• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
31 Желтоқсан, 2010

Хельсинкиден Астанаға дейін: Бейбіт дамудың күрделі жолы

1397 рет
көрсетілді

2010 жылдың 1-2 желтоқ­са­нында Астана қаласында ЕҚЫҰ-ға мүше елдер мемлекет және үкімет басшыларының Сам­миті өтті. Бұл форум тек Қазақстан үшін ғана емес, соны­мен қатар, ұйымның барлық мү­ше­лері үшін де аса маңызды оқи­ға болды. Алғаш рет бұл ұйым­ның азиялық бөлігінде және Еуразия құрлығы­ның орталығында бұдан кейінгі кезеңдегі бейбіт дамудың барын­ша тиімді жол­да­рын айқындау мақ­сатында әлем мемлекеттері мен халықаралық ұйымдардың жоғары өкілдері арасында толық көлемді саяси пікір алмасу жүзеге асты. ЕҚЫҰ-ның Астана Саммиті тек әлем­дік мұхиттардың су ке­ңіс­тік­тері арқылы тер­риториялық шектелген, барынша ауқымды координаттарда теңдестірілген қа­рым-қатынастардың дамуының жаңа кезеңінің бастауы болды. Форумда сөз алған тұлғалар Ас­тана Саммитінің бастапқы кез­дегі халықаралық қауіпсіздік қатер­леріне жауап ретінде қа­лып­тасқан негізгі қағидаттарға адалдықтарын атап өтіп, Қазақ­станның ұйымға төр­ағалығы ке­зеңінде ЕҚЫҰ маз­мұнына жаңа толықтырулар енгізгендігіне ри­за­шылықтарын білдірді. ЕҚЫҰ тарихындағы 1975 жыл­ғы Хельсинки Қорытынды актісі, 1990 жылғы Жаңа Еуропаға арнал­ған Париж хартиясы мен 1999 жыл­ғы Ыстамбұл келісімдеріне ендігі жерде ЕҚЫҰ-ның Астана Дек­ларациясы қосылды. Еліміздің Ас­тана Саммитін өткізуі бұл Қа­зақ­станның ұйым тарихындағы сапа­лық жұмысы, әрі оның та­рихында қалатын қызметі. Ұйым­ның Астана Саммиті мен халқымыздың қонақ­жайлығы арқылы Қазақстан Рес­пуб­­ликасын әлем жұртшылығы ерекше есте сақтайтын болды.

Егер де тарихқа көз салар бол­сақ, өткен ғасырдың жетпісін­ші жылдары Хельсинкиде қаланған басты қағидалары бар жалпы­еуро­палық қауіпсіздік құрылым­дары­ның бейбіт дамуының күрделі жол­дан өткендігін көреміз. Еуро­па­дағы қауіпсіздік және ынтымақ­тастық жөніндегі кеңестің қоры­тынды актісіне қол қою соғыстан кейінгі кезеңдегі әлемнің екі антагонистік жүйеге бөлініп, негізінде идеологиялық агрессия, қару-жа­рақты көбейту мен бірін бірі ядро­лық қарумен жойып жіберу қор­қы­нышы жатқан «қырғи-қабақ со­ғыстың» барынша белсенді кезе­ңін­дегі ұзақ мерзімге созылған келіссөздер үдерістерінің нәтижесі болып табылды. 1961 жылы жанталаса қару­лану үдерісі өзінің шарықтау шегіне жетіп, әлем жаһандық апат­тың сәл алдында ғана тұрды. Осы жы­лы КСРО Жаңа жер әскери поли­гонында алғаш рет сутегі бомба­сын сынақтан өткіз­ді, оның жары­лу толқыны Жер ша­рын бірнеше рет айналып өтті. Семей ядролық поли­гонын­да 1949-1963 жылдар аралы­ғын­да сынақтан өткен ядро­лық заряд­тың жалпы қуат мөл­шері Хиросимаға тасталған атом бом­басынан 2500 есе артық бол­ды. Осы кезеңде климаттың біршама өзгеріске түсіп, суытқан­дығы байқалған. Саясат саласында да мемлекеттер арасындағы қарым-қаты­нас­тың салқындағаны байқалды. «Қыр­­ғи-қабақ соғыстың» майдан шебі» Ор­талық және Шығыс Еуропа елдері арқылы өткен бола­тын. Еуропа құр­лығының қауіп­сіз­дігі