Азиада жаршысы
Күткен күн
Кеше Әл-Кувейт қаласында Азиада алауы тұтанды
Астана уақыты бойынша сағат 15.00-де Азия Олимпиялық кеңесінің штаб-пәтері орналасқан Әл-Кувейт қаласының «Кувейт-тауэрс» мұнарасының алдындағы алаңда елімізде алғаш рет өтетін VII Қысқы Азия ойындарының алауы салтанатты түрде жағылды. Оған Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов пен Азия Олимпиялық кеңесінің президенті Шейх Ахмат әл-Фахад ас-Сабах қатысты. Салтанатты шара «Сазген сазы», «Гүлдер» ансамбльдерінің және «Ұлытау» тобы мен кувейттік шығармашылық ұжымдардың концерттік бағдарламасымен басталды. Осыдан кейін Азия Олимпиялық кеңесінің президенті мен алауды тұтандыру салтанатына қатысуға келген қазақстандық делегацияның басшысына сөз берілді. Азиаданың мән-маңызы мен оның халықтар арасындағы достықты нығайтуға, қоғамда саламатты өмір салтын қалыптастырудағы атқаратын рөлі туралы жан-жақты баяндаған соң АОК президенті Қысқы Азиаданың алауын тұтандырып, оны Туризм және спорт министрі Т.Досмұхамбетовке табыс етті. Одан кейін делегация басшысы алауды мәнерлеп сырғанаушы отандасымыз Абзал Рахымғалиевке табыс етті. Абзал алауды қабылдап алған соң оны Кувейт спортшысына, ол алауды әрі қарай Қысқы Азия ойындарын өз елдерінде қабылдаған Оңтүстік Корея өкіліне тапсырды. Содан кейін алау рет-ретімен Қытай және Жапония спортшыларының қолдарына өтті. Осынау шағын эстафета «Астана» велокомандасының мүшесі Асан Базаевқа келіп тұрақтады. Бүгін алау Алматы қаласына Төтенше жағдайлар министрлігінің құзырындағы «ТУ-154» ұшағымен Алматыға жеткізіледі. Осы кезден бастап Азиада алауының ел ішіндегі саяхаты басталады. Алаугерге 6 сақшы мен 13 көліктен құралған колонна ілесіп жүретін болады. Дастан КЕНЖАЛИН. «Шымбұлақ» тау шаңғысы курорты Алматы, Алатау баурайы Қазаққа Алатаудай абыз ата тауды берген тәңірге рахмет. Оның қойнауы мен қонышы, құзар биігі мен көлбеу беткейі, көз жауын алар сұсты да сұлу табиғаты, қарлы қысы, жазғы сабаты, кәусар ауасы – ниетіне шынымен де құдай берген халықтың қазынасы. Ата таудың ер жетіп, бой түзеген бір-бір отауындай Медеу мен Шымбұлақ бұл күнде аты әлемге жайылып, мақтанышымызға айналып отыр. Енді бір сәт Шымбұлақтың шынайы қасиетін айғақтайтын көрсеткіштерге зер салайықшы. Талғар асуынан төменге қарай спорттық құлдилау трассасының ұзындығы 3500 метр, слалом-гиганттың ұзындығы 1500 метр. Шаңғы жолының орташа ені 25 метр болса, көлбеулігі 11-29 градусқа тең. Нақ осы сипаттары спортшылардың өне бойы барынша жоғары жылдамдықты өрістетуіне мүмкіндік береді. Шаңғы алаңының директоры Асан Жауынғаров Шымбұлақ қарының сырғанағыштық қасиетіне назарымызды аударды. Дүние жүзіндегі «ең жылдам қар» осында екен. Он шақты жыл бұрын Франциядан келген сарапшылар да осындай баға беріп кетіпті. Неге десеңіз, Еуропа және Америка елдеріндегі тау шаңғысы алаңдары орналасқан өңірлер мұхит-теңіздерге жақын жатыр. Ал, Алатау жайқын судан алыста. Сондықтан, ол жақтың қарында ылғал көбірек те, біздікінде азырақ. Сол себептен де Шымбұлақтың қары