06 Сәуір, 2011

Саяси мектеп салтанаты

752 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін

Қазақ елінің Тұңғыш Президенті Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаев – саяси мектеп қалыптас­тыр­ған тұлға. Саясат дегенім – өнер, ол қоғамды, мемлекетті басқару өнері. Адамның қасиеттері ту­мы­сынан бастау алады десек, бұл өнер де Елбасының тума  қасиеті. Саясат қат-қабат феномен. Ол – сана, теория және тәжірибе болып жіктеледі. Және де қоса айтарым,  Тұлғасыз саясат жоқ. Тұлға бол­мы­сы сөзбен ғана емес, іспен анықталмақ. Сөзі мен ісі бір жерден шыққан саяси тұлға ел құр­ме­тіне бөленіп, идеялас жақтастарын күн санап арт­ты­рып, нағыз көшбасшыға айналып, өзіне де, еліне де өріс ашпақ. Осы өрісті біз саяси мектеп деп атаймыз. Саясат қоғамның тынысы. Қоғам­ның да адам сияқты тынысы та­рылатын кез болады. Ондай жағдайда қо­ғамда ізгі ниет, мақсаттағы биік идея­лармен қатар тобырлық сана, психология да бірге бой көтермек. Жаңа саясат бастап, оны аяғына жеткізе алмай дағдарысқа түскен Михаил Горбачев үлгі емес. Ол тез арада тарихи Тұлғаға айналып сала берді. Көп ұза­май «Қайта құру» саясатының естелігі ғана қалды. Демек, оның ісі өткен күн. Михаил Горбачевтің ендігі саясатында жасам­паз­дық жоқ екені баршаға аян болып үлгерді, жұрт енді онымен өз бола­шағын өлшемейтін болды. Михаил Горбачев­тің саяси қуаты тез сарқылды. Олай болмасқа басқа амал да жоқ болатын, ол коммунист әрі социалист еді. Ол социализм шеңберінен шы­ғып ой-сана құра алмады. Оған еш мүмкіндігі де болмады. Ол тұйық Тұлға болып қала берді. Михаил Горбачев өткенге бұрылып қарағанға ғана қажетті Тұлғаға айналды. Ол қоғам болмы­сы­нан коммунистік партиямен кеңестік социализмді де өзімен бірге ала кетті. Михаил Горбачев социалистік, кеңестік дәуірдің соңғы президенті ғана емес, ол сол дәуірдің соңғы аялдамасы. Одан кейінгі тарихи тұлға Борис Ельцин. Ол ескі кеңестік-социалистік дәуір мен жаңа Ресейдің арасындағы көпір бола білді. Ол Ресейдің тұңғыш президенті болғанымен, бұл елдің жаңа замандағы Петр І-і бола алды ма? Пікірлер сан алуан. Мүмкін, бағалау үшін әлі де уақыт керек шығар. Борис Ельцин бейнесі әлі көз алдымызда. Мұндай жағ­дайда ақиқатқа жету қиын. Мүмкін, уақыт өте сұрыпталып, тарихқа қажеттісі ғана қал­мақ, сол кезде Тұлға болмысы да айқындалмақ. Борис Ельцин Тұлғасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевқа үлгі бола алды ма? Ол үшін мына сұраққа жауап іздейік. Борис Ельцин Ресейде саяси мектеп қалыптастыра алды ма?  Немесе саяси мәдениеттің деңгейін көтере алды ма? Бүгінде саясатта Ельцин дәстүрі бар ма? Бар болса, қалай көрінуде? Жоқ болса, неге жоқ? Осы сауал­дар­ға жауап беру мақсатын­дағы ізденістен оның Тұл­ға­сының Нұрсұл­тан Назарбаев­қа әсерін анықтауға болар. Мен Борис Елциннің «Президенттік марафон» деген мемуарын оқып шығып, бұл сауалға жауапты таппадым. Аңғарғаным, Нұрсұлтан На­зар­баев ешқашан Борис Ельциннің айт­қаны­мен жүрген жоқ, ол онымен