Екінші дү­ниежүзілік со­ғыс­тың алапат сал­дарларынан ке­йін жаңа ірі көлемдегі қақты­ғыстың қатеріне ұшы­рады. Тек Еуропа елдері ғана емес, соны­мен қатар, АҚШ, Кеңес Одағы, Түркия және басқа да мемлекеттер ядролық шабуыл өтінде тұр­ды. Қалыптасқан қиын жағдай­дың одан ары ушығуына Берлин мен Кариб дағдарыстары, Чехо­словакиядағы «барқыт» төң­ке­ріс­ті басу және де басқа аймақ­тық қақтығыстар себеп болды. Бұған ядролық қаруға қатысты оқиғалар да қосылып отырды. Мысалы, 1966 жылы Испанияда АҚШ ӘТК екі ұшағы соқты­ғы­сып, соның сал­дарынан 4 сутегі бомбасы жо­ға­лып кетті және де мұндай жағ­дай­лар сирек емес еді. Әлем қай­тадан қауіп-қатер­лерді бастан өт­керді, әрине, бұл жағдай еуропа­лық және әлемдік қоғамдастықты алаңдатпай қоймады. Бұл жағдайларда геосаяси жә­не идеологиялық мақсаттар­дан әлемдік тіршілікті сақтау тал­пынысы жоғары тұратынды­ғын көрсететін жаңа алаң қа­лып­таса бастады. Бұл ЕҚЫК – Еуро­падағы қауіпсіздік пен ынтымақ­тастық жөніндегі кеңестің қалып­тасуының негізгі факторы болды. Өткен ғасырдың 70-ші жыл­дары­ның басында көптеген елдер тұрғындарының санасында үлкен өзгеріс орын алды. 1972 жы­лы екі ұлы державаның бас­шы­лары Л.Бре­жнев пен Р.Ник­сон­ның яд­ро­лық қарусыздануға қатысты кез­десуі өтті және бұл кездесу Стратегиялық қаруларды шектеу (СҚШ-1) секілді аса ма­ңыз­ды үдерістің бастамасы болды. Дәл осы кезеңде, яғни 1972-73 жылдары Хельсинкиде Жал­пые­у­ропалық кеңесті да­йын­­дау­ға қа­тысты көп­жақ­ты кеңесулер өтіп жат­қан болатын. Осы кез­ден бастап жал­пы­­еуропалық саяси үнқаты­судың негізі қа­ланды, оның нәтижесі ретінде Хельсинки Қоры­тынды актісі мен ЕҚЫК кеңес форумы та­нылады. Бірақ, 80-ші жылдарда жағ­дай қайтадан ушықты. КСРО мен АҚШ арасында қарсы­лас­тық­тың жаңа толқыны қалып­тас­ты. Батыс әлемі Мәскеу жазғы Олимпиадасына бойкот жария­лады. АҚШ билігіне Р.Рейган әкім­шілігінің келуімен жанталаса қарулану үрдісі космос кеңіс­тігіне ауды. Дәл осы мерзімде Ке­ңес Одағы Ауғанстанға өз әс­керін кіргізген болатын. Бұл оқиғалардың барлығы ЕҚЫК келіссөздерінде көрініс тап­­ты (1980-1983 жж. Мадрид кездесулері). Осы кезде АҚШ Ұлы­бри­тания, ГФР және Италия терри­то­рия­сына өзінің орта қашық­тық­тағы зымырандарын кіргізу қажет деп шешті. Ал Кеңес Одағы болса, Варшава шарты аясында ГДР мен Чехословакия жеріне орта қа­шық­тықтағы зымы­рандарды ұшы­ра­тын жылжымалы құрылғы­ларды кіргізу туралы жоспар жасай бас­тады. Бұл тайталасудың жаңа нүк­тесі болды. Осы жағдайда ЕҚЫК елдерінің саясаткерлері әлемдік қоғамдастықты саналы, дұрыс ше­шім қабылдауға шақырып, «жан ұшыра айқайлай» бастады. Міне, осы кезден бастап жаңа құжат – Париж хартиясына дайындық жүре бастағанын айту керек. Аталған құжаттың қабыл­да­нуы­ның алғышарттары ретінде КСРО-дағы қайта құрудың бас­талуын, Женева кездесуі кезіндегі Р.Рейган мен М.