• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
11 Қаңтар, 2011

Асылдарым (жалғасы)

753 рет
көрсетілді

(эссе)

Аршындай аттап, асқақтай сөйлейтін асыл аға

Әбділда ағамыздың азаматтығын да, ақын­дығын да талай тұста таныдым. Соның бірі – Мағжан кітабының шығуы. Мұның алдында Мағжанның жары Зылиха апамыздың ақын кітабына алғысөзді Әбекең жазуына келісімін зорға алғанымды айттым ғой. Бүгін келісім береді де ертесіне айнып шыға келеді: «Әбділ­даның алғысөз жазуына қарсымын», деп телефон соғады. Білгендердің айтуынша, Хизмет Абдуллин араға жүріп, теріс пікір таратып, жең­ге­мізді нілдей бұзып, азғырып, әбден титы­ғы­мызға жетті. Зылиха жеңгеміздің үйіне үш рет бардым. Соңғы рет барғанымда: – Алдыңыздан үш рет өттім. Мағжан ха­лықтың адамы. Өзіңіз біліңіз! Кітап үкіметтің қаржысына шығып жатыр. Келіссеңіз де, ке­ліс­песеңіз де, алғысөзді кімге жаздыруды Ор­та­лық комитет өзі шешеді, алғысөзді Әбділдаға жаздырамыз, – дедім. Зылиха жеңгей амалсыз көнді. Ертесіне Әбділда ағамыздың үйіне бар­дым. Болған оқиғаны түгел жайып салдым. Ол кісі таяғын алдына ұстап, қос қолын тірей үңіліп, ұзақ ойланып отырып қалды. Біраздасын: – Бәріміз де ол кезеңде уақыттың құлы бол­дық қой. Биліктің айтқанынан шыға алмадық. Басшылардың басы қалай қисайса – солай бұ­рылдық. Мағжанға қарсы сын өлеңін жаз­ға­ным рас. Сол күнәмнен қашан арыламын деп түн ұйқымды төрт бөлемін. Сол күн туса кәні! Ақын алдындағы, ар алдындағы күнәмнан ары­латын күнді аңсаймын, – деп тебіреніп, толқып сөйледі. Екі-үш күн мерзімде ақын өз ішіне өзі үңіліп, күңіренгендей болып отырып алғысөзді жазып шықты. Көп ұзамай Мағжанның толық жинағы жарық көрді. Қараңыз: «Жазушы» баспасы 1989 жыл, алғысөз соңында: «1927 жылы «Еңбекші қа­зақ» газетінде жарияланған Мағжан өлеңі – «Тоқ­санның тобы» осыған кепіл. Ол: жүзден тоқсан садаға, Мен тоқсанмен біргемін, – деді. Бұл оның советтік қазақ халқына ағынан жа­рылып шынын айтқаны, өз күнәсін мойын­дағаны еді. Бірақ біз оған сенбедік. Сол кездегі он сегіздегі бала, мен, «Еңбекші қазақ» газе­ті­нің редакторы Ғаббас Тоғжановтың тапсыруы бойынша «Тоқ­санн­ың жырын тоқсанның өз ұлы жырлайды» деген өлеңмен жауап жаздым. «Ең­бекші қазақ» газетінде ол да басылып шық­ты. Бұл менің де, мені тәрбиелеп сөйлет­кен ағала­рымның да тарих алдындағы кешірілмейтін күнәсі еді», деп ағынан жарылады ақын. Мұны неге баяндап отырмын? Біздің қазақ барынша ақкөңіл, кеңқолтық, ақын мінезді халық. Әйтсе де ғасырлар бойғы бодандық езгінің салдарынан – заманның ағы­мына, басшылардың қабағына көп қарағыш. Замана желі қалай соқса – күнбағыс секілді солай ығып қоя береді. Өткен ғасырдың 80-ші жылдар аяғында ел басына бөтен ұлттың өкілі келіп, ызғарын төгіп, тосын мінез таныта бастағанда да қазақ сол баяғы жалпақшешей мінезіне басып жел­қайықтай теңселіп қоя берді. Не басына күн туатынын қайдам, сүйекке сіңген әдет пе, кім білсін, осы күндері