Адам адам болғалы ұрпақ өсіріп, оны тәрбиелеу, білімді азамат ету жолында барлық қоғамның озық ойлы, зиялы адамдары қолынан келгенін істеп келеді. Өткен социалистік қоғамда коммунистік мораль мен Макаренконың бала тәрбиесі жөніндегі ілімін ұстандық. Оны күні-түні дәріптедік, нәтижесінде не таптық? Жалқау, жатып ішерлер азайды ма? Мойындасақ та, мойындамасақ та тап сол кезде жазылатын постулаттар: «іріп-шіріген», «құлағалы тұрған» капитализм қоғамы озық екеніне қазір көзіміз жетті. Сол қоғамның техникасын пайдалану арқылы біздің қаншалықты артта қалғанымызды сезіп отырмыз. Қазір қалай жұмыс істеу, қалай білім алу, жұрт қатарына ілесу – бізге, жастарымызға өте қиын тиюде. Нарық заңы, әсіресе, бәсекелестік заңы өте қатал екен. Ілесе алмасаң – құлдық дәрежесіне түсесің. Ол үшін бірінші, жастар білімді болу керек. Жаңа технологияны игеріп, оны алға қарай дамыта алуың қажет. Мысалы, теледидардағы хабарда Жапонияда өндірілген бір контейнердегі өнімнің құны біздің 400 вагон көмірдің сатылу бағасына тең екені айтылды. Ойлап көрейікші, жер астынан 400 вагонның әрқайсысына 50 тоннадан 20 000 тонна көмірді қазып шығарып, апарып сатқан мемлекет дами ма, жоқ әлде жылы, жарық бөлмеде өндірісін өркендеткен мемлекеттер дами ма? Бұл кімге де болса түсінікті жәйт. Мысалы, мұнайы, көмірі, астығы жоқ Финляндия, Жапония, Сингапур, Оңтүстік Корея сияқты мемлекеттердің білімді, еңбекшіл халқы озық технология арқасында жақсы өмір сүріп отыр.
Елбасы Н.Назарбаев осы мәселені шешуді өте зор талаппен зиялылар алдына қойып келеді. Елді индустрияландыру бойынша жүздеген серпінді жобалар қарастырылып, өндіріс орындары салынуда. Алды іске қосылып та жатыр. Сол зауыттарда қанша инженер, қанша технологтар жұмыс істеуі қажет. Бес-он жылдан соң ол заттар ескіріп қалуы заңды. Оны заман талабына сай жаңарту үшін көптеген интеллектуалды ресурстар қажет. Мықты білім осы жерде өз жемісін береді.
Президентіміз қазір мүмкін болған мәселенің барлығын істеуде. Жаңа мектептер, университеттер ашылып, «Болашақ» бағдарламасы жүзеге асуда. Дегенмен, жастарды оқуға ынталандыру, әсіресе, төменгі сыныптан бастап оқуға бейімдеу, білімге баулу ісі әлі де шешілмей келе жатқан проблема десек, қателеспейміз.
Қазіргі теледидар, компьютерлердің жақсылықтары бар. Бірақ, оқуға келтіретін кедергісі де жоқ емес. Әсіресе, төменгі сыныптарда оқитындар сабақтан келе сала тамағын ішіп отырып та теледидардан көз алмайды. Содан ұйқыға кеткенше көк сандық көреді. Тіпті далаға шығып ойнамайтын бала көбейіп барады. Далада ойнаған баланың денсаулығы жақсы болады. Ал «ноутбук» компьютер сатып алғандар тіпті «бақытты». Жоғары сынып оқушылары қолынан тастамай не түрлі фильмдер көреді. Ол фильмдерде әкесіне қарсы шыққан ұл, шешесінің бетінен алған қыз, мұғалімді мазақ еткен дөрекелік сияқты не сұмдықтар дәріптелуде. Бұл көрсетілімдер 15-20 жас аралығындағы жастарға ұнағанды қойып, миына «қона» қалады. Себебі, дәл осы жаста «тәйт» деген әке-шеше балаға ең «сүйкімсіз» адам болып көрінеді. Өйткені, олар дәл осы жаста ұл-қызға көп ескерту жасайды. Әрине, ол балам жаман болсын дегендік емес. Ал жастар «өзім білемін», «я свободный человек», «нең бар менде, өмір өзімдікі» деп қазаққа жат фильмдердегі пікірлерді «пір» тұтып жүріп, өмірлерін өткізіп алады. Ондайлар 25-35 жаста не оқу, не жұмыс жоқ, қатарынан қалып, әке-шешесін асырау былай тұрсын, өзі масыл болып қалады. Бұл мәселе өркениетті елдердің, әсіресе, дамып келе жатқан мемлекеттердің басты проблемасы бола бастады. Мұндай жағдайда балаларды оқуға қалай ынталандыруға болады? Міне, менің осы проблеманы дұрыс шешу жөнінде өз әдісімді ұсынып отырғаным сондықтан.
