• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
29 Желтоқсан, 2010

Бірде...

645 рет
көрсетілді

Сәбең мен Ғафур Өзбек әдебиетінің алыбы Ғафур Ғұлам Сәбит Мұқа­нов­тың сөз тапқыштығын байқау үшін кейде ол кісіге тосыннан қисынсыз сұрақ қояды екен. Бірде екеуі әңгімелесіп келе жатқанда сол әдеті бой­ын­ша Ғафур әзілі жарасқан досына: – Сәбе, осы Аралдың суы қанша шелек болады? – деп сұ­рапты. Сонда Сәбең асықпай сөйлейтін әдетімен дауысын созып: – Аралдың тура өзіндей үлкен шелек болса, бір-ақ шелек болады, – деген екен. Тура жауап Бірде Орталық комитеттің идеология жөніндегі хатшысы С.Имашев сол кездегі “Жаңа фильм” журналының бас ре­дакторы, драматург Қалтай Мұхаметжановтан: – Қалеке, осы жұрттан сіз қызмет көлігіңізді мініп, сыраханаға барады деп естимін, сол сөз рас па? – деп сұрайды. Сонда Қалекең: – Саттар Нұрмашевич, сіз “Волганы” маған мініп жүрсін деп бердіңіз ғой. Оны мініп бармаған­да, итеріп барамын ба? – депті. Қорыққан жоқпын “Лениншіл жас” газетінде қызмет істеп жүрген кезінде бірде жұмысқа бастан-аяқ күндегісінен басқа киім киіп келген ақын Өтежан Нұрғалиев: – Кеше түнделетіп, кезекшіліктен қайтып келе жатқанда бұрыш айнала беріп едім, біреу­лер ұстай алғаны. Содан пышақты тамағыма тіреп  тұрып, барлық киімімді шешіп алды, – дейді жігіттерге мұңын шағып. – Қазір бұ­за­қы көп, байқап жүрмесе бол­май­ды. – Қайта өзің аман қалға­ныңа шүкір де... – Бас аман болса, киім та­былар. – Киімі құрысын, бастан құ­лақ садаға де, – десіп, отыр­ғандар Өтекеңнің өзінің аман­дығына тәубе етіседі. Жігіт­тердің бірі: – Өтеке, қатты қорыққан шығарсың? – деп сұрайды. Сонда Өтекең: – Жоқ, қорыққан жоқпын. Адам просто қатты нервничіт етеді екен, – депті. Еркін НҰРАЗХАН. Алматы.

Су қайда, ойбай, су қайда?!.

(Халық әні “Ағаш аяқ” ізімен) Ауылға ауыз суды тартпақ болды, Жұмысты мердігерге артпақ болды. Құйған қаржы таланып, зая кетті, Соңы былық, белшеден батпақ болды. Әй, қалды-ау, қалды-ау, Әй, қалды-ау, қалды-ау, Су қалды, ойбай, Су қалды-ау! Бағдарлама дегенің Жай бір құрғақ сөз болды-ау, ойбай! Шындық іздеп шырқырап, Іздегенім су болды-ау, ойбай, Су қайда, ойбай, су қайда? Әкім-ай, есіңе ал, Алсаң ал, алмасаң қой Солардың сұрауы жоқ деймісің, Ой, пәлі-ай, Ей, пәлі-ай! Зая кеткен қаржы-ай!! Әлқисса, “Ағаш аяқ” деген ха­лық әнін бұрып алып, осылай зар­лап айтып ауыз сусыз отырған ауыл тұрғындары жүр. Зарлап жүр дейтініміз, “Ауыз су” бағдар­ла­ма­сының қабылданғанына 7 жылдан асыпты. Осы 7 жыл бойы ат­қа­рылған еңбек дерлік зая кетіп, бірталай қаржы құрдымға кетті. Ше­неуніктердің нем­құрайлығынан “Ауыз су” бағ­дар­ламасы 65 пай­ызға ғана орын­далып, мемлекетке мил­лион­даған шығын келген. Енді бұл кемшілікті жою үшін мемлекет қа­зы­насынан тағы да көп қаржы бө­лін­бек. Халық енді ойбай­ламағанда қайтсін! Үміт ЗҰЛХАРОВА. Алматы.