Горбачев ара­сын­дағы өзара түсіністіктің көрі­ніс беруін айтуға болады. Нәти­жесінде 1990 жылдың қараша айын­да ЕҚЫК отырысында Жа­ңа Еуропаға арналған Париж хар­тиясы қабылданды. Көп ұзамай КСРО-ның ыды­рауы Еуропа құрлығындағы гео­сая­си жағдайдың өзгеруіне алып келді. Еуропа мен ТМД кеңіс­ті­гінде жаңа тәуелсіз мемлекеттер пай­да болды. Варшава шарты­ның бұрынғы мүшелері енді НАТО құрамына кіре бастады. Сон­дық­тан да, осы кезеңнің жағ­да­йына жауап беретіндей жаңа құ­жат да­йындау қажеттігі туын­да­ды. Орын алған барлық өзгеріс­терді есепке ала отырып, қайта жи­налып қауіп­сіздіктің жаңа қағидалары туралы келісу қажет болды. 1999 жылғы Ыстамбұл саммитінде ұйымның жауапкершілігі аумағын кеңейткен және жалпыға бірдей қауіпсіз­дік­тің негізгі элементтерін бекіткен жаңа Еуропалық қауіпсіздік хар­тиясы қабылданды. Соған қарамастан, Ыстам­бұл­да қабылданған көптеген міндеттемелер жүзеге асырылмады. Осы­ған байланысты үстіміздегі ғасыр­дың басынан бастап ЕҚЫҰ үрдісіне қатысушылар арасындағы өзара қайшылықтар тереңдей түсті және халықаралық қауіп­сіздік жүйе­сін­де дағдарыстық белгілер айқын көріне бастады. Осы жағдайларда ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер мүд­де­лерінің теңсіздігі қалыптасты, ал ұйым жұмысында конъюнк­ту­ралық әдіс басым бо­лып, жалпы әлемде, оның ішінде ЕҚЫҰ-ның жауапкершілік аума­ғындағы әске­ри-саяси жағдай өзі­нің өзектілігін жоғалтқан жоқ. Яғ­ни, әлемдік сах­на­дағы саяси кли­мат салқындау жағдайына қай­та оралды. Міне, осы қайшылықтарға балама ретінде ЕҚЫҰ төрағалы­ғы­на Қазақстан кандидатурасы ұсы­нылды. Халықаралық қауіпсіздік жүйесінің жаңа қауіп-қатерлері жағ­дайындағы ЕҚЫҰ-ға мүше мем­­лекеттердің өзара қырым-қа­ты­насының нашарлау үдерісі бұдан кейінгі уақытта да жалға­суы мүмкін еместігін түсіну орын ал­ды. Еліміз еу­ро­палық қауіпсіз­дік құры­лы­мы­ның модера­то­ры рө­лін­дегі үл­кен жауапкершілікті мой­­н­ы­на ала отырып, ұйым­ның қыз­метіне қарқын беру мақсатын­да халықаралық сахнада белсенді бастамалар көтере білді. Қазақ­стан өз төрағалығын тек формальді түрде ғана өткізіп қоймай, уақыт талабы мен геосаяси жағ­дайға сай ЕҚЫҰ жұмысына жаңа дем берді. Қа­зақ­стан ұйымға төр­ағалығы кезінде бір жылдың ішін­де ұйымның бар­лық істеріне белсенді түрде атса­лысып, ерекше белсенділік көр­сет­ті. Осылайша, Астанадағы ЕҚЫҰ Саммиті өзгермелі заманауи әлем­нің қатерлеріне қатысты жауап бол­ды. Өзінің алғашқы минуты­нан-ақ оның жұмысында халық­ара­лық қауіпсіздіктің өзекті мәсе­ле­лері сал­­­мақты және түбегейлі сара­лана­тыны және оған қаты­сып отырған мемлекеттер мен ұйым­­дар­дың жо­ғары өкілдері ха­лықара­лық қоғам­дастық ал­дында ЕҚЫҰ-ның жауапкершілігі аума­ғындағы ғана емес, сонымен бірге, жалпы кең ауқым­дағы қалып­тасқан жағ­дайды қалай түсіне­тін­дігін таныт­ты. Бұл жағ­дайда ЕҚЫҰ мемлекеттері мен ха­лық­аралық ұйым­дар­дың өкілдері ха­лық­аралық қауіп­сіздіктің қауіп-қа­терлерін жоюға қатысты тиімді жә­не кешенді бірлескен шаралар жа­сауға қол жеткізеді. Елбасы Н.