• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
06 Қаңтар, 2011

Қайта оралған ән

1270 рет
көрсетілді

Неге жыламасын?! Бәрісі де жылаған... Жылай жүріп, жылай жүріп шыдаған... (М. Мақатаев) Илья Жақановтың қалам­гер­лік ізін аян еткен «Қайта орал­ған ән» повесі... Ол шығар­ма­ның жа­зы­луына қандай оқиға әсер етті?!. * * * 1962 жыл. Былтыр үйленген жас жұбайлар Илья мен Тиыш­күл Ыстықкөлге демалуға бар­ды. Рыбачье қаласында Тиыш­күл жеңгеміздің үлкен ағасы қалалық прокурор болып істейді. Ильяның ойы сол кісіге б­а­рып сәлемдесу және қырғыз­дармен жақынырақ танысу. Осы ниетпен Рыбачьеге соққан соң бір-екі күннен кейін Ыстық­көлге де жетті. Көкжиекпен көмкерілген Ыс­тықкөл неткен шалқар, неткен көркем! Қарай бергің келеді көз алмай! Қат-қабат ойлардан ары­лып, жан дүниеңіз тыныс алады! Ілекең мен Тиышкүл көлдің сал­қын суына шомылған соң құмға қыздырынып жағажайда жатады. Күнде солай... Бір күні Илья кетіп бара жатып, жағажайдағы демалушылардың арасынан екі қырғыз келіншекті көзі шалды. Екеуінің бас жағында кішкентай транзистор. Огинскийдің «Полонезі» ойналып жатыр. Жан жү­йеңді босататын мұңды әуенді тың­дап тұрып қалды. Әлгі әйел­дердің біреуінің жанары жасқа толып, мөлдіреп: – Ошол... ошол... ошол шы­ғарма... Маған бүт махаббатым­ның қуаты болған, бүт махаб­ба­тымның мехнаты болған, бүт махаббатымның азабы болған... Ақыры аяғында бүт махабба­тым­ның қызығы болды, – деді. Ілекең ілгері жүріп кетті. Та­ғы да бір күні әлгі келіншектер отыр екен. Таныс әңгімені жал­ғас­тырып жатыр. Илья олардан оңашалау жақын маңдағы жың­ғылдың түбіне барып жай­ғасты. Әңгіме айтылуда. Композитор ес­тіп отыр. Әйел әңгімесін ай­тып-айтып келді де: «...Ақы­рын­да болбоды... Мен өзімнің ра­ха­тым­нан, өзімнің ләззатым­нан, өзім­нің жақшынақай өмі­рім­­нен...» – деді де көзі мөлдір­леп отырып қалды. Бітті, болды. Осы оқиға, осы деталь. Бұрыннан да өзі бай­қа­ған тағдырлардан ұқсас жағдай­лар да қосылды. Жазушыда қиял қанаты, ойдан қосу дегендер бар. Өмірдегі оқиғаны шып-шыр­­ға­сын шығармай қағазға түсіруге де болады. Бірақ ол деректі дү­ние дәрежесінде қалады. Ал көр­кем шығарманың тууы бө­лек! Жалғыз деталь, жалқы оқиға әсер етеді жазушыға... Жү­ректен шық­са, жүректерге жетеді... * * * ... Медбике қыз Айнагүл жұмыс бабымен өз учаскесіндегі сырқат адамды іздеп келеді. Қолында әдірісі болса да азар табады. Келсе... ұядай-ұядай екі бөлме. Томашадай үйде жалғыз кереует. Қара пианино мен кітаптар толы этажерка... Екі қа­бырғаға ілінген екі картина... Өзге жасау-жабдық жоқ... Иә, айт­қандай, эта­жерканың үс­тін­де шынысы жоқ, қоңыраулы са­ғат пен телефон... Бозарған ашаң жүз­ді, бұйра шаш­ты, сып­тығыр келген, бойшаң, қара кө­зілдірікті жігіт Бейшеннің нау­қасы оңай емес. Өт жолы бітеліп қалған. Денесінің күзгі жа­пырақтай сар­ғайып бара жат­қаны да содан. Бауыры ісік. Ол... ол... о, тоба! Бауырдың істен шығуы деген сөз. Қандай қасірет! Шіркін-ай, ең