Жаңа жыл. Жаңа арман. Жаңарған ауыл, жаңаша тірлік. Иә, бәрі жаңа. 2010 жылғы көктемдегі су тасқынынан кейінгі Қызылағаш, Егінсу, Ақтоған елді мекен жұртшылығы тірліктің жаңа бағытына түскен. Сәулетті құрылыс, әр шаңырақтағы өмір де өз арнасымен жалғасқан. Десек те жағдайды тағы бір көруге ниет жасадық. Біз жолға шыққанда ақ қауырсындай қар жапалақтап жауып тұрды. Айнала аппақ, кіршіксіз. Табиғат-ананың ақпейілімен көз ілмейтін көңіл де бір сәт дамыл тапқандай болды.
Қызылағашқа да келдік. Ауылдық округ әкімі Сәулеш Амитова мен жетекші маман Дәулет Естібаев жұмыс орнынан табылды. Олар ауылдың әсте бітпейтін тірлігі жайлы жарыса әңгімеледі. Қыстың қамы, отын-су мәселесі. Бәрі де рет-ретімен атқарылған. Ұтымды ұйымдастырса, бітпейтін іс жоқ, деген. Осылайша көктемгі апаттан кейінгі жұмыстың жүйеленгеніне риза болдық.
Десе де, қызылағаштықтар өздерін әбігерге салған, талайдың жүрегін жаралаған 12 наурызды ұмытпайды. Ес жиған қазіргі кезде киноның таспасындай көз алдарынан сол оқиғалар тізбектеліп өтеді. Су тасқыны кезінде халықты құтқару шараларымен айналысқандар жайлы айтуды ұнатады. Әсіресе, Дәулеттің айтары көп. Қызылағаш ауылының тұрғыны, 25 жастағы чешен ұлтының өкілі Қазыбек Сипцуевке айтар алғыстары ұшан-теңіз. Ол 12 наурыз күні түнімен «ГАЗ-51» автомашинасының бортына халықты тиеп, Талдықорғанға жеткізіп, жерлестеріне деген ерекше ықыласымен танылыпты.
Көлтабанға 11 наурыз күні көмір апарған ол, кешкісін үйіне келеді. Сол кезде ауыл дүрлігіп, алды жолға шығады. Су қоймасы кемерінен асып, апатты жағдай туындағанын естіп, жиналған біраз адамды қалаға жеткізеді. «Ауылдан кетуге бел буғандар қатары өсіп, бактағы бензинім таусылғанша қатынадым», деді қазақша мүдірмей сөйлейтін Қазыбек. Ол өзінің бұл әрекетін ерлікке баламайды. Әйтеуір ауылдастарына өзінің көмегі тигеніне қуанады.
Қызылағаш ауылын бір түнде жермен жексен еткен алапат тасқын түске таяу Егінсу елді мекеніне де жеткен. Құтқару шаралары ерте қолға алынып, тұрғындарды тікұшақпен Талдықорғанға жеткізгендіктен, халық зардап шекпеген. Буырқанған су ауылға кіріп, тұрғын үйлерді зақымдайды. Мектептің екінші қабатына жиналған көпшілік те тасымалданады. Алғашқы тікұшақпен аяғы ауыр Қарлығаш Қырбасова да облыс орталығына жеткізіліпті. Ертесіне, 13 наурыз күні толғатып, перзентханаға түседі.
«Қуаныш пен қорыққан» бірдей демекші, жас келіншек аман-есен босанып, дүниеге балпанақтай ұл келеді. Жұмабектің отбасындағы Мөлдір, Әли, Мұса, Нұрбай есімді бүлдіршіндер қатарына шарана қосылады. Өкініштісі, олардың үйлерін су шайып, баспана өзекті мәселеге айналған екен.
Перзентханаға облыс әкімінің орынбасары Серік Мұқанов сый-сияпатын, алқызыл гүлін ала келіп, Қарлығашты сәбиінің өмірге келуімен құттықтайды. Бәрі де ойдағыдай болатынына сендіреді. Кейін облыс әкімі Серік Үмбетов ананы арнайы құттықтап, жақсылардың жолын берсін деп көрімдігін ұсынғанын олар риза пейілмен айтады. Облыс басшысынан бата алған кішкентай сәбиге ағайын-туған ақылдаса келе, Тасқын деп ат қояды.
Егінсу ауылының шығысындағы жаңа салынған Жұмабек пен Қарлығаштың шаңырағына келгенде, қыстың қысқа күні айналаны қараңғылыққа ала бастады. Үй жылы, тұрмыстары көңілді. Алтын алқалы ана – Жаңыл Аламатыдан келіпті.
– Тасқын – көктемдегі жұртты дүрліктірген апаттан кейінгі қуанышымыз. Міне, олқылықтың орны толды. Үйіміз жөнделді. «Апат айтып келмейді», деген. Жақсы мен жаманға шүкіршілік айтатын халықпыз. «Ауылды су шайды» дегенді естігенде жаным жай таппады. Әйтеуір балаларым аман екен. Енді жиі келіп тұрамын, – дейді ұрпағы үшін алаңдаған кейуана.
Ауылдық округ әкімі Баян Құрманғалиева да округке қарасты Егінсу мен Құмтөбе разъезінде 7 мыңнан астам халық тұратынын айтады. Тұрғындар негізінен мал шаруашылығымен айналысса, бүгінде 42 шаруа қожалығы өз жұмыстарының ауқымын кеңейте түсіпті. Тасқыннан кейін ауылдағы су шайған 22 үй жаңадан салынса, 42 үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. «Қазақстан Темір жолы» ұлттық компаниясының демеушілігімен 11 үй қайта тұрғызылып, қосымша 7 үй жөнделіпті. Ауылда дәрігерлік қосын, пошта ғимараты қайта салынған. Елді мекендегі бүлдіршіндерге жаңа балабақша салынып, қазіргі кезде 70 сәби тәрбиешілердің аялы алақанында көрінеді.
Жұмабектің көршілері Замир Рахимов, Баян Мұсанова, тағы басқалары жаңа 2011 жылды қарсы алу үшін дайындық үстінде. Егінсулықтар да көктемнің ызғарлы күнінде тікұшаққа дейін автокөліктерімен абдыраған жұртты тасыған Нұрлан Тұрысбеков, Нұрсағат Жанкотов, Марат Әденов, тағы басқаларының өздеріне деген жанашырлығын ұмытпайды. Қиындықта қолұшын бергендер есімі жиі айтылатыны сондықтан.
Егінсу ауылын артқа тастап, біз де жолға шықтық. Көз алдымызда Қырбасовтар отбасындағы жылылық, сәби Тасқынның алаңсыз нұрлы жүзі ұрпақ жалғастығының дәлеліндей. Өйткені, оның есімі көктемгі қиындықты тағы бір еске салды. Сәби есейіп, ол күндер де бізден алыстайтынына сендік. Жақсылығымыз көп болсын, деген Жаңа жылдық тілек тілге орала берді.
Күмісжан БАЙЖАН,
Алматы облысы.
Суретте: Сәби Тасқын әжесінің, ата-анасы мен бауырларының ортасында.