жақсы әріптестік қарым-қатынаста болды. Ресейдің тұңғыш пре­зи­дентінің мінезі, қылығы, қарекеттері, сөздері өзгеше өлшем­дерді қажет ететін жағдайлар. Сөздің реті келіп тұрған соң айта кетейін. Қазіргі заман тарихында Михаил Горбачев пен Борис Ельциннің тарихи орындары ерекше Тұлғалар. Бұлар бірін-бірі толық­тыр­ған адамдар. Михаил Горбачев «Қайта құру» сая­сатымен қатып жатқан коммунистік тоңды жі­бітуге саяси мүмкіндіктер ашса, СССР-ді тарих бетінен өшіруге Борис Ельцин бел шеше кірісіп, ақыры ол міндетті орындап шықты. Екеуі дүрдараз болғанымен, тарихи істі бірі бастап, екіншісі аяқтап шықты. Борис Ельцин билікті толық меңгере алмады, билік оны жеңді, бі­рақ ол жеңілісін ашық мойындады, ол да ерлік еді. Міне, көріп отырсыз, үлгі іздеп үнемі сол жаққа қарайтын едік, ол жақта үлгі немесе үлгі тұтар саяси Тұлға болмады. Әрине, Елбасының үлгі алар екі нәрсесі болды. Олар, біріншіден, туған халқының қилы-қилы тарихы, азаттық жолындағы ерлікке толы мол тәжірибесі, ата-бабаларының дана­лық ой-пікірлері, аталық қағи­далары, ата-баба алдындағы азаматтық бо­ры­шы. Бұл сезім, сана Елбасын талай қиын­шы­лықтар­дан алып шыққанын өзі жазған кітап­тарынан оқып жинақтап айтып отырмын. Екіншіден, үлгі тұтқан тарихи тұлға хан Абылай, тағы басқа ел көсемдері. Абылай хан үш жүздің ба­сын біріктіріп, Ресей мен Қытай арасындағы саясаттың өрісінде болса, Қазақ елінің Тұңғыш Президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та Ресей мен Қытай елдері арасын­дағы шекараларды тұңғыш рет халықаралық құқықтық негізге түсіріп, әлемді аузына қарат­қан саяси Тұлғаға айналды. Ол жөнінде сарап­шылар айтуда. Ал 1991 жылы бәрін жа­ңадан бастау қажет болды. Бұл жөнінде Қазақ­стан Республикасы Парла­менті­ Сенаты­ның Төраға­сы, таяуда ғана әлемдік дең­гейдегі қыз­мет лауа­­зымына жоғары­ла­ған  Қасым-Жомарт То­қаев­тың мынандай жүрек­жарды сөзін келтірген орынды. «Қазіргі Қазақстанның Тұңғыш Президенті болу­ды және оның негізін қалауды Нұрсұлтан Назар­баевқа тағдырдың өзі бұйыр­ды. Мемлекет құраушы халық – қазақ­тар – тұрғын­дар­дың қырық пайызы­нан сәл ғана аса­тын уа­қытта ол респуб­ли­каның тәуел­сіз­дігін жария­ла­ды. Дербестік алған мемлекеттің экономикасы болса, дағдарыс­тың терең иіріміне батқан еді. Аумағы аса үлкен болғанымен, сырттың солақай, әрі бүлдіруші ықпалына ұшырауы ықтимал жас елдің келешегі күңгірт көрінген. Қазақстанның болашағы жа­йын­да теріс сәуе­гей­лерге қанша жерден өкпе-ренішіңді білдіргенмен, олардың айтқанын ақи­қаттан алыс дей қою да қи­ын. Өйткені, олар өз болжам­дарын жоқ жерден жа­самады: елдің ішкі және сыртқы жағдайына мұ­қи­ят талдау жасап барып осындай тұжырымға келген. Американың белгілі саясаттану­шысы З.Бзе­жинский Орталық Азия­дағы көшбасшы рөлін Өзбекс­танға бұйыртқаны белгілі. Оның пікірінше, Қазақ­стан­ның шекарасының ашық­ты­ғы, Қытай мен Ресей алдындағы «дәрменсіздігі», күрделі демогра­фиялық ахуалы жас мемлекет­тің әлсіреуіне әкелмек. М.Горбачев та Қазақ­станды қабілетсіз мемлекет санап, болаша­ғына сенбеді, ал оның бұл көзқарасын көптеген саясат­танушылар қолдағаны рас. (Қа­сым-Жомарт Тоқаев. Нұр мен көлеңке. А., 2008. - 576 б, 199-200-бб.) Анығында, жаңа саясат неден басталып еді? Екі нәрседен: Арылудан және Жасампаз­дықтан. *  *  * Арылу деген қиын болды. Біріншіден, халық шаруашылығын ескі тәсіл­дер­мен басқаруды тоқтатып, жаңа эконо­микалық басқару әдістерін қолдану қажет бол­ды, ол үшін жаңа тұр­пат­тағы кадрлар керек еді. Олар өте тапшы. Кеңес кезінде қалыптасқан халық шаруа­шы­лығының ескі құры­лым­дары қирай баста­ғанда, оларды қорғаушылар қарсы­лық­тар көр­сет­ті, кедергілер жасады. Нарыққа өту қажеттілігін түсін­бегендер де жеткілікті болды. Екіншіден, жетпіс жыл бойы санаға сіңді­рілген социалистік, коммунистік ілімнің, идео­логияның түсініктері мен ұғымдары көпшіліктің әдетіне, дағ­ды­сы­на, психология­сына айналып үлгер­ген бола­тын. Олар жаңа заман тыны­сына кедергі еді. Бұларды жеңу үшін қан­шама саяси істер атқарылды десе­ңіз­ші. Үшіншіден, қоғам өмірінде, әр адамның түсінік, ұғымында құндылық­тар алмасу үрдісі қарқынды түрде жүре бастады. Арылу – социализмде қалыптасқан құлдық санадан құтылу. Бұл мәселелер мемлекеттік, қоғамдық және ұжымдық деңгейлерде қызу талқыға түсті. Басылым беттерінде сан алуан пікірлер орын алды. Тұрмыс қиын бол­ғанымен, заман қызуы әркімді қызықтыра түсті. Ой, пікір, сөз айтпаған кісі қалмады десе де болғандай. *  *  * Жасампаздық деген не еді? Ол – жаңа жол табу. Халықты адастырмау. Қасіретке ұшырат­пау. Үміт отын өшірмеу. Адамдардың арман, қиял­дарына қуат беру. Сөйтіп, бүгін айтып жүрген «қазақстандық жолдың» алғашқы соқпағына түстік. Алысты жа­қын­дататын нық басқан бір қадам. Сол нық қадамды Нұрсұлтан Назарбаев өз халқымен бірге басты. Нық қадамның мәнісі, Елбасының сөзі мен ісі бір-бірінен алшақтамауы керек еді. Бұл Жаңа саясаттың іргетасы ғана емес, халық сеніміне енудің бірден-бір жолы болатын. Жасампаздық деген ақ ниеттен, ақ жүректен туады екен. Бағымызға Нұрсұлтан Назарбаев Ел­басы ретінде халқымызға ниеті ақ, жүрегі таза екен­дігін әу бастан ірі істермен білдірсе, халық та оны ақ ниет, таза жүрегімен қабыл­дады. Осы үрдіс халық сеніміне, мемлекет тұрақ­тылығына, ел ыры­сы­на айналып, жасам­паз­дық идеялары өсіп-өнді. *  *  * Жаңа мемлекет, Жаңа қоғам, Жаңа ел қалып­тас­тыру үшін, сөзсіз, жасампаздық идея ғана емес, идеялар легі қажет болды. Сондай идеялар легін Президент Нұрсұлтан Назарбаев елге ұсына білді, олардың басты-бастыларын атап өтейін. Бірінші идея. Халық арасында тың эконо­ми­калық сана, психология орнықтыру қа­жет­­тілігі. Бұл меншікке және еңбек еркіндігіне қатысты мәселе. Нарық меншіктің мазмұнын  өзгертті. Бұрын коммунистер жерден алып, жерге соғып келген жеке меншік кеңінен заңды түрде өріс ала бастады. Бұл қоғам, адам психо­логиясын сапалы, түбегейлі өзгеріске әкелді. Бұған даярлық бар ма еді? Әрине, жоқ! Міне, қиындық