сусымалы, сырғанағыш болып келеді. Осындай барлық сипаттамалары жағынан стандартқа сай болғандықтан, «Шымбұлақ» дүние жүзіндегі тау шаңғысы курорттарының ішінде ең таңдаулы үштікке кіреді. Әлбетте, әр жылдарда мұнда жарыс өткізу жағдайы жақсартылып, көркейту жұмыстары жүргізіліп отырды. Әсіресе, Азиада қарсаңында Елбасы пәрменімен үлкен қаржы бөлініп, Шымбұлағымыз ғаламат өзгерістерге ұшырады. Бұрынғы шаңғы жолдары қауіпті болатын. Соның бәрінде қауіпсіздік шаралары атқарылды. Ол не десек, көшкін жолындағы трассалар стандартқа сәйкестендірілді. Оларды жағалай қар зеңбіректері орнатылды. Шаңғы жолындағы үйінді тастар алынып тасталды. Енсіз, тар шаңғы жолдары бұрынғы 10 метрден 100-180, кейбір жерлерде 200 метрге дейін кеңейтілді. Сөйтіп, Шымбұлақтың қолданыстағы беткейлері қайта бағдарланып, трассалар жоспарланып, сондай-ақ жаңа беткейлер игерілгендіктен, сырғанау аумағы ұлғайып, оның жалпы ұзындығы 30 шақырымнан асып түсті. Яғни, бұл бұрынғы ескі көрсеткіштен алты есе артық деген сөз. «Шымбұлақ» тау шаңғысы базасының бас директоры, Қазақстан тау шаңғысы спорты федерациясының президенті Есет Ешпанов Халықаралық шаңғы спорты федерациясының өкілдері Шымбұлақта болып, трассаларға гомологация жүргізгенін, яғни техникалық жай-күйін тексергенін айтады. Осы ретте барлық шаңғы жолдары талапқа сай болып шығып, тиісті халықаралық стандарттар бойынша төрт бірдей сертификат алған. Мұның өзі Шымбұлақтың әлемдік деңгейдегі аса ірі халықаралық жарыстарды, ең алдымен, 2011 жылғы қысқы Азия ойындарын өткізетін нысанды орын ретінде таңдалуына бірден бір негіз болып табылды. Жарыстар жиі өтіп, әуесқой сейіл-серуеншілер, шаңғышы туристер көп шоғырланатын Шымбұлақ сияқты жерде, жаңа айтқанымыздай, қар көшкіндерінің алдын алып, шаңғы тебушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызы зор. Сол үшін шеттен осы замандық құрал-жабдықтар сатып алынып, олар төтенше жағдайлар жөніндегі тиісті қызметтердің пайдалануына берілген көрінеді. Осынау құрылғылардың арқасында мамандар алдын алу мақсатында жүйелі түрде көшкін шақырып тұрады. Мұның өзі сыннан өткен қауіпсіздік шарасы, дейді. Азиада қарсаңында жасалған бір ғажайып «Медеу» кешенінен «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортына тартылған аспалы жол, ғаламат жобаның іске қосылуы дер едік. Енді Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтары қауіпсіз әрі жайлы кабиналарда, таудың көркін тамашалай отырып, «Медеу» бекетінен Шымбұлаққа бар болғаны 14 минөтте жетіп барады. Туристердің құдайы беріп, курорт қонақтары көбейгелі тұр. Бұл жайт сонымен бірге елде саламатты өмір салты мен спорттың даму әлеуетін күшейте түспек. Табиғат қойнауына кіретін автокөлік тасқыны толас табуына орай экологиялық тазалыққа жол ашылмақ. Австрияның «Доппелмайер» фирмасы жасаған осынау «Медеу-Шымбұлақ» аспалы гондола жолының ұзындығы 4572 метр. Әлемдік деңгейдегі осындай үшінші жол. Мұндағы 114 кабинаның әрқайсысына сегіз кісіден отыра алады. Секөнтіне 6 метр жұмыс жылдамдығымен есептегенде, бір