болмаса, өт жүретін түтік­тердің біреуін ғана емдеп, іске қосуға дәрмені жетсе!.. Айнагүл Бейшенге келген сайын оның ізгілікпен нұрлан­ған шырайы мен ерекше ықыла­сы күн санап айқын сезіле берді. Ме­йірімге толы күлкісінің шуа­ғында сәл болса да отыра тұр­ғы­сы келеді. Оған әр нәрсені айтып, көңілін жалқы сәтке болса да аулағысы бар. Бірақ уақыт тап­шы... Бір жа­ғы соңғы курс, бір жағы жұмыс. Бәріне үл­геруі керек. Әр минөті қым­бат, қар­ба­лас... Бір ғажабы, Бейшен қай уа­қытта келсе де қара көзілдірігін шешпейді... Қара кө­зіл­дірік бүкіл қас-қабағын жауып тұр. Қара көзілдірік Бейшенді Айнагүлге дәйім сонша ызбарлы етіп көр­сететін. Осы көзілдірік оны тас мүсіндей мел­шитіп тас­тай­тын... «Көзі де ауы­ра­тын шы­ғар», деп ойлады Айна­гүл. Бірақ көзі сап-сау, мөл­діреп-ақ тұр. Оған іштей қуанды. Тіпті Бей­шен­нің бойына ешнәрсе жұқ­тыр­ғысы келмейді... Бірде Бейшен әлденені есіне түсір­гендей терезе жаққа қарап, пианино ойнай жө­нелді. Салалы саусақтары кла­виш­тер­дің үстінде зыр қағады! Бір сәтте сылдыр етіп күміс теңге төгілгендей, енді бірде таудың ерке бұлағындай... енді бірде арманшыл арудың мақпал түнде өзімен-өзі отырып ыңылдап салған тәтті әуе­ніндей... я болмаса жа­ның­ды желпіген жұпар самалдай... Қыз­дың көңі­лінде жайсаң бір жаз орнады; мау­жырады, бұрын-соңды басынан өт­ке­р­меген беймәлім құ­бы­лыс еркінен тыс қиял жетегіне ілестіріп бара жатты. Тұлабойы біресе ысығандай, енді бірде тітіркенгендей. Бейшен­нің ойнап отыр­ған пианиносынан шыққан әсем үн жүйке-жүйкесіне тарап... есін ал­ды... Ол өмірінде музыкаға дәл сол сәттегідей елітіп, балқы­ған­ емес-ті... Ұят-ай! Жанын баураған музыканың атын білмейтін болып шықты Айнагүл! Ол музыка – Огинскийдің «Полонезі» екен... Содан жұмыста жүрсе де, лекцияда отырса да «Полонездің» мұңлы әуені ойынан шықпады. Басын асқақ көтеріп қалың ойға шомған Бейшеннің жү­деу қалпы да көз ал­дына елестей берді. Қара көзілдірік те зәресін алады. Оның аржағында нендей құ­пия бар?!. Айнагүл жан бала­сымен сырласқан жоқ. Кімге ақ­тарады жан сырын? Түсінсе жақ­сы, түсінбесе ше? Өмірінде алғаш рет жанына жақын біреуді іздегендей күйге тап болды. Тілінің ұшын­да небір тәтті сөздер тұрғандай. Қия­лы­ның сан тарапқа самғауын қара­шы! Мазаны алған, жүрегін ас­таң-кестең еткен нендей әлек бұл?! Кейіннен... иә, кейіннен бәрі мә­лім болды... Музыкант Бейшенді ем­дей жүріп, оның ізгіліктен ж­а­рал­ған жүрегіне, адамгершілігіне, дәйім мұңға... сырға жетелеген... ой­ландырған... толқытқан... әсерге бө­ле­ген әндеріне ғашық екен Айна­гүл... Бірақ... Бейшен... көк аспан­дағы бар ғаламға жарық-сәуле берген Күнді, қараңғы түнде нұр төк­кен Ай мен жымың қаққан сан­сыз жұлдыздарды... о шеті мен бұ шетіне көз жетпейтін Ыстық­көлді... мы­нау даладағы бұла көк­темнің жұм­сақ лебі мен жұпар иісін сезгенімен, соның бірін де көрмейді екен. «... Көзімнен аққан ыстық жас омырауымды жуып, Бейшеннің кезерген ернін