• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
29 Желтоқсан, 2010

«Ішкі сұраныс экономиканың дамуындағы қозғаушы күшке айналады»

640 рет
көрсетілді

Ханс ХОЛЬЦХАККЕР:

«Ішкі сұраныс экономиканың дамуындағы қозғаушы күшке айналады»

«Қазақстанның экономикасы 2009 жылғы 1,2 пайыздық өсімнен кейін жүйелі әрі тұрақты түрде қалпына келе бастады. ІЖӨ-нің ІІІ тоқсандағы бәсең­де­геніне қарамастан, 2010 жыл эко­но­ми­каны еңсеретін қуатты жыл болды. Бүгінгі таңда ІЖӨ-нің тұрақты ұлғаю көр­сеткіші біздің болжамымыз бойын­ша ағымдағы жылы 6 пайызды құрап отыр, бұл – І-ІІІ тоқсандардан 7,5 пай­ыз­ға төмен деген сөз. Ал мұндай көр­сет­кіштер 2009 жылдың IV тоқса­нын­дағы жоғарғы база негізінде құралып отыр», – деп атап өтті АТФБанктің бас экономисі, Қазақстан бойынша бөлі­мі­нің UniCredit Research құрама талда­ма­лық есебінің  авторы  Ханс Хольцхаккер. Сарапшының берген бағасы бой­ынша келесі 2011 жылы Қазақстанның экономикасы 5,3 пайызға өседі деп кү­тілуде. Талдаушының айтуынша, 2010 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш айтарлықтай төмен болғанымен (өсім есептелетін база деңгейі әсер етеді), бұл Орталық-Шығыс Еуропа аймағын­дағы  өсу қарқыны жағынан аса жоғары көрсеткіш  болып табылады. Мұнайдың орташа бағалары 2011 жылы  1 баррель үшін 85 долларға дейін, 2012 жылы 90 долларға дейін, сонымен қатар метал­­дар­­дың да бағасы ықтимал өсетін болса, UniCredit Research-тің болжамдары бойынша Қазақстанның экономика­сы­нан көп үміт күтуге толық мүмкіндік бар. Құжатта аталғандай, мұнай бағасы  корпорациялар мен Үкіметтің қаржы­лық жағдайын нығайтуға әсер етпек, соның  арқасында ішкі сұраныстың өсуі жалпы өсудің негізгі қозғаушы күшіне айналуы тиіс. Сондай-ақ, талдаушы­лар­дың жүргізген басқа да зерттеулеріне сүйенсек, 2011-2012 жылдары инвести­ция­ның ауыз толтырып айтатындай өсі­мі республиканың инфрақұрылымында анық көрініс табады деп күтілуде. Есепте инфрақұрылым мен электр стан­са­ларының құрылысына 1745 млрд.теңге, ал ауыл шаруашылық саласына 586 млрд. теңге көлемінде қаржы жұм­сал­мақшы делінген. Сонымен қатар – ФИИР бағдарламасы аясындағы инвестициялар, олардың жоғары мультип­ли­ка­ция­лық әсері  басқа салалардағы қазы­на­лық қатаңдықтың келеңсіз әсерін бә­сеңдетуі мүмкін. Ал валюта нары­ғын­дағы жағдайға үңілсек, талдаушы­лар­дың пікірі бойынша, 2011 жылдың нау­рыз айынан кейін басқарылатын құбыл­малы бағамды қайтаруға байланысты,  2011 жылы Ұлттық Банк номиналдарды нығайту деңгейін 5 пайыздық көрсет­кіште ұстап тұрады деп болжануда. Сонымен қатар, Кеден одағы аясын­дағы тығыз байланыс салдарынан теңге рубльдің айналымына сәйкес өзгеріп  отырады делінген. Мінеки, ел экономикасы саласының білгірлері белгілі негіздерге сүйеніп, осылайша болжамдар жасап отыр. Алай­да бұл айтылғандар қандай дең­гейде шын мәнісінде көрініс табады, олардың нақты іске асуына қандай жағдайлар толық кепіл бере алады деген сұрақтарға жауап алу және газет оқырмандарына әлдеқайда түсінікті болу үшін жоғарыда айтылған барлық зерттеулердің авторы Ханс Хольцхаккерге жолыққан едік. – Хольцхаккер мырза, талдаулар қандай мәліметтер негізінде жүргізі­ле­ді және бұл ретте ішкі факторлар ескеріле ме? – Өз жұмысымызда біз ашық ақпа­рат көздерін қолданамыз. Мұндай ақпа­рат көздеріне республикалық статисти­калық органның, Ұлттық Банктің, КҚА-ның мәліметтері жатады. Әрине, Қазақ­стан экономикасының ерекшеліктері мен ағымдағы  қарқынын ескере оты­рып, сонымен қатар сыртқы фактор­лар­ды да қарастырамыз. Соның қатарында Қытай мен Еуропа елдеріндегі тұтыну­шылық сұраныстың артуы.   