиялылығын айрықша айшықтап тұрған егделеу бір кісі келіп кірді.
– Зұқа, мына баланы әлгі Құрманбек жіберіпті, өзіңе көмекші етіп ал. Білмегендерін үйретерсің, жас жігіт қой, әлі-ақ ысылып кетеді. Дипломды журналист, анаған-мынаған шапқылата бермей, қолынан қаламын түсірме! Бұйрық дайындаңыз, қол қойып кетейін.
Сөйтіп Алланың құдыретімен, Құрекеңнің көмегімен жарты сағаттың ішінде республикадағы ең бас басылымның қызметкері болып, жиһаздары жарқыраған жеке кабинетте шәниіп отырдым. Алдымда дербес телефон. Онымен көл-көсір қуанышымды айтып сөйлесейін десем, курстастарымда әлі телефон жоқ. Қызықтың мұндай да түрі болады екен!
Менің өмірімде өшпес із қалдырған ұлағатты ұстаз, асыл аға, қамқор басшы Құрманбек Сағындықовпен өмір жолым осылай тоғысып еді. Бұл күнде осындай шуақты жанмен кездестірген тағдырыма мың шүкіршілік айтамын. Мұның бәрін тәптіштеп жазып отырғаным, үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, бұрын танымақ түгілі, естіп-көрмеген маған жасаған қос Құрекеңнің кісілігін, анау-мынау күйкі сезімнен ада асқақ адамгершілігі мен еңбек есігін енді ашқан жастарға деген қамқорлығын бүгінгі ұрпаққа айту еді. Сол кісілердің ішінде кеткен асыл арманы – тәуелсіздік туы желбіреп, бодандықтан бостан болып отырған бүгінгі күні мұндай өресі биік өнеге өрістей берсе, қанеки!
Құрекең! Құрманбек аға... Ол кісінің ұжымды басқару әдісі ерекше еді. Ешкімнің ар-намысына тиіп, шаптығу деген атымен жоқ. Материалды түзеткенде өзің «әттеген-ай» деп күдіктеніп немесе тіліңнің ұшына түспеген сөзіңді дәл тауып қоятын. Және ол түзеткендерін міндетті түрде шақырып алып түсіндіріп беретін. Сөйтіп қаламыңды әр мақалаң сайын ұштап отыратын.
Ол кісінің сол кездегі өріп жүретін орысша сөздердің баламасын табудағы шеберлігі ерекше болатын. Мәселен, «первопроходец» деген сөзді «ізашар» деп аударды. Бұл ретте бас редакторға бәріміз де еліктеп бағатынбыз. Бөлім меңгерушісі Әбиболла ағамыз болса «пәленбай орденнің кавелері» дегеннің орнына «иегері» деген сөзді сәтімен ойлап тапты. Мен де ағаларыма еліктеп «котельный» дегенді «қазандық» деп аудардым. Қазір айналымда жүрген бұл сөзді көргенде ортақ отар ішінен өз малымды көргендей мәз болып қаламын. Қысқасы бәріміз де күнделікті сүреңсіз мимырт тіріліктен ада, шын мәніндегі шығармашылық шабыт үстінде болатынбыз.
Құрекең де жұмысқа келгенде аса талапшыл болғанымен, былайға өмірде ақжарқын, көргені мен түйгені көп, өте әңгімешіл мейірбан жан еді. Түрлі отырыстарда, қонақта, әңгіме тізгінін көбіне сол кісі ұстайтын. Ол кезде редакциялар ғимараты көк базардың жанында болғанын әлгінде айттым ғой. Алдын ала келісім бойынша, Күмісай деген бәденді келіншек редакциямызға күнде сәске түсте қымыз алып келетін. Сөз тиегі осында ағытылатын. Мұндайда Құрекеңнің қызметтес серіктері Төлеубай Ыдырысов, Орақ Смағұлов, Әбиболла Ахметов, Бекмырза Баймаханов қызық әңгімеден қалыспайтын. Кейде жұмыс аяғында да қалған қымыз ішілетін. Бірінші басшының дархандығы ғой, мұндайда әзіл-қалжыңның оты тіпті лаулап кетуші еді. Әсіресе екі құрдас Әбекең мен Бекең ағаларымыздың сөз қағысулары керемет еді. Жасыратыны жоқ, кейде әңгіме қыза келе аяғы «жүз грамға» да ұласып кететін. Мұндайда бас редактор бас жағында біраз отырып, аяғына таман ертерек шығып кететін. Сөйтсек, өздері еркін отырсын деген кеңшілігі екен ғой.