сағатта 2 мың жолаушыны тасып үлгереді. Аталмыш болат арқанды аспалы жол қосымша көптеген пайдалы жүйелермен жабдықталған. Сапа мен қауіпсіздіктің барлық еуропалық талаптарына сай. Курортқа келушілердің көңілінен шығу үшін төменгі «Медеу» бекетінің жанында 100 орындық автокөлік тұрағы жасақталған. «Шымбұлақтан» жоғары қарай ортаңғы бекетке және Талғар асуына жету үшін базаның өзіндегі барлық көтергіштер неғұрлым осызамандық және сыйымды қондырғылармен ауыстырылды. Сөйтіп, итальяндық «Leitner» фирмасының осызамандық құранды аспалы жолы орнатылды. Мұндағы жалпы ұзындық төрт шақырымнан асады. Мұнда да сағатына 2 мың жолаушы тасымалданады. 6-8 кісілік кабиналар, 4 кісілік ашық орынтақтар бір-бірімен алмасып отырады. Сондай-ақ курорт аумағында жаңа ғимарат бой көтерді. Онда 2 мыңнан астам адамға арналған жүк сақтау орны жайғасқан, асхана, дәмхана мен мейрамханалар, спорт дүкені және басқалары бар. Баспасөз орталығының залы, медициналық көмек көрсету бөлмелері де жабдықталған. Аталған жайлардың бәрі тау шаңғышыларына ғана емес, демалушылар үшін де тамаша жағдайлар туғызатыны анық. Нақ осы арада Шымбұлақты кешенді дамыту жобасына жұмсалған инвестицияның жалпы көлемі 200 миллион АҚШ долларын құрағандығын айта кеткен де жөн шығар. Спорттық жағына келер болсақ, Азиада жарыстарына төрешілік ететін қазылар алқасы дайын. Техникалық делегаттар ерте бастан белгіленіпті. Шымбұлақта спорттың үш түрінен жарыстар өтпекші. Атап айтқанда, Алатау баурайында спортшылар шапшаң құлдилаудан, супер-гиганттан және супер-комбинациядан күш сынасады. Осы үш түрдің өзі ерлер және әйелдер болып бөлінгенде медальдардың алты жиынтығы бәске тігілген. Яғни, алты алтын, алты күміс және алты қола. Есет Ешпановтың айтуына қарағанда, біздің Закурдаев, Кошкин, Воронов сияқты сайыпқырандарымыз кемінде екі немесе үш алтын алады деп жоспарлы түрде күтілуде. Олай болса, Есеттің аузына май. Ал енді Азиада өтіп болған соң «Шымбұлақ» сынды жауһарымыз бүкіл Азия үшін қысқы туризмнің және тау шаңғысы спортының әлемге әйгілі орталығына айналмақшы. Қорғанбек АМАНЖОЛ, Суреттерді түсіргендер Берсінбек СӘРСЕНОВ, Юрий БЕККЕР.«Әдемі-ай» жасаған кәдесыйлар
Қазақ халқы қолөнерді ерте заманнан бері қастерлеп, қадірлей білген халық. Қазіргі технология жетістіктеріне көз ілеспейтін жаһандану кезінде он саусағынан өнер тамған шеберлердің көз майын тауысып жасаған қолөнерінің алатын орны ерекше. Бүгінде қай жерге барсаңыз алтын-күміс, қола мен мыстан, тері мен ағаштан жасалған осындай бірегей дүниелер жоғары сұранысқа ие. Жуырда біз осындай көне заманнан бері атадан балаға ұласып келе жатқан ұлттық дәстүрімізді халыққа таныстырып, оны кеңінен насихаттап жүрген «Әдемі-ай» ЖШС бас директоры Баһаргүл ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫМЕН кездесіп, әңгімеге тартқан едік. Әңгімеміз Азия ойындарына арналған кәдесыйлар мен жалпы зергерлік бұйымдарды жасаудың маңызы турасында болды. – Алдымен өзіңіз туралы, содан кейін бұл жұмысты қолға алғаныңызға қанша уақыт болғанын