• RUB:
    5.18
  • USD:
    481.19
  • EUR:
    538.45
Басты сайтқа өту
16 Наурыз, 2016

Бәсекеге қабілетті мамандар дайындайды

502 рет
көрсетілді

Бүгінде елімізде кәсіптік-техникалық білім беру ісіне баса назар аударылып отыр. Елбасының бастамасымен баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру бағдарламасы белгіленуі алдыңғы пікіріміздің айқын дәлелі. Сонымен бірге, аталған жүйенің қызметін одан әрі жандандыру мен жаңғырту ісінде де жарқын мысалдар жеткілікті. Ең бастысы, қаланы айтпағанда, шалғай аудандарда да бұл мәселеде оң бастамалар баршылық. Сөзіміз жалаң болмас үшін ендігі әңгімені облысымыздың ең алыс аудандарының бірі – Казталовтың Жалпақтал ауылындағы Жалпақтал аграрлық және салалық технологиялар колледжі мысалында өрбіткенді жөн көреміз. – Мұнда бүгінгі нарықтық қа­рым-қатынастардың сұра­нысына ие сегіз түрлі мамандық бойынша кадрлар дайындалады. Оқу орнында кәсіптік-техни­калық білім берудің заманауи үлгісі қалыптасқан. Әрі оқыту бағдарламасы жүйелік өзгешеліктерінің негізі қаланған. Кәсіби мамандар дайындайтын колледждегі оқу-тәрбие жұмыс­тарының нәтижесі кәсіби білімді тәуелсіз бағалау тәсілі бойынша айқындалады. Соған сәйкес түлектердің оқу сапасы 95,7-100 пайыз аралығын құрайды. Оларға оқу-тәрбие қорытындысында біліктіліктерін айқындаған куә­ліктер беріледі. Мұндай жо­ғары да сапалы нәтижеге оқытушылардың қосқан үлесі мол. Ұлы педагог Ыбырай Алтынсарин айтқандай, жақсы мұғалім бәрінен қымбат, себебі, ол мектептің жүрегі емес пе, – дейді Жалпақтал аграрлық жә­не салалық технологиялар кол­­­леджінің директоры Мағауия Есмағұлов. Бүгінгі техногендік кезеңде білікті мамандар әзірлеу жүйесін құру өте күрделі үдеріс. Бұған аталған ұжым әлеуметтік серік­тестіктер құрылымын белсенді түрде пайдалану арқылы қол жеткізуде. Өйткені, осы арқылы білім алушылардың таңдаған мамандықтары туралы түсінік­терін тереңдетуге болады. Ең бастысы, теория мен тәжірибе бір жерде тоғысады. Түлектердің өндірістік жағдайда дербес шешім қабылдай білу қабілеті қалыптасады. Бұған колледж ұжымы мен жұмыс берушілер арасындағы байланыс пен өзара ынтымақтастық игі әсерін ти­гізуде. Оқу орнын бітірушілерді жұмысқа орналастыруға да мұн­дай қарым-қатынастардың оң ықпалы бар. Сонымен бірге, ұжым басшысының бастамасымен еңбек нарығындағы жағдайды қадағалауға мүмкіндік беретін ізденіс тетігінің құрылуы да үй­ренетін үрдіс деуге болады. Бұл тетіктің басты рөлі сұра­нысқа ие жұмыс орнын айқын­дауға септігін тигізе алатынында. Мұндай жағдайда өңірдегі бизнес пен әлеуетті жеке кәсіпкерлік нысандары өздеріне қажетті білікті мамандарды алыстан іздеп әуре болмайды. Тек тиісті сұраныс болса деңіз. Жалпақтал колледжі басшылығы мен оқытушы-ұс­таздар құрамы өз түлектері алыс­тан шақыртылған кез келген маманмен бәсекеге түсе алатынына бек сенімді. Олар өз біліктерін дуалды жүйе арқылы шыңдауда. Қажет жағдайда белгілі бір тобы қайта даярлықтан өткізілуде. Ең бас­тысы, мұнда сұранысқа сай бар­­лық мүмкіндіктер жасалуда. Бұл сұраныстар үш бағыт бойынша жүргізілуде. Оның ең біріншісі инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтуды ұлғайту болса, екіншісі ауылда кәсіпкерлікті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу болып отыр. Ал үшіншісі тірек ауылдарын дамытуға негізделген. Бұл жөнінде өңірдегі әлеумет­тік-серіктестік өкілдері не дейді? Гүлбану Шоқаева, «Нан өнім­дері» жеке кәсіпорны­ның жетекшісі: – Біздің кәсіпорында еңбек етіп жүргендердің дені колледж түлектері. Осы арқылы олар от­басын асырап, әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін шешіп отыр. Ашығын айтқанда, тендрлер әділ түрде өтіп, оны ұтып алған жағдайда нан өнімдерімен толық қамтуға болады. Бұған тиіс­ті мүмкіндіктер бар. Сонымен бірге, мұндай жағдайда тағы да жиырма бес адамға, соның ішінде, колледж түлектеріне жұмыс тауып беруге мүмкіндік туады. Нұрлыбай Жолдыбаев, «Шә­һи­зада» жеке шаруа қожа­лығының жетекшісі: – Мал өсіріп, баптауға ыңғайлы маман болса тиісті еңбектерін төлей аламын. Алайда, мұндай жауапкершіліктен қашатындар көп. Олар малдың құнын төлет­тіреді деп қашады. Егер мал аурудан өлсе, оны анықтайтын ве­тери­нарлық дәрігер бар. Ал мал дұрыс қарамағандықтан ұрланса немесе батпаққа батып өлсе, оған жауап бергісі келмейді. Сонда бұл мәселені қалай шешуге болады? Мұрат Ахметжанов: «Доррем­сервисстрой» кәсіп­орнының басшысы: – Біздің кәсіпорын қызметкер­лерінің дені де колледж түлектері. Алайда, қазіргі таңда бізге механизатор кадрлары жетісе бермейді. Бұл салада істеп жүргендердің дені елуден асқандар. Оларды алмастыратын жас механизаторлар қажет-ақ. Сондықтан колледж ұжымы осындай мамандық беретін жүйені ұлғайту үшін тиісті шаралар белгілеуін сұраймын. Сондай-ақ, колледж директоры Мағауия Есмағұлов ұйытқы болған семинар іспеттес кең кө­лемді шара кезінде Кенжебек Мендалиев атындағы жалпы орта білім беретін мектептің директоры Салтанат Өтеғалиева бүгінгі күні мектептерде компью­терді терең меңгерген инженер­лер және іс қағазадарын жүргізетін білікті де сауатты мамандар же­тіс­пейтінін айтып берді. Сон­дықтан ол салалық колледжде осы мамандықты оқытуға жағдай жасалатын болса, оған сұраныс болатынын баяндады. Ал Казталов аудандық білім бөлімінің басшысы Ерболат Бекмолдин колледж­де есеп мамандары мен қыз-ке­лін­­шектер үшін кондитер және тігінші мамандықтарын меңгеруге жол ашылса, олар жұмыссыз қалмас еді деген ұсыныс-тілегін жеткізді. Өз кезегінде аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Аманжол Нығмет болашақта мұнда қысқа мерзімде мамандар әзірлейтін курстар ашуға қам жасап отырғандарын мәлімдеді. Қалай дегенде де, бұл айтылған ой-пікірлердің бәрі алыстағы ауданда кәсіптік білім берудің көкжиегін одан әрі кеңейте түсу қажеттілігінен туындап отырғаны аян. Ал колледждің ұйымшыл ұжымы соның бәріне жан-жақ­ты ой жүгіртіп, түйінді ой-пікір­лерді сүзгіден өткізіп, оқыту бағдарламасын тереңдете түсуді ұйғарған. Өйткені, қазіргі таңда ел экономикасын өркендету ісінде кәсіптік-техникалық сала мамандарын әзірлеу жетекші мәнге ие екені айтпаса да белгілі емес пе?! Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». Батыс Қазақстан облысы, Казталов ауданы, Жалпақтал ауылы.