Жергілікті мәслихат депутаттары халық сенімінен шығып жүр деп айта аламыз ба? Дәл біздің ауданда айта алмасақ керек. Әсіресе, ел аузында соңғы депутаттар құрамы дұрыс таңдалмаған деген әңгімелер жиірек айтылып қалып жүр. Сондай-ақ, өмірлік тәжірибелері аз, ой-пікірлері қалыптаспаған деген дәлел-дәйектер де алға тартылады. Айтса айтқандай, біз қатысып жүрген сессиялардың қай-қайсысында да депутаттардың үн-түнсіз отыратыны шындық. Күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге өздігінен ашық пікір айтуға немесе өз ойын білдіруге онша құлықты емес.
Біздің ұғымымызда халық қалаулылары елдің қамын жеп, мұң-мұқтажы жолында тер төге алатын, жоғары билік алдында сол халықтың сөзін сөйлей алатын елдің азаматы емес пе?! Сондай-ақ, олар тұрғындардың жеке мәселелері бойынша кестелі кездесулерін жүйелі өткізе бермейді. Осының барлығы жекелеген алыс ауылдар сайлаушыларының мәселелерін шешуде барынша қиындық туғызады. Содан кейін тұрғындар тарапынан наразылық пайда болады, ол өз кезегінде өңірде әлеуметтік шиеленіс туындатуы ықтимал.
Соңғы жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес жергілікті әкімдер тұрғындар және мәслихат депутаттары алдында есеп беріп жүргені баршамызға аян. Алайда, осы жерде шынын айту керек, жергілікті тұрғындар әкімдердің іш пыстырарлық, сандарға толы ұзақ-сонар есепті баяндамасын ұялғаннан әзер тыңдайды. Ал сенім артқан депутаттарымыз «бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай» бір сарын, жаттанды сөздерді айтып, жиналысқа қатысушыларды мезі етеді.
Сосын тағы бір айта кететін жайт, сессия сайын «Ауданның құрметті азаматы» атағын беру дәстүрге айналып барады. Олардың басым көпшілігі зейнеткерлікке шыққан әкімқаралар, арасынан қарапайым еңбек адамдарын шаммен іздесең де таба алмайсың.
Ел мүддесі қай уақытта да бірінші кезекте тұруы тиіс емес пе?! Халық қалаулылары соған сай қызмет етіп, аманатқа адалдық танытып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.
Аяпберген САЛИХОВ
Атырау облысы,
Исатай ауданы