алақаныммен бас­қан күйі езіліп, еңіреп, сілем қа­тып қанша уақыт жатқаным да бел­гісіз. Әлден соң көзімді аш­тым. Кеудемді солқылдатқан өксік әлі басыл­мапты. Маңдайымды Бей­шен­­нің еті қашқан арық төсіне сүйеп жа­тыр екем. Түннің қай мезгілі! Шам әлі жанып тұр. Мәңгіріп қалған ба­сымды ептеп көтеріп жан-жа­ғыма қарадым. Үй іші үрейлі. Денем дір ете түсті. Мынау кім? Құшақтап жатқаным Бейшен бе? Жо-жоқ... Иә... Иә... сол! Ол бейнебір тас мүсін, кірпігі сіресіп қатып қалған. Көзі қозғалмайды. Нұры жоқ, оты жоқ суық жанар... О, қандай қор­қынышты... Тұнжы­рап, көзін жауып тұратын қара көзілдірік қайда? Жоқ, әлде түс көріп жатырмын ба? – Танымай қалдың-ау, Айна­гүл! – Неге? Қалайша? Неге? Сенбеймін! Жо-жоқ! Бейшен...» Музыкант жаны қиын. Мінезі де аумалы-төкпелі. Кейде ол жауар бұлт­тай түнереді, кейде оның дар­қан көңілі керімсал көктем­дей. Бірде ол кінәмшіл. Нәзік, осал... Жас баладай өкпелегіш... Кейде қатал, сонда жібітіп көр оны. Ал жадырап, тасып кетсе оның көл-көсір қуаны­шы арналы дария... Жұрт не десе, о десін, Айнагүл Бейшенді сүйді. Оның әні мен жанын сүйді. Қашан да өзіне күш-қуат беретін Полонезді сүйді. Оның тіршілік деп соққан ізгіліктен жаралған жүрегін сүйді. Бейшен де Айнагүлді мүлде ессіз құшып-сүйді... Бейшеннің мына бір әні Ай­на­гүлге арналғандай. Оған ғана сыр шерткендей. Айнагүл сол әнге құ­мар, ынтық! Бейшен­нің арманы бұл! Бәрін сезеді қыз, сезеді де соған мәз-мейрам! Ол әнді естігенде елтіп, еріп отырады. Бірі-біріне сү­йеніп, бір ағаштың егіз бұтағындай өмір арнасын бірге кешсе, одан артық бақыт, одан артық тілек бар ма?!. Бейшеннің әні соны көксеп тұрған жоқ па?!. * * * Ақ пен қараның, зұлымдық пен мейірімнің қатарласа жүре­тіні несі екен?! Сондай жағдайға тап бол­ды... Оңашада зорламақ болған Өмір­құлға күкірт қышқы­лын ша­шып... бір көзін соқыр етіп... үш жыл­ға бас еркінен ай­рыл­ды Айна­гүл... Бейшен қалды еш нәрсеге түсінбей дал болып... Арада үш жыл өтті. Түр­меден шы­­ғарда Бейшенге жолдаған ха­ты сиямен емес, көз жасымен жазылды. Бұл азап пен қасіретке толы хат болды. Бейшен байғұс қанша хат жазды десеңізші! Бәрін де жауапсыз қал­дырған... Ойлап-ойлап Бейшенге бар­майтын бол­ды. Осы алыста­ғаным – алыс­та­ған деп шешті... Сөй­­тіп ендігі өміріне қаяу түсірмей дұрыс­тап тірлік жа­сайын деген ақ ниеті «Қа­дам­жай» ауылынан бір-ақ шы­ғар­ды... Ем­ханаға дәрігер болып орна­ласты. Осында Асқар сынды асыл аға­сымен танысты. Бар екен-ау жақ­сы жандар! Қайырымдылық қашан да ізгілікке жаны құмар адамның қолынан келетініне көзі анық жетті. Айнагүл олардың аялы жан жүрегінің алдында басын иді!.. Дүние неткен кең еді! Дүние неткен жарық еді!.. Иә, Бейшеннен қанша қашықтаса да, арада бірнеше жыл өтсе де ұмыта алма­ды. Қанша қаталдық етіп, қиып жіберсе де, Бейшеннен алыс­тау мүмкін еместей. Радиодан Бей­шен­нің әндері берілген кезде бар сабырдан айрылады. Мең-зең бо­лып отырып қалады. Ал Асқар адам­гершілік танытуда. Онда дә­рі­­гердің терең сезімді жаны бар. Айнагүл Бейшен мен Асқарды салыстырады. Екеуінің тек есімдері өзге дегені болмаса, екеуінің де жаны да, ізгілігі де бір. Бейшен уыттылау, Асқар ба­рынша тұйық та сабырлы. Соңы­нан білді. Дәрігер Асқардың әйелі қайтыс болыпты. Баласы бар. Ол әлі кішкентай. Ал Асқар ұлына ана­сының қазасы туралы айт­пап­ты. «Келеді», деп алдайды екен: Періште сәби соған сенеді! Күнде күтеді анасын! Терезеден тысқа сағаттап қарап тұрады. Бір күні Асқар Ошқа жүрмекші болып, ауруханада жатқан кішкентай Ма­рат­қа Айнагүлдің мүмкіндігі болса, барып тұруын өтінді. Асқар мен Айнагүл палатаға енгенде тұлымы желкілдеген қара домалақ бала терезеге жармасып сыртқа қарап тұр екен. Бұлардың аяқ тықырларын естіп, жалт бұ­рылды. Басында көзі бақырайып Айнагүлге қарап тұрды-тұрды да: «Мама! Ма-ма-ма-а!» деп айқай­лап, алақайлап жүгірді. «...Бүлдіршіннің шырқыраған ащы да өткір дауысынан екі құлағым тұнып, бітті де қалды. Әп-сәтте не пәле болып кеткенін, өзімнің не күйге түскенімді білмей есім шықты. Кішкентай құ­ша­ғын жая балапанша желкілдеп тұра ұмтылған бала сол бетімен жүгіріп келген бойда бауырыма кірді де кетті. Бетімнен, алқы­мым­нан, тамағымнан шөпілдете сүйіп, булыға жылап, маңдайын төсіме басып мені тырп еткізбеді: Ой, жалған-ай, бұл не тағы, не айдап әкеліп еді? Мына бір бөтен бала неге мама деп аймалайды? Білмеймін. Жүрегім әлде жа­рыл­ды, әлде өртенді, әлде тілініп кетті. Тұла бойымды алаулата жандырып жатқан ыстық қан да тасыды. О, тоба, жаным елжіреп бауырыма тығылған балдырғанды мейірлене құша түскенімді өзім де байқамай қалдым. Бұл не құдірет? Бұл не сиқыр! Әлде жақсылық? Әлде қырсық? – Мама! Кетпе! Папа!.. – деп Марат ыстық жас жуған албы­ра­ған алма бетін бетіме құшырлана басқанда мен дегбір дегеніңізден айырылдым. Баланың дегеніне көне бердім. Ол мені жеңе берді. «Мама» деген сөзі-ақ есімді тандырды...» Ақыры Марат «мамалап» жү­ріп Айнагүл мен Асқарды қосты... Иә, өмір қандай қиын, күрделі. Асқардың үйіне келгенімен, өзін бақытты санап жүрсе де бар ниеті Бейшенде. Ұмытайын деп серт ет­­кенімен, ұмыта алар емес. Көзі­нің қарашығындай қастерле­ген ақ махаббатын талақ етіп безінгені, бекер ме қалай?! Арман жібі үзі­л­ме­гендей, үміті де таусыл­маған­дай... Ақыры бар сырын айтты. Асқар Айнагүл басындағы өкі­нішті хикаяны толық білді. Не десін? Тыңдағанмен ештеңе демеді. Сыр сақтауға берік кісі ғой. Іші өртеніп жатса да үндеген жоқ... Айнагүл бір күні кішкентай ұлды жетектеп келе жатып Бейшенмен ұшырасып қалды. Экска­ватор қазған орға тақап, құлауға шақ қалған Бейшенді жүгіріп барып қолтығынан демеп ұстай алды. Марат екеуі оны үйіне дейін шығарып салды. Осы кездесу Айнагүлдің жан дүниесін астаң-кестең етті! Ол Бейшенді аяды... сағынды... жылады... « ... Рыбачьеге осы күздің ба­сында ауысып келгенбіз. Асқар қа­лалық емханада екінші бөлім­шенің меңгерушісі, мен де осында дәрі­гермін. Бірінші терапия