• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
29 Желтоқсан, 2010

Тұғырымызды биіктеткен Астана Саммиті

506 рет
көрсетілді

Төрағалықтың тамаша табысы – жасампаздықтың жарқын жеңісі

Қазақстандықтар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен еліміздің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығын,  Ұйымның Астана Саммитінің қорытындыларын осылай бағалауда Тәуелсіздігіміздің туын әлем аспанында желбіреткенімізге 19-ақ жыл болғанымен, Еуропа мен Азияның, Солтүстік Американың 56 мемлекеті мүше Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Саммиті Орталық Азия елдерінің, сондай-ақ ТМД мемлекеттерінің ішінен бірінші болып Қазақстанда, Астанада өтті. Бұл еліміз үшін, халқымыз үшін жауапты әрі абыройлы, саяси һәм тарихи оқиға болғаны болғаны даусыз. Әлемдегі ең беделді ұйымдардың бірі – ЕҚЫҰ Саммитінің Астанада өтуі арқылы Қазақстан мемлекетінің, Қазақ елінің тәуелсіздігі төрткүл дүниеге түгел танылып қана қоймай, оның дүрбелеңге толы дүниежүзілік саясат сахнасының төрінен берік орын алғаны дәлелденді. Түркия саммитінен 11 жылдан кейінгі саммиттің Астанада өтуі, сөз жоқ, әлемдік деңгейдегі көшбасшы, аса да­рынды саясаткер Елбасымыз Н.Ә.На­зар­баевтың беделінің, еліміздің даңқын шығарып, экономикалық әлеуеті мен мүмкіншіліктерін әлем алдында көр­сетемін деп жүрген жанқиярлық еңбегі­н­ің нәтижесі екенін өз елімізбен бірге, бүкіл әлем жұртшылығы біледі. Елба­сы­мыздың бастамасымен Қазақстан ЕҚЫҰ-ға 1992 жылы кірді. Хельсинки (1992), Будапешт (1994), Лиссабон (1996), Ыстамбұл (1999) саммиттерінде Қазақстан Президенті белсенді қатысу­шы болып қана қойған жоқ, өзінің әлемдегі мемлекетаралық келіспеушіліктерді бейбіт жолмен шешу, ядролық қарудан жаппай бас тарту, ұлтаралық, конфессияаралық шиеленістерді бол­дырмау, ұлттық, нәсілдік зорлық-зом­бы­­лықтарға қарсылық, сондай-ақ наша­қор­лық пен адам баласын аздыратын түрлі әрекеттердің бәріне тосқауыл қою, т.б. төңірегіндегі ойлары мен пікірлерін, ұсыныстарын ЕҚЫҰ күн тәр­тібіне батыл қоя білді. Адамзаттың болашағы бөлінуде емес, бірігуде екені адамның өмір сүруі үшін қажетті қазіргі уақыттағы зәру мәселелердің әлемдік, ортақ сипат алуынан көрінеді. Ортақ мәселені бірігіп шешу керектігін барлық мемлекеттік дәрежедегі басшылар, ғалымдар, дінбасылар, зиялы қауым өкілдері тү­гелге дерлік біледі. Осы орайда Елба­сы­мыз Н.Ә.Назарбаевтың ұсынысымен 29 тамызды «Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні» деп атауға БҰҰ шешімінің шығуы үлкен оқиға болды. Қазақстан Президентінің, Қазақ елінің бейбітшілік сүйгіш баста­маларының осылайша қолдау табуы әлем жұртшылығының назарын бізге аудара түсті және мұндай қадам әлем­дегі беделді Ұйым – ЕҚЫҰ-ны бас­қаруға бағытталғанымен құнды еді. Президент Н.Ә.Назарбаев әлемдегі саяси ахуалды, экономикалық жағдайды жақсы түсіне отырып, үлкен дер­жава­лардың назарын Қазақстанға аудару бағытында қолдан келгеннің бәрін істеді. ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету үшін Н.Ә.Назарбаев Қазақстанның барлық жағынан осы мәртебеге лайықты екенін іс жүзінде дәлелдеп көрсетті. 