Ширек ғасыр ішінде Қазақстан толайым табыстарға қол жеткізді. Ежелгі ертегілердегі батыр-баһадүрлердей сәт сайын өсіп, жетіліп, әлеуметтің әлеуетін жақсартып, экономикасын түзеп, әлемдік аренадағы өз орнын ойып тұрып алды. Жер-жаһанның көшбасшы мемлекеттері санасатын, аса күрделі саяси мәселелерде біздің пікірге құлақ түретін жағдайға қол жеткізді. Екі елдің арасындағы шиеленісті кезеңдерде Қазақстан араағайындыққа түсіп, жер бетіндегі ынтымақ пен бейбітшіліктің сақталуына, тұрақтылықтың қалыпты жағдайда дамуына өзіндік үлесін қосып келеді. Әріге бармай-ақ, кешегі Ресей мен Түркия арасындағы түсініспеушілік кезіндегі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше рөл атқарғанын алға тартсақ, артықтық етпейтін шығар.
Елдегі ынтымақ пен бірлік, тұрақты даму мен тындырымды тірлік, әлемдік деңгейдегі тың бастамалары ескеріліп, Қазақстан 2017-2018 жылдары Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып қабылданды. Осы ретте Елбасы Қауіпсіздік Кеңесіне өзінің Саяси үндеуін жолдады. Тарихи құжатта қадау-қадау мәселелер көтерілген. Әсіресе, қауіпсіз, әділ және өркендеген әлем құру үшін жаһандық әріптестікті нығайтуға басымдық берілу керектігі нақты айтылған.
Жеті ұсыныстан тұратын құжатта әлемдегі ядролық ахуалдың да жай-жапсары қозғалған. Біздің ел ядролық қарудан бас тартқан жер бетіндегі тұңғыш ел екенін жұрттың бәрі біледі. Сондықтан бұл тараптағы ұсыныста «Қазақстан Республикасы Корей түбегіндегі ядролық қару проблемасы бойынша көпжақты келіссөздер процесін кідіртпей қайта бастауға шақыра отырып, оны шұғыл және сындарлы түрде шешуді басты мақсаттардың бірі ретінде қарайды. Задында, Қазақстан БҰҰ-ның барлық мүше мемлекеттерін, әсіресе, Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелерін, 2045 жылы БҰҰ-ның 100 жылдығы қарсаңында әлемді ядролық қарудан құтқаруға шақырады» делінген. Жер шарындағы барша халыққа ортақ бұл проблемада өзгелер Қазақстан бастамасын қолдайды деген ойдамыз.
Қазақстан – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі болып сайланған Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет. Осының өзінен-ақ еліміздің дұрыс бағытта дамып келе жатқанын аңғаруға болатын шығар. «Біз өзіміздің Кеңестегі төрағалығымыз кезінде Ауғанстандағы жағдай және Орталық Азиядағы бейбітшілік, қауіпсіздік пен дамуды нығайту шаралары бойынша ауқымды, теңдестірілген, мазмұнды және нәтижелі талқылау ұйымдастыруға, сондай-ақ, қорытындысы бойынша арнайы құжат қабылдауға бастамашылық жасауға ниеттіміз. Біз Ауғанстанның бейбіт өмірге жедел оралуы үшін бұл елдің экономикалық және әлеуметтік дамуына жан-жақты жәрдем көрсету, бейбітшілік пен қауіпсіздік қатеріне қарсы тұруды және елдің әлеуетін нығайтуды жақтаймыз. Біз Ауғанстан-Талибан жөніндегі 1988 Комитетінің төрағасы ретінде мақсатты жұмыс атқаруға дайынбыз», дейді Елбасы өз Үндеуінде.
Міне, Мемлекет басшысы жалғыз қазақ халқының, Қазақстанның ғана емес, барша әлемнің жай-күйін жақсартуға, ынтымақ пен бірліктің салтанат құруына мүдделі. Сонымен қатар, бұл тарапта нақты ұсыныстарын жасап, жұмыс жүйесін құрып отыр. Лайым, осы ниет орындалсын деп тілейік.
Әскербек РАХЫМБЕКҰЛЫ,
Қызылорда қаласының құрметті азаматы