• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
11 Наурыз, 2016

Қорытынды 27 наурыздан кешіктірілмей анықталады

287 рет
көрсетілді

Кеше Орталық сайлау комиссиясының мүшелері Татьяна Охлопкова мен Марат Сәрсембаев дауыс беру күні exit poll жүргізу тәртібі туралы, сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлау бойынша дауыс беру тәртібі, орны және уақыты жөнінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне брифинг өткізді. Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Марат Сәрсембаевтың атап өткеніндей, «Сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 28-бабы 9-тармағына сәйкес сайлаумен байланысты қоғамдық пікірге сұрау caлу нәтижелерін жариялаған кезде, бұқаралық ақпарат құралдары сұрау салуды жүргiзген ұйымды, сұрау салуды жүргізуге тапсырыс берген және оның ақшасын төлеген адамдарды, сұрау салу жүргiзілген уақытты, ақпарат жинау әдiсiн, сұрау салудың нақты тұжырымын, сұралғандардың саны мен сұрау салу нәтижесінің қателiк коэффициентiн көрсетуге мiндеттi. «Бұқаралық ақпарат құралдарында дауыс беру күні алдындағы бес күн ішінде, яғни 15 нау­рыздан бастап және дауыс беру күні 20 наурызда қоғамдық пікірге сұрау салу нәтижелерiн, сайлау нәтижелерiнiң болжамын, сайлауға байланысты өзге де зерттеулердi жариялауға жол берілмейді. Сайлау күнi дауыс беруге арналған үй-жайда қоғамдық пiкiрге сұрау салуға тыйым салынады», – деді М.Сәрсембаев осы мәселе жөнінде. ОСК мүшесі, сондай-ақ, ҚХА сайлайтын депутаттарға дауыс беру қалай өтетініне де тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлау бойынша дауыс беру Ассамблея Кеңесінің хатына сәйкес Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясы өзінің жұмысын 21 наурыз күні сағат 08.00-де бастайтын болады. «Дауыс беруге арналған пункт Ассамблеяның сессиясы өтетін ғимаратта орналастырылады және сессия жұмысының басталуынан бір сағат бұрын, яғни сағат 07.00-де ашылады, – деді М.Сәрсембаев. – Дауыс беруге арналған пунктте ол ашылған сәттен бастап дауыс беру нәтижелері анықталғанға дейін халықаралық және қазақстандық байқаушылар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сонымен қатар, Ассамблея сайлайтын Мәжіліс депутаттығына кандидаттардың сенім білдірілген адамдары қатысуға құқылы». Ал Орталық сайлау комис­сия­сының мүшесі Т.Охлопкова дауыс берудің одан кейінгі үдері­сінен хабардар етті. Оның айтуын­ша, Ассамблеяның жұмысы­на оның мүшелерінің жалпы са­ны­ның үштен екі бөлігі қатысқан жағ­­дайда, ол өткізілген болып есеп­теледі. Бүгінгі күні Қазақ­стан халқы Ассамблеясының құра­мын­да 446 мүше бар. Сес­сияда Ас­тана қаласының қала­лық сайлау комиссиясының төраға­сы дауыс беруді өткізу тәрті­бін түсіндіргеннен кейін Ассам­блея мүшелерін дауыс беруге арнал­ған пунктке шақырады. «Сай­лау бюллетеніне Мәжіліс депутат­тығына тіркелген 9 канди­дат­тың барлығы енгізіледі, – деді ол әрі қарай. – Дауыс беруге арналған сайлау бюллетені Ассамблея мүшесіне сайлаушылар тізімінің негізінде оның жеке ба­сын куәландыратын құжатты ұсын­ғанда беріледі. Әр сайлаушы жеке өзі дауыс береді. Дауыс беру және дауыстарды санау аяқталғаннан кейін қалалық сайлау комиссиясы дауыс беру нәтижелері туралы хаттама жасап, қол қояды. Дауыс беруге қатысқан Ассамблея мүшелерінің 50 пайыздан жоғары дауысын жинаған кандидаттар сайланған болып есептеледі». Брифинг өткізуші ОСК мү­ше­лерінің баян еткеніндей, сессия қалалық сайлау комиссиясының төрағасы дауыс беру нәтижелері туралы хаттаманы жария еткен­нен соң жабылады. Қалалық сай­лау комиссиясының хаттама­сы Ортсайлаукомға сайлау өткен күннен екі күндік мерзімнен, яғни 22 нау­рыздан кешіктірілмей ұсынылады. Сайланған Мәжіліс депутаттарын тіркеуді Ортсайлауком жүзеге асырады. Ал Мәжіліс депутаттарын сайлаудың жалпы еліміз бойынша қорытындыларын Ортсайлауком 2016 жылғы 27 наурыздан кешіктірмей анықтайды, сайлау қорытындылары туралы хабар БАҚ-тарда 30 наурыздан кешіктірілмей жарияланады. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан».