• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
29 Желтоқсан, 2010

Кісілігі мол Кішібеков

1457 рет
көрсетілді

Жалындаған жастық шағын соғыс өрті шарпыған ұрпақ өкілдерінің қай-қайсысына болмасын қара ормандай қалың елдің басына төнген сол бір ауыр жылдарды еске алудың өзі оңай емес. Сол кездегі өрім жас, бүгінгі Ұлттық Ғылым академиясының академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор Досмұха­мед Кішібеков сол бір қатал да қатыгез уа­қыттың ауыр жүгін, оның батпандай салмағын бастан кешкендердің бірі. Бір құптар­лығы, ауызбен айтып жеткізгісіз ауыртпалық жас жігіттің ерік-жігерін шыңдап, қиын­дыққа қарсы тұруға ықпал етті. Ұлы Отан соғысы басталғанда небәрі 16 жасқа толған Досмұхамед Кішібеков бү­гінде 85-тің асқаралы асуына көтерілді. Күні кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген қайраткері» атағын иеленген ғалымның елімізде философия ғылымының өркендеуіне қосқан үлесі қомақ­ты. Өзінің ғылыми еңбектеріндегі философиялық түйін, тұжы­рым­дарын ғана емес, сонымен қатар, ғұмырлық қағидасында бәрінен де ұлттық мүддені жоғары қоя білген азаматтың есімі бүгінде көпшілікке жақсы таныс. Сөз реті келгенде атап айтар­лы­ғы, ғалым кешегі Бүкілодақтық «Білім» қоғамы басқармасының мү­ше­сі ретінде алыс шетелдерге – АҚШ, Жапония, Франция, Италия, Египет, Алжир, Түркияға жә­не басқа да мем­лекеттерге сапар шегіп, жұрт­шы­лық алдында лекция оқыпты. Мәселен, Аме­ри­ка­дағы Колумбия, Франциядағы Сор­бон және Жа­пониядағы Хиросима сияқты іргелі универ­си­тет­тер­дің ғалымдары мен про­фессор­лары алдында оқы­ған лек­цияла­рының шетелдіктер тара­пы­нан жо­ғары бағалануы көп нәр­се­ден хабар берсе керек. Алыс шетелдерге сапарлардың қай-қайсысы болмасын өзіндік ер­ек­шеліктерімен есте қалатындығы белгілі. Дегенмен, солардың ара­сын­да көңілге ерекше әсер қал­дыр­­ған, ұмытылмастай кездесулер­ге кеңірек тоқталған да жөн сияқты. Ғалымның есінде ұзақ уақыт сақ­та­лып қалған, сондай маңызы жо­ғары жолсапарлардың бірі Америка Құ­рама Штаттарында екінші дүние­жүзілік соғыстың аяқталға­ны­на 30 жыл толуына арналып, ұй­ымдас­тырылған кездесуді еңбек ардагері ерекше атап айтады. Оның өзіндік себептері де бар болатын. Өйткені, бұл делегацияның құра­мында атақ­ты қолбасшы, маршал Г.Жуковтың рөлін орындаған да­рын­ды актер М.Ульяновтың, көр­некті кино­ре­жис­сер С.Герасимов­тың болуының өзі оның мәнін арт­тыра түсетіндігі айтпаса да түсі­нікті. Ал, қазақ ға­лы­мының Капитолияда конгрессмен Хоу мырза­ның қабылдауында бо­лып, онымен пікір алмасып, әр­түрлі сауалдарға аудармашы көме­гімен нақ­­ты жауап бергенін бүгінде еске түсірудің өзі тіптен қызық. Сол кездесуде До­секең өз кезегінде Хоу мыр­заға капиталистік қоғамдағы, сол елдегі ұлттық қарым-қатынас мәселесі, аз ұлттар