Бір күнде тапсырылған әлеуметтік және өндірістік нысандар толағай қуаныш сыйлады
Бораннан кейінгі қар жамылған дала тым-тырыс. Аспан да бұлттан тазарған. Тымық аязды таң қараңғысында алыстан жымыңдаған жұлдыздар тым сирей қоймаған екен. Облыс әкімі Сергей Кулагиннен бастап, облыс басшылары, журналистер мінген көліктер керуені шалғайда жатқан Денисов ауданына беттеді. Аудан орталығына келген газ желісінің алауы таң қараңғысында жағылды. Қуаныштан ұйықтамай, қыстың ұзақ түнін көзімен атырған аудан орталығының тұрғындары, облыс басшылары, көгілдір отынның желісін тартқан «Агрогазстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылары мен мамандары, журналистер – барлығы тақиясы түсердей шалқайып, аспанға лапылдаған алауға қарады. Ол осы күнді сарыла күткен ауылдағы ағайынның көңіл қуанышының көрінісі іспетті. Алау шарпыған айнала таң қараңғысын серпіп, аспандағы жұлдыздар да жерге төгілгендей тамаша әсер берді.
– Алауды сөндіруге асықпаңдар, бұл тарихи сәт! – деген дауысы шықты облыс әкімінің. Иә, олай дейтін жөні бар. Өйткені, облыста отыз жылдан бері магистральді газ құбырының құрылысы жүрмепті. Жаздың ортасында арқасын күнге күйдіріп отырып, қысқы отыны мен көмірін ойлайтын ауылдағы қоңторғай тірлік ағайынға көгілдір отын айға қолын созған армандай ғана болатын.Тәуелсіздік алған жылдардан кейін бірінші рет 2010 жылы облыста газ құбыры салынды. Республикалық бюджеттен бөлінген 1 миллиард теңге қаржыға отыз шақырымнан аса «Перелески-Денисов» магистральді газ құбыры төселіп, оның төменгі қысымды желілері Денисов ауылы мен оған іргелес Некрасов, Антонов, Алчанов ауылдарына да тартылуда. Әзірге Денисов ауылында жүзден аса үйге көгілдір отын кірді. Николай Авдиенко – бұрын осы аудан басшылығында болған ардагер. Коммунистік партияның айтқаны болып тұрған кезде Николай Васильевич аудан орталығы мен оған жақын елді мекендерді газдандыру жөнінде мәселе көтерген екен. Бірақ сол мәселе маңызды күйінше жылжымай орнында қалған. Көгілдір отынның керектігі кімге де болса түсінікті болғанмен, аумалы-төкпелі уақыт ештеңеге мұрша бермегені рас. Міне, енді көгілдір отынның рахатын биылғы қыс алдымен Николай Васильевич ақсақал көретін болды.
– Ризамын. Президентіме рахмет! Қазақстан гүлдене берсін, істеген істерің алға баса берсін! Отын іздемей, үйін газбен жылытып отырған ауылдағы жұртқа бұдан артық не керек?!. – деді Николай Авдиенко газбен жылыған өз үйінің төрінде отырып.
Жыл бойына республикалық және облыстық бюджеттерден бөлінген 1,5 миллиард теңгеге облыста 90 шақырым құбыр төселді. Ол келешекте 3 мың үйге көгілдір отын әкелетін болады. Алдағы жылы Қамысты, Қарабалық, Қостанай аудандары мен Лисаков, Рудный қалаларында бұл іс жалғасын табады. Оған бөлінген қаржы 2 миллиард теңгеге жетеді.
Денисов ауданы мен Лисаков қаласы қатар жатыр. Нарықтың қиын жылдары есік-терезесі үңірейіп, босап қалған ғимараттар мұнда да болған. Музыка мектебіне арналған үйдің қаңқасы бүкіл №1 шағын ауданның құтын қашырып тұратын. Кетіп бара жатқан жылдың басында оны қайта жөндеп, жалға берілетін тұрғын үйге айналдыру қолға алынған болатын. «Лисаковрудстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «ескі тіксең есің кетеді» демеді, мектепке арналған ғимараттың қаңқасынан қуыршақтай етіп тұрғын үйді жасап шығарды. Енді 82 жас пәтерлі болды. Бүгінгі уақыт өлшемімен қарағанда, ескі ғимаратты жөндеп, пәтерге айналдыру керемет таңқалдыратындай жаңалық болмауы да мүмкін. Ал бұл үйдің ерекшелігі басқада.
– Осы үйден жиырма пәтерді Қостанайдағы, Рудныйдағы жетім балалар үйлерінің түлектеріне беріп отырмыз, қалғаны бюджеттік мекемелер қызметкерлеріне, жас мамандарға берілді,–деді облыс әкімі Сергей Кулагин.
