Алматы қаласындағы №5 клиникалық аурухананың бас дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты Жанат ҚАСЫМЖАНОВА:
Алматы қалалық №5 клиникалық ауруханасы 30 жылдан бері отандық құлақ-мұрын-тамақ және жақ-бет әлпет ауруларына жоғары мамандандырылған диагностикалық-емдік көмек көрсетіп келе жатқан емдеу орны. Мұнда туа біткен де, жүре пайда болған саңыраулық кеселге, сондай-ақ халықаралық стандарттарға сай аса күрделі бет-жақ сүйек аумағын қайта жаңарту, қалпына келтіру, т.б. күрделі операциялар жасалады. Аурухана дәрігерлерінің қолда бар заманауи технологияларды пайдалана отырып, жаңа тәсілдерді ойлап табуына қолдау көрсетіп, жағдай жасап отыруда жаңашыл емдеу орны – №5 клиникалық аурухананың бас дәрігері, Денсаулық сақтау ісінің үздігі, медицина ғылымдарының кандидаты Жанат ҚАСЫМЖАНОВАНЫҢ еңбегі зор. Ол инновациялық технологияны қолданысқа енгізудегі жетістіктері үшін республика Президентінің Алғыс хатымен марапатталған. Жанат Кәкімсейітқызымен әңгімеміз денсаулық сақтау саласындағы жүргізіліп жатқан реформаның бүгінгі жайы, медиктердің әлеуметтік жағдайы, дәрігерлік мамандықтың мәртебесі, проблемасы жайында өрбіді.
– Жанат Кәкімсейітқызы, өзіңіз білесіз, елімізде былтырғы жылдың 1 қаңтарынан бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі (БҰДЖ) енгізілді. Сіз басқарып отырған клиникада стационар да, емхана да, әйелдер кеңесі де бар. Емдеу орнының басшысы ретінде бұл жүйенің қандай артықшылықтары мен кемшіліктерін көріп отырсыз?
– Қалай дегенде де, бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі – аурухана үшін өте тиімді деп есептеймін. Неге десеңіз, бұрынғы жүйе бойынша ауруханаға жатқан бір науқасқа сырқаты ауыр бола ма, жеңіл бола ма, оған қарамай фиксациялық баға – 26 мың теңге бөлінетін. Сөйтіп, бір науқасқа аз, біреуге көп дәрі-дәрмек жұмсалса да, біреу он күн, біреу үш күн жатса да – барлығына сол бір баға еді. Ал жаңа бағдарламада қатып қалған өлшем жоқ, көрсетілген нақты істің ақысы төленеді. Науқасқа кеткен дәрі-дәрмек, дәрігердің еңбегі, ауруды анықтау, лабораториялық зерттеудің бәрі сол бағдарламаға енгізіліп, қаражат нақты дерек бойынша белгіленеді. Мұнда науқастың емі 30 мыңнан 120 мың теңге аралығында болуы мүмкін, яғни факті бойынша ем жүргізіледі деген сөз. Демек, бұрынғы жүйе біздерді материалдық жағынан қанағаттандырмаса, бүгінде науқасты сапалы емдеуге кеткен ақшадан дәрігерге, басқа қызметкерге үстеме ақы беруге мүмкіндік туып отыр. Бұдан қызметкерлердің жұмысқа деген ынтасы артты. Дәрігер өз жұмысынан ақау шығармауға тырысатын болды. Өйткені, науқастың ауру тарихы Сапаны бақылау комитетіне өткізіледі. Олар емделген науқастың ауру тарихын тексеріп, бағдарламаға салып жібергенде, кемшіліктері шыға келеді. Сол кезде бір дәрігердің кемшілігі он пайызға, екіншісінікі одан да көбеюі мүмкін. Өйткені, компьютер бір мезетте «емдеуде осындай ақау жіберілген» деп, бұрынғыдай жалпылама емес, дәрігердің аты-жөні, кемшілігін көрсетіп, жалтармас фактімен дәлелдейді. Ондай жағдайда компьютерге ешкім ештеңе айта алмайды. Бұл бағдарламаның жан-жақты жетілдірілгені деп білемін. Яғни, кемшілікті көріп, нашар, жақсы дәрігерді анықтауға мүмкіндік береді. Сөйтіп, жіберілген кемшіліктер үшін ауруханаға айыппұл салынып, өздеріне тиісті қаржыдан ұсталынып қалынады. Мұндай жағдайда аурухана басшысы дәрігерлерімен жұмыс істей бастайды. Егер бір дәрігер бірнеше рет кемшілік жіберіп, емдеу орнына шығын әкелетін болса, ондай маманды клиника қашанғы ұстамақ. Біз де қарап отырмай, кеткен кемшіліктерді аурухананың өз аудитіне тексертіп, өз анализімізді жасап, алдағы уақытта бұл маманмен жұмыс істеу, істемеу жөнінде ойланамыз. Болмаса оларды білімін көтеруге оқуға жібереміз, яки қабылдау бөлмесіне кезекшілікке қоямыз. Міне, көрдіңіз бе, жаңа жүйенің тағы бір артықшылығы, аурухананың өз ішінде жоғарыда айтқандай, ішкі аудит жұмысы енгізілді. Ондағы 4 доцент аурухананың бағыт-бағдарын анықтап қоймай, ілгері басуымыздың жолдарын да ұсынады, жұмысымыздың әлсіз тұстарын айқындап береді. Соның негізінде өз ішімізде аттестация жүргізуді қолға алдық. Ал аттестация кезінде қай маман болсын өз білімін жетілдіруге тырысады.
БҰЖ-ның кемшілігіне келсек, тегін медициналық көмектің кепілді көлемін пайдалану үшін әр азамат өз таңдауымен тұрғылықты және уақытша тұрып жатқан мекен-жайына қарасты емханаға тіркеліп, емделуге құқылы делінгенмен, оның орындалуы қиынға соғуда. Мәселен, Орбита ықшам ауданында тұратын пациеттің Достық даңғылындағы біздің емханаға тіркеліп, емделуі қиындайды. Өйткені, учаскелік дәрігер Орбитаға барып, медициналық көмек көрсете алмайды. Сондықтан біздің емханаға келіп тіркелгісі келетіндерге: «Учаскелік дәрігерге өзіңіз келіп емделетін жағдайда ғана, сізді тіркейміз. Егер науқасыңыз ауыр болса, учаскелік дәрігерді емес, жедел жәрдем шақыртуға тура келеді» деп, ескертудеміз. Яғни, дәрігерді таңдаудағы ара қашықтық алшақтығы ескерілмеген, маман жетіспеушілігі, көлік мәселесі шешілмеген. Мәселен, емханамыз 40 мың тұрғынға медициналық қызмет көрсетеді. Оған ең кемі бес көлік қарастырылуы қажет.
– Жыл сайын қалалық денсаулық сақтау басқармасы өткізетін дәстүрлі байқауда Алматыдағы 76 мемлекеттік аурухана мен емхана арасында сіздің клиникалық аурухана дәрігерлері мен медбикелері бәйгенің алдын бермеуде. Өзгелерге де үлгі, жұғысты болсын, ондай жеңістерге қол жеткізудің «құпиясы» неде?
– Құпиясы сол – ең бастысы шығармашылық рух, сондай-ақ заманға сай жаңа инновациямен, жаңа технологиямен жұмыс істеп, соның жетістіктерін тиімді игеру. Соңғы жылдары профессор Штайнбахтың (Германия) жетекшілігімен есту қабілетін жақсарту замани операциялары қолға алынып, Ресей, АҚШ, Франция мамандарымен бірлескен қайырымдылық шаралары жүзеге асырылды. Соңғы үш-төрт жылда бүкіл бөлім меңгерушілері мен бір топ дәрігер алыс және таяу шетелдердің жетекші клиникаларында білімін жетілдіріп, тәжірибе алып қайтты. Осының бәріне бізге ешкім бір тиын берген жоқ.
Биылғы жеңімпазымыз Жамбыл Фазыловты алайық, балалар жақ-бет хирургиясы бөлімінің дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты. Бөлімшенің жаңа инновациялық тәсілі – Қазақстан мен Орталық Азияда, тіпті ТМД елдерінде тұңғыш рет құлақ жолын ашу операциясын ұсынып, бүгінде практикада кеңінен қолдануда. Сондай-ақ, 2007 жылы дәрігеріміз Ұлбала Әділханова Алматы қаласы мен республиканың үздік дәрігері атанса, 2009 жылы А.Аманғалиев пен М.Әуелбаев республикада 3-ші орынды иеленді.
Ал мейірбикелерге келсек, «Үздік мейірбике» жүлдесін 2007 жылдан бері қолдан бермей келеміз. «2010 жылдың үздік медбикесі» Мәдина Баеваға бұйырды. Жалпы шетелде медицинаның басым бөлігінің жұмысын орта буын қызметкерлер атқарады. Мәселен, медбике анализдерді, кардиограмманы өздері оқып, дәрігерге дайындап береді, жараны таңғанда, операцияда қасында тұрып көмектеседі. Дәрігер тек жоғары медициналық біліктілік қажет жағдайда ғана пайдаланылады. Оларда «Жақсы мейірбике – ол 70 пайыз жетістік кепілі» деген ұғым бар. Сондықтан да шетелде медбикенің беделі жоғары. Ал бізде қалай, мейірбике тек дәрі таратады, ине салады. Біздер клиникада сол стереотипті өзгертіп, олардың білімін көтеруге күш салдық. Яғни, шетелдегі сияқты біздің медбикелер де жұмыстың едәуір бөлігін өздері атқарады. Соған бір мысал келтіре кетейін. Бізге шетелдік мамандар тәжірибе алмасуға көп келеді. Сондай тәжірибе алмасу кезінде 2008 жылдың ең үздік мейірбикесі Любовь Евгеньевнаның жұмысына қызыққан неміс ғалымы оның еңбегіне жоғары баға беріп, «құда түсті». Еліне апарып өз мейірбикелеріне жұмыс тәжірибесімен бөлісуге аттай қалап сұрады.
Алайда, сол шетелдік маманнан жоғары баға алған мейірбике, дәрігерлеріміз ойдағыдай жалақы ала алмай отырғаны өкінішті-ақ. Мен Медеу ауданының бас дәрігерімін. Осы аудан бойынша 13 аурухана бар. Ондағы мейірбикелер мен дәрігерлердің көпшілігінің үй-күйі жоқ. Мәселен, пәтерге аса мұқтаж 300-дей мейірбикеге үй болмаса да, жатақхана берілсе екен деген тілекпен қала әкімдігіне, Алматы қалалық «Нұр Отан» партиясының филиалына да хат жаздым. Тіпті жағдайымызды сұрай келген Мәжіліс депутаты Светлана Бычковаға арнайы хат та ұстатып жібердім. Бірақ мәселе сол шешілмеген күйінде қалып отыр.
– Бүгінде медицина бір орнында тұрмай, алға жылжуда. Сіз басқарып отырған емдеу мекемесі қандай жетістіктерімен мақтана алады?
– 180 төсектік клиникалық ауруханада маманданған белгілі дәрігер-ғалымдар еңбек етеді. Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институты мен С.Асфендияров атындағы Ұлттық медицина университетінің 9 кафедрасы бізде. Онда еліміздің осы саладағы ең әйгілі, ең білгір ғалымдары практикалық бағыттағы дәрігерлерге кеңес береді, өздері емдік жұмыстар жүргізеді. Мұнда жыл сайын шұғыл түрдегісі бар, жоспарлысы бар 40 мың адамға хирургиялық көмек көрсетіледі, қабылдау тәулік бойы жүргізіледі. Ұжымдағы 500-ден аса маманның 124-і дәрігер. Оның біреуі ғылым докторы, бесеуі ғылым кандидаты, 68-і жоғары санаттағы дәрігер.
Былтырғы жылғы клиниканың алған асуы – адам дамуында ерекше орын алатын ақаудың бірі – жоғары ерін және таңдай жырығы болып табылса, сондай кемістігі бар балалардың операцияларын аурухана дәрігерлері өздері ойлап шығарған заманауи әдіс-тәсілдер қолдану арқылы жүзеге асыруда. Сондай-ақ, қазіргі медицинаның күрделі мәселесінің бірі – жаңа туған балалардың есту жолынсыз және құлақ жарғысыз немесе туа біткен есту жолының атрезиясы және микрогениясы болып табылады. Қосарланған патология кезінде ол ерекше қиындық туғызады. Ести алмаған адам сөйлей де алмайды, себебі бастың шеке бөлігіндегі есту және сөйлеу орталықтары бір-бірімен байланысты. Осы кезге дейін есту жолының атрезиясын жою болашағы жоқ операция болып, мамандандырылған көмек тек есту аппаратын таңдап берумен шектеліп, ал бала жаста есту аспаптарын таңдау және пайдалану қиынға түсетін. Осыған байланысты клиникамыздың алдында үлкен мақсат қойылып, есту жолының атрезиясын операция арқылы емдеу әдісін әзірлеу кейінгі 5 жылда балалар жақ-бет хирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Серік Нұрмағановтың (2004 жылдың үздік дәрігері) жетекшілігімен табысты шешімін тапты. Бүгінде осы жаңа әдістер бойынша патент алынды. Мұндай жетістіктеріміз шетелдік әріптестердің қолдауы мен мақұлдауына ие болды. Тіпті, профессор Серік Балташұлына Германияның ғалымдары осы жаңа әдісті үйреніп, тәжірибе алмасуға өздеріне шақырып отыр. Ал израилдіктер келесі жылы өздері келіп үйренбек.
– Жанат Кәкімсейітқызы, медиктердің жалақысы биыл тағы да 25 пайызға көтерілді. Сонда бүгінгі дәрігердің жалақысы қанша? Басшы ретінде қызметкерлеріңіздің әлеуметтік жағдайын зерттеп көрдіңіз бе?
– Бізге университетті бітіріп келген маман 32 671 теңге жалақы алса, жұмыс өтілі 3 жылдан асқандар 34 441, жұмыс өтілі 10 жылдан асқандар 36 483, 20 жылдан асқандар 39 205 теңге алады. Өзіңіз ойлаңыз, жас маман осы ақшаға отбасын асырап, мамандығын жетілдіріп, әрі науқасты күліп қарсы алуы керек. Әрине, мұндай айлықпен ешқашан пәтерге қол жеткізе алмайды, тіпті ипотекаға үй берілмейді, ал жалға беретін пәтердің ақысы удай. Әсіресе, мейірбикенің жалақысы пәтер жалдап тұруға да жетпейді. Содан амал жоқ, бірнешеуі бірігіп, бір пәтерді жалдап күн көруде. Әрине, жас кезде ештеңе емес, жастары ұлғайғанда 5-6 мейірбикенің бір бөлмелі пәтерге тығылуы, тіпті, жан ауыртады. Рас, Медеу ауданының дәрігерлеріне қарасты бір жатақхана бар. Оның жертөлесі ғана бізге тиесілі. Онда 8 мейірбикеміз ғана тұрып жатыр. Ал қалғандары соның өзіне зар. Тағы бір мәселе, жас маман клиникалық ауруханаларда, яғни стационарда хирург боламын деп тырысып операция жасап, мамандықтың қызығына түсіп, қимай жүруі мүмкін, ал емханаға олар мүлдем келмейді. Бүгінде дәрігер 50-70 мың теңге жалақы алуы үшін бір жарым-екі ставкаға жұмыс істейді. Ол дегеніңіз күнара түнгі кезекшілік. Енді ойлап қараңыз, осы жалақыға отбасын асырай алмаған маман не істейді – жеке меншік клиникаға, болмаса басқа жұмысқа кетеді, болмаса қалайда «науқастың қалтасына түсуді» ойластырады. Жалақы жайлы бір дәрігердің: «Кешіріңіз, үш балама жоғары білім беру үшін бәріне барамын» деп айтқаны бар. Меніңше, үкімет медиктердің жалақысын есептегенде осындай әлеуметтік жағдайларын ескеріп барып, қорытынды жасаулары керек.
– Жақсы кәсіби маман болу үшін дәрігердің бойында қандай қасиеттер болуы қажет. Яғни, жас маман даярлауда қай жағына басымдықпен қарау керек деп ойлайсыз?
– Өз басым дәрігер даярлауда оларды ә дегеннен дербес жұмыс істеуге үйреткен дұрыс деп санаймын. Ал бізде қалай? Ол әрекет оқуды бітіріп, жұмысқа тұрғаннан кейін ғана қалыптасады. Оған кем дегенде 2-3 жыл кетеді. Жоғары оқу орнында 20 жыл оқысаң да, егер негізің болмаса сенен мықты дәрігер шықпайды. Ендеше, бүгінде қолында дипломы бар жас маман жоо бітіргенде науқасқа шұғыл түрде кәсіби көмек көрсете алатын, осы заманғы аппаратуралармен жұмыс істей білетін, өз ісін меңгерген маман болып шығуы тиіс. Ол үшін, менің пайымдауымша, жоо-да оқу мерзімін ұзарту емес, интернатураның оқу бағдарламасын қайта қарап, кәсіптік дағдыларды меңгеруді күшейту керек.
– Сіз жақсы басшы болу үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
– Жақсы басшы болу үшін бәрін өзіңнен бастауың керек. Ең алдымен, басшы адам жұмысқа үзіліп-созылып сағат онда емес, қызметкерлері келгенше өз орнынан табылғаны абзал. Неге десеңіз, сіз жұмысқа келмей үйде жатсаңыз, не тойда жүрсеңіз, олар қалайда бәрін біліп отырады. Екіншіден, әріптестеріңе өтірік айтуға болмайды. Не нәрсені де ашық жеткізуге тырысқаның жақсы. Үшіншіден, кәсіби білігіңізді көтеріп отыруыңыз керек. Өйткені, науқасқа сараптама жасалғанда, сіз өз жұмысыңызды білесіз бе, білмейсіз бе – ол бірден байқалады. Кейде емделген науқастың тарихын оқып отырып, жіберілген өрескел қателіктерді, кемшіліктерді көргенде, эмоцияға беріліп, қатты кететінім бар. Өйткені, дәрігердің қателесуге хақысы жоқ. Ал мұндай кезде басшы қашанда табандылықпен үйретуден жалықпауы, әрі дәрігермен жеке жұмыс істегені лайым. Бірақ, денсаулық сақтау саласында отыз жылға жуық жұмыс істеп, бір нәрсеге түсінбей барамын. Мәселен, медицинада өте әлсіз дәрігерлер мен өте әлсіз мейірбикелер бар. Олардың бұл мамандықты жақсы көрмейтіні әр ісінен, әр сөзінен байқалып, білініп тұрады. Сондайда: «бұл жұмысқа қыры да, икемі де, ықыласы да жоқ екен, неге барды екен?» деп ойлаймын. Өйткені, олардың әрбір қадамы адам өліміне әкелуі мүмкін ғой. Бұрындары «Егер басшы болсам, жұмысқа тек кәсіби біліктілігі жоғары дәрігерлерді аламын» деп ойлайтынмын... Жасыратын несі бар, әлде уақыт сондай ма, бүгінде сауатсыз, нашар дәрігерге ескертпе жасап, «сен медицинада жұмыс істей алмайсың, дәрігер бола алмайсың» деп шығарып жіберуге қорқасыз. Өйткені, қазір жақсы болды, бас дәрігерді жамандап, өтірік жала жауып сайтқа болмаса жоғары жаққа арыз жазады, немесе көкелеріне телефон шалғызып мазаңды алып жұмыс істетпейді.
– Ондай мысалдарыңыз бар ма?
– Ауруханадағы жемқорлықпен күресуде пәре алған дәрігерлерді жұмыстан шығарамын деп, басым пәлеге қалғаны бар. Олар бір жыл бойы не айтпады дейсіз: газетке де жазды, сотқа да бардық, интернетке де шықтық. Қазір ол дәрігерлер бізде жұмыс істемейді. Міне, бас дәрігер болғаныма бес жылдай болды, сол мақсатыма әлі жеткен жоқпын. Жалпы, дәрігер мен мұғалімге ең алдымен жоғары кәсібилік керек. Неге десеңіз, ұлттың денсаулығы, ұлттың білім деңгейі сол мамандық иелерінің қолында.
Әңгімелескен Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.