Қилыбайдың құбыласы

Қилыбай құрдастың хикая­ла­рын кезең-кезеңімен баян­дайын деп отырмын. Қилекең ес біліп, етек жап­қанында, яғни бала кезінде қарт­тардың, нақтылап айтсақ ата-әжелерінің қылықтарын жақ­тыр­майтын. Оларға бұл отырса – опақ, тұрса – сопақ болатын. Қит етсе ақыл айтқыш, қыңыр кетсе қиып түсіп, үнемі “бала емес – пәле” деп дүрдиіп отыр­ғандары. “Баланы бастан...” дей ме, әйтеуір оған кейіп, күйіп-пісіп жүргендері. ...Сол Қилекең мектеп қа­бырғасында жүргенде ұстаз атаулыдан мін тап­қыш бо­лып алды. Бірі былдыр-сылдыр, екіншісі еңкіш-тәңкіш, үшіншісі үрпі-түрпі... саяз-таяз, мылжың... кете барады. ...Ал қазір өзі ұстаз болып бала оқытқанында... кержалқау, керенау шәкірттеріне налып, бас қосылған жерде оларды жерден алып жерге салып күңіренетін де жүретін. ...Тәуелсіздіктің таңы атқан алғашқы қиын кезеңдерде аяқ­асты байып шыға келген бай­шы­кештерді Қилекең іреп-сой­ды десек болады. “Жемқорлар” деді, “даярға маяр болған боз ­өк­пелер” деді, “ашкөз алаяқ­тарға” жатқыз­ды, әйтеуір демегені жоқ, десе – бас терілерін басына қаптайды. ...Ал өзінің жолы болып жо­таланып, байып шыға келгенде – әйда кеп капитализмді дә­ріптесін... “Бай болып бақытқа ке­нелу де, бақ тайып тақыр кедей болу да пенденің өз қо­лын­да” деген мәндегі мағыналы сөзді осы Қилыбайдың аузы­нан естідік. “Байлық – бақыт, кедейлік – күпірлік”, “Байлық бағ­банға бұйырады”, “Кедейлік – кержал­қаудың несібесі” деп шіреніп шырт түкіргенін қайтесің. ...Осы Қилекең көппен бірге жаяулап жүргенінде көше­дегі қиылыстан өтерде көлік атау­лыға қарата “қарғыс атқы­рын” қарша борататын. Оның ай­туынша, рөлдегілер өңкей жын-пері, оң-солын білмес бәдәуй. Олардың тоқсан пайы­зы жүргізу куәлігін сатып алған алаяқ. Абайламаса, адам қағу оларға түк те тұрмайды. ...Сол Қилыбай өзі көлікті болып қоқилана қалғаннан айтары: жаяу-жалқыбай опыр-топырдан абайламаса болмай­ды. Жол ережесі дегеннен ма­құрым, қашан көрсең қиғаш өтіп өңмеңдеп жүр­ген­дері. ...Бұл Қилекең бүк­жең­­деп жүріп биліктің де биігінде бол­ды. Онда жү­ріп оппо­зи­­ция­ны оң­дыр­ма­ды, сынап-мі­неді. Олар­ды тәуір тір­ліктің “жылан құрты” деді, “бола алмаған боз­ өк­пе­ге” теңеді, “кеса­па­ты­мыз да, көрсоқырымыз да солар” деп көсемсудің алдыңғы шебінде болды. ...Бастан бақ тайып бақал­шы бола қалуда бір сәт, Қилы­байдың биліктегі аяғы аспаннан келіп, ертесінде-ақ оппозиционер болып шыға келгенін де білеміз... Айда кеп билікті іреп-сой­сын. “Онда өңкей өлермендер отыр” деп, “олармен көсегеміз көгермейді” деп, өзі біліп келген көр-жерді тізбелеп тебіренсін кеп... Жеті сайын биліктің былық-шылығын баспасөзде жа­зып көлдей көсіліп, оппози­циялық басылымның бел баласы болып шыға келді. Қайсыбірін айтайын, Қилы­байдың басынан осы тектес біраз құбыжық құбылыстар өтіп, бәр-бәрінде де Қилекең өз “өне­рін” көрсетіп барып, енді, міне, қартайып, бір аяғы көрде, бір аяғы жерде кезінде арамызда отырып: – Заманына қарай баласы. Белдері бесіктен шықпай жатып пәле. Ұрпағымнан қорқамын! Ұрда­жық, үрпі-түрпі ұрпақ туыла бас­тады. Әй, ақырзаман тақаған шығар! – деп біраз көсіліп шерін тарқатты. Ерсұлтан ЖЕҢІС. Талдықорған.

