Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат министрлігі , Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы.
* * *
ӨЗІ ӨЛГЕНМЕН, ӨЛЕҢІ ӨЛМЕЙДІ
Өтежан Нұрғалиев қазақтың өте сирек қайталанатын, талантты ақындарының бірі еді. Мен онымен университетте бірге оқыдым. Сөйтіп, Өтекеңнің жасы үлкенірек болса да, курстас құрбыластарының қатарында жүрдім. Талай рет жолсапарларға бірге шықтық. Қостанай облысында, одан Ақтөбенің Байғанин ауданында болатынбыз. Әдебиетке әркім әртүрлі келеді ғой, біреу жайлап, біртіндеп келеді, біреу бет қаратпай екпіндеп келеді. Ал Өтежан әдебиетке бірден қалыптасқан ақын болып келді. Ұмытпасам, алғашқы кітабына айтулы ақын Қуандық Шаңғытбаев алғысөз жазып, бата берді. Содан кейін бұл ақын әр жинақ сайын қарыштап өсумен болды. Оның «Соғыстың соңғы жазы» деген цикл өлеңдері өте бір өміршеңдігімен, өмір көріністерін берудегі шынайылығымен, поэтикалық орындау шеберлігімен құбылыс болды десем, қате айтпаспын. Бұл туралы Сағат Әшімбаев кезінде жақсы мақала жазғаны есімде. Өтекеңнің өзі мінезі кейде шәлкем-шалыстау, асаулау ақын болатын. Осы жағдайын мен түсінуші едім, өзі артықтау кетіп бара жатса, айтқанымды тыңдаушы еді. Бірімізді біріміз қатты сыйлайтынбыз. Маған арнап бір емес, бірнеше өлең де жазды. Күләш жеңгей екеуі қос аққудай жарасып, жұбын жазбай бірге жүргенде қызығатынбыз. Әйелі қайтыс болғаннан кейін Өтекең қатты жүдеп, қамығып, күйреп қалды. Күләштің қазасына көңіл айта барғанда: «Маған үй беріп, жағдайымды жасаған Иманғали Тасмағамбетов, ал мінезімді түсінген сенсің, Сәбит», деп айтқаны бар еді арқалы ақынның. Өтежандай үлкен ақынның өзі өлгенмен, өлеңі өлмейді. Ол қазақ әдебиетінен ойып тұрып орнын алған айтулы ақын. Қош бол, досым! Жатқан жерің жайлы болсын!Сәбит ДОСАНОВ, жазушы.
* * *
ҚОШ БОЛ, ДОС – ҚҰРДАС, ЗАМАНДАС
Түнделетіп Ғазизбек Тәшімбай: «Өтежаннан айырылып қалдық!» деп телефон соқты. Соның алдында ғана, төрт-бес күн бұрын сол Ғазизбек тағы да телефон соғып, бір кезде оқуға бірге түскен, ішінде Өтежан да бар, бір топ құрбы-құрдасының басын қосып, қонақасы бергелі жатқанын айтып, менің де бірге болуымды қалаған. Оның ойын құптай тұра, ниетін қолдай тұра мен әлдене себептен бара алмай қалғанмын. Енді міне, мына бір суық хабарды жеткізе тұрып сол Ғазизбек әлгі басқосуда Өтежанның өзгеден алабөтен аңқылдап, жарқылдап, өзінің ежелгі дағдысымен біреуді қағыта күліп, біреуді мысқылдай түсіп, аса бір ашық-жарқын көңілді отырғанын қоса айтты. Мені Өтежанның аяқ асты фәниден өтіп жүре бергені күйзелтеді. Ат жалы, түйе қомында ауызға сөз де түсе қоймайды екен. Әрбір ақын-жазушының болмыс-бітімі, тумыс-тұлғасы оның кітаптарынан айқын анық көрінеді ғой. Өтежанның да әр кітабынан оның жаңа бір қырын танып, тосын бір қылығына тәнті болатынбыз. Бірақ, адам мәңгі жасамайды, мәңгі жасайтын оның артында қалған асыл сөзі, айтулы еңбектері ғана. Кеше ғана дүрлігісіп, дуылдасып, дабырласып, бірге жүрген құрдасымызды қаншама қимағанымызбен, әлгі айтқан артында қалар мол мұрасы, олқы түскен көңілді орнықтырып отырарына сенеміз. Қош бол, қайран дос, құрдас-замандас, иманың кәміл болсын!Сәкен ИМАНАСОВ, ақын.
* * *
ҚАЗАҚТЫҢ ҚАРА НАРЫНДАЙ БОЗДАП ӨТКЕН АБЗАЛ ДОС ЕДІ
Әй, Өтежан досым, сен де өттің бе, жалғанның жарығынан! Көктемдегі қар суымен қарқын алған даланың ұлы өзені Жемнің ағысындай өлең өлкесіне желе жортып қосылғаның күні кеше еді-ау! Әдебиет атты мәңгі жасыл бақтың сазды үні бар санаулы сандуғашының бірегейі болғаның да ел есінде. Енді міне, арнасын бірнеше жерден буған Жем өзеніне ұқсап, тасуыңнан жаңылып, Жаратқанның аманатын өзіңе қарай бағыштап, бізге Жем, Сағыз бойының құтты жерлері мен елеулі ерлеріне сүйсіністен туған өлмес өлеңдеріңді ғана қалдырдың. Асанқайғы бабаң жырлаған, Махамбет пен Мұрат, Шернияз бабаларың басқан Жем, Сағыз елін екеуміз талай аралап, тарихи аңыздарының шәрбатын шабыттана сіміріп едік-ау! Енді сол далаң, Исатай мен Есет бабаларың отаршылдардың отты тасқынынан қорғаған қасиетті далаң сенің елге еркелей, тұрғыластарыңа ентелей барғаныңды көрмейтін болғаны қандай өкініш десеңші. Ертелеу кеткенің – өнерсүйер қауымның ырыздық, несібесін ортайтқаның. Бірақ, Алла ісіне амал не? Өнбейтінді өндірген, көнбейтінді көндірген Жаратқан Иемнің алдында иманың кәміл, топырағың торқа болсын, қазақтың қара нарындай боздап өткен абзал досым!..Құрал ТОҚМҰРЗИН, жазушы.