басы. Социализм кезінде мемлекет халықты асыраушы міндетін атқарып, соған сай экономикалық дағды, әдет, психология қалып­тас­қан. Жаңа заманда мемлекет қызметі өзгерді, ол халықты тікелей асы­рау­шы емес, оған еңбек етіп күн көруіне жағдай жа­сау­шы институттар жүйе­­сіне айналды. Мемлекет өз мойнына алатындар: жетімдер, мүге­дектер, қарттар, зейнеткерлер. Қалғандары еңбек еркіндігін пай­да­ла­­нып, өз тұр­мыстарын өздері анықтауы керек еді. Халықтың біршама парасы осыған даяр бол­мады, сондықтан оны еңбек еркіндігіне (на­рық жағдайына) бейімдеу қажеттілігі бірінші орынға шықты. Шын мә­нінде, мемлекет медиатор қыз­метін атқара бастады. Елбасы­ның әуелі экономика дегендегі сая­сатының идеялық мәнісі осы бо­латын. Бұл идея нәтиже берді. Халық нарық жағдайына бейімделе бастады. Алайда, еңбекке деген социалистік дағды да өз көрініс­терін беріп, іске бөгет бола берді. Ескі психологиядан ары­лу қиын іске айналды. Соның нәтижесінде тұр­мыста қиыншылықтар болды. Меніңше, басты кедергі сана мен психологияда. Жетпіс жылғы социалистік насихат қалайша ұрпақтар ауыс­пай, кете қоймақ. Соны­мен қатар жекеменшіктік психологияны бірың­ғай позитивтік түрде қабылдау да болмайтын іс. Жеке меншік құ­қық­тық негізде жүруі қажет­тілік, ал тәжіри­бе­де оның көлеңкелі жақтары өсіп-өніп шыға келіп, келе-келе ол коррупцияға жол аш­ты. Мұның басты себеп­терінің бірі, жеке меншік­тің құқық­тық негіздерін жетілдіру ісіне қатыс­ты бола_тын. Осы жағдайда Президенттің ал­ды­мен экономика деген идеясы ескіден арылу­дың ең тиімді Идеясы болды. Екінші идея. Жаңа қала, Астана салу идеясы. Аста­на туралы «Егемен Қазақстан» газетінде менің екі мақалам жарық көрді: «Астана – жаңаша ойлау символы» (04.07.2008), «Астана – акме-қоғам символы» (30.06.2009). Астана тек қала ғана емес, Қазақ елінің симво­лы­на, брендіне, идеясына айналған қала. Астанамен бірге жаңа халық қалыптасып келеді. Ескі қала консерватизмін сақтаса, жаңа қала роман­тикалық көңіл-күйде. Қаладан жасампаз­дық рухы айқын сезілуде, ол өсіп, қалыптасып келе жатқан ұрпақтардың сана-сезіміне еніп, тың дүниета­нымдық өрістер іздеуде. Жақ­сы­лыққа, жасампаз­дыққа құмарлық Астана­ның, он­дағы халықтың болмысын айқындай алатын рухани күш – идея. Идея адамдарды алға жетелейді. Жүріп өткен жолым жетеді деу жоқ, алға деген ынта бар. Ол ізденіске бастамақ. Астана – жаңа қала. Елбасының ойы да сол еді. Жаңа идея жаңа қалада өріс алуы керек. Ол Астанада болмақ, сөйтіп, тегіс Қазақ еліне жайылмақ. Арман іске асып келеді. Астана әлем тілдерінде айтыла бастады, оны біле бастады. Назарбаев – Астана – Қазақстан қатар айтылуда. Бұл сөз бен іс бір жерден шықты. Үшінші идея. Саясат пен мәдениет бірлігі. Ол – Ел­басының «Мәдени мұра» жобасы. Өшкенді жаң­ғырту, жоғалғанды табу, іздеу, Қазақ елінің қажет­тігіне жарату. Мәдени құнды­лықтарды әлемдік өрке­ниеттік үрдістер өрісінде жетілдіру, әлемге тарату, насихаттау. «Мәдени мұра» – Ұлттық бағдарламаға айнал­ды. Анығын айтқанда, бұл Ренессанстық идея. Құндылық­тар­дың сұрыпталып жаң­ғыруы. Ха­лық­тың өткен тарихы мен болашағы арасындағы бүгінгі көпірі. Жаңа заманда жаңа­ша ойлау қажет десек, жас ұрпаққа, оның рухани сұранысына қандай құндылық­тар ұсынуымыздың бірден-бір дұрыс әрі кемелді тәсілін Елбасы осы  «Мәдени мұра» идеясы арқылы жүзеге асыруда. Бұл идея отандық ғылым мен білім­нің тың сапалық деңгейге көтерілуіне таптырмайтын идея. Төртінші идея. «Қазақстан – 2030» Стра­тегиясы, бұл нағыз көрегендік саясаттың идея­сы еді. Мұнда ұрпақтар алмасуы, құн­ды­­лықтар алмасуы және құндылықтар тұрақ­­тауы Идеясы баяндалған. Тәуелсіздік жылы­ның ар жақ, бер жағында дүниеге келген ұрпақ бүгінде жиырмалар шамасында, 2020 жылы олар отызда, 2030 жылы – қырықта, яғни акме-жаста болады. Билік те, тұрмыс та бәрі соларға өтпек. Бұл Болашақ туралы керемет Идея. Бесінші идея. Саяси модернизация идеясы. Ол 2007 жылы Конституцияға өзгерістер енгізіліп, қоғам өмі­рінде партияларға өріс ашу айқындалды. Эконо­ми­када қол жеткен нәтижелер ендігі жерде саяси модернизациямен айналысуға мүмкіндік берді. Елдің тұрақты­лы­ғы саясатқа өріс ашты. Партиялар шектен тыс көпті­гімен емес, сапасы­мен айқындалды десек те болғандай. Алтыншы идея. Елдің инновациялық-индус­трия­лық даму бағытын анықтайтын Тех­нологиялық немесе Техногендік идея. Мұның екі арнасы бар: бірі ақпараттық қоғам идеясы, екіншісі постиндус­трия­лық қоғамға, яғни акме-қоғамға қадам басу идеясы. Жетінші идея. Діни келісім идеясы. Бүгінгі күн­ге дейін дін, діндер ел мен елді, халық пен халықты бөлектейтін сана болып келген. Елбасы  дін мен діндер, керісінше, ел мен елді, халық пен халықты жақындастыратын феномен болса деген биік идея ұсы­нып, Астанада әлемдік және дәс­түрлі дін көш­басшыларының үш съезін өткізді, келесі съезге даярлық жүруде. Елбасы діндерге ұлт­тық қауіпсіздік мәселесінен жалпы адамзаттық дең­гейге дейін өріс ашты. Дінаралық сұхбатты жа­ңа деңгей­ге көтерді. Дінаралық татулық ел сая­саты­ның тұрақты мәселесіне айналды. Діни сезімге құрмет, адамға деген құрмет философиясы қа­лыптасты. Сегізінші идея. Парламенттік сана идеясы. Заң мен саясат бірлігі. Қос палаталы Парламентте заң мен саясат мәселелері үйлесімін тапқан. Ол қоғам­дағы тұрақтылыққа қызмет етудің табылған тәсілі. Тоғызыншы идея. Руға, ұлтқа бөлінбей ел болу идеясы. Мәңгілік ел идеясы Күлтегін жазуын­да бар. «Қазақ елі» монументі осы идея­ның айғағы. Оныншы идея. Ел бірлігі идеясы. Ол Қазақ­стан халқы Ассамблеясын құрудан бастау алып, Қазақ елі концептінен келіп «Ел бірлігі доктри­насымен» то­лықты. Мұнда этносаралық келісім мәселесі саясатта да, заңда да үйлесімін тап­ты. Парламент Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы Заң қабылдады. Осы айтылғандар Елбасының мезгіл-мезгілімен халыққа ұсынған идеялары. Біз бұл істердің куәгер­лері ғана емес, шама-шарқы­мызша олар­ды насихат­тау­шылар әрі өмірге, тұрмысқа, санаға, дағдыға сіңдірушілерміз. Идея