Күдік

Сергей ШИНКАРУК. Томаға-тұйық, өзімен өзі ғана болуды дұрыс кө­ретін Джектің есігін ойда жоқта біреу қақсын келіп... Ешкімді күтпеген­дік­тен Джек аса  сақтықпен есікке мысықтабандап келіп: “Кім ол?!” деп еді, қарлығыңқы дауыс: – Сізге сәлемдеме әкеп тұрмын, – деді. Бұл “әдіс-тәсілден” хабары бар Джек: – Сәл күтіңіз, ашамын, – деді де, кідірмей өзі “әдіске” көшіп, тездетіп балкон арқылы астыңғы үйге түсті де, одан жоға­ры­лап аса сақтықпен өз есігінің алдында тұрған нән “сәлемдемешінің” желке тұсына шағын қаруын тақап: – Артық қимыл жасасаң, миың аузыңа түседі. Есікті аш та ішке кір! – деп бұйырды. Жан тәтті, “сәлемде­ме­ші” бұйрыққа бағынып ішке ене әкелген сәлемдемені қой­ып, қаққан қазықтай күйде тұр. Джек: – Сәлемдемені аш! – деді қатқыл үнмен. – Өйте алмаймын, – деп әлгі бүгежектеп еді: – Ашасың, әйтпесе итше қыңсылайсың! – деп үй иесі өктемдік танытты. Әлгі қайтсын, сәлем­деменің орамын ашып еді, ішінде қоймалжың жеміс салынған шыны ыдыс екен... Джек бірден: – Аш та, дәмін көр! – деді. Қайтсын, ыдысқа сау­са­ғын матырып қоймал­жың затты аузына тоғытты. – Қалай? – деп Джек те қысқа қайырды. – Дәмді сияқты. – Жеп бітір! – деп Джек ақырын күтті. Бір 15 минөт мезгілде ыдыс босап, анау дін аман, саусағын жалап тұрып: – Астында бір жапырақ хат жатыр, – деді. Джек қағазды алып еді... шешесінің: “Балам, туған күніңмен, өзіңнің ең жақсы көретін жемісіңді жіберіп отырмын” деген таныс жа­зуы көзіне оттай басылды... Джек күрсіне: – Күдікшілдік-ай, күдік­тенемін деп қара басқанын қара! – деп, әлгі пош­та­шы­ны желкелеп сыртқа шы­ғарды да өзі еденге отыра кетті... Аударған Бақтыбай ЖҰМАДІЛДИН.

Ауылдың айтқыштары

«Шай ішіп отыра берейік...» Белгілі әртіс Құдайберген Сұлтанбаев бір жыл­да­ры Қармақшы жағына сапарлап барыпты. Бір ауылда шай үстінде қонақтарды армансыз сыйлапты. Сөй­тіп, «дүрілдеген» шайы да бар, пайы да бар дастарқан жи­ылар кезде үй иесі бұл жақтың дәстүрін білмес деп: – Құрметті қонақтар, қазір ет келеді. Біздің жақта ет үстінде «анау-мынау» ештеңе берілмейді, – деп, коньякты соңғы бір рет құйғалы ыңғайланып жатқанда, Құдекең іліп алып: – Оу, ендеше, шай ішіп отыра берейік... – деп «ұсыныс» айтқан екен. «Шығатын тесік іздеген...» Әзілқойлардың атасы Оспанхан Әубәкіров бір жылдары Шижағаға табан тіреген екен. Дастархан басында бір сылқым келіншек оқыс кекіріп жіберіпті. Ауылдың қаймақтары, ақсақалдары бар бір сәт қолайсызданып қалыпты. Сонда миығынан күлген Осекең: – Бұл да бір тыныс қой, шығатын тесік іздеп жүрген, дәнеңе етпейді, – деп жуып-шайып жіберген екен. Балоны жарылған «Каток» Бүгінде ел ақсақалы Шөкең кезінде іскерлігі өз алдына, аз-кем аңқаулықтан құралақан болмаса керек. Ол заманда жол жөндеу мекемесінің бастығы еді. Үлкен трасса бойында асфальт төсеп жатқан жігіттер бір күні босаңсып, кәдімгі «каток» аталатын алып темір доңғалақты мәшинені доғарып, көлеңкесінде әңгіме сапырып жатса, үстерінен Шөкең келіп түсіпті. – Әй, бұл қай жатыс тал түсте? Жұмыс қайда?! – деп дауыс көтере бастағанда, қушыкештеу бір жігіт не де болса деп далбасалап: – Шөке, мынаның балоны жарылып, жұмыс тоқтап қалды. Асфальт таситын мәшинеге тапсырып жібергенбіз. Жаңа кәмірін қаладан ап келді... – деп соғып жіберіпті. Ештеңе аңғармаған Шөкең: – Жарық балонын ауыстырыңдар да, жұмысқа кірісіңдер, – деп көлігіне мініп жүре беріпті. Ерғали АБДУЛЛА, Еркін ӘБІЛ. Қызылорда облысы.

