• RUB:
    5.18
  • USD:
    481.19
  • EUR:
    538.45
Басты сайтқа өту
11 Наурыз, 2016

Шықпайды неге есімнен, осынау қайың мүсіні?

1258 рет
көрсетілді

Ақ қайың

(Бірінші түрі)

50-ші жылдардың ортасы. Адам жанын терең толғанысқа салатын романсты жиі-жиі тыңдау дағдыға айналды. Бізге ерекше бір құдірет боп көрінетін композиторлар Мұқан Төлебаевтың «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын», «Тос, мені, тос!», «Кестелі орамал», Қапан Мусиннің «Шолпаным», Мәкәлім Қойшыбаевтың «Құйқылжыр көңіл құсы шартарапқа», Сыдық Мұқамеджановтың «Жарқ етпес қара көңілім неғылса да», «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы», «Өзгеге көңілім тоярсың», «Есімде», Әбілахат Еспаевтың «Мен сәлем жазамын» деп аталатын романстары радиодан берілгенде қилы-қилы ойға салып, тіл жетпес тұңғиық сезімге бөлейтін-ді. Әсіресе, «Есімде» романсы: Алматының бозғылт тұман түнінде. Көп тұрып ек жасыл терек түбінде. Сүйемін деп асылып ең мойныма, Қайда, қайда сол минуттар бүгінде, – деп, жүрек қылын мамырлата шерткенде табиғаттың естен кетпес тұманды түнінде жасыл терекке сүйеніп тұрып, қапелімде көз жазып қалған сүйіктісін сарыла еске түсірген махаб­бат мұңлығы дәйім көз алдымнан кет­пейтін еді. Сондай сәттерде сурет салатыным бар. Қалай әсерленсем де бейнелеген суретім жа­пы­рағы сарғая сиреген қайың боп шығады. Ал бір күндері сол ақ қайың әуез боп тербейін деді... Бірде сурет салатын әдетім елеңдетіп, көркемсурет галереясында бір суретшінің көрмесін көрдім. Суретшінің фамилиясы – Храпковский. Өзіме таныс есім. «Бұл кісі қайдан жүр, мұнда?» деп ойлана қалдым. «Карагачи исполины» деген картинасына ұз-а-ақ қарадым. Қоңыр күз... әбден қартайған қара ағаш. Кешегі желкілдеген желегі жоқ. Бар көркінен жұрдай боп айырылған. Бір қаусаған қария секілді... Сол күннен бастап галереяға да жиі келіп жүрдім. Сондай күндердің бірінде тағы бір көрмені тамашалап тұрғанда ақ қайың бейнеленген алтын күзге сұқтанғаным сондай, оған да ұз-а-а-қ қарадым. Менімен қатар тұрған ұзын бойлы ақсары кісі маған жалт бұрылып: – Ты мой мальчик, откуда... какими судьбами, – дегені. Мен сасқалақтап, не дерімді білмей, қымсынып тұрып қалып едім, ол кісі: – Я здесь... в городе, – деді. Таныдым. Шолақтаудағы (Жамбыл облысы, қазіргі Қаратау қаласы) Сталин атындағы мектептің оныншы класында оқып жүрген кезімде мені суретке баулыған Михаил Борисович Храпковский есімді ленинградтық суретші. Әңгімелесе келе білгенім, Храпковский (бұл кісі 1952-1953 жылдары саяси көзқарасы үшін Ленинградтан Қазақстанға жер аударылған. Жамбыл облысының Сарысу, Талас аудандарында мектептерде сурет сабағынан дәріс беріп жүрген. Одан Алматыға қоныс аударыпты. Кезінде «Крокодил» журналына суреттері жиі-жиі шыққан белгілі суретші. Бұл кісіні менімен оныншы класта бірге оқыған бүгінгі көрнекті ғалым, мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбеков те біледі. Біз екеуіміз мектепте қабырға газетін шығаратын едік. Мырзатай мақаласын, өлеңін жазып, мен суретін саламын. Ол суретімді осы Храпковскийге көрсетіп алушы едім. И.Ж.) Алматыға келіпті, осы көркем сурет галереясында суретпен айналысатын жастарға үйірме ашып, дәріс беріп жүр екен. Осы жүздесуден кейін мен бұл үйірменің бір мүшесі ретінде Храпковскийден дәріс ала бастадым. Осы галереяда алғаш рет көрген әлгі бір ақ қайың бейнеленген картина есімнен шықпай, толғандыра берді. Храпковский мені бірден майлы бояумен табиғат көрінісін салуға машықтырды. Ол кездерде қазіргідей холст табу қиын, ол бар болса да алатын ақшамыз жоқ. Біз суретімізді шағын размерлі картонға лайықтап салдық. Менің айналдыра беретінім- ақ қайың бейнесі. Ол бір шексіз толғаныс. Күз түсті... Күз... алтын жапырағы сирей бастаған қайың... міне, оған ойлана қарай беру күндердің күнінде жүрегімде ұйып жүрген бір әуездің лебін анық сездірді. Бұл құбылысты бірге оқитын досым Өмірзақ Айтбаевқа аян еттім. Оны сырлы сезімді әнші қыз Батыршаева Әуеске де ыңылдап айтып бердім. Екеуі әндеткенде бірге оқитын Ізтай Есқалиев, Қайрат Қасымов бірі домбырамен, бірі мандолинмен қосыла кетеді. Жаңа ән құрбы-құрдастарды қызықтыра еліктірді. Мен осы бір кездерде ептеп Өмірзақтың мандолинін үйреніп алып едім. Көкейдегі әнім мандолинге жып-жинақы боп қона кетті. Мандолинді сыздықтата шерткен сайын әннің көркі, келбеті, құрылысы ап-анық көрінді. Әдеттегіше жатақханада әндетіп отырған бір кеште Өмірзақ: – Бұл әндегі лирикалық толғаныс романсқа қарай тарта береді. Дәстүрлі әннің үлгісімен шыққан «Салтанатыңның» болмысына мүлде қарама-қарсы ән. Енді, бұл әнді не деп атадың? – деді. Бұл сауалға кілт ойлана қалып, көз алдыма әлгі бір ақ қайың бейнеленген картина елес беріп, одан жазда Арқада жұмыс істеп жүргенде жасыл далада көрген қайыңдар да таңғалдырғандай боп, сәл бөгеліп отырып: – «Ақ қайың» деп