Құрекеңнің түтіге ашуланғанын да көргенім бар. Ол кезде мен бөлімге танымал очеркист Төлеубай Ыдырысов ағаның қарамағына ауысқанмын.
– Пушкин айтқан «шығармашылық азабын» тартасың енді. Соған төзе білсең талай рет ләззатты шақты бастан кешіресің, ал жолың болсын, – деп бас редактордың өзі батасын берген. Төкеңнің де, Құрекеңнің де шын ұстаз екенін енді тіпті анық сезіндім. Олар бетімді онша қайтармай, жанымды тілгілеп тілдемей, сыйпай қамшылап жүріп-ақ ақыры қаламыма жел бітірді. Сөйте-сөйте берілген тапсырмаларды қиналмай орындайтын дәрежеге жеттім.
Бір күні ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтың 80 жылдығына орай мақала ұйымдастыру керек болды. Ақылдаса келе Құрекең бастап, қалғандары қостап, сол кезде әр қырынан танылып, атағы дүрілдеп тұрған Евней Букетов ағамызға өтініш айтылды. Ұзамай ол кісіден керемет жазылған мақала да келіп жетті. Үйренсін деді-ау деймін, оны алдымен Төкең маған берді. Оны мен құныға оқып, қол тигізбеген қалпы Төкеңе қайтардым. Төкең Құрекеңе жеткізді. Сөйтіп, журналымыздың беделін бір көтеріп тастайтын дүние оқырманға жол тартуға дайын болып тұрған. Тіпті версткасы да келіп кеткен. «Сәтбаевтың 80 жылдығы айтылмасын, оның серігі Русаков туралы көбірек жазылсын» деген ЦК жақтан зілді пәрмен сарт ете қалсын. Өз басым Құрекеңнің дәл сол сәттегі айрықша шамырқанған ашуын бұрын-соңды көрген емеспін. Сол сәтте-ақ ЦК-ға барып, ұзамай біресе күреңітіп, біресе қап-қара болып түтігіп қайтып келді. Сол күні ол кісінің есігін ашуға ешқайсымыз батпадық. Ең батыл деген Төкеңнің өзі де беттемеді.
Реті келгенде айта кетелік, осы мақала Төлеубай ағамыздың ұқыптылығының арқасында, араға он жыл салып, ғұламаның 90 жылдығында ақыры журнал бетінде жарық көрді. Қайран ағалар-ай! ...Солардың бүгінгідей тәуелсіздік таңын көре алмай кеткеніне әлі күнге ішім ашиды. «Бір кем дүние!»
Құрманбек ағамыздың баспасөз басшылары арасында болсын, республика көлемінде болсын беделі ересен биік болатын. Қызыл империяның қыспағы қышқаштай тарылып тұрған кез еді ғой ол. Соған қарамастан біздің ұжым Құрекеңнің арқасында ешбір таршылық көргеніміз жоқ. Ол кісінің басшылығындағы басылымымыздың да Орталық Комитеттің саяси және теориялық журналы деген атағын жақсы мағынасында толығымен ақтап тұрған беделді кезі. Қойшы әйтеуір, санаторий-курорттарға және басқа да «жылы-жұмсақ» орындарға жолдама алдымен бізге тиеді. Ол кездегі ең басты проблема үй мәселесі еді ғой. Әсіресе өз астанамызда тұрсақ та қазақ баласына үй алу деген бір жатқан қиямет-қайым болатын. Ал біздің журнал Құрекеңнің тұсында бұл мәселені толық шешкен бірден-бір ұжым еді десем, шындықтан аулақ кете қоймаспын. Екі «Құрекең» демекші редакциямызда корректор болып істейтін екі Шолпан да болатын. Ол екеуі де бірінен-бірі өткен тамаша кісілер еді. Әсіресе әкесі «Ілияс Жансүгіровпен байланысы бар» деген жаламен ұсталып кеткен үлкен Шолпанның жөні бөлек-тін. Ол кісінің мен үй алғанда: «Шығармашылығың алдыңда, өсіп келе жатқан жассың, айналайын, менің кішкентай болса да баспанам бар ғой» деп өз кезегін ризашылықпен бергені есімнен ешуақытта кетпек емес.
Айтпақшы менің үй алуымның өзі қызық болды. Курстас досым Жанболат Аупбаев екеуміз Радищев деген көшеде пәтер жалдап тұрамыз. Әлгі үйдің әйдіктігі сұмдық. Есіктен кірген адамға төрдегі адам қуыршақтай ғана болып көрінеді. Пәтер ақысын жалғыз өзім тарта алмаған соң Жанболатты жалынып жүріп, көшіріп әкелген өзім едім. Үйміздің үлкендігі бар болсын, отын шақ келмейтін бір керемет болып шықты. Қанша жақсаң да қабырғасы сәл тершиді де қояды. Екеуміздің де келіншектеріміздің екінші сәбилерімізге жас босанып отырған кезі. Бір күні жұмыстан келсек, олардың қабақтары салыңқы. Содан бар отынды өртеп жағайық келіп. Үй де ептеп ысып, әйелдеріміздің де қабағы жылыды. Әлгі дәу залдың ортасында қазақы дөңгелек үстеліміз бар. Соған енді отыра бергенімізде төбеден бірдеңе жалп ете түссін. Аспанға қарасақ, сұмдық-ай, жұлдыздар жымыңдап, ай көрініп тұр. Сөйтсек отты жаға берген соң шатыр ішіндегі бөшкенің суы тасып төгіліп, төбені ойып түскен ғой. Амал не, Жәкең екеуміз дірдектеп жүріп әлгіні жауып қайта оралдық. Әйелдеріміз болса жандары ашып, бәйек болып барларын аузымызға тосып жүр. Менің келіншегім медсестра еді, тіпті суға қосып ептеп спирт те ұсынды. Әлгіні ішкен соң бойым жылып, қара домбырамды алып Кенен атамыздың «Ақ ешкі» әніне салып Жанболатқа қарап бірер ауыз өлең де шығарып жібердім:
Маңырайсың ақ ешкі-ау лағыңа, ой дүние-ай.
Жетпей қойдым Алматы тұрағыңа, ой дүние-ай,
Кел екеуміз Жанболат, зарланайық, ой дүние-ай,
Жетер ме екен бастықтың құлағына, ой дүние-ай
Астанам-ай, баспанаң-ай,
Біреу емес, екеу болда-ай
Жас балам-ай, ой дүние-ай!
Қайран дүние, салдың күйге
Жететін күн болар ма екен
Тәуір үйге, ой дүние-ай!
Содан суық тиіп ауырып, жұмысқа екі-үш күннен соң әрең шықтым. Жәкең болса жұмыстағыларға бәрін айтып берген екен, олар да әжептәуір дүрлігісіп қалыпты. Содан бір күні Кеңес Юсупов ағам үй алып, қоныс тойын жасады. Үш бөлмелі сыңғырлаған жаңа үй. Үзіліс кезінде қолыма домбыра алып, баяғы Кенен атамыздың мақамына салып әлгі әнді айтып бердім.
– Ойпырым-ай, мен қызметкерімді бүйтіп зарлатпаушы едім, – деп сондағы Құрекеңнің қозғалақтап кеткені әлі есімде.
Ертеңіне кабинетімізге апалақтап Орақ ағам кіріп келіп: «Сүйінші! Сен үй алатын болдың», демесі бар ма!? Сөйтсек әрі қарай әңгіме былай өрбіпті. Қонақтан қайтарда Құрекең көрші тұратын Орекеңді машинасына мінгізіп ала қайтпай ма. Жол үстінде Құрекеңнің зайыбы Сара тәтеміз: «Қарағайдай-қарағайдай болып жүріп, ана бір жас жігітті сонша зарлатып қойғандарың не?» деп қатты кейіпті. «Ендігі ісім сонымен болсын», деп Құрекең сол жерде уәдесін бергенге ұқсайды.
– Ол кісі айтты ма, бітті орындайды, үй алдым деп есептей бер, айналайын, – деп аптығады ақкөңіл Орақ ағам. Ақыры айтқаны айдай келді. Екі-үш ай өтпестен-ақ бастығымыз қаланың «Қазақфильм» деген тау баурайындағы тәуір жерінен үш бөлмелі сыңғырлаған дағарадай үйді ЦК-ның өзінен суырып алып шықты.
Ұзамай көл-көсір қуанышымды су сепкендей қыла жаздаған бір суық хабар да келіп жетті. Кеңес өкіметінің өзіндік кереметтері де жетерлік еді ғой. Бүкіл ел тұтас бір лагерь сияқты. Қайда барсаң әйтеуір адам баласын қыса беру. Үй алғанда әр адамға 6 шаршы метрден аспауы керек деген де сондай қиястықтың бірі еді. Менің отбасым ол кезде төрт-ақ жан. Оның өзінде бір ұлым сыртта. Ал маған бөлінген пәтер 70 шаршы метр. Бұл енді мен үшін алынбас қамал еді. Көңіл құлазып, үміт үзіле бастады. Осы арада Құрекеңнің беделі тағы да әлгі кедергілерді тас-талқан етті. Ол кісі бар қаһарын бойына жинап, сол кездегі ЦК-ның Іс басқарушысы Статенинге барған ғой.
– Әй, осы пәтерді маған бергенің рас па?
– Конечно, конечно, Курманбек Сагындыкович!
– Ендеше оның ішіне, қой қамаймын ба, сиыр ұстаймын ба, әлде бір адам кіргіземін бе, екі адам тұрғызамын ба, жұмыстарың болмасын, понятно!
Ақырып теңдік әперген айбарлы ағам-ай! Сөйтіп ЦК-сымен қосып Мәскеудің наместнигі Статениннің аузына құм құйып келіп еді-ау сол жолы.
Жалпы Құрекең мен үшін Орталық Комитетке үш рет барды. Бірінші Торғайға берілген жолдамамды жойып, өзіне алып келді. Екінші осы үй алғанда. Үшінші рет Жоғары партия мектебіне түсерімде. Бұл оқу орны ол кезде болашағын ойлаған әркімнің арманы болатын. Өзі де теориялық білімді терең беретін. Соған бар құжаттарымды сол кездегі тәртіп бойынша облыстық партия комитетіне тапсырып қойғанмын. Сол жақтан тиісті шешім қабылданып аталмыш оқу орнына кетуге тиіс. Күз түсіп, оқуға баратын да мезгіл болды. Алайда әлгі құжаттарымнан хабар жоқ. Ептеп сыр тартып білсем, олардың маған жолдама беретін де ойлары жоқ көрінеді. «Басқа облыстың тумасы бізден неге кетуге тиіс», дейді ғой ептеп жершілдік ауруымен ауыратын обком хатшысы. Сондағы Құрекеңнің күйінгенін көрсеңіз. «Әй,құдай-ай, осы ел болып оңбайтын халықпыз ғой біз. Жастарымызды жетелегеннің орнына жерге бөліп жерлейміз кеп. Бұл елдіктің ісі емес», деп қатты ренжігені күні бүгін есімде. Сөйтіп ЦК-ға тағы барып барлық мәселемді шешіп берген. Қайта Орталық Комитет арқылы жолдама алып тіпті жолым болып еді. Бұл Құрекең ағамның маған жасаған соңғы жақсылығы еді. Сол жылы өзі де зейнеткерлікке кетті.
Құрекеңнің өзім айрықша бағалаған және өмір бойы соны өнеге тұтқан қасиеті – ол кісі адамды елге, жерге, руға бөлу деген күйкі тірліктен мүлдем ада еді. Оған алысқа бармай-ақ өзімді баласындай тәрбиелеп, туған әкемдей қамқор болғанын айтсам да жеткілікті шығар деп ойлаймын. Ал жоғары да аты аталған қызметкерлердің барлығы да ол кісіге жерлестігі жағынан жуықтамайтын адамдар. Бұл тұрғыда негізінен рулық, жерлестік негізге сүйеніп жасақталатын қазіргі «команда» деген пәле тіпті жиіркеніш сезімін тудырады. Талай таланттың, тәжірибелі қызметкерлердің түбіне жеткен осы нәрседен арылу бүгінгі күні тіпті елдігімізге сын болып отыр.
Құрекең Жуалы өңірінің тумасы-тын. Бұл атақты Баукең – Бауыржан Момышұлы шыққан жер. Халық қаһарманы Бақытжан Ертаевтың атамекені. Кешегі от кешу – Ұлы Отан соғысында Бауыржан екеуі бірін-бірі қалқалап, аман сақтап қалуға тырысып баққаны байқалады. Батыр Бәукеңнің әсері тиді ме екен, 8-дивизия құрамында зеңбірек батереясының саяси жетекші болып шайқасқа араласқан Құрекең ұзамай «Отан үшін» деген дивизия газеті редакторының орынбасары болып ауыстырылады. Ал оның редакторы кәдімгі Дмитрий Снегин еді.
«Газет екі тілде шыққанымен, оның екі тілдегі нұсқалары бірін-бірі қайталай бермейтін, – деп еске алатын Құрекеңнің өзі. – Тек ең маңызды деген материалды ғана екі тілде бірдей беретінбіз. Газеттің апта сайын екі рет шығатын қазақшасын жалғыз өзім әзірлеп, тексті танымал әріптермен түгел қолыммен жазып шығатынмын. Өйткені әріп теруші орыс жігіті еді»
Сөз орайында айта кетейік, Құрманбек ағамыздың майданнан жазған хаттары жеке бір әңгімеге лайық. Олардан сол кездегі ортақ Отанға деген жанкештіліктің, биік патриотизмнің, сонымен бірге туған жерге деген сағыныштың лебі есіп тұр.
44-ші жылдың 3 шілдесінде «Сара, Кентай» деп басталатын хатында: «Тұрған жеріміз сондай әдемі. Айналамыз көл, қалың орман. Тек оқ пен снарядтың үні сәнін бұзады, әйтпесе, нағыз курорт секілді, Алайда, Жуалының ұлтарақтай жерін мұның шаршы шақырым жеріне айырбастамас едім», деп ағынан жарылады ағамыз. Төлеген Тоқтаров қаза болғанда оның шешесіне майдандас достары Ахметжан Мұхамедияров, Бауыржан Момышұлы, Балтабек Жетпісбаев, Мірқас Байсаров және өзі қол қойып жазған естірту хатты да негізінен Құрекең жазғаны жазу мәнерінен анық көрініп тұр. «Қадірлі, әзіз ана!» деп басталатын бұл хатты тебіренбей оқу мүмкін емес. Әйгілі мерген Төлеуғали Әбдібековке ол қаза тапқаннан кейін «Батыр» атағын алуға ұсынысты өз қолымен жазған да Құрманбек Сағындықов екенін бұл күнде біреу білсе, біреу білмес. Алайда сол кездегі қиямпұрыс саясаттың кесірінен 397 фашистің көзін жойған сайыпқыран снайпердің ол атақты ала алмай кеткені тарихтан белгілі.
«Бәукештің үзеңгілес жолдастарының белгісі Мәлік қой, депті Бауыржанның жары Жамал апайға жазған хатында. – О да айтулы ер жігіт, арыстандай айбатына, жолбарыстай қайратына ақылын жолдас еткен азамат. Бауыржан екеуі қазақтың тарихында орын алатыны даусыз, алып та отыр ғой».
Ауылы басқа деп алалау жоқ. Не деген биік парасаттылық десеңізші!
Тағы бір анықтай кететін нәрсе, Құрекеңнің өзіміз омырауынан талай рет көрген биік марапат «Қызыл Жұлдыз» орденін редакцияда жүргенде емес, қан майданда арпалысып жүріп алғаны даусыз дер едік. 43 жылы Сара жеңгемізге жазған хатында: «10 август күні дивизия командирі маған «Қызыл Жұлдыз» орденін тапсырды», деп жазады ол. Ал «Отан үшін» газетіне осы жылдың қысына қарай барған. Онда да батыр Бауыржан жан досын қан қасаптан суырып алып сонда отырғызған тәрізді.
Құрекеңнің батырға арнап жазған «Баукеш», «Ардақты Баукешім» «Баукештай», «Ардақты, сүйікті Баукеш» деген тәрізді керемет сыйластыққа, шынайы достықтың шуағына толы біраз хаттары бар. Жоғарыда айтқанымыздай, оның бәрін келтіре беруге бұл мақаланың жүгі көтермейді. Жалпы осы екі алып адамның достығы әріден, бала кезден басталған. Оның үстіне Әбділда Тәжібаевтың, Бауыржан Момышұлы мен Құрманбек Сағындықовтың 20-шы жылдардың аяғында Шымкент техникумында Жүсіпбек Аймауытовтан дәріс алғаны тағы бар. Кейін бұл үшеуінің де қазақ әдебиетінің сардарлары болып шығуына тұңғыш қазақ романы авторының да ықпалы болғаны даусыз.
Құрекеңнің өзі Бауыржанның үзеңгілес серігі, қанды көйлек досы болғанын үнемі мақтанышпен айтып отыратын. «Батыр туралы мен жазбағанда кім жазады, кірісіп жатырмын», дегенін талай естідік те. Оған ғұмыры жетпеді ме, әлде бітіре алмай кетті ме, ол жағын анық білмедік. Білетініміз, Құрекең қайтыс болғаннан кейін екі жылдан кейін шыққан «Хас батыр бейнесі» деген жұқалтаң кітап. Оның өзін өте ұсақ қаріппен басқан. Оның ішінде Момышұлынан басқа Панфилов, Тоқтаров, Әбдібеков, Мәлік Ғабдуллин сында аты аңыздай естілетін біраз батырлар суреттелген. Мүмкін осы әлгі айтып жүрген үлкен еңбегінің үлгеріп кеткен сілемі болар деп топшылаймын өз басым.
Ал Александр Бектің Баукең туралы әйгілі романын «Арпалыс» деген атпен Құрекеңнің еркін аударып шыққаны мәлім. Бұған Баукеңнің өзі де риза болған. Оған батырдың 1957 жылы желтоқсан айында: «Данную работу не следует рассматривать как обычную подготовку к переизданию, а следует рассматривать как новую работу, как творческий перевод – переработка, куда автор-переводчик вложил немало сил и творческих поисков», деп оң батасын бергені бұлтартпас куә. Бұл басылымды Құрекеңнің мейлінше еркін аударғаны сондай, оған әрқашанда кірпияз Баукеңнің өзі «автор-аудармашы» деп баға беріп отыр.
Осы кітаптың алғашқы әңгімесінің алғашқы жолы: «...майданға барған бетімде өр мінезді, өктем сөзді бір командирге кездесе қалдым» деп басталмай ма? Майдан қылшық суырғандай осы сөйлемді әу баста басқа тілде жазылған деп кім айта алар?!
Жалпы Құрекеңнің аудармашылығы оның шығармашылығын сөз еткенде алдымен ауызға ілігетіні рас. Бұл ретте ол кісіні қазақ аудармасының абызы десек артық айтқандық болмас. Оның осы саладағы аса білгірлігін білген ол кездегі билік аса қиынға салып отырған ғой.
Сонша терең жазылған Карл Маркстің «Капиталының» тұңғиығына дүние жүзі ғалымдары әлі бойлай алмай, оған тамсанумен келеді. Осы кітапты, яғни «Капиталды» және М.Горькийдің «Ана» романы мен И.Тургеневтің «Аңшының жазбаларын» біздің Құрекең қиналмай аударған ғой. Кезінде Әл-Фараби трактаттарын тәржімелеуге ешкімнің тісі батпай қойғанда да оның Құрекеңе жүктелгені есімізде.
Қарағанды қаласында Қали Аманбаев деген ақсақал осы бертінге дейін өмір сүрді. Кожедуб па, әлде Покрышкин бе екен, әйтеуір бір сұрапыл ұшқыштың механигі болған адам. Көп жылдар бойы радио-теле комитеттің облыстық басқармасын басқарған сол кісі: «Елімізде телевизияны орнықтырған бір адам бар, ол Құрманбек Сағындықов еді», дегеннен танбай кетті. Расында да Құрекеңнің осы еңбегі әлі күнге өз бағасын ала алмай келе жатқан сыңайлы. Бұдан екі жыл бұрын қазақ телевизисының 50 жылдық мерейтойы болды. Онда да аты аталып жатқан Құрекеңді көрмедік. Ал Құрманбек Сағындықов біле білген адамға Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы Радио және телевизия хабарларын тарату жөніндегі комитетінің алғашқы төрағасының бірі де бірегейі болды ғой. Бұл қызметтегі ол кісінің еңбегінің өте зор екендігін айғақтау үшін Дінмұхамед Қонаевтың мына сөздерін келтірсек те жеткілікті шығар деп ойлаймыз;
– Ұмытпасам 1961 жыл ғой деймін, осы бюджеттің жөнге келмей-ақ қойғаны, – деп бастапты ол кісі журналист Нина Савицкаяға берген сұхбатында. – Сол себепті оның шығыс бөлігін қысқартуға пәрмен бердік. Ал оны біздің білгіштер облыстардағы радио-телевизия стансаларын «қатыра тұру» есебінен жасапты. 15-16 стансаның орнына үшеуін-ақ қалдырған ғой. Министрлер Кеңесінің мәжілісінде бұған бәрі де үндемей келіскен, қарсылық танытқан Құрманбек қана болды. Ол тіпті ауылдағылардың мәдениетін тартып алып жатырсыңдар деп қатты кетті. Мен оның әншейін көрініп қалу үшін емес, шын дабыл қағып отырғанын түсіндім. Оның жанайқайының аржағында өз міндетіне деген жанашырлық жатыр еді. Сөйтіп біз облыстарда 9 станса кешенін салуға ақыры қаржы таптық, – депті елу жыл ел басқарған Димаш ағамыз.
Құрекең 1988 жылы жер қара кезінде қайтыс болды. Жаназасын сол кезде аты шығып жүрген Тельман Сауранбеков тап-тұйнақтай етіп басқарып берді. Сонда өте-мөте тым күйзеліп жылаған екі адамды көрдім. Оның бірі «папалап» қоймаған үлкен баласы Кеңестің үйіндегі келіні еді. Ұмытпасам ол белгілі қайраткер әйел Ғайнекен Бибатырованың қызы болатын. Ал екіншісі батыр Бауыржанның ұлы Бақытжан еді.
– Өз әкем көз жұмғанда мен дәл мұндай күйзелген жоқ едім. Өйткені артымда қысылсам – ақылшым, тәлтіректесем – таянышым екінші әкем Құрекең тұрды. Нағыз жетім қалғанымды бүгін ғана шын сезініп тұрмын, – деп қабір басында егілгенде жыламаған адам қалған жоқ.
Құрекеңнің Бауыржанмен достығы олардың бүкіл отбасына жайылған ғой. Кезінде Жуалыда қанаттасып бірге өскен үш дос болыпты. Олар – Бауыржан Момышұлы, Құрманбек Сағындықов және Еркінбек Сауранбеков. Бір қызығы олардың достығы күні бүгін өз жалғасын тауып отыр. Осы кісілердің Бақытжан, Кеңес және Тельман деген үш ұлдары да достықтары жарасып араласып өскен. Ал олардан туған үш ұл Ержан Момышұлы, Мақсұт Сауранбеков пен Ғалымжан Сағындықов та аталарынан қалған ұлы достықты лайықты жалғастырып келеді. Бұл достық енді олардың балаларына да даруда. «Орнында бар оңалар», деген осы болса керек.
Мен негізінен өз заманының алыбы Құрекеңнің өзіме ғана жасаған жақсылығын тілге тиек еттім. Ал ол кісінің менен басқаларға да, тіпті бүкіл елге жасаған шарапаты қаншама десеңізші. Шын мәніндегі өнегелі өмір, ғибратты ғұмыр. «Бұл ретте мен көз көрген тірі қазақтың біртуар азаматтары, әрі тұлғалары, ғалымдары Серікбай Бейсенбаев, Ермұхан Бекмаханов, Құрманбек Сағындықов, Мұхтар Жанғалиннің өмірлерін бүгінгі ұрпаққа үлгі дер едім», деп жазыпты мемлекет қайраткері Дәуірхан Айдаров. Түптеп келгенде түгел сөздің тобықтай түйіні де осы.
***
Бірде интернетті ақтарып отырып бір бүлдіршіннің депутатқа жазған мына бір сауалын көзім шалып қалды.
– Сәлеметсіз бе? Сізге қояр бір сауалым бар еді. Мен Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Құрманбек Сағындықов атындағы №4 орта мектепте оқимын. Мені мемлекеттік тілдің қолдану аясы нендей дәрежеде деген сұрақ мазалайды, – деп жазыпты әлгі оқушы.
Ағамыздың ауылында атасының өр рухын бойына сіңірген Құрманбектің құлыншақтары өсіп келе жатыр екен-ау, деген бір тамаша ой санамда жарқ ете қалып, бүкіл жанымды жадыратты. Лайым солай болғай. Әумин!
Сәулебек ЖӘМКЕНҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері.