Алматы – Өскемен тас жолының бойында Үшбиік атты ауыл бар. Шығыс өңірінің Жарма ауданына қарасты алақандай ауылдың етек-жеңі жинақы, тіршілігі бақуатты. Қасиетті Қалба жотасында, тоғыз жолдың торабында орналасқан елді мекеннің тізгінін ұстауға екі жыл бұрын Перизат Оралбаева есімді қаршадай қыз келген-ді. Аягөз ауданының тумасы еңбек жолын мамандығы бойынша туған жерінде бастады. Жер қатынастары мәселесінде тәжірибе жинақтаған жас көп ұзамай аудандағы стратегиялық елді мекендердің бірі, шойын жолдың бойындағы Ақтоғай кенті әкімінің орынбасары болды. Бүгінде Ақтоғайда ірі мыс кеніші игеріліп жатыр. Осындай өндіріс орнымен өңірдің экономикалық күретамырына айналған кенттегі қызметінде біраз ысылған соң газетте жарияланған байқау арқылы қазіргі жұмысына келген екен.
– Мерзімді басылымнан Үшбиік ауылдық округі әкімінің лауазымына жарияланған байқауды оқыған соң, бағымды сынап көрмекке Жарма ауданының мәслихатына құжат тапсырдым. Тағы екі адам үміткер болды. Депутаттар менің бағдарламама қолдау көрсетіп, ауыл әкімдерін сайлау негізінде осы қызметке тағайындалдым. Бұл – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздегі гендерлік саясатты жолға қою және жас көшбасшыларға қолдау көрсету жөніндегі саясатының жемісі деп ойлаймын, – деп бастады ауыл әкімі әңгімесін.
Шынында, екі жыл бұрын өңірге жұмыс сапарымен келген Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықовамен өткен кездесуде 28 жастағы Перизат Ерболатқызы еліміздегі ең жас әкім ретінде таныстырылғаны есімізде.
«Ауылды көтеру – Қазақстанды көтеру» деп санайтын әйел әкім кеңседе емес, ел арасында, шаруашылық басында жүргенде іс өнетінін айтады. Әрине, жас қыз бастапқыда бұл жұмысты алып кете алатынына өзі де иланбапты. Ауыл тұрғындары арасында да сенімсіздікпен қараушылар болмай қалған жоқ. Бірақ, «көз – қорқақ, қол – батыр», «жас келсе – іске!» деген. Биыл кеңшар ретінде құрылғанына 55 жыл толып отырған ауыл халқының қолдауының арқасында жас әкімнің жұмысы біртіндеп алға басып келеді. Қазір Үшбиік ауылдық округінде ақсақалдар алқасы, аналар кеңесі, жастар ұйымы жұмыс істейді.
Таулы аймақта орналасқандықтан, мал шаруашылығын дамытуға бейімделген ауылдық округке Үшбиік, Жанама және Еңірекей елді мекендері енеді. 3 мыңнан аса ірі қара, 2 мыңнан астам жылқы, 35 мың қой-ешкі өсіріп отыр. Республикаға асыл тұқымды «Байыс» қойын өсірумен танылған бұл округте 52 шаруа қожалығы, 2 асыл тұқымды қой зауыты, мал бордақылау алаңы мен мал сою пункттері бар. Өскемен, Семей қалалары мен Жарма және Аягөз аудандарын күніне 10-20 тоннаға дейін ет өнімдерімен қамтамасыз етеді. Бұл – мың жарымға жуық халқы бар Үшбиік үшін ауыз толтырып айтарлықтай жетістік.
Бүгінде көптеген көрсеткіштері жағынан ауданда алдыңғы орындарда көрініп келе жатқан ауылда «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы шеңберінде жаңадан салынған Ақтайлақ би атындағы орта мектеп, дәрігерлік амбулатория бар. Соңғы екі жылда Үшбиікке «Дипломмен – ауылға!» жобасы аясында төрт жас маман келіп, ауылдағы мемлекеттік қызметкерлер қатары жастармен толығуда. Мектеп директоры Ерзат Қанапиянов, амбулаторияның бас дәрігері Гүлсана Шәріпбекова, ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Бейсенгелді Елемесов – 20 мен 30 жас аралығындағы жастар. Фарида Ақатқызы да Семейдегі медициналық университетті бітірген соң аталған бағдарламамен ауылға келген жастардың бірі. Мәдениет үйінде ашылған кітапхана меңгерушісі Шолпан Аябаеваның айтуынша, 6500 кітап қоры мен 600 тұрақты оқырман бар. Осылайша, Үшбиік ауылы жалынды жастардың ордасына айналды.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
Шығыс Қазақстан облысы,
Жарма ауданы,
Үшбиік ауылы.