Сібірлеп атқан таңдағы сиреген жұлдыздар пәтердің кілтін қолына қысып ұстаған Қанағат Дауылбаевтың жүрегіне жауғандай, жас жігіттің қуаныштан жүзі жайраң қағады. «Үйленген едім, баламыз да бар. Енді басымда баспанам да болды, Лисаков қаласында құрылысқа жұмысқа орналастым», деген оның сөзінен ертеңге деген сенімі білінеді.
– Мұндай қолдау, мұндай қамқорлық болмаса, жетімдіктің азабын тартқан балалар өмірден жеңіліп те қалар ма еді. Ал облыста жетім балалар үйінен шыққан 656 жас бар. Соңғы бес жылда мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының аясында жүз жетім бала пәтермен қамтамасыз етілді. Жергілікті әкімдер пәтерге жиһаз бен тоңазытқышқа дейін әкеліп береді. Бүгін пәтер берілген жетім балалардың барлығы да осы қалада жұмысқа орналастырылды, – дейді балалардың құқын қорғау жөніндегі облыстық департамент директоры Ольга Ковалевская. Облыс әкімі Сергей Кулагин үйдің қызыл лентасын қиып тұрып, алдағы 3-4 жылда облыстағы жетім балалардың барлығын дерлік баспанамен қамтамасыз ететінін айтты.
Лисаковпен арасын Тобыл стансасы мен Әйет өзені бөлетін Рудный қаласы Жаңа жылдың алдында тіпті тоты құстай құлпырып кетіпті. Негізі кеншілер қаласының алып қадамы тау көтерген Толағайды елестетеді. Бір Соколов Сарыбай кен өндіру бірлестігінің өзі неге тұрады. Үстіміздегі жылы мұнда металилек зауыты ашылды. Ал алдағы жылы металл өнімдері зауытының құрылысы басталмақ. Бұл екі зауытты да республикалық маңызы бар, индустриялық картаға енген инновациялық-инвестициялық жобалардың көкесі деуге болар. Ал қаланың ортасындағы балалар ауруханасы кешені 2007 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен бастау алған «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасының аясында қайта жөнделді. Ол бюджет қоржынынан бөлінген 3,4 миллиард теңгеге түсті. Мамандардың айтуына қарағанда, 200 төсектік аурухана кешенінің жөнделуі мен жабдықталуы жағынан оның елімізде теңдесі жоқ. 1 миллиард теңгеге жуық ақшаға шетелдік озық үлгідегі жабдықтар алынды. Аурухана кешенінде 400 адам қызмет ететін болады.
– Мұнда 500 грамм болып шала туған шарананы шетелдік озық құралдардың арқасында жетілдіріп, бала етіп алуға мүмкіндік бар. Сонымен қатар, мешел, неврологиялық сырқаттар сияқты ауыр науқастарды емдейміз, – дейді аурухана кешенінің бас дәрігері Наталья Паратикова.
Бір кереметі, сол күні «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша облыста балалар ауруханасы кешеніне басқа тағы да екі медицина мекемесі тапсырылды. Қостанай қаласында қан құю орталығы жаңадан салынған төрт қабатты жаңа үйге көшті. Өйткені, 1964 жылы салынған ғимарат медицинаның бүгінгі талаптарына жауап бере алмайтын еді. Жаңа ғимаратта 18 мың литр қанды өңдеп, сақтауға мүмкіндік бар. Мұндағы озық үлгідегі тоңазытқыштар қан плазмасын сақтаудың нағыз алтын стандартына сәйкес келеді. Ал облыс орталығындағы №4 жаңа емхана күніне 500 адамды қабылдай алады! Мұнда 600 миллион теңгеге шетелдік түрлі медициналық құрал-жабдықтар алынды.
Міне, жылдың соңғы күндерінің бірінде облыста осынша жаңа әлеуметтік нысандар өмірге жолдама алды. Дәл сол күні жылына 65 миллион дана жұмыртқа өндіретін «Жас қанат-2006» құс фабрикасы мен тәулігіне 150 тонна сүт өңдей алатын «Милх» кәсіпорны толық қуатында жұмыс істегендерін мәлім етті. «Милх» сүт зауытының өнімдері еліміздің бірнеше облыстарымен қатар, Ресейге де шығарылады. Бұл екеуі де жылдың инвестициялық жобаларының қатарында болатын. Құс фабрикасында – 150, сүт өңдеу кәсіпорнында 60 адам жаңа жұмыс орнын тапты.
Жылдың соңғы күні жұлдыз жауғандай! Ал олар жерде сәуле шашады...
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
Қостанай облысы.