бө­лім­шесіндемін. Маратты келген бойда бақшаға орналастырдық. Осын­да келгелі біраз уақыт болса да Фрунзеде Бейшенмен кездескен күннен бергі жүдеу көңілім құла­зыған осынау қоңыр күздей. Бейшенмен ұшыраспағаным жақсы-ақ еді. Енді-енді аузы бітіп келе жатқан жан жарасын қоздырды да жіберді. Айыға қоймаған осы көңіл­сіздік аз болғандай бір күн түскі тамақ үстінде қолымнан кесемді түсіріп алдым. Асқар оған көңіл де бөлген жоқ. Түк көрмегендей оты­ра берді. «Полонез!» Радиода «По­л­онездің» әрі сырлы, әрі мұң­лы, әрі отты әуені төгіліп барады. Далада ұйтқып жел көтерілді. Дауыл бас­талды. Майда қиыр­шық тастар терезеге шарт-шұрт тиіп жатыр. Өмірімнің соңғы сәтіне дейін жасымды ағызып, менің ең тәтті күндерімді әр кез көз алдыма жарқ еткізетін сүйік­тім­нің жаны ынты­зар осы полонезі жүрегімді суырып қолқама бір-ақ әкелді. Әлі де осал ма едім? Төзе алмағаным қалай? Асқар мәңгіріп, міз бақпады. Шай де ішілмеді. Шылымды сирек тартатын адам енді көк түтіннің астында көрінбей қалды. «Полонез» шорт үзілді. Асқар тыс­қа шыға жөнелді. Үйдің төбе­сі солқылдап, тасырлап кетті. Әл­де пештің мұржасы құлады. О, ға­жап, «Полонез» қайта шалқыды... «Полонез!» Бейшен! Екеуінің де ыстығы-ай! Дүниенің әлегін аспанға шы­ғара шайқап-шайқап өткен дауыл ішін тартып, лып басыла қойды. «Полонез» де бітті. Өзімнен өзім селк ете түстім. Тағы лағып, құла­зып кетіппін. «Мараттың киімдерін жел ұшырып әкетті-ау... Қап...» Далаға шықтым... О, сұмдық! Мынау Асқар ма? Ол үйдің төбесінде неғып отыр? Мұнысы несі? Асқардың шашы қобырап бетін жапқан. Шыққыр көзім енді көрді. Жаным мұрнымның ұшына бір-ақ келді. Денем аяз сорғандай суып жү­ре берді. Үзілген сымның екі ұшын күшпен түйістіріп, тістене сіресіп отыр. Асқар сым­ды солай кере тартқан күйі тапжылар емес. Кеудесінде жан бар ма, жоқ па? Ток соғып, осылай қатып қал­ған­нан сау ма өзі? Ой, жасаған-ай... Радиосы құрғыр қақсап тұр... – Асқар! – деп айқай салдым. Маған жалт қараған Асқар ұшып түрегеліп сымның екі ұшын екі жаққа бар пәрменімен сілке лақтырып жіберді. Үйдің төбесін аяғымен оя жаздап дол­данып келіп қабырғаға сүйеулі тұрған сатыға да қарамай секіріп түсті. Маған қайырылып, назар салған да жоқ. Сол күйінген бетімен қақпаның есігін итере ашып кетті де қалды. Уһ... Болаттай адам төзе алмады. Морт опырылды. Асқар сол күні жұмыстан орал­­мады. Келесі күні де қайт­пады. Үшінші түнді де Марат екеуміз елегізіп өткіздік. Апта бойы екінші терапия бөлімшесінің түнгі кезекшілігін Асқардың жалғыз өзі атқарды. Бұл не деген азап десеңізші. Мен оған ешнәрсе дей ал­ма­дым. Артынан іздеу де салғам жоқ. Телефон да соқпадым. Ол да тым-тырыс. Бәрін түсініп жүр­ді. Осы халде оның мені көрмей-ақ қой­ғаны абзал. Мұн­дай жағдайда жеке-жеке болға­ны­мыз жақсы. Оның үйге қай­рыл­май жүргені де солай. Дүлей ашуды бұрқа­тып, топандатып жібермей солай тежейін дегені. Соның өзі оған ра­хат тыныш­тық. Соның өзі оның азамат­тығы. Тек