• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
14 Мамыр, 2016

Миллиондаған гектар алқаптың табиғи қалпы дабыл қағарлық жағдайға жеткен

378 рет
көрсетілді

Қазақ мал шаруашылығы және мал азығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Әбдірахман ОМБАЕВПЕН әңгіме – Әбдірахман аға, бос жат­қан ауылшаруашылық жер­лерін тиімді пайдалану тура­лы қадам жасалған тұста, түрлі мақсаттағы топтар мұны бей­қам жатқан қалың жұрт­қа өз қалауынша түсіндіріп, бір сөз­бен айтқанда, мәселені у­шық­тыра түсуді көздеген кейіп таныта бастады. Осы орай­да, ауылшаруашылық ғалы­мы ретінде Қазақстандағы жер­ді пайдалану және игеру мә­селесінен әңгімемізді бастасақ? – Әңгімемізді бастамас бұрын, көпшіліктің көңілін күп­­ті еткен жер мәселесіне бай­­­ланысты Елбасының мора­то­рий жариялауы өте дұрыс шешім болғанын атап өт­кені­міз жөн. Жер – мәселесі адамзат баласы үшін өте күрделі мәселе. Өйткені, тіршіліктің бар тетігі тікелей осы жермен байланыс­ты. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап Қазақстанның басты байлығы – жерді тиімді пайдалану мәселесі кезең-кезеңге бөлініп, оны жоспарлы түрде игеру жұмыстары күн тәртібіне қойылды. Оның ең алғашқы қадамы – жерді тиімді пайдалану мақсатында оны халыққа бөліп беру, жерді игеру мен күтіп-баптауға мүмкіншілік жасау бағдарламасын бекітуде ел билігі тарапынан көптеген жұмыстар атқарылды. Жерді халық игілігіне жаратамын деген тұлғаларға 49 жылға жалға беру туралы шешім қабылданды. Содан бергі уақытта Қазақстан­да егін шаруашылығында жақ­сы нәтижелерге жетіп, ауыл шаруа­шылығы өнімдерінің сапасы мен ауқымы артса, мұның барлығы сонау егемендіктің елең-алаңында жерді шаруаға жалға берудің нәтижесі. Жерді тиімді пайдаланудың тағы бір түрі, ол – мал шаруа­шылығын өркендетуге де тікелей байланысты. Ата кәсібімізді жандандыру, мал басын арттыру, азық-түлік стратегиясының әлеуетін күшейту де арнайы жайы­лымдық жерлер мен мал ұстау орындарының қамтылуы мен тиімді орналастырылуына байланысты. Қазіргі таңда Қазақ­станда 187 миллион гектар жайы­лымдық жер бар. Біз бүгін соның 60 пайыздайын ғана пайдаланып отырмыз. Қалған жер бос жатыр, яғни оның пайдасын халық та, үкімет те көріп отырған жоқ. Пәлен мыңдаған гектар жерлер кезінде ұзақ мерзімге жалға берілгенімен, ол тек құжат жүзінде иесі бар территория қалпында тұр. Онда не мың­ғыртып мал ұстап жатқан, не ауылшаруашылық дақылдары мен көкөніс егіп жатқан кісіні көрмейсіз. Керісінше, ауылдық жерлерде жерді тиімді пайдаланбау себебінен жұмыссыздық белең алып, ауыл қазағының тұрмысы күрт түсіп кету көрінісі көбейіп кетті. – Жеріміз бос жатқан соң, оған қызығушы сырткөз бен құнарын емгісі келетіндер табылмай ма? – Әрине, өзі де солай ғой! Мен 1991 жылы Ұлыбританияда болдым. Англияның ауа райы мен табиғи жай-күйінің қолай­лылығы соншалықты, температура қыста +4, жазда +17 градустың аралығында ғана болады екен. Яғни, адам баласының өмір сүруіне жайлы, қалыпты табиғат. Мен осыған таң қалып, бір ағылшын ғалымына «Сіздер­дің жерлеріңіз адам өмір сүруі үшін қолайлы екен» дегенімде, ол маған «Бұл жер бізге Алла тағаланың өзі берген сыйы. Жаратушымыз адам баласына жер бөлген кезде, ағылшын ең соңынан барыпты. Сонда Жаратушымыз адамзатқа енді үлестірер жердің жоқ екенін айтады. Сонда ағылшын тұрып «Мен де өзіңіз жаратқан бір ұлыңызбын. Құр қол қайтармай, тілегімді орындаңыз?!» депті. Сонда Алла тағала «Өзімнің жанымда сақтаған жерім бар еді, соны саған берейін!» деп, біздің ата-бабамызға осы Ұлыбритания аумағын сыйға тартқан екен», деп әзіл-шыны аралас, өзінің туған жері туралы қызықты хикаят айтып берген еді. Сол айтпақшы, қазаққа да Алла тағала пейіліне қарай тауы мен тасын аямай, құнарлы топырағы мен өзен-көлі, орманды алқабы мен құлан жортар шөлі бар кең-байтақ Ұлы Даланы сыйға тартқан. Тек, біз бұл жерді адамзат игілігі үшін оңтайлы жаратып, келешек ұрпақ үшін құнарын жоғалтпастан пайдалана білуіміз керек. Жер сұрауға кешігіп барған ағылшын құсап, біз де туған жерімізді дұрыс игерудің белгілі кезеңіне аяқ басып отырмыз. Игіліктің ерте-кеші жоқ демекші, жеріміздің әр сүйемін тиімді пайдаланып, қойнында жатқан қазынаны орнымен ала білуіміз қажет. Қарап отырсаңыз, Араб елі секілді бірқатар мемлекеттерде өзен-көл жоқ, құм суырған қу медиен дала ғана бар. Егер оларда осындай жер болса, әлдеқашан көп істерді атқарып тастаған болар еді. Бізде суармалы да, жайылымдық та, өзен-көл мен кенге бай тау-тас, қазба байлығы мол жерлер жетерлік, соны неге ел игілігі мен ұрпақ болашағы үшін пайдаланбасқа?! Басынан нелер күн өткен қазақтың жер­лерін отарлау саясаты кезінде ең шұрайлы жерлеріне сырттан әкеліп қоңсы қондыру да үл­кен саясат қой! Ешкім бұл жер­ді кесіп әкете алмайды, алайда, біз­дің тиімді пайдалана алмай отырғанымызды көргеннен кейін жан-жақтан көзінің сұғын қадау­шы­лар табылары анық және оны өзіміз де көріп-біліп отырмыз. Шындығын айту керек, біз әлі күнге тек көшпелі тұрмыс салтынан әріге аса алмай келе жатқан жұртпыз. Иен жатқан жерді игеруге емес, тек мал шаруашылығы­на ғана иек артып, әрлі-берлі көшіп жүрумен шектеліп отырмыз. Негі­зінде, ғылыми тұрғыдан егер жерді тиімді пайдаланбаса, оның өсімдік әлемі күйреп, то­пы­рағы эррозияға ұшырай бас­тайды. Мал баспаған топырақ та, қопсытылып, дақыл себілмеген алқап та белгілі бір уақыттан кейін не тұзды сортаңға айналады, не ауырады, яғни ешбір өнім бермейтін жағдайға душар болады. Біз ауыл шаруашылығы саласындағы ғалымдар ретінде Қазақстанның барлық айма­ғындағы жердің ахуалын байқап отырамыз. Өзен-көлді, сулы ай­мақ­та бақша ісімен, егін және мал шаруашылығымен айналыс­паса, айналасы 10 жылдан соң ол жерлер табиғи құнарлылығын жоғалтып, Арал аймағы секілді тұзды алқапқа айнала бастайды. Осы ретте қаншама миллион жеріміздің табиғи қалпы қазірде дабыл қақтырарлық жағдайда екендігін түсінуіміз керек. – Ауылшаруашылық жер­лерін жалға беру арқылы «өгізді де өлтірмей, арбаны да сын­дырмай» түйткілді мәселені шешуге болады ғой? – Мана айтып өттім ғой, біз Тәуелсіздік алғалы бері жерімізді толықтай меңгеріп, тиімді пайдалану мақсатында көптеген істер атқарып келе жатырмыз. Кезең­дік бағдарламаларға сай, жерді туыстық не тұрғылықты маңыз­ға қарай бөліп беру үдерісі өтіп кет­ті. Бұл дегеніңіз, баяғыша айтқан­да, жер­гілікті шаруа адам­дары­ның бас-басына пай бөліп беру. Оның нәтижесі соншалық­ты жемісті болмады. Бір сөзбен айт­қанда, жер дұрыс пайдаланыл­мады. Еліміз «Коопера­ция туралы» заң қабылдады. Енді ауыл­шаруа­шылық жерлерге ие әртүрлі деңгейдегі жер иеленушілерді біріктіріп, мақ­сатты түрде тиімді пайдалану ісін жандандыруға күш салынады. Бір нәрсе анық, елі­міз­дің заңында «Жер шетелдік­терге сатылмайды» деп шегелеп тұрып жазылған. Ол туралы мазасызданудың да қажеті жоқ. Ал, мынау қазіргі қозғалып отыр­ған «ауылшаруашылық жерлер­ді жалға беру» мәселесі, менің ойымша дұрыс қадам. Өйткені, жерді кез келген адам алып, оны баяғыдай бос қаңтарып қоймайды. Алса, өзіміздің азаматтар егін егу, бақшалық және дәнді дақылдар өндіру арқылы бизнесті жолға қою үшін, яғни мақсатты түрде алады және ол жерлерге салған инвестициясын қайтару үшін жерді тиімді пайдалану әрекетіне көшеді, жүздеген жұмыс орындары ашылып, ел экономикасына жаңа серпін береді деп ойлаймын. Біз барымызды бағалаумен қатар, бағалымыздың берекетін де көруіміз керек. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Қанат ЕСКЕНДІР, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