атадым, – дедім. «Салтанат» секілді бұл ән де осылайша сөзсіз шықты. Әнді айтқан сайын оның не дейтіні, иә, мән-мазмұны, ішкі сыры ап-анық айқындалды. Өмірзақтың сезгеніндей, романстық, элегиялық толғаныс екен. Енді оған лайықты сөз керек. «Сөз жазатын ақын кім болуға тиіс?» деп біраз ойланумен жүрдік. Сол кездерде журналистика бөлімінде оқитын Нұртай Айдаров дейтін жігіт жаңа әнімізді тыңдап, оған құлай берілді. (Ол өзі Жамбыл облысы, Талас ауданынан еді). Нұртай ақын еді, «Қадыр Мырзалиев досым ғой» деп мақтанатын-ды. «Лениншіл жас» газетінде бірді-екілі өлеңі де жарияланған-ды. Осы Нұртай екі-үш күнде: Нұрына айдың тосып бір жүзін, Ақ қайың сыртта қалғиды баяу. Тек қана менің ілінбей көзім, Жатырмын жалғыз, жатырмын ояу. Жатырмын жалғыз, жатырмын ояу, Ақ қайың сыртта қалғиды баяу. Жатырмын ояу, бейнеңе қарап, Япырай, сәулем, ай ма едің нұрлы. Мөлтілдеп жерге көз жасым тамад, Сағыныш па екен, әлде бір сырлы. Жатырмын жалғыз, жатырмын ояу, Ақ қайың сыртта қалғиды баяу, – деп сөзін тез жаза қойды. Мен өлеңді Өмірзақ пен Әуеске оқып беріп едім, олар пәлен, деп ешнәрсе айтпады, «осы сөзбен айта берейік», деді. Студенттер «Ақ қайыңды» сабақтан бос демалыс сәтінде, жатақхананың қоңырқай бөлмесінде, ойын-сауық кештерінде осы сөзбен мүлгіп отырып айтуды дағдыға айналдырды. Ән біраз айтыла-айтыла әбден көңілге қонды-ау, дегенде композитор Әбілахат Еспаевқа көрсетіп, нотаға түсірттім. Көп сөзге жоқ Еспаев өзінің байсалды қалпымен: «Орыстың қалалық романстары секілді ме, қалай?» деп жымиды да қойды. * * * Көп ұзамай «Ақ қайың» ЖенПИ-дің сту­денті Сәжида Ахметованың орындауында радиоға қабылданды. Сәжида ол күндерде ком­позиторлардың лирикалық әндерін радиоға жиі жаздыратын-ды. Үні сырлы… элегиялық әндерді мөлдірете айтатын-ды. «Ақ қайың» да жастар арасына тез тарады. Жасы үлкен болса да біздің филфакта оқитын Тұрсынхан Әбдірахманова «Ақ қайыңды» өзінің кең тынысты, жарқын да сұлу үнімен халық әні секілді етіп, жеріне жеткізе нәзік жүректің сыршыл сезімімен өбектеді. Тұрсынхан апай лирик ақын еді, оған өзінше сөз жазып та айтып жүрді. «Ақ қайыңды» елдегі әншілер де айта бастады. Ал бір күндері Өмірзақ Айтбаев жетекшілік ететін біздің жұпыны ғана хорымыздың орындауында «Ақ қайың» Мәскеу радиосынан берілді. Мұны ұйымдастырған қазақ радиосы музыка редакциясының сол кездегі аға редакторы, кешегі бір күндері Қазақ ССР Мәдениет министрі болған абзал аға Жексембек Еркімбеков еді. Осы бір қуанышты сәт қалай ұмытылады?! «Ақ қайың» осылайша өріс жая бастады. * * * Арада біраз уақыт өтті. «Қазақстан пионері» газетінде істеп жүрген кезім, 1959 жыл. Бір күні мені «Мәдениет және тұрмыс» журналының әдеби қызметкері Сағи Жиенбаев шақырып алып, жібектей сызылып сөйлейтін әдеті, ағынан жарылған ақкөңіл ақынның кінәратсыз сезімімен мөлдірете суреттеп, «Ақ қайыңға» деген ынта-ықыласын жайып салды. Журналға жариялайтынын айтты. Мен келістім. Бірақ, Сағи сөзін жақтыра қоймады. «Мұңды. Ептеп жеңілдету керек. Шуақты лиризм жетіспей жатыр», деп отырып алды. Мен күмілжіп, қобалжыдым. Сағи маған күлімсірей үйіріліп: «Осы әнді шығарғанда көз алдыңда қандай көрініс тұрады?» деді. Мен: «Алтын күз... ақ қайың. Дәйім қиял құшағында жүретін аңсаулы жас жігіт. Күз келген сайын өзіне таныс ақ қайыңның саясында бір бақытты сәттерін еске алып, қапелімде көз жазып қалған сүйіктісін аңсап, сарғая сағынады» дедім. Сағи ұзақ ойланды. Бір кезде: «Жоқ, сөзін бәрібір өңдеу керек», деді. Амалсыз көндім. Сағи өңдеді. Журналдың соңғы ішкі бетіне ақ қайыңның түбінде ойға батқан жас қыздың суреті салынып, әннің нотасы берілді. Сағи ән сөзінің бірінші жолын: Алтын ай көкте күлімдейді әні, Ақ қайың сыртта қалғиды баяу, деп өзгертіпті. Кейін кейбір әншілер осы сөзбен орындап жүрді. Бәрібір бұл өлең көкейіме қонбады.Жеңілдетіп алдым. Екі өлеңнің ортасында ойым сан-саққа жүгірді. * * * 1963 жыл. Қыркүйек айының тамылжыған бір шуақты күні радиода мынадай бір оқыс кездесу болды: қазақтың «Левитаны» – атақты диктор Әнуарбек Байжанбаев, қасында Мұқағали бар (Мұқағали ертеректе осы Байжанбаевтың шәкірті ретінде 1957 жылы радиода диктор болып істеген-ді. И.Ж.), концерттік студияның алдында: «О, Илья!» деп мені айналып-толғанып: – Әй, Мұқағали, бері кел, бері... іздеген Ильяң, міне, – деді. Мұқағали үстінде ақсұр костюмі, мол денесі­мен қауқалақтап кеп, мені емірене құшақтай алды да: – Радиодан сенің «Аппассионата», «Айлы соната» деген екі новеллаңды тыңдадым. Оны мына Ән-ағаң қалай балбыратты дейсің. Ал, менің де сол «Аппассионатаны» поэма етіп жазғаным есіңде болар. Екеумізді құдіретті Бетховен осылайша табыстырды. Енді сенің «Ақ қайың», «Жалғыз қайық» дейтін әндерің бізді тереңірек таныстыратын шығар. Сенің осы әндеріңе ешбір әнді теңгермеймін. Бәлкім, бұл асылық сөз де болар, бірақ, шындығы сол. Жүрегімді ләззәтті сезіммен тербейді де жүреді. Бір тылсым табиғаттың ішіне енем. Дүн-дүниені ұйытады осы екі ән. Е, ұмытып барады екем, Әбілахат Еспаевтың «Әлі есімде» әні де осылай тебірентеді. Өз өмірімдегі ұмыт болды-ау дейтін қай-қайдағы бір сырларды қозғайды, екі әніңмен кәдімгідей адамша тілдесіп, өзгеше бір хал кешем. Сондай сәтте өзіңді ойлаймын. Көптен бері өзіңмен жүздесу көкейімде жүрген бір түйткіл еді, міне, кездестік... түс болды, Ән-ағаң үшеуіміз ресторанға барайық. Бір-екі сағат отырып әңгімелесейік» – деді. Біз жаяу аяңдап «Динамо» стадионының қасындағы «Есік» ресторанына келіп, тамақ іштік. Мұқағали ә дегеннен «Ақ қайың» әнінің жай-жапсарын сұрады. Түскі астан кейін Байжанбаев жұмысқа кетті де, Мұқағали екеуіміз рестораннан шықтық. Мұқағали ойланып тұрып: – «Ақ қайың»... «Жалғыз қайық»... осы екі ән... қалай тыңдасақ екен? – деп, жан-жағына алаңдап, дегбірі қашты. Мен көңіл дітін түсіндім де: – Мұқа, біздің үйге барайық, осы жерден онша алыс емес, – дедім. Дастарқан басында әрқилы әңгіме қозғалды. «Ақ қайыңды» ыңылдап әндеттім. Сөз арасында мен жазушы Нәсіреддин Сералиевтің осы ән лейтмотив болған «Ақ қайың» повесін айттым. Қызылорда қаласында тұратын мүгедек ақын Зейнолла Шүкіров осы повесті сүйсіне оқып, қатты тебіреніп, телефон арқылы: – «Ақ қайың» әні өмірден үміт үздірмейтін ән екен – деп еді, оны да айттым. Ғұмыр бойы қарға адым жер жүруі мұң болып, шер күйігін тартқан сол Шүкіровтің осы ән үшін менімен танысам деп, пойызбен Алматыға келгенінде оны ақын Әнуарбек Дүйсенбиев екеуміздің қарсы алғанымызды да айтып өттім. Мұқағали осы сырдың бәрін балконмен таласа өскен жалғыз қайыңға жалт-жалт қарап отырып ыждағатпен тыңдады. Сосын ол: «Мен Нәсіреддиннің ол повесін оқығам жоқ. Ол өзі жаны нәзік лирик жазушы ғой. Кейбір әңгімелерін оқығаным да бар. Мені осы бір күндері «Ақ қайың», «Жалғыз қайық» әні толқытып жүргенде ол повесті оқымағаным да дұрыс шығар. Біреудің сүрлеуіне, басқа бір шығарманың сарынына, әуеніне түскім келмейді. Өз ойым, өз түйсігіммен жүргенім жақсы. Енді, Илья, осы екі әнді ақырын ғана орында, – деді. «Аккорд» деген жап-жаңа пианиномыз бар еді, клавиштарын жайлап басып, «Ақ қайыңды» жарты дауыспен айта бастадым. Бір шумағын ғана. Іле «Жалғыз қайықты» әндеттім. Мұқағали ойға шомған күйі: – Музыкамен де сурет салуға бола ма, құдай-ау?! – деді. – Мұқа, живопись – үнсіз поэзия, деген сөз де бар ғой, – дедім. – Мұқағали: – иә... иә, – деп бас изеді. Ой тұна қалған екі көзі ымырттай үйіріліп, екі әннің жазылу хикаясын тағы да қайта-қайта сұрады. Бәрін қаз-қалпында айтып бердім. * * * Біздің үйдегі осы әңгімеден кейін оншақты күн өтті ме, өтпеді ме, Мұқағали бір жолы радио­ға келді. Әртүрлі әншілердің орындауында «Ақ қайыңды» тыңдады. Сол күні түс мезгілінде мені Сейфуллин мен Құрманғазы көшесінің қиылы­сындағы үйіне (Бұл үй – жазушылардың үйі – И.Ж.) ертіп келіп, оңаша отырып, «Ақ қайың әні» деп аталатын жаңа поэмасын оқыды. ...Жоғалып махаббатым, барша тілек, Отырдым ақ қайыңға арқа тіреп. ...Ақ қайың, арман қайың, амалым не, Аяңда талай-талай бал татып ек. Ақ қайың, сырлы қайың, арман қайың, Ақ қайың, арман қайың, тарлан қайың! ...Артына композитор қарай берді, Асылы сенде бұғып қалғандайын. Ақ қайың, арман қайың, ару қайың, Саяңда сауық дайын, дамыл дайын. Бағдаттың жүрегінде ән болып қал, Ақ қайың, бала-қайың, Бану – қайың! Махаббат, о, махаббат салауатты! Сені адам өміріне бағалапты. «Ақ қайың» деп күбірлеп Бағдат міне, Мың қайталап бір үнді бара жатты. Сабыр, сабыр, ей, Бағдат, қысылма құр, Әнің даяр қарындаш ұшында тұр. Мына күзде көз салшы жан-жағыңа, Әр теректен мың жүрек ұшып жатыр. Әніңді жаз, әнсіз жоқ дауылда күш, Жел ызыңдап әкетсін Бануға алыс. «Ақ қайыңды» эфирден ұстап алсын, Ауылда радиоқабылдағыш... – деп аһылаған, уһілеген үні жалын боп шарпыды. Поэма кейіпкері Бағдаттың бейнесінде өзімді көріп, іштей түйіле бергенімде Банудың бейнесіндегі сол қыз сол уылжыған қалпы емес, радиодан әнімді тыңдаған сайын баянсыз өмірі қажыта жүдеткен мүсәпір жанның өкінішті кейпінде елестеді. Поэма бір деммен буып, бәр-бәрін жаңғырта еске салып, осы суретті алға тартты: Түс мезгілі, жұбайлар отырысты, Тату-тәтті, «махаббат» оты күшті. Әзір ғана әсерлі қос жұбайға, Жайсыз жағдай тап болды өкінішті. Отырысты, әр неден сыр ақтарды, Бір-біріне жаудыртып сұрақтарды. Асан күліп, орнынан тұрды дағы, Радио құлағын бұрап қалды. Ендігі сыр кешкіге аман қалды, Жұбайлардың мылжыңы тәмамдалды. «Музыкасы: Мамыров Бағдаттікі, «Ақ қайың», – деп бір жаңа ән хабарланды. «Ақ қайың, сырлы қайың, арман қайың, Сырыңды айт, құр бекерге алданбайын. Айналып неге саған келе берем, Аяңда бір асылым қалғандайын... ...