«Екеу емес, бір қой»
Дүйсенбектің екі баласы үйленген. Бірінші келіні қазақ қызы болса, екінші келіні славян ұлтынан. Соңғы келіні босанып ұл туады. Қуанғаннан атын Кәрім деп қояды. Ақылбай – сыныптасымыздың әкесінің аты. Дүйсенбек жасы жетпістен асқан анасына келіп, немерелі болғанын, атын Кәрім деп қойғанын айтады. Сосын, өзінің қулығына салып, Кәрімнің туғанына Ақылбай қатты қуанып, сүйіншісіне екі қой беретін болды дейді. Бұл сөзді шын көрген аңқау анасы: – Еее, жарайды онысы, біздің кісі тыраш келеді, қуанғасын айтқан ғой, – депті. Ақылбай болса Дүйсенбектің келіні босанғанынан тіпті бейхабар екен. Біраз күннен кейін естіп, жомарттығынан сараңдығы басымдау Ақылбай «екеу емес, бір қой берем» депті.«Енді он жыл сені сағынбаймын»
Дүйсенбек бір күні жол үстінде көлік «аулап» тұрған Нұрбекті кездестіріп, машинасына отырғызып алады. Нұрбек қызып алса керек, жол бойына ауызы жабылмай, әңгіме арасында «мен сені гүл етем» деп «ана жерге, мына жерге апар» деп әурелейді. Сөйтіп, кеш түскенде ауылға жеткізіп салуды сұрайды. Құрғақ уәдеден әбден мезі болған Дүйсенбек ауылға Нұрбекті жеткізіп салады да, «күні бойы жүргенде қарық қылмаған енді сені 10 жыл көрмесем де сағынбаймын» деп тастап кетеді. Дүйсенбек бір-екі жыл өткен соң алдыңғы айтқанын ұмытып кетеді де, Көкшетауда ауылдасын көріп қалып «Ау, Нұрбек» деп шақырады. Ізінен қуып жүріп жанына барған Дүйсенбекке Нұрбек «әрі жүр, әрі жүр әлі 10 жыл өткен жоқ» деген екен. Жазып алған Төлеу ДҮЙСЕНБАЙ