25 Наурыз, 2011

Жамандасумен жарысып жақсылыққа жетпейсің

355 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Бәлкім, кездейсоқ сәйкестік шығар, 22 наурыз күні, күн мен түн теңескен күні Белоруссия Еуроодақ елдерінің өз­де­ріне қарсы дипломатиялық шараларына жауап ретінде олар­дың рұқсатынсыз елге келмейтін біраз ресми адамдарының тізімін жариялады. Сөйтіп, тыйым салу шаралары теңесті. Бұл өзі біраздан бері жү­ріп жатқан «ди­пло­ма­тия­лық со­ғыс». Бір кезде Минск өз сая­са­тын сы­на­ған Ба­тыс елде­рінің елшілерін түрлі желеулерді алға то­сып, қуып шыққаны да бар бо­латын. Белоруссия тарапынан ба­тыстың өлшеміне сай келмейтін әрекеттер бола қалса, әсіресе қырағы қарап отыратын оның Батыстағы көрші елдердің, ең алдымен Польшаның саясат­шылары көре қалады. Батыстың өлшеміне сыймайтын басты нәрсе – Александр Лукашен­ко­ның ұзақ жылдар бойы билікте отырғаны және оның оппо­зи­цияға қарсы күресі. Мұны оппозиция да пайдаланады. Билік тарапынан қысым көрсе немесе солай көрсеткісі келсе, байбалам салады, оны Батыс жақсы естиді. «Дипломатиялық соғыстың» соңғы күшейген кезі – өткен жылғы желтоқсанда болған президент сайлауы. Сайлау нау­қаны кезінде де, ол өткен тұста да билік оппозициядан заңға томпақ келетін әрекеттерге бар­мауды талап етті. Керісінше, оппозиция билік өз әрекеттерін шектеді, заңсыз әрекетке барды деп билікті айыптады. Оның аяғы сайлау болған күні, әлі дауыс беру саналмай жатқан кезде оппозиция өкілдері қар­сы­лық әрекеттерін өткізді. Мұндай әрекеттердің заңсыз екенін күні бұрын ескерткен билік оппозиция өкілдерін, біршама саяси партиялардың басшыларын қа­мауға алды. Бұл Белоруссия мен Батыстың арақатынаста­рын мық­тап шиеленістірді. Сонда әсіресе Еуропарламент, оның төрағасы Ежи Бузек, сондай-ақ депутат Яцек Протасевич ерекше бел­сенділік та­ныт­қан. Парламент төрағасы Бе­лоруссияға қат­ты-қатты сындар айтып, 19 жел­тоқсан­да­ғы Минскідегі санкцияланбаған митингіге қатысқандардың бар­лығын босатып, оларға тағыл­ған айыпты алып тастауды талап етті. Кейінірек 2011 жылғы 12 қаңтардағы Еуропарламент­тің Белоруссия жөніндегі комитетінде (осындай да комитет бар!) ресми Минскіге қатысты Еуропарламенттің саясатын ө­згер­ту жөнінде ұсыныс та жасаған. Осыдан кейін қаңтардың ая­ғында Белоруссияның президенті Александр Лукашенкодан бас­талатын Еуропа елдеріне жә­не АҚШ-қа баруға тыйым са­лынған ресми адамдардың «қара тізімі» жасалды. Оған кіргендер саны – 160. Сондай-ақ олардың қаржылық активтері де жабылды. Минск тарапынан арнайы шақыру болмайынша Бе­ло­руссияға келуге тыйым са­лын­ғандардың «қара тізімін» беларусьтар  Батыстың сол әре­кет­теріне жауап деп есептейді. Бұл тізімде де 150-ден астам адам бар. СІМ баспасөз хатшысы Андрей Савиных мәлім­де­гендей, «Белоруссия Республи­касы ЕО мен АҚШ-тың кез-келген әре­кеттеріне жауап ретінде өзінің шектеу әрекеттерге құқын сақ­тайды». «Қара тізімге» енгендер теңесті. Бұдан есеп түгелденді ме? Бұлардың бірін-бірі мұ­қатудан тапқан пайдасы бар деп ешкім айта қоймас. Мамадияр ЖАҚЫП.