ниетіміз суы­маса екен деп тілеймін. Асқар осы бір күндері дертпен қоса өзінің ғазиз басын тау­ға да, тасқа да еріксіз соғатын зұлым­дық­тың қыз­ғаныш деген кесепат­ты пәлесі­мен арпалы­сып бақты...» Ақыры Айнагүл Бейшенге кетті... * * * Ілекең толғана жүріп хи­каят­ты қағазға түсірді. Жазып болған соң беймаза сезім маза­лады. Жұртшылық оны композитор деп таниды. Газетте, Қа­зақ радио­сында істеп жүргенін біледі. Адамның жігерін құм қылатын, жынына тиетін бір психология: «Ой, Илья композитор ғой», дейді. Жазушы деп қабылда­май­ды, маңайлатқы­лары келмейді. Ол кезде композитормен қа­тар жүрген жігіттердің көп­ші­лігі «Жазушы» баспасына орна­ла­сып, бұрқыратып кітап жа­зып, жыл аралатып жинақтарын шы­ға­рып жатыр. Күні кеше әде­биеттен хабары болмаған, осы­ның қолынан бірдеңе келе ме, келмей ме деген біраз жігіттер қалың-қалың кітаптар жазуда. Со­ларды ойлайды... Ойлап-ой­лап, қой бұлар мені композитор деп әдебиеттің өрісіне қа­рай, әдебиеттің кеңістігіне қа­рай жо­лат­қысы келмесе, бұл кі­таптің тағдырын қырғыз аға­йын­дардан барып шешейін деген ойға тоқ­тады. Сөйтіп, қыр­ғыздарға бар­ды. Республикалық «Алатоо» жур­налында атақты жазушы Тө­ле­ген Қасымбеков бас редактор. Дәл сол кездерде Илья шы­ғарған «Даниярдың әнін» қыр­ғыз­дар шырқап жүр­ген. Олар қазақ тілін жақсы түсінеді. Тө­леген Қасым­беков қолжазбаны екі-үш күнде оқып шықты да, сол жерде Гүл­сайра Момынова­ның кү­йеуі, сын бөлі­­мінде істейтін Қы­лышбекке берді. Ол жі­гіттің тал­ғамы биік, қолжаз­баға қа­таң қа­райды. Оқы­ғаны мол, нақты сөй­лейтін жігіт. Сол тұста қазақ оқырман­дары Шыңғыс Айт­матовтың «Жә­ми­ла», «Шы­на­рым менің, шырай­лым менің» по­вестерін оқып, риза болып жүрген. – Шыңғыстың шығарма­лары­на қазақ оқырмандары сүйініп жатса, қырғыздардың да қуана қауышатын туындысы екен-ау, мына повесть – деді Қылышбек Төлегенге. – Ендігі сөз өзіңізде. Менің тарапымнан пікір білгіңіз келсе, бұл керемет дүние! – Енді «Алатоо» журналы­ның жауапты хатшысы Жәлел Садықов оқысын, – деді Төле­ген Қасымбеков. (Ақын Жәлел Садықов классикалық үлгімен «Манасты» трилогия-драма етіп жазған). Сол Садықов Ильяның повесін оқып шықты да: – Ғажап шығарма! – деді риза кейіпте. – Қырғызшаға аудару керек... Кім айналысады? Осы тұста Қылышбек: – Гүлсайраны пайдалансаң­дар­шы, – деді. – Өзі лирик әрі Ильяның мына шығармасы тұ­нып тұрған лирика... Сонымен «Қайта оралған ән» повесі жылдам аударылды. «Алатоо» журналына түгелімен басылды. Аудармашысы – Гүлсайра Момынова. Қырғыздардың арасында неше түрлі жазушылар бар, «Алатоо» журналына сырттан аудармалар көп басылады деген әңгі­ме шығып жатқан. Сол қаңқу сөз­ден жасқанды да, «Алатоо» жур­на­лы қырғыздың өз төл шығар­масын­дай авторы Илья Жаканов, «Ка­йыра таншыған обан» деп басты. Содан повесть журналда жа­рық көрді. Кейіннен «Жазушы» баспасында басылды. ... Міне, «Қайта оралған ән» повесінің тарихы осындай. Толымбек ӘБДІРАЙЫМ, жазушы. Астана.