проблемасы жө­нінде сауал қойғанымен, оған жары­тымды жауап ала алмағанын қын­жыла әңгіме­лей­ді. Әйткенмен, делегация бас­шы­­ла­ры Капитолия­да­ғы қабылдау­дың түсіністік пен достық жағ­дайында өткендігін айт­қан. Оған қоса, әлем Қазақстанды әлі то­лық тани алмай жүрген ке­зеңде қазақ азаматының ғалым ретінде ежелгі тарихы тасқа қашалып жа­зылған туған халқының даныш­пан­дық та­ғы­лымы, кешегісі мен бүгіні тура­лы ғылыми ізденістері мен таным кеңістігі шын мәні­сін­де де назар аударарлықтай болған­ды­ғы құп­тар­лық жәйт. ҚР ҰҒА академигі Досмұ­ха­мед Кішібековтің көшпенді қо­ғам­дағы фи­лософиялық пробле­ма­ларды, әсі­­ре­се, қазақ халқының сыры терең тарихын, әдет-ғұр­пын, тілі мен ділін зерттеуге ар­налған еңбектері, ең алдымен, маз­мұнының тереңдігімен және айтар ойының аш­ықтығымен ер­ек­шеленгендігін әріптестері де, шә­кірттері де құр­меттеп айтады. Бұл орайда, ға­лымның «Қазақ менталитеті: кеше, бүгін, ертең», «Мә­де­ниет жә­не өркениет», «Қазақ­стан­дағы өт­пелі кезең: проблемалар мен қи­ындықтар», «Тарих философиясы және қазіргі кезең» сияқты ау­қым­ды ғылыми еңбек­те­рін атап көр­се­туге әбден болады. Қаныш Сәтбаев атындағы Қа­зақ ұлттық техникалық университетіндегі философия кафедра­сын­да бү­гінгі күнге дейін табан аудармай, елу жылға жуық еселі ең­бек етіп, оның ішінде 32 жыл философия ка­федрасының меңгеру­шісі қызметін атқарған Досмұ­ха­мед Кішібекұлы­ның алдынан дә­ріс алған шәкірт­тер­дің арасында өздерінің ғылымдағы ғана емес, өмірдегі үлкен жетістіктерін қа­дір­лі де құрметті ұстаз­да­рының еселі еңбегімен, оның жү­регінің жылуымен байланысты­ра­тын­дар аз емес. Ол ұстаз ретінде өт­кен уа­қытта жалпылай алғанда жи­ырма екі ғалым дайындапты. Олар­­дың арасында ғылым доктор­ла­ры және ғылым кандидаттары көп­теп сана­лады. Мәселен, ҚР ҰҒА академигі, экономика ғылымда­ры­ның док­торы, профессор Көпжасар Нәрі­баевтың айтуынша: «Досмұ­хамед Кішібекұлы – өресі биік, білікті, таным кеңістігі кең ғалым, абы­ройлы азамат». «Ежелгі тарихы сан ғасырлар қойнауында жат­қан ұлы қазақ халқының менталитетін түбегейлі зерттеу менің ойымша, екінің бірінің қолынан келмейді. Мұндай үлкен жүкті көтеру үшін ғалым туған хал­қының перзенті ретінде оны шын пейілімен құлай сүюі қа­жет. Ұлттық идеяны көпші­лік­ке тү­сіндіріп, талдап бере білу – өресі биік ғалымның ғана қо­лынан келеді. Ал, енді Досекең, міне, ос­ындай ұлағаты мол адам және мейірімді әрі қарапайым азамат. Мен сияқты шәкірттері ұста­зы­мыздың маңдайымыздан си­паған аялы ала­қанының жылу­ын әлі күнге дейін ұмыт­пай­мыз», дейді ол өз ойын ортаға салып. – Қызылордадағы педагогика­лық университетті бітіргеннен соң, Алматыдағы Ғылым ака­де­миясы­ның аспирантурасына келіп түскен менің ғалым ретінде танылуыма есімдері әлемге әй­гілі – Қаныш Сәтбаев, Дінмұха­мед Қонаев сияқ­ты қоғам қай­рат­керлері мен профессор Г.Е. Гле­­зерманның көмегі мен игі ықпалы мол болды. Қазақ­стан Ғылым ака­демиясының президенті Қа­ныш Имантайұлы мені Мәс­кеу­дегі КСРО Ғылым акаде­миясына қа­расты философия инс­ти­туты­на оқуға жіберіп, «белгілі мерзімде сонда кандидаттық диссертация қорғауың керек» деген қатал талап та қойды. Тосын ұсы­­ныс сол сәтте мені қатты қо­бал­жыт­ты, өйткені, үйленгенмін, бір ба­лам бар болатын, – дейді Досе­кең сөз арасында, – Қаныш ағаға: «Мәскеуге бармай-ақ, ос­ын­да Ал­матыда кіші ғылыми қыз­меткер бо­лып жүре берейін», деген өтіні­шім­ді де жасырмай айт­тым. Менің осы жағдайымды тү­сінген академия президенті: «Мәс­­кеуде, аспирантурада оқу­ың­ды одан әрі жал­ғас­тырасың, қаржы жағынан қам жеме, мен Сергей Ивановичке қо­ңырау ша­ламын», – деді са­бырлы қалып­пен. Содан, қара­пайым ау­ыл­дан білім қуып келіп, қатардағы аспирант болып жүрген мен Мәс­кеу қаласының дәл орталығында ор­на­ласқан «Якорь» қонақ үйінде үш жыл бойы шал­қып тұрдым. Сөйт­сем, Қанекең айтқан Сергей Иванович – КСРО Ғылым акаде­мия­сы­ның президенті, атағы жер жарған академик Вавилов екен. Мен сондай ірі тұл­ғалардың ұшан-теңіз қам­қорлы­ғын көрдім, сол үшін де оларға өмір бойы алғы­сымды айтудан ешбір жа­лық­қан емеспін,– дейді Досмұ­хамед Кішібеков. Иә, Досекең мына өмірдің ащы­сын да, тұщысын да көрген адам десек, оның қандай жағ­дайда болмасын ақиқатты ашып айта­тындығын әріптестері де, өзгелер де көзімен көрген, талай рет құ­лағымен естіген. ҰҒА академигі Баян Рақышев бір кездегі В.И.Ле­нин, қазіргі Қ.Сәтбаев ат­ын­дағы Қазақ ұлттық техника­лық университетінде өзі ректор болып, бас­шы­лық жасаған жыл­дары – 1986 жылдың 19 желтоқ­санында жоға­ры оқу орнына КПСС Орталық Ко­митеті Саяси Бюросының мү­ше­сі Соломен­цев­тің келіп, қазақ ұлтшылды­ғына байланысты жиын өткізген екен. Сонда профессор Д.Кішібеков алаңдағы оқиғаның не себепті болғандығын тайсалмай тұрып, дәлелдеп беріпті. Мектеп бітірісімен, 1943-1946 жылдар аралығында Кеңес армия­сы қатарында болып, Батайск қа­ласындағы А.Серов ат­ындағы ұш­қыштар даярлайтын әскери-авиа­ция­лық училищеде оқып, әскери ұшқыш маманды­ғын игеру оған оңайға соқпаған. Бірақ, бала кезден өзіне жоғары талап қоя білетін оны қатал уа­қыт темірдей тәртіпке үйретіп, ерік-жігерін жани түсті. Фи­ло­соф-ғалым бұл саладағы аз­ды-көпті табыстарын сол жыл­дар­дың жемісі деп есептейді. Өткен уақытқа көз жіберсе, Мәскеудегі Курчатов атындағы Атом энерге­ти­касы ғылыми-зерттеу институ­ты­ның оқытушы-профессорла­ры­мен жүздесуі, олардың ал­дын­да оқыған лекциясы, өзге де тәлімі мен тағылымы мол, маз­мұ­ны те­рең жүздесулер арада қан­ша жыл өтсе де ойына ора­лып, көңі­ліне қуаныш ұялатады. Бақыт БАЛҒАРИНА, Алматы.