Ә. Назарбаев Астана Саммитінің ашылуында сөй­леген сөзінде Ұйымды дағдарыс­тық жағ­дайдан шығарып, оның қыз­ме­тін жандандыру мақ­са­тын­да бір­қатар маңызды ұсыныстар айт­қаны белгілі, ЕҚЫҰ-ның қыз­ме­тін бүгінгі күн талап­тарына сай ұйым­дастыру арқылы көп­теген маңызды мәселелерді дер кезінде шешуге және алдын алуға болар еді. Мемлекет басшысы Ас­танада қауіп­сіздік мәселелерін түбегейлі зерттейтін институт құ­ру мәселесін көтергендігі өте орын­ды деп білеміз, өйткені қа­зір қарама-қай­шы­лықтарды шешу кезінде мәселенің түйінін тар­қатудан гөрі, оның ал­дын алудың тиімді екеніне елдің бәрінің көзі жетіп отыр. Сон­дық­тан Елбасы­ның ЕҚЫҰ Саммитінде ұйым шеңберінде қауіпсіздік бо­йынша әртүрлі проблемаларды бол­­жау жұмыстарын атқаратын инс­ти­тут­тарды құру жөніндегі ұсы­ны­сы – мәселенің түйінін тар­қатуға жа­салған маңызды қадам. Қазір Ау­ғанстаннан шығатын есірт­­кі­нің 70-80 пайызы Орталық Азия арқылы Ресейге, одан Батыс Еуропа елдеріне таралады. Бұл – мәселенің бір жағы ғана. Ал діни экстремизм, лаң­кестік сияқты өз­ге де әлеу­мет­тік түйткілді мәселе­лер де қазір өзінің өзектілігін жой­ған жоқ. Сон­дықтан жаңадан құры­ла­тын қауіп­сіздік инс­ти­ту­тын­да жү­йе­лі әлеу­меттік, саяси және тарихи зерттеу жұмыс­тарын жүргізген жақсы болар еді. Сонымен бірге, Елбасы ха­лықаралық ұйым аясында түрлі дағдарыстарды бақылаумен ай­на­лысатын ұйым құру қажеттігін тілге тиек етті. Мемлекет басшы­сының айтуынша, қазіргі таңда мұндай ұйым жоқ. Біріншіден, бүгінде бізде барлығы үш қор­жын бар. ЕҚЫҰ-да дін мәселесі бо­йын­ша нақты бір құрылым жоқ. Екін­шіден, әлемде қаржы, эконо­ми­калық дағдарыс болғаны мәлім. Ал осы дағдарысты қалай еңсе­руге болады деген сауал туын­да­ған тұста нақты жауап бол­май шы­ғады. Өйткені, осы дағ­дарыс мәселесімен айналы­са­тын құры­лым жоқ. Сондықтан аталған мә­се­лелерді бақылап, олармен айна­лы­сып отыратын ұйымның болуы маңыздылығын атап өтті өз сөзінде Мемлекет басшысы. Екі күнге жалғасқан қызу тал­қы­лаудан кейін ЕҚЫҰ Сам­миті­нің қорытынды құжаты – Астана Дек­ларациясы қабылдан­ды. Хель­­син­ки рухы Астана рухы­мен жаң­ғыр­ды. Соңғы жылдары ұйымда­ғы орын алған дағдарыстық жағ­дайға Қазақ­стан төрағалығы жаңа дем беріп, Астана Саммитінің қо­ры­тын­ды құжаты ұйымның алда­ғы қыз­метіне үлкен серпіліс беретіні және оның өмірінде жаңа ке­зеңге бастау болары сөзсіз. 11 жыл­дың ішін­де алғаш рет ЕҚЫҰ-ның Дек­ларациясы қабылданды. Саммит ЕҚЫҰ-ға мүше 56 елдің консен­сусына қол жеткізудің оңай болма­ғанын көрсетеді, жиын­ға қатысқан мемлекет және үкімет басшылары саммиттің қорытынды құжатын қабылдаудың маңызды­лы­ғын ерекше атап өтіп, соңғы 11 жылда бірінші рет өткізіліп отыр­ған ЕҚЫҰ Саммитінің мүмкіндік­терін қалт жібермеуге тырысып бақ­ты. Қазақ­станның биылғы ұйым­­­дағы табыс­ты төрағалығы мен Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың жүр­гізіп келе жатқан салиқалы да көреген сыртқы сая­сатының арқасында Астана Дек­ларациясы бойынша ұйымға мүше мемлекеттердің барлығының мүд­де­лерін бір жерге тоғыстырып, ор­тақ бір шешім қабылдауға келістіре алдық. Бұл оқиға ұйымның өмі­рінде жаңа кезеңге бастау болып отыр. Бұл – ЕҚЫҰ-ға мүше