де қазақ жазушыларының біразы жаға жыртыспаса жүре алмайтын, бірін-бірі түртпесе тыныш оты­ра алмайтын дертке шалдықты. Доптай дөңгеленіп, тағдырдың тәлкегіне түс­кен, саясаттың құбаны болған, опық жеп, пұшайман болған асыл ағаларымның бірі әрі бірегейі Әбділда Тәжібаев еді. Табиғатында ақын қазақ халқының құт қой­нынан күміс қоңырау небір бұлбұл ән­ші­лер, апталап, айлап айтса – жағы талмаған жез­таң­дай жыршы, жыраулар туғаны мәлім. Осы бір ақынгерлік өнер заман асқан сайын жара­сым­ды жалғасын тауып, жаңаша құл­пы­рып, қы­ран­дай түлеп, өзге мән-мағына, маз­мұнға ие бо­лып, әлемдік жырға өз өрнегін салды. Сол мәуелі жыр бағының бел ортасынан нәзік сыршыл, әрі ойшыл лирик, әрі тәкаппар эпик, бұтағын кең жайған бәйтерек секілді қазақ ақыны Әбділда Тәжібаевты танимыз. Өз басым Әбекеңнің ақындығын бала жа­сым­нан, өңге озық өнерлерін беріректе, әде­биет­ші болған шағымнан білемін. Бертінде араласа келе қамқоршы әкеміздей болған әзиз ағаны шар болаттай сынбайтын, тап асылдың өзіндей тот баспайтын өнер құді­ретінің өкілі ретінде таныдым. Ол толассыз ағып жатқан жыр-дария секілді заманның талай өнер бәйгесінің алдын бермеген жыр дүлдүлі. Ақын жастықтың сұлу саздарын әбден есейіп, марқайған шағында да қысқа айтып, көп аңғартатын терең, ойшыл, шығыс дәстүріндегі даналық философиялық лирикаға әсем ұш­тастырып жырлады. Қайталанбайтын сазбен өзіне тән ұнасымын, жарасымын тапты. Ақын шығармашылығын талай күн, талай ай, талай жыл шам түбінде көздің майын тауысып, тесіле, қадала отырып зерттесе болар еді. Өйткені, ол мөлдір суды шыңыраудан тарт­қан құдықшыдай, маржанды мұхит түбінен алатын іздеушідей, асыл жырды тереңнен ғана тартатын жыр құдіретіміздің бірі. Кезінде Әбекеңнің ақындығы, драматургиясы туралы біраз мақала жазсам-дағы, түйіндеп тұжырым жасай алмай уақыт оздырыппын. Осынау естелік эсседе ол кісімен бірге бол­ған қымбат сәттердің бәзбірін еске түсіргенді жөн көрдім. Тарихқа, сырға, жырға толы Сырдың бой­ында дүниеге келген Әбділда ес біле Айман­күлдей ақын ананың тәрбиесінде, өлең-жыр­дың құндағында өсті. Жастайынан жоқшылық­тың, азап-мехнаттың бәрін кешті. Жаңа талап, жас ақын шу дегеннен балғын жырларын бәйгеге қосты. Көпті көрдім, көп жасадым, Көрдім Сәкен, Бейімбетті. Қатар тұрып жыр қашадым, Мені олар да құрмет етті, –  деп ақынның өзі айтқандай, «Жаңа ырғақтан» бастап «Көне қоңыраудың» аралығында көл-көсір жыр жазды. Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Тайыр Жароков тәрізді сөз алыптарымен қатар жүріп, жаңа әдебиеттің іргесін қаласты. Мөлдір лирикадан бастаған ақындық жолы күндей күр­кіреп, теңіздей толқыған «Күй атасы», «Абыл» тәрізді эпикалық дастандарға ұласты. Әбділда Тәжібаев драматургияға да ақын­дық қуатпен келді. Мұның куәсі ретінде «Ақ­ын», «Қыз бен солдат», «Майра» тәрізді поэ­ма­лық драмаларды; «Көтерілген күмбез», «Жо­март­тың кілемі», «Дубай Шубаевич», «Жалғыз ағаш орман емес», «Той боларда» секілді пьеса, драма, комедияларды атауға болады. Олар­ға «Аққайың» (М.