19 жыл – тарих үшін қас-қағымдай ғана уақыт. Қазақстан мемлекетінің осы аз уақытта адам айтса нанғысыз тола­ғай табыстарға жетуінде ұлттық менталитетіміз, қиын-қыстау кезеңде жұды­рықтай жұмыла білетін, ақыл мен са­быр­лылық көрсете алатын табиғи қа­сиетіміз маңызды рөл атқарды деп ой­лаймыз. Қазақ халқының кеңпейіл­дігі, өзінен бұрын өзгелерге болсын дей­тін жан жомарттығы, жаңалыққа, білімге құштарлығынан көрінетін жасам­паз­дығы, міне, осындай ұлттық сипаттар аз уақыт ішінде Қазақстанды үлкен жеңістерге жетеледі. Біздіңше, әлем жұрт­шылығының назарын Қазақстан өзіне 130-дан астам ұлт пен ұлысқа құт мекен бола отырып, олардың бір адамның баласындай тату-тәтті өмір сүруіне жағдай жасай алғанымен ау­дарды. Әлемде баламасы жоқ Қазақ­стан халқы Ассамблеясының еліміз өмі­ріндегі тыныштық пен татулықтың белгісіндей болып отыруы, оның 9 мү­ше­сінің Парламентке сайлануы мемлекет пен халық арасындағы байланысты, қазақтардың ғана емес, басқа да ұлттар мен ұлыстар өкілдерінің мемлекеттік билікке араласатынының дәлелі бола алды демекпіз. Қазақстан халқы Ас­самблеясы ұлттар достығының лабо­ра­ториясы атанған еліміздің ішкі тұрақ­тылығын көрсетсе, мұның негізінде бас­қаларды бауырындай көретін, жат­сынбайтын халқымыздың ұлттық болмысы, бітімі жатқаны ақиқат. Әлем назарын аударған, біздіңше, екінші жағдай Қазақстанның Елба­сымыз Н.Ә.Назарбаевтың бастамасы­мен дүние жүзі бойынша алғанда 4-ші ядролық держава бола тұра, ядролық қарудан бас тартуы болды. Адамзат тіршілігі, болашағы үшін жасалған аса маңызды мұндай оқиға да халықтың еркімен жасалды. Бастаушы болғанымен, қостаушы болмаса қалай болар еді. Осы тұстан да адамсүйгіштік, бейбітшілік аңсаушылық, тыныштық тілеушілік қазақ жаны қылаң беріп қалып отырған жоқ па? Ұлт неғұрлым ұлағатты, пара­сатты болған сайын, соғұрлым бүкіл адамзаттық зәру мәселелерді шешуге ұмтыла бермек. Бұл – бір. Екіншіден, ұлт болып ұйысу мен басқалармен бас біріктіру, терезені тең ұстау, өзгеге өктемдік жасамау сияқты сындарлы сипаттар ата-баба дәстүрінен бастау алып жатқан шығар-ау... Елбасымыз Н.Ә.На­зарбаевтың ЕҚЫҰ Саммитінің Астанада өтуіне байланысты: «Ядролық поли­гонды бірінші болып жауып, ядролық қарудан толық бас тартқан біздің халқымызға деген құрметтің көрінісі болар еді», – деуінде Ұлт Көшбас­шы­сының өз елін құрметтеуді басқалар­дан талап ететіні көрініп-ақ тұр ғой. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Астанада өткен съездері (2003, 2006, 2009) біздің елі­міздің бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдайтындығының, осы орайдағы бас­та­машылдық іс-әрекетінің дәлелі болса керек. Бұл да 11 жыл үзілістен кейін ЕҚЫҰ Саммитінің Астанада өтуінің кездейсоқтық емес, Елбасымыз бастап, еліміз қоштаған көптеген салиқалы да салмақты қызметтің нәтижесі екенінің дәлелі. 