елдер халық­тарының аса қауіпсіз әлемге деген үміті мен сенімінен шығатын ортақ тарихи жеңіс. Әрине, ондаған жылдар бойы ше­шімін таппай келе жатқан мә­селелерді бір жылдың көлемінде немесе бір жиынның шеңберінде түбегейлі, толығымен шешу мүм­­кін емес екендігі белгілі, бірақ Қазақстан ұйымға төрағалығы кезінде бұрын айтылып, бірақ кейінгі жылдары консервацияға түсіп қалған аймақтармен белсенді түрде жұмыс атқарды. ЕҚЫҰ-ның Астана Саммиті­нің Декларациясы Еуроатланти­ка­лық және Еуразиялық қауіпсіз­дік қоғамдастығын құруға бастау болары сөзсіз. ЕҚЫҰ-ның Астана Саммитінде қабылданған қо­ры­тын­ды құжат – Астана Дек­ла­ра­циясы ұйым өміріндегі жаңа кезеңнің бастауы. Нұрлан СЕЙДІН, Қазақстан Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының бөлім меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты. Ел тарихындағы теңдессіз оқиға Бүгінде Тәуелсіз Қазақстан өзін әлеуметтік-саяси және эконо­ми­калық жағынан қарқынды да­мып келе жатқан, демо­кратиялық және за­йырлы мемлекет ретінде орнық­тыр­ды, өзінің тәуелсіздігін алғаннан бері тұтастық пен ты­ныш­тықты, жа­растық пен жасам­паз­дықты ұлт­тық идея мен ұлттық мүдденің бас­ты бағыты ретінде мемлекеттік сая­сат­тың өркендеуіне жол ашты. Тәуелсіз Қазақстан 19 жыл ішінде барлық бағыт пен ұстанымда өзін әлемдік қоғамдастыққа таныта білді. Ел­басымыз Н.Ә.Назарбаевтың бас­шылығымен біз эконо­мика­лық, саяси және әлеуметтік жа­ңаруды тиімді жүзеге асырдық. Қазақстанның әлем­дік қо­ғам­дастық тарапынан таны­луы­­ның бір айғағы  2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйы­мына төрағалық етуі болды. Осы тұрғыдан қарағанда, төрткүл дүниені дүбірлетіп, елордамыз Астана қаласында өткен ЕҚЫҰ-ның Саммиті  орны да, маңызы да ерекше жиынға айналды. Саммиттің еліміз қуатының қайнар бұлағы ретінде рухымызды көтеріп, болашақ­тағы  мақсат-міндеттерімізді айқын­да­ған бағдарламалардың темірқазы­ғы болғаны да хақ. Мемлекеттер арасында тыныш­тық, ел арасында бейбітшілік орнату, лаңкестік әрекеттердің алдын алу, әскери-саяси қауіпсіздік шара­ларын жетілдіру, сондай-ақ адам құ­қықтарының сақталуын қамта­ма­сыз ету мәселелері қаралған саммитте Астана Декларациясы қа­был­данса, бұл – ұлы жиынның жемісті аяқ­талғанының көрінісі. Тәуелсіздігімізді тұғырлы ететін де, елімізді жаңа белестерге шы­ғара­тын да біздің татулы­ғы­мыз болса, осы бағытта университет ха­лықтар достастығы бағы­тында нақ­ты істерге қадам басып келеді. Атап айтар болсақ, бұған университет жанынан жұмыс істейтін «Ша­ңырақ» студенттер ассамблея­сы­ның қызметі, сондай-ақ таяуда Астана қаласында өткен Бүкіл­әлем­дік рухани мәдениет форумы шара­ла­рын қолдау, соған үн қосу, еліміздегі ұлттар мен ұлыстардың достығы мен бірлігін, татулығы мен ынты­мағын насихаттау мақ­сатында «Бір ша­ңы­рақ астында бірлігіміз жарас­қан елміз» деген тақырып аясында Пар­ламент Се­натының депутаты Т.М.