айтсаңыз. – 1994 жылы Қытайдағы Бейжің мемлекеттік университетін бітірген соң, білімімді жетілдіру мақсатында атажұртқа келіп, 1997 жылға дейін өз мамандығым – биология саласы бойынша ғылыми жұмыспен айналыстым. Сол кезде диссертация жазуға дайындық барысында Қазақстандағы ежелгі қолданбалы өнерді зерттеуге бет бұрып, осы саланың коллекционерлерімен байланыс орнаттым. Жалпы, мен жылдар өткен сайын бағасы өсе беретін зергерлік және тұрмыстық бұйымдарды жинаумен Бейжің мемлекеттік университетінде оқып жүрген кезімде айналыса бастағанмын. Сол кезде Қытай императорларының сарайларын аралап, онда жинақтаған көне бұйымдарды, жәдігерлерді тамашалап, тәнті болатынмын. Елге оралған соң: «Бізге неге өз ұлтымыздың шашырап жатқан байлығын жинастырмаса?» деген ой келді. Сөйтіп, ұлттық құндылықтарымызды жас ұрпаққа жеткізу, антиквариат дүниелерін жинау арқылы қазақтың қол өнерінің баға жетпес байлықтарын шетелге таныстыру мақсатында 2000 жылы «Әдемі-ай plus» ЖШС құрдым. Ал 2002 жылы «Әдемі» өнер үйін аштым. – Алғашқы жасаған кәдесыйларыңыз, бұйымдарыңыз не еді? – Біздің дүкендердің сөрелерінде орыстың матрешкасы, қытайдың фен-шуйі, үндінің бақа-шаяндары қаптап тұрғанда, неге өз ұлтымыздың бағалы жәдігерлері жарқырап тұрмайды деген оймен әуелі халқымызға бір-біріне сый ретінде ұсынуға боларлықтай, өз еліміздің азаматтарына ұлтымыздың баға жетпес байлықтары бар екендігін көрсету үшін ұлттық кәдесыйлар жасауды қолға алдым. Бірінші болып елдігімізді, ұлттығымызды танытатын «Бәйтерек», «Қазақ елі», «Тәуелсіздік» монументтерінің кішірейтілген түрлерін жасадық. Одан кейінгі Қызылордадағы Қорқыт ата, Түркістандағы Қожа-Ахмет Ясауи кесенелерінің, Алтын адам, Абылай хан, Абай, Бәйдібек, Исатай-Махамбет, Наурызбай батыр, Қарасай батыр ескерткіштерінің макеттері жасалды. – Компанияның атын кәдесыйлардың, бұйымдардың әдемі болуы үшін қойдыңыз ба? – Жоқ. Әдемі деген қызымның аты. (Күледі) – Осы кезге дейін қанша кәдесыйлар жасалып, саудаға қойылды? – Менің кәдесыйлардан бөлек жинаған коллекцияларым 5 мыңнан астам. Олардың бәрі ең көне қазақ жәдігерлері. Кәдесыйларымыз да өте көп. Олар Өнер үйінде сатылуда. Біз кезінде әрбір жәдігердің төлқұжатын рәсімдеп, Әділет министрлігінен арнайы патент алған болатынбыз. Қазір шүкір, халық ұлттық нақыштағы кәдесыйларды іздеп жүріп сатып алатын жағдайға жетті. Мысалы, асық пен жауырын мүсіндері, аттың ертоқымы, ұлттық ойындарға қатысты дүниелер халықтың сұранысына ие. Соның ішінде ең өтімдісі «Алшысынан түскен асық» кәдесыйы. – Жақын арада елімізде Азия ойындары басталады. Соған сіздердің ресми әріптес болғандарыңызды білеміз. Азиадаға қандай кәдесыйлар жасадыңыздар? – Азиадаға өз өнімдерімізді ұсыну біз үшін азаматтық парыз, үлкен дәреже болса, екінші жағынан компанияның тағы бір сатыға көтерілгені деп білеміз. Азиада – Қазақстан үшін екі күннің бірінде болатын қатардағы шара емес. Әлемде әлі ешқашан мұндай кешенді жарыстарды өткізбеген елдер қаншама. Осы үлкен жауапкершілікті біз де барынша сезінудеміз. Біздің