Әзіл-әжуа аң-құс аулында

Аю, арыстан және тауық үшеуі әңгімелесіп отыр дейді. – Менің ырылымды естісе бітті, бүкіл ор­ман тым-ты­рыс бола қа­ла­ды, – деп мақ­таныпты аю. – Тіпті ағаш­тар­дың жапырағы да сыбдыр етуге қорқып, сілтідей тынады ғой. – Сені қойшы, мені айт­сайшы, – депті арыстан. – Ақы­рып қалсам болды, бір орман емес, бүкіл Африканың аң-құсы ініне кіріп кетеді емес пе? Сонда тауық: – Соны да сөз деп отыр­сыңдар ма? – деп қабағын шытыпты. – Түшкірсек бітті, дүние жүзін дүр сілкіндіріп, дүрбелеңге саламыз, сонда да үндемей отырмыз ғой! *  *  * Құс тұмауы ақыры түйе­құс­тарға да жұғыпты. “Олар жерге басын тығып түшкіретін шығар” деп көртышқандарда зәре жоқ деседі. *  *  * Аңшы аю атып алып, оны оң иығына салып, орманнан шығып келе жатса, қас қылғанда қарсы алдынан табиғатты қорғау қоғамының басшысы шыға келіпті. – Иә, жол болсын! – дейді ол кекетіп. – Қайда барасың? Иығыңдағы не пәле? Аңшы әдейі сол иығына қа­рай­ды да: – Ештеңе, – дейді. – Оң иығыңдағыны айтам. Сонда аңшы оң иығына қарап қалып: – Ойбай, аю! – деп қаша жөнеліпті. *  *  * Қоян ызғытып келе жатып бір алаңқайда етбетінен жатқан қасқырға тап болады да сасқалақтап: – Қасеке қалайсыз, күнге қыздырынып демалып жатыр­мысыз? – дейді мәймөңкелеп. Қасқыр көзін алартып: – Жоқ-а, қақпанға түсіп қалдым! – дегенде, қоян: – Бәрекелді, жатқаныңнан тұрмай қалғыр доңыз неме! – деп қаһарлана шаттанған екен.

Саудаңыз қалай?

– Ия, саудаңыз қалай? – Е, саудамыз – сауда, Бүгінде айналып тұр “жауға”. Бұ “жауды” алу үшін – Терлеп-тепшіп күнде, Шығып келгендей боламыз тауға. Жолға береміз, Оңға береміз, Солға береміз, Орынпұл және Салыққа береміз. Анда-санда жағасы – Қып-қызыл “халыққа” береміз. Қайтеміз енді, Өлеміз бе, көнеміз. Беріп-беріп, Жанды әбден қинаймыз. Содан шашқанымызды – Қайтадан тірнектеп жинаймыз. Саудамыз, міне, сауда! Сауда деген Балығы жоқ өзен боп тұр, Телміреміз “ауға”. Еліміз аяғына тұрғанша Бұған да тәубе... Алпысбай БОРАНБАЙҰЛЫ, Оңтүстік Қазақстан облысы.

Мағынасы майысқан мақалдар

Параны берген емес, Алған жомарт. *** Ұлым, саған айтам, Күйеу бала, сен тыңда! *** Абитуриентті оқуға кім түсірсе, сол ыстық. *** Еркек жүрген жерде, Шөлмек қалады. *** Ананың көңілі – базарда. Баланың көңілі – басжазарда. *** Өз әйелің ұрыспаққа жақсы. *** Бастықтың айтқанын қызметкері де айтады. Тек, қолында билігі жоқ. Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ. Алматы.

Мүйісті жүргізетін Берік САДЫР.