• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
16 Наурыз, 2016

Тасқынға тосқын қойылады

311 рет
көрсетілді

Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында «2016 жылғы су тасқыны кезеңінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы» брифинг өтті. Онда көктемгі су тасқынына қарсы шаралар барысы жөнінде ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер қалыптасып отырған жағдайды жасырмай айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, көктемгі су тасқынына қарсы шаралар дайындығы бір қалыпты. 2016 жылғы су тасқыны кезеңін авариясыз өткізу мақсатында ағымдағы жылдың бірінші тоқсанда су тасқынының алдын алу іс-шара­лары кешені өткізілген. Онда өзен­дердегі судың көлемі, қардың бар қоры және ауа райы болжамы туралы деректер ескерілген. Соған сай республика бойынша 1300-ге тарта гидротехникалық нысандар бар екен. Олардың жағдайын қадағалау еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігінің құзырына берілген көрінеді. Алайда, ол нысандардың қалыптылығын қадағалау қамы қағыс қалған секілді. Өйткені, В.Беккер мәліметі бойынша, әлгі атал­ған 1300-ге тарта гидротехникалық нысандардың бүгінде 500-ден астамына жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Дегенмен, көңілге бір демеу болары, аталған жөндеуді қажет ететін барлық нысандар апаттық жағдайда емес екені нақтыланғаны да айтылды. Сөйтіп, қазір су тасқынының алдын алу мақсатында өңірлердегі гидротехникалық нысандарды судан босату жұмыстары басталып та кеткен. Осылайша, тасқын суды қабылдауға қауқарлы болуы үшін екі аптаның ішінде бірнеше су қоймаларын босату шаралары қолға алынған. «Өңірлерде су тасқыны кезеңінде мүдделі мемлекеттік құрылымдар мен ұйымдардың ден қою жоспарлары және өзара іс-қимыл жасау жоспарлары әзірленіп пысықталды. Ағымдағы жылы тұрғын үйлердің су астында қалуын болдырмау үшін жергілікті атқарушы органдар елді мекендерден 9-дан астам миллион текше метр қар шығарды, қарды шығару жұмыстары әлі де жалғасуда. Ірі ауқымды су тасқынын жою үшін Ішкі істер министрлігінің жеке құрамынан 9 мыңға жуық адам және мыңнан астам бірлік техника, 220 бірлік жүзу құралы әзірлікте тұр. Күн жылынған жағдайда қар қоры көп өңірлерге қосымша күштер мен құралдар жіберіледі. Ал «жаман айтпай жақсы жоқ» дегендей, В.Беккердің айтуынша, үстіміздегі жылы Қазақстанда 800 елді мекенде су деңгейі көтерілуі әбден мүмкін көрінеді. Сөйтіп, бекітіл­ген жоспарға сәйкес, су басуы мүмкін аумақтар айқындалған. Көктемгі су тасқыны кезінде еліміз бойынша 807 елді мекенді су басуы мүмкін. Осыған байланысты «сақтықта қорлық жоқ» дегендей, алдын ала 1 млн. 250 мың адам тұратын аймақтар қамтылуы мүмкін. Бұл жоспарға сәйкес, тәуекелді аймақтар да белгіленген көрінеді. Сөй­тіп тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру мақсатымен жергілікті ат­қарушы органдар ондай орындарды даярлап қойған секілді. Осыған сәйкес бұрын хабарлан­ғанындай, барлық деңгейдегі әкімдіктер төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның 276 отырысын өткізген болатын. Сондықтан да өткен жылдағы жағдай биыл, әйтеуір қайталанбауы мүмкін деген сенім басым дейді. Жалпы еліміз бойынша Казгидрометтің алдын ала болжамына тоқталатын болсақ, әсіресе, Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында биыл көктемде қар суының елеулі көлемі болуы мүмкін деп болжанған болатын. Бұған қоса тасқын су көтерілу қаупі Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарында да болуы ықтимал. Себебі, өзен бассейіндері мен Жетісу және Іле Алатауы жоталарында жиналған қардың қалыңдығы өткен жылға қарағанда 1,5 есеге артық болып тұр. Сол сияқты егер ауа райы күрт жылына қалған жағдайда қызыл су басу қаупі Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы Есіл, Нұра, Сарысу жағасында орналасқан елді мекендерінде де туындауы әбден кәдік, дейді мамандар. Александр Тасболатов, «Егемен Қазақстан».