16-18 қазан аралығында Астанада тұңғыш рет өткен Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумы да Қазақстанның Астананың әлем алдындағы беделіне, халқымыздың төрткүл дүниеге түгел танылғанына, бүкіл адамзатқа ортақ мәселелерді оңтайлы шешуге талапта­натынына дәлел бола алды. Еліміздің еңсе көтеріп, әлемдегі беделді ұйымдардың бірі – ЕҚЫҰ-ға табысты төрағалық жасағанының жал­ға­сындай болып өткен саммиттің үлкен нәтижесі Астана Декларациясының қабылдануы болғаны тағы аян. Бұл саммиттен кейін, әлемдік дең­гей­дегі сарапшылардың айтып отыр­ғандарына ден қойсақ, ЕҚЫҰ-ның негізгі жұмысы енді Балканнан Кавказ өңірі мен Орталық Азияға қарай бағыт­талатыны байқалады. ЕҚЫҰ күн тәрті­біндегі негізгі мәселелердің бірі, сон­дай-ақ, есірткімен күрес болатыны да белгілі. Болашақта тек есірткі ғана емес, адамзаттың бүгіні мен болашағы үшін басқа да қауіпсіздік мәселелері ту­ралы келелі әңгіме қозғалатыны анық. Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде шешімін таппай келе жатқан Таулы Қарабақ, Днестр жағалауы, Қап тауы, Ауғанстан проблемаларының оң­тайлы реттелуіне көп еңбек сіңірді. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Қазақ­стан­ның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы басталған тұста: «Ұйым ХХІ ғасыр әлемінің сан алуандығын мойындайтын құрылым ретінде бой көрсете ала ма, әлде «Венадан Шығысқа қарай» кеңістігінен дәс­түрлі Батыс дараланып тұратын, блок­тарға жіктелген Ұйым болып қала бере ме?» – деген болатын. Президенттің осы айтқанын Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төр­ағалығы кезінде ұстанып қана қойған жоқ, алдағы уақытта осы бағыттың ба­сымдық алатынын қазірдің өзінде дәлелдеді. Саммитте де осы тұжырым тиянақтала түсті. Қазақстан көршілес, туыс мемлекет – Қырғызстандағы сәуір төңкерісінің салдарын үнемі бақылауында ұстады, төңкерістің соғысқа айналмауына күш салды, ЕҚЫҰ төрағасы ретінде ғана емес, іргелес ел, ағайын мемлекет тұр­ғысынан экономикасы тұралаған Қыр­ғыз­станға 11 миллион доллар көлемін­де қаржылай көмек те көрсетті. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың қа­зір­гі ұстанып отырған саясатына сай­сақ, ЕҚЫҰ болашақта тек мемлекеттер аралық шиеленісті жағдайларды шешумен шектелмей, экономикалық дағ­дарыс­тарға әсер ете алатындай әлеуеті мол күшке айналуы тиіс. Қазақстан Үкіметі жүргізген эконо­микалық реформалар, әлемдік дағ­дарыс­тан аман-есен шығуымыз еліміз­дің ішкі тұрақтылығы мен эконо­ми­камыздың ұдайы даму үстінде келе жатқанын дәлелдеп берді. Әлемдік өркениеттің озық үлгі­леріне өршелене ұмтылу еліміздің Парламентінде қабылданған заңдардан да анық байқалуда. Әсіресе, демократия­лық нұсқалы қоғам құру үшін аса қа­жет, ЕҚЫҰ-ның негізгі шарттарына сәй­кес келетін «Сайлау туралы», «Бұ­қаралық ақпарат құралдары туралы», «Саяси партиялар туралы» заңдар қабылдап, осыларды іске асырып келе жатқанымыздың өзі Еуропа мен Азия­ның дамыған мемлекеттерінің назарын аудармай қойған жоқ. Ойымызды қорытындыласақ, ЕҚЫҰ Саммитінің Астанада өтуі Қазақ елінің, Қазақстан мемлекетінің Еуропаға, Азия, Америка елдеріне ғана емес, адам­­зат болашағы үшін прогрессивті ой-идея­ларымен, озық та озат эконо­ми­касымен, ғылыми, саяси зор шығар­машылық әлеуе­тімен әлемдегі озық елдердің қа­тарында көрінуінің дәлелі болып табылды. Бағдат КӘРІБОЗҰЛЫ,  филология ғылымдарының докторы, профессор. Қызылорда.