Бөлме ішінде баяулап қалқыды да, Ән тынды, сөнген шамдай шалқыды да. Банудың жанарынан жас парлады, Қолқа, жүрек тығылып алқымына. Жылауға да хақың бар, жыла, Бану, Жараңды жаза алса егер жылағаның. Махаббат тәттісіне тойдың дағы, Адастың, ащысына шыдамадың. Мен сені жұбатпаймын, жыла, Бану! Сен адал махаббатты күйеледің, Сен даяр махаббатқа ие ме едің? Аурумен арпалысып жатқанында, Бағдаттың басын неге сүйемедің? Шын сүйген шыр айналып кетпес еді, Керек етсе, ажалмен шектеседі. Асықпа әлі, «Ақ қайың» қайда жүрсең, Арыңның алдына кеп беттеседі. Тұла бойында шабыт қызуы басыла қоймаған Мұқағали орнына кеп отырды. Әлденені есіне түсірді ме, ащы мысқылмен мырс етіп: – Міне, ...жеті-сегіз бетке басылған поэма... «Неге умаждалған бүйтіп?» деп сұрашы, – деді, басын қайта-қайта шайқап, – «Лениншіл жас» газетіне апардым. Бір қызметкері ...тағы біреулері қызыға оқыды. «Басамыз» деп алып қалды. Біраз уақыт өтті. Хабар-ошарсыз дағдардым. Газетті күнде қараймын. Поэманың басылатын түрі жоқ. Ақыры редакцияға бардым. Әлгі әдеби қызметкер міңгірлеп: «Мына, «Ілия Жақановқа!» деген арнауыңызды алып тастасаңыз» деді. Жағдайды түсіне қойдым да бұрқ ете түсетін ашуымды зорға тежеп: «Немене, бұл поэма жариялану үшін Илья Жақанов Социалистік Еңбек Ері болу керек пе, әкел бері!» деп, аузыма басқа сөз түспей, әлгінің қолынан мына қағазды жұлып алдым. Умаждалған күйі қалтама салып, тартып отырдым. Дәйіс десе... Сөйтіп, «Ақ қайың әні» поэмасы ұзақ жылдар бойы баспа бетінде жарық көре алмай Мұқағалидың папкісінде булыққан күйі жата берді. * * * Мұқағалидың жас кезінде өз өмірінің және менің өмірімнің кейбір эпизодтары арқау болған «Ақ қайың әні» поэмасы кейін өзінің жинақтарында әлгі бір арнау сөзімен жарық көрді. Поэма Мұқағали екеуіміздің достығымызға дәнекер болды. * * * 1992 жылы маусым айында қасымда бел­гі­лі әншілер – Қажыбек Бекбосынов, Майра Ильясова бар, Мұқағалидың ауылы Нарын­қолдағы Қарасазға бардым. Ақынның туған-туыстары, көзкөргендерімен қауышып, көп жайға қанықтым. Сол бір естен кетпес жақсы күндерде Қарасу өзенінің жағасында Мұқағалидың өлеңі толқытып, «Бозқараған» әнін жаздым. Осы­лайша экспромтпен шыққан ән сол сәтінде халықтың жүрегіне жетті. Ән ақынның ауылында, Нарынқолда өткен кездесулерде Қажы­бек Бекбосыновтың орындауында керемет шырқалды. Біз қайтқанша Нарынқолдағы әнші жастар тез үйреніп ала қойып, бізді осы әнмен шығарып салды... * * * О бастан өз жүрегімнің дітіне дәл түспеген «Ақ қайыңның» сөзін жібектей есілген лирик ақын Сағи Жиенбаев бар жанын салып, қанша өңдесе де өз көңілімнен шыға қойған жоқ. Жылдар бойы соны ойлаумен сарылып жүрдім. Ал бір күні... ол – 1984 жылдың желтоқсан айы. Енді бір ай өткен соң Алматының «АХБК» сара­йында менің авторлық кешім өтуге тиіс. Біз соған дайындалып жаттық. Әндер іріктеле берді. Соның ішінде «Ақ қайың» Бибігүл Төлегенованың үлесіне тиді. Мен ұзақ жыл толғантып жүрген «Ақ қайыңның» сөзін өз көңіл дітіммен қайта жаңғыртып, жүрегімнің пернесін енді ғана дәл басқандай боп: Есіңде бар ма, осынау қайың, Сарғайып күзде тұрады дәйім. Дариға, сол бір арманды күндер, Елес пе еді, білмедім, айым, Қайың да жалғыз, жалғызбын мен де, Жұлдыздай алыс ұзадың сен де. Саған да ыстық осынау қайың, Ұмытқан жоқсың, білемін, айым. Сүйіскен жандар жат бола берсе, Осыдан артық болар ма, уайым. Қайың да жалғыз, жалғызбын мен де, Ғашық боп неге, өтеді пенде? – деп келетін осы екі шумақты қағаз бетіне түсірдім. 1984 жылдың қаңтар айының 19 жұл­дызында «АХБК» сарайында өткен сол концертте КСРО халық артисі Бибігүл Төлегенова рояль сүйемелімен «Ақ қайыңды» аңсаулы жүрек­тің ешуақытта суынбайтын лебімен аялап, сырлы сезіммен мөлдіретті. * * * Әр әннің тағдыры әрқилы... 1993 жылы қаңтар, ақпан айларында Қытайдың Шыңжаң өлкесінде болып, ондағы қазақтардың ән-күйін зерттедім. Қат-қабат жұмыстың арасында сол елге белгілі ақын Рахметолла Әпшенің үйінде қонақта болып, ұзақ жыл бойы гоминдан түрмесінде азап шеккен бұл бір ғазиз жанның әңгімелерін тыңдап, өз аузынан атақты Әсет әншінің белгісіз «Ардағын» жазып алдым. Әңгімеміз үйлескен бір қисынды сәтте Рахметолланың үйіндегі жеңгей «Ақ қайың» әнін орындауымды өтінді. Мен әнді домбырамен айтып бердім. Бұл ілтипатқа риза болған ақжарқын, байсалды жеңгей орнынан тұрып келді де: «Өзінен бұрын біздің елге әндері жеткен қайнымның маңдайынан бір иіскеп қояйыншы», деп өпкені де өмірімдегі бір ұмытылмайтын тебіреністі сәт. Кейін білдім, «Ақ қайың» әнін сонау 1959-1960 жылдары Алматыда оқып жүрген шыңжаңдық студенттер, ішінде бүгінгі көрнекті жазушы Қабдеш Жұмаділов бар, осы жастар алып барыпты, сол жаққа. Сол жылы маусым айында профессор Тұр­сынбек Кәкішевтің басқаруындағы (Әл-Фараби атындағы ұлттық университет) фольклорлық экспедиция құрамында Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында тұратын қазақтарды зерттегенімізде қай жерде болсақ та «Ақ қайың» әні алдымыздан шығып отырды.

«Ақ қайың» әнінің күндердің күнінде осылай өріс жаятыны қаперіме келді ме, менің? Ол менен ұзаңқырап кетіпті... Ақ қайың

(Екінші түрі)

Ақ қайың… Бұл бірінші «Ақ қайыңнан» бітімі мүлде бөлек романс. Мұқағали бірінші «Ақ қайыңды» біраз жерге жайыпты. Оны мен композитор Күнсайын Қуатбаевтан естідім. Күнсайынның айтуына қарағанда, Мұқағали «Ақ қайыңды» бір дулы отырыста өзінің мақпалдай жұмсақ үнімен балбырата орындапты. Шуылдасқан топ жым-жырт боп тына қалыпты. Солардың арасында ақын Әділбек Абайділданов ерекше толқып: «Ойпыр-ай, мына Илья, менің іште қоламта боп, булығып жатқан жан сырымды қайдан білген... кімнен естіген?» деп әнді Мұқағалиға қайта-қайта айтқызыпты. Осы жайды Әділбек өзінің жерлесі әлгі Күнсайынға айтпасы бар ма. Әділбек оған: «Ильямен таныс­тыр», депті. * * * Ақыры Күнсайын Әділбекпен екеуімізді таныс­тырды. Біз Максим Горький көшесінің бойындағы «АлаТау» ресторанында жүздестік. Бұл – 1958 жылдың кеш күзі. Әділбек адамды көрген сәтте-ақ үйіре жөнелетін жаз көңілді, нұрлы жүзді, кербез жігіт екен. Сөзіңді беріле тыңдайды. Музыкаға, жалпы өнер атаулыға эстеттік көзқарасы сондай жарқын, ой-өрісі кең, әр нені текке сөйлемейтін бір сыпа бітім. Әңгімеміз бірден үйлесе кетті. Тамақ үстінде Күнсайын қалтасынан екі бүктелген нота қағазын алды да, маған жымың етіп, «қазір» деді де, енді ғана келіп орындарына жайғаса бастаған музыканттарға барды. Барды да шет жақта отырған саксофонист жігіттің құлағына бірдеме деп сыбырлады, қолына ақша ұстатты. Анау елпеңдеп, қуана бас изеді. Өзгелері де бас изеп, қоштаған ыңғай білдірді. Содан он-он бес минуттан кейін әлгі саксофонист «Ақ қайыңды» ойнамасы бар ма! Саксофонның жарқын үні ғажап. Бірден баурады. Толқытты. Толғандырды. Мен саксофон үніне тебіреніп, іштей төгіліп отырдым. Күнсайын өзінің әзілқой мінезімен екі иығын қопаңдатып: – Дастарқан мәзірі сізден, музыка жағы бізден! – дейді. Біз бұған қарқылдап, күліп алдық. Күнсайын қолындағы рюмкесін кілкілдетіп, Әділбекке: – Сіздің құрметіңіз үшін! – деп иіле түйістірді. Әділбектің шуақты сезімі күлімдеген қоңыр көзінде лыпып тұрды. Әңгімеміздің ығытына орай еш тосырқау жоқ, өзін еркін сезініп, шешіле түсті. Бір кезде Әділбек бір сәт ойлана қалды да: Көмейде сөзім тұншығып, Таба алмай тұрмын амал мен. Қайың да тауға тұр шығып, Тыныстап жібек самалмен. Әлдебір нендей тың тыңдап, Сілтідей тынған тау іші. Көзінде жұлдыз жылтылдап, Барады өртеп сәулесі, – деп бір құштар сезімді өлеңін аспай-саспай, әр сөзі, әр иіріміне қоғадай иіліп, жұп-жұмсақ леппен қирағатын келтіріп, бірте-бірте жүзінен нұр төгілді, биязы үні жүрек қылын діріл қақтырды. Боз мұнарға бөккен тау іші; алтын жапырағы сусылдаған ақ қайың; көзінде «жұлдыз жылтылдаған» уыз ару; «көмейінде сөзі тұншығып» бірдеме деуге тілі күрмеліп, шарасыз халде тұрған құштар жігіт. Осы көрініс көз алдымда ғажап бір картина боп жайнады. Екі шумақ өлеңнің әр сөзінен әуез лебі мөлдіреді. Мен осы сезімге беріліп, қиял жетегінде отырғанда залға қымсына жалтақтап, бір-біріне бек жарасқан әп-әдемі қыз, жігіт кірді. Екеуі де ұяң. Мынадай ду-дуға әлі үйренбегені, жүздері дуылдап, жасқана ұялғаны бірден сезілді. Қос жанары құралайдың көзіндей жаутаңдаған қос бұрымды бұла қыз жас қайыңдай иіліп, жігітіне бірдеме деп сыбырлады. Жігіт жымия бас изеп, екеуі залдан шыға берді. Әділбек: – Қандай ибалы жастар... Қалқам-ай, ажарлы екен Айдан да әрің, Жүр екен алып-қашып қайда арманың? Жүрісің, үнің, сөзің – барлығы ерке, Жиғансың бір басыңа қайдан бәрін? – деп заматта нұрлы жүзі ду ете түсіп, екі көзі маздаған бір шоқ, қапелімде әлденеге қызыға сұқтанғандай романтикалық сезіммен сүйсіне толқыды. Қас-қағым сәттегі әсер. Шабыт экспромты. Әлгі еліктің лағындай үлпілдеген жап-жас қыздың зипа бойындағы кез келген жан сезе бермейтін тылсым сұлулықты ә дегеннен көре қалуы. О, бұл қандай... қандай ғана құштарлық! Әділбекттің жүрегі қандай жүрек... қандай жүрек... Өлеңдеріндегі жібектей есілген лиризмнің ыстық лебі жан шыдатпайды. Тыңдай бергің келеді… тыңдай бергің! Өз өлеңін оқуда Мұқағалидан кейін екінші рет таң-тамаша боп сүйсіне тыңдаған ақыным, міне, осы Әділбек Абайділданов! Кәусар жыры тау суындай ағылатын шалқар шабытты Ильяс Жансүгіровтің жерлес інісі! Әңгіме үстінде Әділбек толқыған күйі: – Илья, сен менің таусылмайтын… басылмайтын… дәйім аһ ұрғыза беретін арманымды жазыпсың, «Ақ қайың» әнінде. Мен сені, Мұқағали секілді, осы ән үшін іздедім. Таптым. Бұл менің беймаза өмірімнің бір бақытты күні. Қас-қағым сәттік бақыт та адамды бір ұшпаққа жеткізгендей болады ғой, – деді. Бұл сөзді мен үнсіз ғана тыңдадым. Жанына жақын жүретін Күнсайын да ойланып қалды. «Беймаза өмірімнің» деуінде не сыр бар? Біз іштей тосылдық. * * * Арада біраз уақыт өткенде Әділбек екеуіміз әлгі ресторанда тағы да кездестік. Осы жолы ол реңі өрт сөндірген жадау, екі жағы суалып, қос жанары шүңірейе тереңдеп, біртүрлі жүдеу көрінді. Бұрынғыдай желпініп, көтеріліп сөйлемеді. Үн-түнсіз түйіліп, қалтасынан бір бет қағаз алды да маған бере салды. Үш шумақ өлең. Оқыдым. Бірақ, басыма еш нәрсе кірмеді. Қобалжи аңырып, қайта оқыдым. Сонда да ой тоқтата алмадым. Менің іштей мазасыз күйге түскенімді сезді ме, Әділбек жай ғана енжар көңілмен: – Кейін көрерсің, – деді. Сөйтті де: – Мұқағали бұл өлеңді біледі. Көкейінде жүрген бір сырды қозғай ма, кім білсін, кездес­кен сайын тыңдайды да: «Осының өзімен де өмір сүру­ге болады», дейді. Кімнің жүрегі не деп соға­ды, қайдан білеміз оны? – деп көңілсіз ғана езу тартты. Рестораннан үн-түнсіз көңілсіз шықтық. * * * Соның ертеңінде мен кештетіп радионың концерттік залында өтетін әншілерімнің репетициясына келдім. Мен келісімен репетиция тез-тез бітті де әншілер мен концертмейстр жөн-жөніне кетіп қалды. Көрші кабинетте дәйім кеш қайтатын аға редактор Мақсұтбек Майшекин ақсақал жеке отырды. Мен рояльдан кеткім келмеді. Папкімде Әділбек берген өлең бар еді, соны алдым да түрегеп тұрған күйі рояль клавишін басып, жайлап қана импровизация жасадым. Бір шумақтың әуезі қайталана берді. Бір кезде сездім. Ойым ептеп айқындалайын деді. Сезім оты тұтана бастады. Шабыт қызуы білінді. Қиял дүниесі еліктірді. Мен ақ айдыны тұп-тұнық көлді, көл жағасында мұңды жандай басын иіп, мүлгіп тұрған жап-жас ақ қайыңды көрдім. Жүрегім сәл лүпілдеді. Сол көрініске таңырқай қараған күйі: Айнадай беті жап-жалтыр, Көгілдір көлдің жиегі, – деген екі жолды дірілдете толқытып: Жалғыз түп қайың ақ балтыр, Табанын толқын сүйеді, – деп іркіле тоқтай беріп, осы соңғы екі жол қайта қайырылғанда бірден шырқау шыңға шарықтап, қиялды әлде қайда әуелетіп әкетті. Ән әуезі бірдемнен құйылып түсті. Сол қалпында: Қайыңды желмен таранған, Төсінде тербеп су ұдай. Айнадан өзін қаранған, Ақ қайың бейне сұлудай, – деп екінші шумақты тамылжытып тұрып алды. Мен көл бетіндегі өз суретіне өзі мұңая телмір­ген уыз аруды ап-анық елестеттім. Оған мұң ұяла­ған көзі сүзіле қараған Әділбекті көрдім. Осы кезде ту сыртымнан аяқ тықыры естілді. Жалт қарап ем, орындыққа жайлап келіп отырған Майшекин екен. Ол кісі: «Айта бер», дегендей күлімсірей бас изеп, ишарат білдірді. Менің әніме бар жанымен берілген бір әулие кісі. Мен сол заматта күйдіріп-жандырған шабыт қызуы үстінде: Көңілге жылы несімен, Жырлайды нені құс үні. Шықпайды неге есімнен, Осынау қайың мүсіні? – деген шумақты аңсаулы көңілдің беймаза сезімімен, булықтырған үнмен уһілегендей зорға… зорға бітірдім. Майшекин орнынан тұрды да, қасыма келіп, рояльдың үстінде жатқан «Ақ қайың» деп аталатын осы үш шумақ өлеңді ұз-а-а-ақ оқыды. Оқыды да, өз-өзінен мақұл көргендей: – Бұл жаңа ән ғой, шамасы? – деді де: – Мұны тек… тек қана Бибігүлге беру керек! – деп маған ойлана қадалды. «Ақ қайың» романсы осылайша дүниеге келді. Оны Алтынбек Жаныбеков нотаға түсірді. Ол біраз уақыт папкімде қозғаусыз жатты. * * * Алтынбек бір аптадан кейін романстың аккомпономентін жазды. Оны біз өзінің сабағы үстінде Брусиловскийге көрсеттік. Алғашқыда онша шешілмей, салқын қабақ танытқан азулы профессор «Ақ қайыңды» Алтынбектің ойнауында екі рет тыңдағаннан кейін: «Великолепно!» деді. Сөйтті де: – Кең тынысты. Биік шырқалатын романс...мұны тенордан Бекен Жылысбаев қана, ал… колоратуралық сопранадан кім бар, бізде, а? Жаманова что ли? – деп ойлана мүдірді. «Жоқ» деді, ол, содан кейін үндемеді. Маған енді жылы сезіммен иіліп, «Желаю успеха, молодой человек», деді. * * * Бір күні Күнсайын мені желпілдете қолпаштап, Киров көшесінің бойындағы филармонияда дирижер Мәлгаждар Әубәкіровтің репетициясына алып келді. Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрінің кезекті әзірлігі екен. Мәлгаждар мен Күнсайын жерлес, менің де таныстығым бар. Сыйласпыз. Мәлгаждар лирикалық әндерді жақсы көреді. Мұқан Төлебаевтың «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» деп аталатын атақты романсына ешнәрсені теңгермей, оны талдай жөнелгенде терең білімді музыка теоретиктері сияқты, дәйекті сөздермен ойландыра мүлгітіп, буып тастайтын-ды. Ол романс жөнінде сырласқан әңгімеміз үйлесіп жүретін-ді. Енді, міне, мына репетиция кезінде тыңдағанымыз классикалық шығармалар. Маған ерекше әсер еткені – Эдвард Григтің «Сольвейг әні», Александр Алябьевтің «Бұлбұл» романсы. Екеуін де жан-жүректі толқытып үзілдіре шырқаған Бибігүл Төлегенова! Берілгенім сонша, үнім шықпады. Демімді ішке тартып, тас мүсін боп қаттым. Бірде мұңайтты, бірде шуақты сезімге бөледі. Адамның дауыс аппаратының табиғат құбылысымен қалай үйлесе кететін құдіретін енді ғана сезінгендей тілім байланды. Мен Бибігүлге табынып қалдым... * * * Ертеңінде Күнсайын, Алтынбек, Әділбек төртеуіміз тағы да филармонияға келдік. Мақ­сатымыз – Бибігүлмен кездесу. «Аққайыңды» көрсету. Қобалжулымыз. Алдын ала келіскен жоқпыз. Ыңғайсыздана тыпыршып, біраз дағдардық. Ақыры, аяғымызды мысықша лыпып басып, жайлап қана репетиция залына кірдік. Бибігүл Төлегенова! Рояльдің алдында концертмейстері пианист Семен Бенедиктович Коган күйбеңдеп ноталарын реттеп тұр. Біз жақындап кеп сыпайы ғана бас изесіп, қымсына амандастық. Бірден не дерімізді білмей тағы да іркіле тосылдық. Бибігүлдің тал шыбықтай иілген әп-әсем кезі. Адамға қарағанда көзі жарқ ете түседі. Бір сиқырлы жанар! Біздің келгенімізге біртүрлі таңырқағандай онша ашыла қоймады. Өзінің ноталарына үңілді де тұрды. Біз қипақтап, не істерімізді білмедік. Арамыздағы ілкімді деген Күнсайын Алтынбекке көзінің қиығымен ымдағандай болады. Алтынбек оны сезер емес. Бір жақсысы, пианист Семен Коган Алтынбекті таниды екен: «А ну ка выкладывай, маэстро!» деді әзілдеп. Алтынбек сөзге келген жоқ, елпектеп сасқалақтайтын әдеті – әннің нотасын ұстата салды. Аң-таң болған Семен Коган сәл күлімсіреп, лып етіп орындыққа отыра кетіп, рояльда «Ақ қайыңды» толқындай дірілдетті. Қиялға шомып, мөлдіреп, өзгеше бір хал кешіп тұрған Бибігүл жалт қарады. Сөйтті де, жанары ойға тұнып, тыңдай қалды. Рояльдің қасына кеп тұрды. Романс ойналып біткенде Коган: – Бибиш, это твоя… Лебединая песня! – деді. Әділбек менің қолымды қысып-қысып жіберді. Ана жолғыдай емес, қабағы ашық. Нұрлы жүзіне қан теуіп, өзінің бір құштар сезімді өлеңін жаңа ғана оқып, шабыт құшағында шамырқанып тұрғандай қатты толқыды. Күнсайын маған көз қысып, «дымың ішіңде болсын» дегендей ол да өзінше мәз. Алтынбек екі езуі екі құлағында, қаласы бұзылмаған ақ маржан тісі жарқырап, масаттана тебіреніп: – Вот автор, этого романса! Он учится в композиторском классе КазГу – дегенде Коган мен Бибігүл шектері түйілгенше күлді. Біз де күлдік. Сол сәтте Бибігүл «Ақ қайыңның» нотасынан көз айырмай: Көңілге жылы несімен, Жырлайды нені құс үні? Шықпайды неге есімнен, Осынау қайың мүсіні? – деп осы соңғы шумақты қайта-қайта қайталап, әр сөзімен мұңды көкіректі «аһ» дегізе жеңілдетті ме, құдай-ау, қоңырқай ғана сүйкімді реңінен сібірлеп атып келе жатқан ақ таңның ақ нұрын көргендей толықсыдым да тұрдым. Бибігүлдің сәулелі ой перделеген нәркес жанары ұзын кірпігінің астында енді ғана қорғалап туған Айдай нұр таратып, алысқа...тым алысқа қадалып, бар дүниені ұмыттырғандай қиял шіркінді әуелете, шығандата көтеріп, іңкәр жүректің еш уақытта естен шықпай жүрген сүйіктісін ап-анық елестетіп, оны сол пәк қалпында өбектеп, мөлдірете, өз жан сезімінің кәусар лебімен үзілдірді. Бәрімізде үн жоқ. Дүн-дүниені бесік жырындай тербеген «Ақ қайың» ғана! «Ақ қайың» орындалып біткенде, Бибігүл нәзік саусақтарымен қос жанарын сәл ғана басып тұрып, ойланған күйі: – Менен басқа әншілерге көрсеттіңдер ме...бердіңдер ме? – деді. Алтынбек екеуіміз жарыса сөйлеп: – Бірінші рет сізге ғана... – дедік, қуанғаннан тіліміз күрмеліп. Бибігүл әлі де болса сезім құшағында толқып: – Әр әнші өз әнін іздейді. Тапса – ол үлкен бақыт! Ол сонда жай ғана орындаушы емес, әннің екінші авторы секілденіп, дүйім жұрттың қошеметіне бөленіп, мысалы, «Жамал апайдың «Алтайын» айтыңдаршы», «Немене, Күләштің «Гәккуін» ұмыттыңдар ма?» деген сөздерді айтқызып, өзінің әншілік мәртебесін өзі көтереді. Мына романс мен үшін жазылыпты. Менің «Ақ қайыңым!», – деді бізді қара бұлақтай тұнған аялы жанарымен үйіріп. Семен Коган осы сөздерді түсініп тұрған жанша елпек қағып: – Рояль...только рояль! – деп асыға-аптыға ілтипат білдірді. Түсіндік. Алтынбек: – Да...верно...верно... «Ақ қайыңды» тек... тек қана рояль сүйелімен орындау керек. Оркестр шуы қажет емес, нәзік иірімдерін көміп жібереді. Романс табиғаты рояльмен ғана ашылады. Әлбетте, бұл менің өз түсінігім, Семен Бенедиктович нәзік сырлы пианист, өте дұрыс айтты, – деп қаласы бұзылмаған ақ тісін жарқырата ашатын әдеті, толғана сөйледі. – Ал, Бибігүл Ахметовна қандай обончу, а? Укмуш. Биздин кыргызда бизбен қатар Дариға Жалғасынова бар, оның үнү да Бибигүлдүн унүндей. Укмуш! А, Бибигүл с листа как читает, а? Гениально! «Ақ қайың» Бибігүл Төлегенованың қолына тиді. * * * ...Сол 1961 жыл. Алматының сары күзі. Көше бойында көк тіреген көк терек, саясы мол қарағаш, бұрала өскен ақ қайың... бәрі-бәрі жан жадыратып, көз сүйсіндіретін ажар-көркінен айырылып, сап-сары, боп-боз, қызыл жапырақтар судырлап төгіліп жатты. Осы бір күндері менің де көңілім беймаза күйде еді. Денсаулығым жүдетіп, Есентуки курортына барудың қамымен бәйек боп жүргем-ді. Ақыры Жазушылар одағында қызмет ететін Мәжит Сейфуллин ақсақал (Сәкеннің туған інісі) көмектесіп, жолдама емес, «курсовканың» өзіне зорға қолым жетті. Соның өзіне мәз боп үйге қуанып келдім. Бар жайды Тиышқа апыл-ғұпыл айтып жатқанда есік қағылды. Лып етіп барып есік аштым. Әділбек! Жай ғана күлімсіреп тұр. Қауқылдаса сөйлеп, жөн сұрастық. Әділбек: «Жақсы...жақсы» дей берді: шай үстінде байқадым, көңілі сынық. Қабағын кірбің шалған. Самарқау. Шуақты сезімге берілгенде, не болмаса жай ғана үйіре сөйлегенде жүзіне ду ете түсетін қызыл нұр жоқ. Жолы болмаған жолаушы секілді іштей таусыла сарылып, шай ішті. Бірдеме деп тіл қатуым ыңғайсыз. Тиыш екеуіміз бір-бірімізге көзіміздің астымен үнсіз ғана қарап қоямыз. Бізді бір мылқау сәт қинады. Осы отырысынан өзі тіксінді ме: – Тиышжан, айналайын, мына ақбұйра шайың жаныма жағып барады, – деді зорға...зорға күлімсіреп. Тиыш лып түрегеліп, коридорда дызылдап тұрған примустағы екінші шәйнекті алып келді. – Ізетіңе құлдық, айналайын Тиышжан... ал, құя ғой ыстығынан, терлеп-тепшіп ішейік бір. Қырыс-тырысымыз жазылсын, – деп жымиғанда екі көзі бұлт арасынан шыға қалған күндей боп үй ішіне шуақ таратты. Әлден уақытта балбырап, дәйім жылтырата тарайтын тып-тығыз қайратты шашын сүйріктей саусағымен шалқасынан сипай жатқызып, әлденені есіне түсірген жанша тағы да құбыла қалып, қызғылт-сары жапырағы судыраған қайың­ға бұрыла қараған күйі: – «Ақ қайыңды» ойнашы. Тек қана пианино сөйлесін, – деп үнсіз түйілді. «Мен түрегеп барып, пианино қақпағын ашып, «Ақ қайыңды» ойнай бастадым. Әділбек: – Жайлап...ақырын, – дей берді көзін жұма тас мүсін боп қатып, – тоқтама... ойнай бер... «Ақ қайың» ойналып жатқанда Әділбек: Жас ару, неге, неге сөнді шамың, Мәз көріп жатырсың-ау түн құшағын. Төгіліп толқын шашың ақ жастыққа, Жарым ба, періште ме – кімге ұсадың? Жатырсың неге, неге жайбарақат, Бүркеніп кетті-ау жаудыр қос қарақат. Жұлдыз да қалғып-шұлғып бара жатыр, Жаныма дамыл қайда, қайда рахат! – деп асық жүректің алқынған лебіне сәл булыға кідіріп, іле ып-ыстық демінен: Бір елес түсіңе еніп мен боп кейде, Ашпай ма от құшағың «кел» деп бейне; Мазасыз ұйқы соққан жастық желі, Оятып жас жаныңды тербетпей ме? Көз тігіп сырлы түннің тұнжырына, Құлақ сап ақ қайыңның сыбдырына. Күлкіңді қоссайшы кеп сыңғырлаған, Күмістей әсем бұлақ сылдырына, – дейтін шумақтар легі ақтарылғанда мен де бас изей қоштап: – Аяқталған жоқ, оқи бер... оқы! – деп жүрегім лүпілдеп кетті, әр нотаны еппен басып. Әділбек шамырқана толықсып, балкон тұсында сарғайған қайыңға жалтақ-жалтақ қарап, тосын иірімге үйіріле қалған толқындай бөгелген өлең шумағын теңселе беріп: Сезім айдап, үмітке жетелетіп,