Әуезовпен бірігіп жазылған), «Жомарттың кілемі» (Г.Рошальмен бірігіп жа­зылған), «Жамбыл» (Н.Погодинмен бірігіп жазылған) сияқты киносценарийлерін қоссақ, жазушының драматургиядағы үлесі қомақтана, күрделене түседі. Бір әңгімесінде Әбекең: «Бір кезде А.П.Че­ховты драматург ретінде қадағалай оқығаным бар еді, бұл күнде прозасына ден қойдым», – дегені есімде. «Есімдегілер», «Майра», «Ойлар, жылдар­дан» бастап, жазушының салиқалы, салмақты прозаға да батыл бет бұрғанының айқын айға­ғы еді. Ақын жазған проза жіліктің майындай әрі нәрлі, әрі жүрекке жетіп жатады. Жұртшылық Әбділда Тәжібаевты негізінен қазақ әдебиетінің абыз ақыны ретінде таныды. Қашанда ер, қайсар, әділ, жырға жомарт, досқа – көл, жағымпазға – шөл мінез Әбекеңді өзге сөз қайраткерлерінен көп оқшаулайды. Ақын өмі­рінде де, өнерінде де тек шындықты ғана дәріп­теді. Оның жырларынан эпикалық шы­ғар­ма­ларымыздағы қайсарлықты, өжеттікті, ба­тыр­лықты көрдік. Осы тұрғыдан келгенде Әбекең шығармашылығы үлкен бір тәжірибе мектебіне ұқсайды: Иілме, жас, иімпаздар игенге, Күншілдерге сен де күш айт, именбе. Бүгін үйрен жалаңаяқ шоқ басып, Ертең өртке лақтырса да күймеуге. Өмірдің сан азабын жасынан көріп өскен ақын өзінен кейінгі жас ұрпақты батыл, қай­сар, өжет болуға баулиды. Әбділда Тәжібаев­тың аталы жырлары бертінде «Көне қоңырау», «Құрдастар» секілді ойға, нақылға толы аса қымбат жыр жинақтарымен молықты. «Көне қоңырауда» халқымыздың ғылым-білімін, мәдениетін ілгері дамытқан, заманы­мыз­дың ұлы перзенттері Қаныш Имантайұлы Сәт­баев, Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің кесек тұлғасымен, жарқын келбетімен жүздесеміз. «Ағалар» деп аталатын дастанда қоғамымыз­дың аса ірі қайраткерлерінің толымды образы сақаға құйған қорғасындай сомдалған. Сана­ңызға салмақты ой дарытады. Әбділда Тәжібаев өзі ақын болған соң ақ­ындар туралы шешіле, көсіле, тебірене жаза­ды. «Ақындар» деп аталатын шабытты, тамаша поэмада ұзақ өмірлері жыр болып өткен, қазақ поэзиясын байтақ мұраға кенелткен от ауызды, асқақ үнді жыр саңлақтарын аса бір ілтипатпен суреттейді. Әсіресе, күні кеше ғана өзі қолтығынан демеп, ғажайып талантына бас иген алып Жамбыл туралы жазылған жолдар оқушыны ерекше әсерге бөлейді. Биік ойға жетелейді. Жамбылдың ақындық ортасы, жыр арнасы, өнер мектебі туралы Әбекең жырлаушы ғана емес, ақын атасының халық поэзиясын дамы­тудағы теңдесі жоқ рөлін ғылыми негізде дә­лел­деп шыққан үлкен ғалымдық ойдың бұла­ғы. Буырқанған тұжырымды тоғысы. Әбекеңнің ғалымдық болмысы да айтар­лық­тай. Қазақ поэзиясының ерекшеліктері ту­ралы кандидаттық диссертация қорғаған ол қазақ драматургиясының тарихын, қалыптасу жолын, заңдылықтарын зерттеп, филология ғылымдарының докторы атағын алды. Зерттеу мен зерделеудің жемісі ретінде қазақ әдебиет­тану ғылымының бүгінгі жетістігін, көкжиегін кеңейтіп «Өмір және поэзия», «Қазақ әдебиетінің қалыптасу және даму кезеңдері» деген құнды еңбектерді берді. Ғалымның халық поэзиясы және оның жа­саушылары туралы ойлары халық поэзиясын зерттеудің үлкен табысы еді. Жамбыл Жабаев, Нұрпейіс Байғанин, Кенен Әзірбаев, Нартай Бекежанов, тағы басқа халық ақындарының қа­зақ поэзиясындағы эпикалық дәстүрді бүгінгі ұрпаққа әкеп жалғастырған рөлін дәл ашты. Әбекеңмен кездескен, сұхбаттасқан сайын ол кісінің қазақ жырының тарихын аса жетік білетініне, халық ақындарын шексіз сүйетін­ді­гіне тәнті болушы едім. 1972 жылы Жамбыл Жабаевтың туғанына 125 жыл толып, Қазақ мемлекеттік универси­те­тінің үлкен залында ақындар атасының осы салтанатына арналған үлкен мәжіліс өтті. Сол жиында Әбекең халық поэзиясының арғы-бер­гі тарихын түгел ақтарып, Жамбыл туралы шын шешіліп, терең әрі ұзақ сөйледі. Сол жолы халық ақындарының шығар­машы­лы­ғында ғана кездесетін желі, құлақ күйі тәрізді аса бір қызықты тың ойлар айтты. – Халық ақындары белгілі бір тақырыпты төбеден түскендей, тө­тесінен айта салмайды. Олар өзі айтқалы отырған болашақ байтақ жырға келу үшін өзін-өзі әбден баптап, ойдан-қырдан жыр толғап, сөйтіп барып негізгі мазмұнына көшеді. «Қобыланды», «Көрұғ­лы», «Алпамыс» сияқты эпостар осылай туады. Мұны желі дейді. Күйшілер де тап сондай. Жаңа күй шығару үшін олар да өзінің өмірлік серігіндей айнымас әуен­дерін ұзақ қайтарып отырып, содан кейін шешіле күй толғайды. Мұны құлақ күйі деп атайды, – деген еді. Бұл айтылған ойлар қазақ фольклорының бертіндегі зерттеулерінде толық расталды. Әбекең дүниеден өткен халық ақын­да­ры­ның аруағын ардақтап, ес­імдерін асқақтатып, көзі тірілеріне үнемі қамқоршы болып жүрді. 1974 жылы республика жұрт­шы­лығы кө­ненің көзі, ескінің жұр­нағы, даңқты әнші әрі композитор Кенен Әзірбаевтың 90 жыл­дығына қызу дайындыққа кірісті. Өз басым Кенекеңнің «Алатау шы­ңы» деген атпен таңдамалы жинағын дайындадым. Ол «Жазушы» баспа­сы­нан кітап болып шықты. Әбділда Тәжібаев, республикалық Баспасөз комитетінің сол кездегі төрағасы Шериаздан Елеукенов, «Жазу­шы» баспасының директоры Әбілмәжін Жұма­баев төртеуіміз әлі бояуы кеппеген жыр кіта­бын табыс етуге, әрі тойына құтты болсын айтуға Кенекеңнің ауылына келдік. Алдын ала хабарлап қойғанбыз. Ақын ата­мыз күтіп отыр екен. Есіктен кіре Әбекеңді құшақтап, ақын інісіне арнап өлеңмен біраз жылы сөздер айтты. Көне домбырасын киіз үйдің іргесіне сүйеп қойып: – Алматыда шақыртпай баратын үш үйім бар: бірі – Сәбиттің үйі, бірі – Ерзаковичтің үйі, бірі – осы Әбділда інімнің үйі. Қат-қабат жұмысың бола тұрса да уақыт тауып, көңіл бөліп келгеніңе ризамын, – деп қарт ақын інісін тағы да ыстық құшағына алған еді. Кәрілігі, әлдебір өткен сүреңсіз өмірі есіне түсті ме, Кенекең көз жасын сүртіп, әлгінде ғана біздер ала келген кітабын парақтап біраз үнсіз қалған еді. – Кенеке, денсаулығыңыз, хал-күйіңіз қа­лай? Тойға дайын отырсыз ба? – деген Әбе­кең­нің сұрағына: – Шырақтарым, тойханаға менің жаңа кіта­бымды алып келгендеріңе алғыс айтамын. Кәрілік келіп, қарға адым жер жүру мұң болып отырысым мынау. Өзімнен қайрат жоқ. Ха­лықтың, елдің арқасында тойдың дайындығы ойдағыдай тәрізді. Жұрттың айтуына қара­ғанда, той басына 250 үй тігіліп, ұлан-байтақ елімнен небір зиялы азаматтар, ардагерлер келеді білем. Қазақта небір айтулы ас берілген ғой. Бірақ мұндай той әлі қазақта болған жоқ. Осының бәрі халықтың арқасы, азаматтардың арқасы. Халқыма мың алғыс айтып, шүкір­шілік қылып отырмын, – деп толқыды. Айтса айтқандай, бұрын-соңды болмаған той өткізілді. Кенекеңе біз саулық, әлі де ұзақ өмір тілеп, Алматыға аттандық. Екі жылдан кейін Кенекең дүние салды. Бұл жолы да ақын ағасының басында Әбділда Тәжібаев тебірене сөз сөйледі. Өзінің оқушысын тапқан жазушы – ба­қытты жазушы. Әбділда Тәжібаев – абыз ақын, халық құр­метіне бөленген үлкен ғалым, белгілі қоғам қай­раткері. Аузы дуалы батагөй еді. Әбекең өле-өлгенше ақындық жорғасынан жаңылған жоқ, жаңа шығармаларын жазып жүріп көз жұмды. Әдебиетіміздің ары, тазалығы үшін күресті. Ілгерісіне үмітпен қарап, келешегіне көз тастап, шексіз қамқорлық жасады. Қан­ша­ма таланттар мен тарландардың бағын ашып, тұсауын кескенін жақсы білеміз. Мұқағали Мақатаев, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырза-Әлі, Мұхтар Шаханов, Фариза Оңғар­сынова, Күләш Ахметова туралы жазғандары өз алдына үлкен әңгіме. Мұршамның келгенінше Әбекеңмен жиі кез­десуді аңсап тұратын, жақсы көретін іні­сі­нің бірі едім. Жазысқан хаттарымыз да аз емес. 1977 жылы жазда Әбекеңді, Мұхаметжан Қаратаев ағамыз бен жеңгеміз Мархуманы, Әзілхан Нұршайықовты Талдықорғанға қонақ­қа шақырдым. Ол кезде Ілияс Жансүгіров ат­ындағы педагогика институтының ректоры­мын. Жағдайымыз бар, шүкіршілік, ел ішінде сыйсыз емеспіз. Ол кісілерді ел көрсін, жер көрсін дедім. Арқалы ақын Әбділда, сыншы Мұхамет­жан, жазушы Әзілхан ағаларымыз – жеңге­ле­рімізді ілестіре келіп, бір аптадай Жетісуды еркін аралады. Халықпен қауышып, жастармен кездескен соң, жер жәннатының сұлу табиға­ты, көпшіліктің қошеметі әсер етті ме – Әбе­кең аз күнде ғажайып жырлар жазып тастады. Сол жолғы Мархума жеңгеміздің Мұха­мет­жан ағамыздың қалай итжеккенге айдалғанын, балаларын елге қалдырып жас келіншектің қи­ындыққа төзіп, ата-бабасы көрмеген ит айда­ған алысқа жұбайын іздеп барғанын, бастан кешкен хикметін ертегідей ғып баяндағаны әлі есімде. Жеңгеміздің көзінен жасы ағып отыр­ды, біз тырп етпей отырып тыңдадық. Жасы­мызды ішімізге жұтамыз. Қазақтың басына түскен зобалаңы көп. Қайбір қызық әңгіме дейсіз. Әйтеуір жеңгеміз жырдай қылып жеткізді. Ағаларымыздың осы әңгімені неше рет естіп отырғанын кім білсін. Біз Мәрия екеуміз бірінші рет ұйып тыңдадық. Осыншама әңгі­ме­шіл әйел затын бірінші рет кездестірген едім. Ол кісі әңгіме айтқанда – ел басына түс­кен нәубет, ер басына келген азап, мехнат, жала, қаталдық, аяусыздық, қазақ әйелдерінің жар­ға адал, қайсар мінезі көз алдымнан экран­дағыдай тізбектеліп өтіп жатты. Тұла бойымыз түршікті. Бәріміз де біраз уақыт үн-түнсіз ошарылып отырып қалдық. Сол кезде Әбекеңнің: – Менің жырлап жүрген Мархумам осы, – деген сөзі бәрімізді ұйқыдан оятып, есімізді жидырғандай болып еді. 1987 жылдың күзінде мен Оқу министрі болып Алматыға қызметке ауыстым. Көп кешікпей Әбекеңнен хат алдым. «Мырзатай, сен «Асыл арналар» дейтін ғажап кітап жазған екенсің. Мен оны біреуден алып оқыдым. Тамаша. Бұл еңбегің туралы мақала жазбақ ойдамын» – деп жазыпты. Апырмай, бір қалада тұрып хат жазғаны несі, телефон соға салса не қылады деп таң­қалдым. Кейіннен білдім, Алматы кеңселерінде бас­шылардың хатшылары, көмекшілері: «анда кет­ті, мұнда кетті, анда мәжіліс, мұнда мәжі­ліс» деп телефонды қоспайды екен ғой. Хатты телефонмен тілдесе алмаған соң жазған екен. Хатында «Асыл арналар» кітабым жайлы әлгіндей ыстық ықыласын білдіріпті. Көп кешікпей Әбділда аға менің «Асыл арналар» деген кітабым туралы «Қазақ әдебиеті» газетіне көлемді мақала жазды. Асқар Алатаудай басымен менің кітабыма соншама жоғары баға бергеніне іштей риза болдым. Көп ұзамай үйіне барып, алғысымды ауызба-ауыз жеткіздім. Сонда Әбекең: – Мырзатай, әкімдігіңді қайдам, сен әде­биетке керек адамсың. Қызмет – қолдың кірі, бүгін бар, ертең жоқ. Оның үстіне сен жаза алатын кісісің, жазғанда қандай, кеулеп, те­реңдеп, опырып жазады екенсің. Күніне бір па­рақтан жазып отырсаң-дағы бір жылда док­тор­лық диссертацияңды аяқтайсың, – деген еді. Уәдені беруін бергенмен, пенде емеспіз бе, сол диссертацияны тоқсан үштің наурызында ғана қорғадым. Шет елде елші болып жүргенде, жиі-жиі хабарласа берудің реті келмейді. Үнемі қолың тие бере ме, қолың тисе де – реті келе бермейді, араға біраз уақыт салып, Әбекеңмен тоқсан алтының жазында кездестім. – Сенің сөзің де әдемі, өзің де әдемісің, сағындым, – деп көзіне жас алды. Кезінде бурадай шайнап, аршындап, асқақтап сөйлейтін асыл ағамның иненің жасуындай көзінің тесіліп отырғанын көріп отырып, қайран, өмір-ай деп мен де жыладым. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары. Қиын кезең. Қиын заманда жастар жағаласып жүріп күнін көрер-ау, елге еңбегі сіңген ардагер, зия­лы ағалардың, абыздардың ахуалы – сол кезде қабырғама қатты батты. Қалай болар екен деп қатты алаңдадым. Кезінде Жамбылды, Кененді қолтықтап өс­кен інісі еді. Қайран Әбекеме солардың жасын берсін, тоқсанға жетіп, дүрілдете той жасайық деп іштей тіледім. Асыл аға тоқсанға жақын­дап дүниеден өтті. Өзімен бірге бір ғасырды, ғасырды емес-ау, тұтас бір дәуірді алып кеткендей болды. Сағы сынбаған сын сардары Мұхаметжан Қаратаев бізге «Әдебиет сы­ны­нан» дәріс оқыды. Көп білетін, өмірден тоқы­ғаны мол ағамыз көбіне кафедра мәжі­лі­сінде