компания әуелі Азиадаға жарты жыл бұрын 30-ға жуық ойын кәдесыйларын дайындаған болатын. Қазір олардың саны анағұрлым артты. Азиадаға арнап алтыннан апталған, күмістен күптелген, қоладан құйылған жүзден аса медальдар жасадық. Содан кейін Алау эстафетасының атрибуттарын да жасап қойдық. Астананың қазіргі әкімі Иманғали Тасмағанбетов бізге осы істі жасау туралы ұсыныс айтқан еді. Соны біз сақ дәуіріндегі шырағданның негізінде барыс және басқа да жан-жануардың бейнесінде жасап шығардық. Сонымен бірге, Азия ойындары өтетін жерлердің миниатюралары да дайындалды. Солардың бірі 24 каратты алтын жалатылған «Медеу» мұз айдыны әлі ешқашан дәл осындай бұйым ретінде ашық саудаға түсіп көрмеген. Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы күні кеше күрделі жөндеуден өткені белгілі. Оның ендігі аппақ қардай келбеті де біздің Азия ойындарына тарту еткен шашуларымыздың бірі. Ал жаңағы айтқан Азиада медальдары таза хрустальдан да жасалған. Параметрлері Азиаданың барлық талаптарына сай медальдар көздің жауын алады. Жарыстың ресми бойтұмары таудың тек ең биігінде жүретін, Алатаудың түз тағысы ілбісіне кәдесыйлар ұсынып отырмыз. Сондай-ақ бізде Азиада алауы мен белгісі бейнеленген күнделікті тұрмыста қажет тақия, футболка, жолдорба, белдік пен флешкалар бар. Алдағы кезде осы аз емес коллекцияға спортшылардың мүсіні, басқа да Азиада нысандарының көрінісі, тұғырдағы ұлттық жалаулар ұсынылады. Біздің заттар тек қалтасы қалың қала тұрғындары мен қонақтар үшін ғана емес, қоғамның барлық мүшелеріне тиісті бағалық диапазонда жасалған. – Компанияда неше адам жұмыс істейді? – Отыздан астам. Олар белгілі суретшілер, мүсіншілер. Мен оларға кәдесыйдың түрін, ұлттық нақыштағы бұйымды қағазға сызып беремін, олар соны жасайды. Қазір Азиадаға арналған 70-тен астам кәдесый бар. Олар Астана мен Алматының сауда үйлерінде, қонақ үйлерінде, әуе жайдың бутиктерінде таратылуда. Бізге осы жағынан қала әкімдері көмектесуде. Мысалы, Астанадағы «Сарыарқа» ойын-сауық орталығында Азиадаға арналған павильон ашылды. Біз ол жерге 15 млн. теңгенің өнімдерін беріп отырмыз. Астанада Әуезов-Кенесары көшелерінің қиылысында, Ауыл шаруашылығы министрлігі ғимаратының жанындағы бизнес орталықтың екінші қабатында кеңсеміз де бар. Біздің жасаған өнімдеріміз сапалы, медалдарымыз сынбайды. Олар мың жыл болса да түрін өзгертпей тұрады. Біраз адамдар Азиада бойтұмары барысты кейбіреулер тышқанға ұқсатып жасаған дейді. Ал біздікін кішкентай балалардың өздері көргенде: «Ой! Қандай сүйкімді бұл барыс», деп құшақтап алады екен. – Өзге ұлт өкілдері сіздердің ұлттық нақыштағы кәдесыйларыңызға, жәдігерлеріңізге қызыға ма? Мысалы, домбыра ұстап, ұлттық киім киген барысқа. Шыныңызды айтыңызшы. – Көбінесе қазақ жігіттері сатып алады. Сосын шетел қонақтарының Азиада кәдесыйларына қызығатынын көріп жүрмін. – Алда қандай жоспарыңыз бар? – Алматыда Шевченко мен Байзақов көшелерінің қиылысында Өнер мұражайын ашуды жоспарлап отырмын. Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН.