Жемісті, жеңісті жолымыз жалғаса берсін, ардақты ағайын!
Ел рейтингі көтерілген жыл
Халықаралық рейтинг агенттігінің бағасы осындай
Қазақстан экономикасы әлемдік дағдарыстан сүрінбей өтіп, дамудың жаңа баспалдақтарына қадам басты. Оны биылғы жылдың экономикалық табыстарынан да, қаржы саласының тұрақтануынан да анық байқауға болады. Жақында Standard & Poor`s (S&P) халықаралық рейтинг агенттігі Қазақстан Республикасының ұзақ мерзімге арналған тәуелсіз несиелік рейтингін тағы да жоғары бағалады. Атап айтқанда, еліміздің шетелдік және ұлттық валюталар бойынша міндеттемесін тиісінше «ВВВ-» және «ВВВ»-дан «ВВВ» және «ВВВ+»-ке дейін көтерді. Сонымен бірге, қысқа мерзімді тәуелсіз кредиттік рейтинг міндеттемелері бойынша шетелдік валюта рейтингі «А-3» және ұлттық валюта бойынша рейтинг шкаласын «kzAAA» дәрежесіне дейін көтерді. Ал ұлттық валюта бойынша қысқа мерзімді тәуелсіз несие рейтингі міндеттемесі «А-3»-тен «А-2»-ге дейін арттырылған. Қазақстанның және Қазақстанның Даму банкінің рейтингілері бұрынғысынша тұрақты болып қалуда. S&P рейтинг агенттігінің болжамынша, Қазақстанда 2020 жылға таман мұнай өндіру екі еселенеді. Тікелей шетел инвестициясы жылына орта есеппен ІЖӨ-нің 8 пайызына тең болады деп болжануда. Агенттік сарапшыларының пікірі бойынша, 2011-2013 жылдары еліміздің ІЖӨ өсімі орта есеппен 7 пайыз болмақ. Экономиканың осындай қарқынмен қалпына келу үрдісі фискальдық көрсеткіштердің өсуіне алып келеді. 2010 жылдағы сыртқы экономикалық ахуалдың жақсаруы елдің қаржылай және бюджеттік резервтерінің тиісінше 4,2 миллиард және 5,9 миллиард АҚШ доллары көлемінде өсуіне әкелді. Бұл өз кезегінде елдің сыртқы активтерінің өтімділігін ІЖӨ-нің 8 пайыз деңгейіне дейін көтерді. Агенттік сарапшылары алдағы жылдары да Қытай тарапынан қазақстандық энергия ресурстарына ірі инвестициялар салу жалғасатын болады, деген пікірде. «Біз Қазақстан Республикасы экономикаға және қаржы секторына байланысты проблемаларды болашақта да фискальдық және сыртқы ахуалдарды төмендейтпей-ақ шешетін болады деп күтудеміз, – дейді S&P-ның несиелік сарапшысы Фрэнк Гилл. – Біз сонымен бірге, шикізат бағасының бұрынғысынша жоғары дәрежеде болуы және экспорт көлемінің ұлғаюы ел Үкіметінің инфрақұрылымдық жобаларды дамытуына оң ықпалын тигізіп, 2013 жылдары бюджеттің жақсаруына жағдай жасайтындығына сенімдіміз». S&P халықаралық агенттігі сондай-ақ «Қазақстан темір жолы», «Қазтеміртранс», «ҚазМұнайГаз», «ҚазТранГаз» сияқты мемлекеттік компаниялардың рейтингін де жоғары бағалады. Бұл компаниялардың рейтингі Қазақстанның тәуелсіз рейтінгімен бірге көтерілуде. Мәселен, «Қазақстан темір жолының» АҚ-тың ұзақ мерзімді несие рейтінгін «ВВ+»-тен «ВВВ-»-ке дейін көтерді. Ал Қазақстан темір жолының серіктес ұйымы – «Қазтеміртранс» АҚ-тың рейтингі «ВВВ-»-ке дейін көтерілді. «ҚазМұнайГаз» мұнай-газ холдингінің рейтингі «ВВ+»-тен «ВВВ-»-ке дейін арттырылған. S&P агенттігі «ҚазМұнайГаз» Барлау. Игеру» компаниясының, «ҚазТрансОйл», «Қазпошта», «Аграрлық несие корпорациясы» компанияларының, «Қазақтелеком» және «KEGOС» АҚ-тардың рейтингтерін де бекітті. S&P халықаралық рейтинг агенттігі «Самұрық-Қазына» мемлекеттік қорына эмитенттік несие рейтингін шетелдік валюта бойынша «ВВВ» және ұлттық валюта бойынша «ВВВ+» дәрежесіне дейін көтеріп, қор рейтингінің Қазақстанның тәуелсіз несие рейтингіне сәйкес екендігін дәлелдеді. Мұндай жоғары дәрежедегі инвестициялық класты иелену «Самұрық-Қазына» қорына тиімді қаржылық несиелер алуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде қор қаржыландыратын отандық кәсіпорындар мен қаржы институттарына да өте тиімді жағдай жасайды. Сонымен бірге, халықаралық агенттік «Самұрық-Қазына» қорының мемлекеттік холдинг екенін ескере келіп, оған жоғары несие рейтингінің берілуі елдегі экономикалық ахуалдың жақсарып келе жатқандығына айқын дәлел болатындығын атап көрсетеді. Бұл өз кезегінде Қазақстан Үкіметі мен мемлекеттік қор тарапынан іс жүзіне асырылған дағдарысқа қарсы іс-қимыл шараларының табысты өткендігінің белгісі. Бұл орайда «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-тың мемлекеттің 100 пайыздық қатысуымен 2008 жылы құрылғанын айта кету керек. Қор жұмыс істей бастаған жылдар ішінде еліміздің экономикалық және қаржылық ахуалын жақсартуға айтарлықтай үлес қосып отыр. Еліміздің экономикасының биылғы жыл қорытындысындағы жоғары табыстары алдағы уақыттағы индустриялық-инновациялық даму белестерінің биік болатындығының дәлелі. Халықаралық агенттік сарапшылары мұны бірауыздан дәлелдейді. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.