тұжырымдап сөйлейтін, дәлелмен, дәй­ек­пен, сақаға қорғасын құйғандай ғып, ала­қанға салғандай ғып айтатын. Бұлтартқыз­бай­тын. Біле бермейді екенбіз. Жақында «Түркістан» газетінде қазақ әде­биетінің іргетасын қалаушылардың бірі, көр­некті әдебиет сыншысы Мұхаметжан Қарата­ев­­тың бұрын еш жерде жарияланбаған, өмі­рінің соңында кейінгі ұрпаққа аманат қып жаз­ған естелігі жарық көрді. Бұл естелікті сын­шының отбасылық мұрағат қорынан қалам­гер­дің келіні Жәмила Қаратаева тауып жария­лап­ты. «Атам өзінің ата-анасы, туған жері, қыс қыс­тауы, жаз жайлаудан тұратын көшпелі ауылы, балалық шағы, алтын ұя мектебі, ар­ман-мақсаты, зиялы ортасы туралы «Көр­ге­нім мен көңілдегім» деген еңбегінде және басқа да еңбектерінде жазғаны көпшілікке белгілі. Ата-енемнің өнегелі өмірінен Әбділда Тә­жібаев атаның «Мархума» поэмасы мен «Сөз­дер» циклынан «Мұхаметжан Қаратаев» ат­ты атақты өлеңі, Шериаздан Елеукенов аға­ның «Мұхаметжан-Мархума хикаясы», Бейсенова Шәрбанудың «Бір махаббат баяны» хи­каят­тары, Мәзен әжеміз бен енемнің деректеуімен дүниеге келген естеліктерді атай кеткім келеді. Атамыз сөзге сараң, ойлы кісі еді. Естелікке арқау болып отырған кезеңдегі өткен өмірі туралы сөз болған жағдайда – көп созбай, қысқа ғана «үзіліс болды ғой» дей салатын. Айтуға оңай 17 жылдық үзілістің қиямет-қайымын атам 12 параққа сыйғызып, аманат қалдырғанына бүгінгі күні куәгер болып отыр­мыз», – депті келіні Жәмила. Сол естеліктен шағын үзінді оқиық. « ...1937 жылдың жазында Қазақстан ком­партиясы пленумынан кейін, жаз ортасында Ілияс Жансүгіров пен Ғаббас Тоғжанов ұста­лыпты. Ол кезде бұлардың не кінәсі бар екенін ешкім білмейді, ұсталса болғаны – «жау» атанады. Солай атанып жатты. Қазақстан компартиясының маусым ай­ында өткен съезі жұртты халық жауларымен күреске шақырып, соның ішінде жазушылар ортасын жаулармен күрес жоқ деген желеумен зәбір сынға алды. Қазақстан Жазушылар одағының партия ұйымы бәрімізді жиылыста қырағы­лыққа шақырып, жаулармен күресуде белсенділік жасауға міндеттеп, тапсырма берді. Сол тапсырма бойынша мен Жазушылар одағының жауапты хатшысы ретінде «Социалистік Қа­зақ­стан» газетінің 1937 жылғы 29/8 нөміріне мақала жазуға мәжбүр болдым. Мақаланың аты: «Қазақ әдебиетінің авер­бахшылдық қал­дығын толық жою керек». Авербах деген сөздің қазақ жағдайына қатысы жоқ. Ол – Мәскеуде қатты сынға ұшы­раған РАПП ұйымының жау саналған басшы­сы. Өзімше ол кезде партияға үн қостым деп білген бұл мақала, шындық тұрғысынан жал­пы қарағанда, шіп-шикі қате екен. Бірақ оның сол кезде сорақы қате екенін кім білген?! Кім білген кеше ғана пір тұтып, сиынып жүрген жанашыр Ілияс аға Жансүгіров пен сыншы Тоғжановтың енді аяқ астынан жау атана­тынын?! 1956 жылғы КПСС ХХ съезінен кейін ғана білдік қой олардың мүл­тіксіз ақ, адал екенін, ашық та батыл айта алаты­ны­мызды. Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ. (жалғасы бар)