елге тегіс ұсынылады. Халық қоғам болып оны қабыл­да­ды, соның нәтижесінде бүгінде Қазақ елінің еңсесі биіктеп, Елбасы тек өз елінде ғана емес, әлемдік деңгейдегі көрнекті саяси Тұлғаға айналды. Ол тақыр жерге тау тұрғызғандай мемлекет құрып қана қойған жоқ, оны әлемге әйгілі етті. Мұндай саяси ерлікті жасаған әлемдік саясатта кімдер бар дегенде, менің назарыма зама­ны, халқы өзге болғанымен жаңа астана салып, еліне тың тыныс берген орыс патшасы Петр І, АҚШ-тың негізін қала­ған Дж. Вашингтон түсе­ді. Бергі заманнан ізгілік саясатын берік ұстан­ған Махатма Гандиге ұқсастық таба­мын, мыса­лы, қолындағы ядролық қаруды жою ізгілік фи­ло­софиясы емес пе? Саяси оппоненттеріне кешірімділік жағынан Оңтүстік Африканың бұ­рын­ғы Президенті Нельсон Мандела, артта қал­ған елдерді қауырт даму жолына түсірген малайзиялық Махатхир Мұхам­мад пен син­га­пурлық Ли Куан сияқ­ты­лардың істерімен ұқсас­тық табамын. Соны­мен бірге екінші жаһандық соғыстан ауыр эко­но­микалық, рухани дағдарыс­қа түскен неміс халқын апаттан алып шығып, Германияның іргетасын мықтап қалаған Конрад Аденауэр түсіп отыр. Мысалы, ол канцлер бо­лысымен былай деді: «Бүгінде Еуропада жаңа шекаралар орнатып, оларды өзгерту немесе жылжыту емес, одан өзге көзқарас қажет екендігін біз білеміз. Еуропада ха­­лықтар бірлі­гінің негізі бола алатын шаруа­шы­лық аймақтар пайда болуы үшін, біз шекара­лар­ды жоюымыз керек» (Конрад Аденауэр. Мамыр, 1949 жыл). Қазіргі Нұрсұлтан Назарбаевтың Кеден Одағы (Ресей, Белоруссия, Қазақстан) шеңберін­дегі инте­гра­циясы кезінде айтылған Еуразия идеясының нақ­тылы көрінісі болып шықты. Біреулер Кеден Одағы экономикалық шара емес, таза саяси келісім дейді. Сірә, Кеден Одағы экономика да, саясат та. Конрад Аденауэрдің екінші бір айтқан сөзі: «Экономикадағы капиталистік жүйе неміс хал­қының өмірлік саяси және әлеуметтік мақсат­тары­на сәйкес келмейді. Неміс эконо­микасының жаңа құрылымы капита­лизм­нің шексіз үстем­дік кезеңінің өтіп кеткендігін есепке алуы керек» (ХДО/ХӘО-ның «Дюссельдорф тезистері» бағ­дар­­ламалық құжатында баяндалған Конрад Аден­ауэр мен пікірлес­терінің әлеуметтік-на­рық­тық ша­руашылық теорияларының негіздері, 1949 жыл). Конрад Аденауэр саясаты Германияда «эконо­микалық керемет» деп аталып еді. Әлемдік қаржы дағдарысы кезінде Нұрсұлтан Назарбаев дағда­рыс­тан жаңарып шығу идея­сын Қазақ елінің бүгінгі күнінің стратегиялық бағыты етіп анық­тады. Елбасы атап айтқан Қазақстанның 2020 жыл­ғы мүмкіндіктеріне сенемін, себебі қазіргі алған бағытымызда еш қателік жоқ, кемістіктер Үкіметтің, әкімдердің жұмысында, заң шығару жүйесінде, ал Елбасы ұстанған сара бағытта қателік жоқ. *  *  * Қай елдің саяси өмірі болмасын, оның оң және сол қанаты, ортасы болады. Бізде оңшыл дәйекті партия болмады десе де жарағандай. Оңшыл ба­ғыт­тағы партия құруға, мүмкін ынта болған шы­ғар, бірақ ол ынта саяси тәжірибеде жүзеге аспа­ды. Солшыл бағытта партия, саяси күштер үнемі болып отырды, бірақ оларда мақсат тұтастығы, сая­си іс бірлігі орын алғаны жоқ. Құрылған күні­нен бастап ортаны ұстаған партия бұрынғы «Отан», қазіргі «Нұр Отан». Бұл партияның негізгі қуаты Елбасының жо­ғарыда айтылған идеяларын ұсынып, оны қоғам қабылдап, Үкіметтің іске асы­руы үрдісінде қа­лыптасқан саяси капиталына тікелей қатыс­ты. Турасын айтқанда, халық ең алды­мен партия­ның көшбасшысына сенеді, оның игі істерін қолдайды. Елбасы саясатта не оңға, не солға бұрыл­май, орта бағытты ұстануда. Ортадағы адам екі шеткі адамды естиді, ал екі шеткі адам бірін-бірі естуі екіталай. Сондықтан ел тұрақтылығы үшін үнемі ортаға бағытталған саясат қажет. Сол саясатты бастаушы әрі оның жетекшісі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Халықтың оған балама жоқ деуінің мәнісі де нық орныққан халық сенімінде. Нұрсұлтан Назарбаев саясаты жүзеге асып отырған Қазақ елі сұңқардың самғауын көз алды­мызға елестетеді. Бүгінгі экономи­ка­лық өсу соның дәлелі. 1994 жылы жан басы­на шаққанда ішкі жал­пы өнім 700 доллардан сәл ғана асса, 2010 жыл­­дың 1 қарашасында бұл көрсеткіш 12 еседен өсіп, 9 мың доллардан асты. Мұндай жағдайға 2015 жылы жетеміз деп есептеген едік. Тәуел­сіздіктің 20 жылдығы ішінде мұндай жетістікке жеткен елдер жоқ. Тәуелсіздіктің алғашқы жиыр­ма жылында Оңтүстік Малайзия – 2 есеге, Корея 3 есеге, Сингапур мен Польша – 4 есеге, Венгрия – 5 есеге 4 есеге өскен. Мұндай жетістік ненің арқа­сында десек, ол Елбасы саясаты­ның өміршең­дігінің, оның қалыптастырған саяси элитасының заман жүгін алып жүрер қуаты болғандығының айқын көрінісі. *  *  * Нұрсұлтан Назарбаев – «Нұр Отан» халық­ты­қ-демократиялық партиясының көш­бас­шысы. Бұл партия сегіз жүз мыңдай мүшесі бар, еліміздегі ең ірі әрі қоғамға, Үкіметке ық­па­лы айтар­лықтай тәжірибелі партия. Алайда, Елба­сының саяси мектебі дег­енде, бұл ұғым тек «Нұр Отан» партиясы арқылы ғана анық­тал­майды, ол кең мағынадағы түсінікті қажет етеді. Елбасының саяси мектебінің ауқымы жоғарыда атап көрсетілген идеяларды іс жүзіне асырудағы ерен еңбек етіп жатқан мил­лион­дарға тегіс қатысты. Саясат әркім­нің тұрмыс, іс, қарекетінен тыс тұрған құбы­лыс емес, ол Елбасы ұсынған «Балапан» бағ­дар­ламасынан бүгінгі таңда күн тәрті­біне қойылып отырған абсолютті ин­но­вациялық саясатқа дейінгі кеңістікті алып жатқан қоғамдық сана өрісі. Оны нақ­тылап айтсақ, Тәр­биеден Білімге, Ғы­лым­ға одан Тәжі­рибеге, Технологияға дейінгі саналы іс, қарекеттер жүйесін айтпақ­пыз. Елбасы ұсынған саясатта сөз бен істің алшақ­тығы жоқ. Сон­дықтан да кезектен тыс президенттік сайлауда Нұр­сұл­тан Әбіш­ұлы Назарбаев­тың толық жеңіс­ке жетуіне күдік кел­тірудің еш негізі жоқ. Халық Жолдауда көр­сетіл­ген сара ба­ғыт­ты Елбасымен бірге жүріп өтеті­нін күні кешегі сайлауда тағы да тамаша танытты. Бұл халық таң­дауы­­ның тағылымы мол! 3 сәуірдегі жар­­қын жеңіс – На­зар­баевтың саяси мек­те­бінің де сал­­­­та­на­ты. Ғарифолла ЕСІМ,    сенатор, академик.