Мұ­­ха­­мед­жановтың қатысуы­мен өткізілген «Достық күні» дәлел бола алады. Атқарылып жатқан істердің бар­лығын ел болашағына  қо­сыл­ған  үлес деп түсінеміз. Жалпы, 2010 жыл еліміз үшін тарихи оқиғаларға толы болды. Елбасының салиқалы саясатының ар­қасында еліміз Еуропадағы қауіп­сіздік және ынтымақтастық ұйы­мы­на төрағалық тізгінін абы­роймен атқ­арып шықты.  Ең бас­тысы – 11 жыл бойы үзіліп қалған ЕҚЫҰ-ға мүше елдер мемлекет және Үкімет басшыларының Саммиті аса жоға­ры деңгейде өтті. Қазақ елі үлкен қонақжайлық көрсетіп, ұлттық дәс­түрлерге беріктігін танытты. Астана Декла­ра­циясының қабыл­дануы, бірінші кезекте, Елбасының еңбегі десек, онда бүкіл Қазақстан халқының үлесі бар екені де талассыз. Дархан ЖҰМАДІЛОВ, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің студенті. Абыройымызды асқақтатқан форум Тәуелсіздік алғаннан бергі жылдардағы Елбасының сарабдал саясаты, ұлағатты ұстанымы, эко­но­микалық бағыттағы сәтті қа­дамдары Қазақстанды тұғыры берік мемлекет етіп қана қойған жоқ, әлемдік аренада танымал­дылыққа жеткізді. Оның айқын мысалы Астанада өткен ЕҚЫҰ Саммиті деу орынды болмақ. Бұл тәуелсіздігін енді ғана алған біздің ел үшін зор абырой, үлкен бедел, сондай-ақ, нанымды насихат. Астанаға жи­нал­­ған ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекет­тердің және 12 серіктес елдің бас­шылары мен үкімет жетекшілері, 69 халық­ара­лық ұйым жетекшілері, 500-ге тарта үкіметтік емес ұйым өкілдері мен 1000-нан астам журналист Қазақ елінің қонақжай­лылығын ғана сезініп қоймай, тарихи қысқа мерзімде әлемдік көкейкесті мәселелерді шешуге ұйытқы болатындай дәрежеге жеткенін мойындады. Бұл – үл­кен тарихи оқиға. ЕҚЫҰ Сам­миті­нің Астанада өтуі әрбір қазақтың, қа­зақ­стандықтың мерейін үстем еткені шындық. Саммитке келген қо­н­ақ­тарды қабыл­даған кездегі Елбасының риясыз көңілінің өзі­нен ізгіліктің лебі ескендей. Сам­миттің ашылу сал­та­натында сөй­ле­ген сөзінде Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев Қа­зақ­стан­ның егемендік алғаннан кейінгі даму жолына тоқтала келіп, қазақ жерінде 130-дан астам ұлттардың тату-тәтті, бірлікте өмір сүріп жатқанын, еліміздегі конфессияаралық келісімді бас­ты байлық деп бағалады. Сая­саттың да, діни наным-сенімнің де, экономикалық дамудың да тек бейбітшілік пен тыныш­тық­қа, ба­қуатты тұрмысқа қызмет етуі қа­жеттігіне саммитке қаты­су­шылар назарын аударды. Шү­кір, осы тәуелсіздік жылдары қол жеткен та­быстарымыз кім-кімге де ұял­май көрсетуге тұрады. Мұның өзі Президентіміз Нұрсұлтан Назар­баевтың зор саяси еңбегі, үлкен мәмілегерлік жеңісі. ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер­дің әрқайсысына да қатысы бар бүкіләлемдік көкейкесті мәселе­лерді саммиттің күн тәртібіне шы­ғарып, оларды ортақ ойласып шешуге атсалысуға жұмылдыру бо­йы­­мызда мақтаныш сезімін туғыз­ды. Бұған дейін 11 жыл бо­йы өт­пеген ЕҚЫҰ-ның саммитін өзі осы ұйымға төрағалық еткен кезде қолға алып, сәтті өт­кізу қай жағы­нан алып қара­ғанда да атап көр­сетуге тұрарлық жәйт. Қазақстан төрағалығының әсер­лі, ықпалды, шешімді болғаны шетел қайрат­керлерінің берген бағаларынан, сөйлеген сөздері­нен айқын аңға­рыл­ды. БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Қазақстан Президенті Нұр­сұл­тан Назар­баев­тың Қырғыз­стан­дағы ахуал­ды тұрақтандыруға және Ау­ған­стандағы қауіпсіздіктің сақта­луы­на қосқан жеке үлесін атап өте келіп, әлемдік шиеленіс­тер­дің күрмеуін шешуде, ұлтара­лық қақтығыстарды болдырмау жо­лында ЕҚЫҰ-ның мол мүм­кін­дігін пайдалану үшін оның жұ­мысын жетілдіру қажеттігіне назар аударды. Мұндай ойды Ресей президенті Дмитрий Медведев те қозғады. Қырғыз­станның өтпелі кезеңдегі президенті Роза Отунбаева болса, ұлт­ара­лық қақты­ғыс­тардың бүлінші­лік­ке әкелеті­нін өз еліндегі оқи­ғалармен са­бақтастыра әңгімеледі. АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтонның саммиттегі ой-пікірдің ертеңгі жұмыстарға негіз қалайтындай шешімдерге алғышарт жасауы керек деген ойы да ұтымды шықты. Қазақстанда өткен саммит әлем тарихында «Астана Саммиті» деген атпен орын алары сөз­сіз. Ұлы Дала әрқашанда халық­тар­дың басын қоса білген. Қо­нақжай­лық, құрметтеу, дос таба білу – халқымыздың мінез-құл­қына, әдет-ғұрпына терең сің­ген қасиеттер. Сам­мит кезінде біз осы қасиет­тері­мізді анық көр­сете алдық. Мей­ман­дарымыз рия­сыз көңілдерімен аттанды елімізден. Сөйтіп, Саммит ел тарихына алтын әріппен жазылды. Әрине, келген қо­нақтар тек саяси мәселелерді ғана талқы­лап қоймай, халқы­мыз­дың бай мұ­раларымен, тари­хы­мен, мә­де­ние­ті­­мен, өнерімен, әдет-ғұ­рып, салт-дәс­түрімен та­ныс­ты. Бізге пай­да­лы жағы да, керегі де осы. Осын­дай әлемдік дең­гейдегі өне­ге­лі істеріміз бен салиқалы сая­сатымыз тек мақ­тануға ғана қажет емес, бейбітшілік сүйгіш халқы­мыздың бола­шақ ұрпа­ғы­ның бо­йында пат­риот­тық сезімді қалып­тастыруға, алдыңғы тол­қын­ның осы ба­ғыт­тағы сара жо­лын ілгері апару үшін де қызмет етуі тиіс деп есептеймін. Еркін ҚҰРМАНБЕКОВ, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері. Ақтөбе облысы. Астана саммиті – ұйым дамуына даңғыл жол Бұл саммит халықаралық дең­гейдегі тарихи оқиға болды. Саммитті өткізу арқылы біз ЕҚЫҰ жұ­мысына жаңа серпін беретін бол­дық. Себебі, уақыт өткен са­йын жаңа проблемалар қатары өсіп, оны жаңаша көзқараспен, жа­ңа сипатта шешу қажеттігі туын­дады. Мәсе­лен, «Еуропа үшін бір саясат және Азия үшін мүлдем басқа саясат әзірлеу мүмкін емес. Әлемдік қар­жы-эконо­микалық дағ­­дарысынан кейінгі әлем тәртібінің жаңа моделін ойластыру қажет. Барлық жерде қордаланып қалған ұлтшыл­дықты, діни төзбеу­ші­лікті, нәсіл­шілдікті, ксенофобия­ мен антисемитизмді тиімді ең­серу үшін ЕҚЫҰ әлеуетін белсене пайдалану керек. Ұйым­ның Ауған­станға қа­тыс­ты жаңа стра­­тегиясы қажет. ЕҚЫҰ эконо­микалық-эколо­гия­лық өлшемнің да­муына баса назар аударуы қажет», – деп салмақты саясат ұсынған Елбасымыз Ұйым­ға мүше елдер басшыларына саммит өткізудің қаншалықты маңыз­ды екеніне көзін  жеткізді. Іс басындағы төраға ретінде жұ­мыс ерекшелігіне тоқталсақ, ЕҚЫҰ қызметіндегі үш өлшемді бірдей алып жүрдік. Үш себет бо­йынша Қазақстан талай мәс­е­ле­лерді дер кезінде көтерді.  Біздің төрағалығы­мыз­ға дейін Еуропа­дағы қауіпсіз­дік және ынтымақ­тас­­тық ұйымы өз на­зарын тек адами өлшемдерге көп бұ­рады, қал­ған екеуіне он­шалықты мән бермейді деген пікірлер айты­лып келген. Біз жыл бойына осы үш өл­шем­ді де ақсат­пай қатар алып жү­ру­ге үлкен мән бердік. Алып жүрдік те. Біз төраға­лық кезінде Таулы Қарабақ мәселесін бейбіт түрде ше­шуге ты­рыстық. Ауғанстан мә­се­лесі де назардан тыс қалған жоқ. Ауған­стан­дағы ахуалды жаһан­дық қауіп­­сіз­дік, терроризмге қар­сы кү­рес, діни экс­тремизм және есірткі сау­дасы тұр­ғысынан қа­рас­тыр­дық. Қыр­­ғыз­стан­дағы кешегі саяси төң­керіс пен ұлт­аралық қақтығыс кезінде де біз бас болып, ұйым ая­сында да көмек беруден аянып қалған жоқпыз. Саммитке қатысқан мемлекет және үкімет басшыларының, ЕҚЫҰ-ға мүше және оған әріптес елдер мен халықаралық және аймақтық ұйым­дар өкілдерінің, өзге де жоғары лауа­зымды тұлға­лардың Қазақстанның төраға­лық мерзіміндегі халықаралық қауіп­сіздікті нығайтуға қосқан үле­сін жоғары бағалағаны мақ­таныш сезімімізді тудырды. Алқалы жиын­да Ел­ба­с­ымыз ЕҚЫҰ жұмы­сы­ның ба­сымдықтары гуманитар­лық өл­шем­дер, демократиялық инс­­титут­тарды дамыту, тәуелсіз БАҚ, адам құқығы мен бостан­дығын қорғау екендігін тілге тиек ете отырып: «Бұл – біз­дің дамуы­мыздың ма­ңызды шарты. Со­нымен қатар, заманауи қауіп-қа­тер­лерге ла­йықты жауап беру үшін ЕҚЫҰ-ның өзінің даму үрдісінде маз­мұнды құры­лым­дық өзгертулер қа­жет­тігі туын­дауда. Біз Ұйымның се­бет­тері мен инс­титуттарының са­нын ұлғайтуды ұсы­намыз», – деді. Жыл бойы Ұйым­­­ның «осал тұс­тары» мен ар­тықшылығын саралай білген Елба­сымыздың бұл ұсы­ны­сының ұтым­ды шыққаны анық. Қорыта келгенде айтарым, ЕҚЫҰ Саммитін өткізу арқылы біз әлемдік қоғамдастыққа ұйымның «Хельсинкиден Астанаға дейінгі» дамуын көрсетуге бірегей мүмкін­шілік алдық. Әбдіманап БЕКТҰРҒАНОВ, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры. Талдықорған. Саммит және самғау Елім менің! Бағыңның ашылғаны, Ниетіңнің шашу боп шашылғаны, Бірлігің мен берекең, Ырыс-құтың – Мәртебеңді айрықша асырғаны. Ұлы істерді іркілмей тұстадың-ау, Талабыңды тынбастан ұштадың-ау, Төраға боп сайланып ЕҚЫҰ-ға, Төбебилік тізгінін ұстадың-ау! Елдігіңе мың бір шүкір, еткіздің, Тілегіңе созып қолың жеткіздің, Мынау жаңа ғасырда: Жер-жаһандық – Саммитті де тұңғыш болып өткіздің! Адамзаттың жаңаша ойланғаны, Бейбітшілік мұратқа айналғаны, Шешу үшін түйткілді, Кіл мықтының – Астанаға жөн болды жиналғаны. Болды ғажап бұл Саммит елеңдерлік, Еңбегіміз өтеліп, Еленді ерлік. Назарбаев ғаламды дүр сілкінтті Қасиетімен Өзінің кемеңгерлік!!! Жақсыларды әп-сәтте баурап алды, Марғасқалар бас шайқап, қайран қалды, «Адамзатқа керегі – Бейбітшілік, Бірігейік, – деп , –  біздер!» ұран салды. Шертті әлемге Елбасы дүйім датты, Бейбіт күннің қадірін пайымдатты, Ынтымаққа шақырып, адамзатты, Қазағын да, Өзін де мойындатты!!! Хамитбек МҰСАБАЕВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері. Қостанай облысы.