Кейбір Еуропа елдеріндегі ағымдағы жергілікті дағ­дарыстарды, сонымен қатар  бірнеше елдегі жергілікті бюджеттік дағда­рыс­тар мен өтімділік дағдарыстары сал­дарынан туындайтын W-дағдарысы деп аталатын дағдарыстың мүмкіндігін де назарға алып отырамыз. Мұндай сәт­сіз­діктер болмайтын шығар деп үміт­те­неміз, себебі бәрі мұндай сәтсіздіктің салдарынан орын алған мәселелердің шешімін табу жолдарын іздестіруге мәжбүр болары анық Мінеки, осы аталғандардың бәрі біздің есептерімізде қарастырылып отыр. – Сонымен, сіздердің болжамда­ры­ңызды қалай бағалауға болады: оп­ти­мистік түрде ме, әлде пессимистік түрде ме? – Шындық тұрғысынан бағалаған әл­де­қайда дұрыстау болар. Болжам тәуе­кел­дерді есепке алмай жасалмайды.  Объек­тивті деректерге сүйенер болсақ, келер жылы әлемнің даму қарқыны осы жылмен салыстырғанда сәл баяуламақ. Дегенмен, бір жаққа қарай түзетулер енгізу мүмкін емес. Мысалы, егер сіз­дің экспорттық өнімдеріңізге деген сұ­ра­ныс ендігі жылы азаятын болса, онда іс жүзіндегі жағдай біздің болжам­дарымыздан әлдеқайда нашар болуы ықтимал деген сөз. – UniCredit тобының Қазақстанға аса қызығушылығының себебі неде? – Әлемдік экономика мен оның бола­ша­ғы үшін елдегі шикізат өндіру саласы­ның мәні орасан зор. Егер Қазақ­станды шикізат өндіру салалары ма­ңызды мәнге ие Ресеймен салыстыра­тын болсақ, онда сіз­дердің мұнай өндірудегі табыста­ры­ңыз­дан енді ғана дамудың даңғыл жолына түс­кендігін айқын байқай аламыз. Қазақ­станның эко­номикалық даму мүмкін­дік­тері ауқым­ды екендігіне бүкіләлемдік дағдарыс кезінде жақсы көз жеткіздік. Сондай қиын сәттердің өзінде Қазақ­стан­ның мұнай өнімдері белгілі деңгейде жо­ғарылап отырғандығы көп нәрсені аңғар­тады. Бүгінгі таңда мұнай өндірісі дамуда, сонымен қатар дағда­рыс кезінде зардап шеккен өңдеу өнер­кәсібі мен басқа да салалар қарқынды даму үстінде. – Қазақстан дағдарыс кезеңін сәтті пайдалану арқылы   макроэко­но­миканы дұрыс жолға қоя біліп, нә­тижесінде шикізат өндірмейтін  сала­лар­дың   қабілеттілігін арттыратын бағ­дарламаларды жолға қойды. Сіз­дің көзқарасыңыз қандай? – Қазақстан экономикасын әртарап­тан­дыру идеясы жаңадан пайда болған нәрсе емес. Ел билігі мұндай қадамдар туралы бұрыннан айтқан болатын, алайда бұл бағдарламалар  дағдарыстан кейін нақтырақ, шынайырақ бола түсті және өңдеу өнеркәсібінде, ауыл шаруа­шылығында бұрынғыдан да жоғары қайта жаңғыртуларға, бұрынғыдан да жоғары қосымша құнға ауысуға, инфра­құрылымдық мәселелерді шешуге мүм­кіндік туғызады.  Басқа экспорттық ин­фрақұрылым – жолдар, порттар салу рес­публика үшін үлкен мәнге ие. Еуро­паны Қытаймен біріктіру, транзит мем­лекеттің рөлін арттыру арқылы әлемдік экономика интеграциясы жаһандық міндет тұрғысынан ғана емес, сонымен қатар, бірінші кезекте меншік шикізат өнімдері мен өңделген, дайын өнім­дер­ді экспорттауды дамыту  жолының дұ­рыс жолға қойылғандығының да ма­ңызы ерекше. Қазақстан әлемдік еңбек нарығында өзіне лайық орнын  әлде­қа­шан-ақ тапқан. Мен бұл мемлекет қа­зір­гі жаңа Қытай немесе Тайвань тә­різді ел болады деп ойламаймын, бірақ, республика бар мүмкіндіктерін толық пайдаланып, шикізат саласынан өңдеу саласына басатын болса, Қазақстан бұдан да жоғары беделге ие болары анық. Сіздерде тек қана шикізат  емес, сондай-ақ тарихы бай металлургия са­ла­сы да бар екені белгілі. Сіздердің тәжі­рибелеріңіз бен инженерлік қабі­лет-қарымдарыңыз да жеткілікті. Бұл айтылғандар ауыл шаруашылық саласы мен басқа да шикізат өнімдерін қайта өңдейтін салаларға да қатысты. Егер осы бағытпен алға батыл бассаңыздар, өз мүмкіндіктеріңіздің кемел екендіктеріне көздеріңізді жеткізесіздер. Әңгімелескен Алевтина ДОНСКИХ. Алматы.