«Баланы жастан» дегендей, оқушыны бірінші сыныптан бастап «виртуальды», «рахат» өмірден бөліп алып, оқуға талаптандырудың жалғыз әдісі менің пайымдауынша, оқушыны бірінші сыныптан, студентті бірінші курстан бастап жақсы оқуға ұмтылдыру қажет. Ол қандай әдістемелер арқылы орындалады? Кеңес өкіметі кезінде октябрят, пионер ұйымдары жұмыс істеп, қабырға газеттері шығарылатын. Қайта құру кезінде не болғанын, қазір не болып жатқанын айтып уақыт алмайық. Әйтеуір, білім беру жүйесі, медицина саласы, реформадан реформаға ұшырауда. Несін жасырамыз, нәтижесі көңіл көншітпейді.
Иә, балаларды жас кезінен тәрбиелеудің маңызы өте зор. 5-10 жастағы кезімізде көргеніміз, естігеніміз, не істегеніміз әлі есімізде тайға таңба басқандай қалып қойған.
Менің ұсынып отырған әдістемем осы мәселені бүкіл білім беру жүйесінде түбегейлі шешуге болады деп айта аламын. Бұл әдіс менің зияткерлік меншігім деп жарияласам да артықтық етпес. Оқушыны оқуға ынталандыру, әсіресе, жас кезінде өте қарапайым әдіспен шешілетінін естен шығармау керек. Оқушыға «оқы, оқы және оқы» дейміз. Бірақ сөзге сай ештеме бермейміз. Аюды циркте билету үшін тәтті, атты жұмыста тулақ етіп алмау үшін сұлы береді. Тірі ағзаның барлық талабына сай бір қажеттілік керек. Бүкіл тіршілік қажеттілік пен бәсекелестіктен тұрады. Нарықтың екі заңы бар, ол алдымен ақша табу, одан соң қатарыңнан озу. Бұл – бәсекелестік. Сол үшін бала барлық тіршілік иесі сияқты кішкентайынан бастап өз «майданында» күресуі керек. Дәл солай болуға алғашқы кезде баулу бізге жүктелген. Осы идеяны жақтырамыз ба, жақтырмаймыз ба орындау ата-анаға міндет. Баланы жасынан бастап ақшаға, білімге, одан кейін оны іске жаратуға үйретуіміз керек. Басқасы бірте-бірте келе бастайды.
Менің жаңалық деп ашып отырған әдісім (ноу-хау) балаң оқу оқысын десең, оған еңбегіне қарай ақша төле. Бұл өте қарапайым және өте түсінікті әдіс. Мұны қазірдің өзінде әзіл-шынын араластырып, «Қайырбектің ноу-хоуы» деп жүргендер де бар. Осы әдісті қолдансақ, бір айдың, бір тоқсанның ішінде бүкіл мектеп, аудан, облыс көлемінде оқу сапасы бірден көтеріледі. Ойланып көріңіз, механизмін ұқсаңыз, көзіңіз бірден жетеді. Бұл әдіс былайша іске асады. Әр ата-ана баласымен, ол оқушы не студент болсын өзі демеуші ретінде келісім-шартқа отырады. Мысалы, мен төртінші сыныпта, екінші сыныпта, сегізінші сыныпта оқитын үш немереммен шартқа отырдым. Ол шартта қаралған басты мәселе, әр бес деген баға үшін елу теңге, төрттік баға үшін отыз теңге, үш деген баға үшін ештеңе төлемеуді міндетіме алып отырмын. Алған екілік үшін елу теңге шегеріледі. Сонымен 1 қыркүйектен 28 қазанға дейін екі ай көлемінде 4 сыныпта оқитын Нұрбек деген немеремнің ақшасын есептегенде 770 теңге болды. 28 қазаннан бастап келісім шартқа отырып, 30 қарашада 1 ай көлемінде тапқан ақшасын есептесек 800 теңгеге жетті. Яғни, ынтасы екі есе өсті, бестік баға көбейді.
Студент болсын, оқушы болсын ата-анасының қаржысы мол адамдар болса баласына оқу үшін әр бестік бағаға елу теңге емес, 500 теңге төлеуі де мүмкін ғой.
Әрбір жаңалық өмірге ену үшін көп қиындықтарға ұшырайтыны белгілі. Бірақ бұл ұсыныс ешбір кедергіге тап болмай, барлық жерге тарайтынына сенемін. Өйткені, баласын жақсы көрмейтін адамдар жоқ. Олар жақсы оқу үшін қолындағысын аямайтыны белгілі. Сөйтіп, мен ноу-хауымды алға тарттым, оны қабылдау-қабылдамау әркімнің өз еркі. Алға қойған мақсатым, тәуелсіз елдің ұл-қызын қай тәсілмен болса да білімді, білікті, саналы етіп өсіру. Ұрпағы мықты – ұлт мықты. Мықты ұрпақ тәрбиелеу, білім беру біздің мойнымыздағы бесбатпан жүк. Сол жүкті жеңілдетсем деген ниетімнен туған талабым қолдау тапса қане. Келісім-шартты оқырмандарға ұсынып отырмын.
Қайырбек ӘДІБАЕВ.
Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан қаласы.
* * *
КЕЛІСІМ-ШАРТ
Келісім-шарттың мақсаты оқушыны үздік оқуға жетелеу, келешекте жоғары оқу орнына түсетін білімді азамат етіп тәрбиелеу. Нарық заманында сөз бен үгіт мәнін жоғалтқандықтан өмір талабына байланысты әрбір әрекет өзінің материалдық мәнін көрсетуі керек. Былайша айтқанда, оқушы өз «еңбек ақысын» алуы керек. Жақсы оқыса ақшасы болады, оқымаса ақшасы жоқ немесе аз. Осы қағиданы басшылыққа алып, біздер келісім-шартқа отырдық.
Қаратал ауылының тұрғыны зейнеткер Қайырбек Әдібаев.
Екінші жақтан жақсы оқуға ұмтыламын деп уәде беретін Қаратал орта мектебінің 4 «б» сыныбының оқушысы Қайырбеков Нұрбек Ермекұлы мынаған келістік:
әр жетінің аяғында оқушы Нұрбек Қайырбеков
күнделігін атасы Қайырбек Әдібаевқа әкеліп көрсетеді, ол күнделікте бір жеті бойы әр пәннен алған бағасына қарай оқушы Нұрбектің есебіне төмендегідей тарифпен ақша «төлейді».
Әр бестік бағаға – елу теңге.
Әр төрттік бағаға – отыз теңге.
Үштік бағаға – жоқ.
Екі деген баға алып қалған жағдайда – жиналған ақшадан елу теңге шегеріледі.
Бұл тарифке еңбек, бейнелеу, дене тәрбиесі, ән-күй сынды сабақтары кірмейді. Ақша көлемі көрсетіліп, екі жақ қол қойып, Әдібаевтың үйінде сақталады.
Ақша көлемі 2000 теңге болғанда, оқушы оны өз қажетіне жұмсауға немесе банктен шот ашып, сонда аударуға құқылы. Бұл шараға оқушының демеушісі Қайырбектің және әке-шешесінің келісімі керек. Мектеп дирекциясы осы ұсынысты қолдайды және күнделікті нақты бағалардың мерзімінде қойылуын міндетіне алады.
Келісім-шарт үш дана жасалады, қолдары қойылады.
І данасы демеуші Әдібаевқа
ІІ данасы оқушы Нұрбекке
ІІІ данасы мектеп директоры Қ.Салаховқа, қолдары қойылып сақталады.
Баға есептеу шартқа қол қойылған уақыттан басталады.
Демеуші: Қ.Әдібаев.
Оқушы: Н.Қайырбеков.
Директор:Қ.Салахов.