Өткен жазда татар еліне жол түсті. Түркі елдеріне ортақ «Наурыз» фестиваль-форумы өтіп жатқан. Жер-жаһанның түкпір-түкпірінен келген қатысушыларды ұйымдастырушылар шағын топтарға бөліп тастады. Біздің топқа түскен әріптестердің ішінде Уфа қаласынан келген өнертанушы башқұрт қыз болды. Таныса, білісе келе, менің Қазақстаннан екенімді білгендегі, оның ең бірінші сұрағаны: – Сіздерде мықты театр сыншысы бар еді. Қайбір жылы «Тұғанлық» фестиваліне сарапшы болып келді. Әлі есімде, вокзалдан өзім күтіп алғанмын. Ол кісі сөйлегенде, тұтас зал тына қалатын. Спектакльге жасаған сараптамасын тыңдап, барлығымыз бас иіп тарқасып едік сонда. Даусы керемет еді. Әнді де ғажап орындайтын. Әдемі әзілдері де ойдан кетер емес...
Башқұрт қыздың сурттеуінен бірден таныдым: – Әшірбек Сығайды айтасыз ғой. Біздің ұстазымыз еді... Ол кісінің бақилық болғанына екі жылға жуықтады...
Ғалым құрбым үнсіз қалды. Бірақ, ішіндегі алай-дүлей сезімін жанарынан тамбай қалған бір тамшы моншақ айтып тұр. Сыншымен жалғыз-ақ мәрте жүздесіп, аз ғана уақыт ішінде білімі мен білігіне бас иіп үлгерген жас ғалымның бар адаммен тең дәрежеде тіл табысып, әзіл жарастырар сондай жақсы кісіні «өлді» деген жалғыз ауыз сөзге қия алмағанын жасқа толы жанары жайып сап тұрғандай. Бағанағы жайдары басталған әңгімемізді бірер сәтке көңілсіздік басты. Әрқайсымыз өз ойымызда жатталған жарқын бейнені көз алдымыздан өткізіп үлгердік. Тағы да үнсіздік...
Башқұрт қыз жалқы сәт кездесіп, осылай босап тұр. Ал жанына жақын жүріп, рухани жылуын сезінген, аудиторияда отырып, тағылымға толы дәрісін тыңдаған біздер үшін бұл жоғалтудың орны ешқашан толмайтындай...
Біз сізді іздеп жүрміз... Әр іздеген сайын, театрға асығамыз. Әдеттегіше, премьера күні залдың алғашқы қатарындағы меншікті орныңыздан сізді кездестіріп қаламыз ба деген алдамшы үміттің тағы да алдарын білсек те, берілгіміз келмейді.
Сізді сағынғанда, жүрегіңіздің бар махаббатын төгіп жазған кітаптарыңызды парақтаймыз. Себебі, маржандай тізілген мағыналы жазудың астынан сіздің дем сезілетіндей, әр сөйлемнен сіздің дауыс құлаққа шалынардай кітап сөрелерін жағалап, сіздің әрдайым ортамызда екендігіңізге өзімізді өзіміз сендіргіміз келеді.
Әр театр фестивалі сайын сіздің мүбәрак бейнеңізді көріп қалармыз деген әзиз үмітпен өнерге сарапшы қазылар отыратын мәртебелі орынға қайта-қайта жалтақтаймыз. Бірақ, ол жерде де сіз жоқсыз...
Міне, осылай өзіңізді іздеп жүріп, өткен күндер өнегесін ой елегінен өткізе отырып, еңбектеріңізге жаңаша көз тіге келіп, театртану саласындағы Әшірбек Сығай сүрлеуін өз талғам-танымымыздың төңірегінде төмендегіше тарқатып көруге тырыстық.
Театртанудағы Әшірбек Сығайдың жасаған ең бірінші төңкерісі – теория мен тәжірибені тепе-тең ұстауы. Қайраткер тұлғаның сөзінің салмақ алып, үнемі қолдау тауып жататындығының әуелгі сыры осы театрмен біте қайнаса тірлік кешкендігі. Ол кісі ешқашан аудиториядан пікір жолдаған емес. Әр театрдың тұрмысын көзбен көріп, тынысын жүрекпен сезіп барып, түйін түйетін. Астана мен Алматыны айтпағанда, облыстың кез келген театрының жағдайын, актерлік мүмкіндігін жіліктеп шағып беретін. Ойын кең ауқымда қорытып, пікірін батыл жеткізетін. Тек республикалық қана емес, халықаралық деңгейдегі фестивальдерге де үздіксіз қатысып, үнемі оқиғаның ортасында жүретін. «Ондағы мақсатым – қазақта да әлеммен иық тірестіре алатын театр бар екендігін таныту. «Мен де бармын» деп, алға ұмтылмасаң, өзің де, өнерің де жұтылып кетеді. Маған өнеріміздің өміршеңдігі керек», дейтін ұстаздың өзі бұл турасында. Иә, сыншының әр әрекеті ұлттық өнердің өркендеуіне деген ұлы мұратпен астасып жататын үнемі.
Бұл кісінің әр сабағы, әр дәрісі бір-біріне ұқсамайтын. Арнайы жүйе, тәртіпке де бағыныңқырамайды. Кейбір ғалымдар секілді, тілін тым ғылымиландырып, кітапта жазылған деректі сол қалпында баяндау да бұл кісінің табиғатына жат. Болмысы шынайы болатын. Дәріс оқуындағы бір ерекшелік – қағазға алдын ала жазып келген жазбасын ежіктеп отырмайды, аудиторияға кіргеннен, лекциясын бастағаннан театр туралы толғамдары төгіліп кете береді. Әр дәрісі – бір әлем. Бір қолданған теңеуінің орнын келесі сөйлемінде қайталау сөз емес, жаңа синоним сәндейді. Кейде бұрын естіп көрмеген қазақтың байырғы, ұмытылып бара жатқан сөздерін ұстаз аузынан естіп таңырқап жататынымыз және рас-ты. Егер әр сөзіне үлкен мұқият зер салар болсаңыз, оның тіпті де әсірелеу, қызыл сөзге салынып қызыну емес, суреткер сыншының лүпілдеп соққан жүрегі екенін бірден сезер едіңіз. Ұстаздың педагогикаға әкелген екінші төңкерісі осы – ғылымдағы қасаңдықты жойып, керісінше, театр тіліне қазақы құнар дәнін сепкендігі.
Үшінші төңкеріс, әрине, тікелей жазуға қатысты. «Ғылым – тек ғылымға қызмет ету керек» деген біздегі қасаң қағиданы бұзып өтіп, өнерді тұтас ұлтқа қызмет еткізе алғандығында. Ол кісі тек мамандықтың айналасындағы адамдар ғана түсінетін еңбек емес, жалпы халық оқитын, көпшілікке түсінікті және формалық тұрғыдан оқуға қызықты тың пішімдер тауып, пікірін үнемі көркемдік талғам мен әдеби эстетика тұрғысынан жеткізуге ұмтылды. Бұқаралық ақпарат құралдарымен қоян-қолтық қарым-қатынас орнатып, зерттеу еңбектерін әрдайым газет-журнал, радио мен теледидар арқылы көпшілік назарына ұсынып тұрды. Сондықтан да Әшірбек Сығай есімі тек театртану емес, жалпыхалықтық сипатқа ие болып, ұлттық деңгейдегі ұғым қалыптастырды. Осы күнге дейін театр мамандары да, халық та, өнер десе – Әшірбек Сығайды іздеп келді. Ол әлі де солай! Тек бүгінде ол іздеудің орнын ұлы САҒЫНЫШ алмастырды...
Әшірбек Сығайдың төртінші төңкерісі – Алаш жолын ұстанғандығы. Ұлы Мағжан бабасының аманатына адал болып, жастарды қолдап, жанашыр болып, үнемі жастарға сенді. Көзіңнен жылт еткен жарық көрсе, оны жалынға айналдыруға барын салып қызмет етті. Үнемі білмегеніңді үйретіп, білгеніңді дамытып отыратын. Сондықтан да, театрдың айналасындағы шешімі табылмас түйткілді мәселелерде үнемі Әшірбек ағамыз жәрдемге келетін.
Қайраткер тұлға аса мәртебелі өнердің шын мәніндегі жоқтаушысы, жанашыры бола білді. Бір өзі бір дәуірдің сахнасын тәрбиеледі. Көзден кеткен қайраткерлердің есімінің ұмытылмауы, көзі тірілердің дер шағында лайықты бағалануы үшін үлкен жүрекпен тер төгіп, өлшеусіз еңбек етті. Егер өнер зерттеушісінің қалам қарымын мұқият зерделер болсаңыз, қазақ театрының, ел өнерінің алтын діңгектері, майталман саңлақтарының бекзат бейнесі салтанатты сап түзеп көз алдыңызда елес береді. Санаға сағыныш ұялатқан аяулы образдар айналып келіп, жан дүниеңізді әлемтапырық күйге бөлейді. Сахна мен шымылдықтың арғы бетіндегі өмір өткелдерінен сыр шертеді. Шежіре түзеді. Қасиетті қазақ театрының кешегісі мен бүгіні, биігі мен аласасы талғам таразысына тартылып, байыппен тіл қатады. Бұл – ұлтын сүйген ұлы жүрек қана сезініп, ұлтына шын берілген жанның ғана қажыр-қайраты тойтара алатын өнеге-парасат екендігі ақиқат.
P.S: ...Театрда, әдеттегіше, кабинетте отырғам, есіктен режиссер кіріп келді де, салған беттен: «Ревизорды» қазақ тіліне Әуезовтен өзге кім аударды? Сол нұсқасын тауып берші» деп бірден тапсырмасын да жүктеп үлгерді. «Мен білетін қазақша «Ревизор» М.Әуезовтің аудармасында ғана екен» деп төтеден түскен тапсырмаға әу баста тосырқап қалған мен, мұрын астынан міңгірлей тіл қаттым.
Іле телефонымды қолға алып: 777-230-15-06 нөмірін автоматты түрде үйренген дағдым бойынша тере жөнеліппін. Ондағы ойым – «Ревизордың» анық-қанығын білу. Бұл – менің қашанғы дағдым еді. Театрға қатысты өзім түсінбейтін түйткілді мәселелер мен білімім жетпей жатқан бұлыңғырлау тұстарда саусақтарым осы нөмірді теруге асығатын. Және сауалым жауапсыз қалмай, қандай сұрақ болса да тұтқаның ар жағынан міндетті түрде тұшымды жауап алынатын, болмаса дереккөзін қайдан алу қажеттігі жөнінен толыққанды, жан-жақты мағлұмат берілетін. Бүгін де сол дағдымнан жазбай, бірден телефоныма жүгіріппін. Әлден уақытта санама «Әшекең қазір арамызда жоқ» деген суық ой сумаң ете қалып, өне бойымды қаңтардың ызғары қарып өтті. Біз сізді іздеп жүрміз...
Назерке ЖҰМАБАЙ,
өнертану ғылымдарының магистрі
АСТАНА