15 Ақпан, 2017

"Няняның" нәпақасы қанша?

2506 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Балабақша жасында қанша балаңыз, я немереңіз бар? Сол балаңыз бен немереңіздің тамағын беріп, киімін кигізіп, ізін жинастырып, далаға ойнатып келгенге шаршайсыз ғой. Ал үйдегідей бірді-екілі емес, балабақша топтарында қанша балдырған бар? Таң бозынан бақшаға келіп, балалар ойнайтын ойыншықтарды арнайы ертінді қосылған сумен жуып, кептіріп, бөлмедегі әр затты ылғал шүберекпен сүртіп, жуынатын, жататын бөлмедегі орамал, төсекті бір реттеп шығып, балдырғандарға асын беру, ыдыс-аяғын жуып, оларды дәретке отырғызып, әрқайсысын тазалап жуып, әр баланың сүртінетін орамалының ауысып кетпеуін қадағалау, тазалық сақтау дейсіз бе, әйтеуір, тынымсыз жұмыстан бала күтушінің кеш түсе үйіне аяғын шалыс басып жетіп, шаршай жығылатыны анық. Оның үстіне, әр үйдің бір-бір айталтаңдары мен күнталтаңдарының мінездері де әрқилы. Бірі жылап, бірі сыбағасын беріп, енді бірі кішкентайынан ертең жуан жұдырық шығатынын байқатып, маңайын жайпап тастайтыны да бар. Ал кешке баласын алуға келген ата-ана алдымен бүгін қандай сабақ болды, «апай не үйретті» деп емес, «ешкім тиген жоқ па, қандай тамақ іштің, тауыстың ба» деп сұрап барып, «Балам үйде дәретке отырамын дейтін, сізге айта алмай ма, не?» деп беттеріне сұраулы жүзбен қарап жатады. Қазір заман өзгерді, соған байланысты балабақшаларға қойылатын талапқа да өзгерістер молынан енді. Жоғарыда айтылған тірліктердің бәрі бала күтушіге (няняға) қатысты болса, тәрбиешінің міндеті тіптен молайған. Бүгінде, шыны керек, мектеп балдырғандардың балабақшадан дайын болып келуін талап етеді. Әріп танып, жыл мезгілдері, ай аттары, тәулік пен аптаны білу, үй жануарларының аттары мен төлдерін білу іспетті бұрын «Әліппе» көтеретін жүкті қазір балабақшалар мойындарына артқан. Оған қоса, әрбір мерекеге дайындалатын қойылымдар, үйретілетін ән-би, бассейні барларда жүзуге үйрету дейсіз бе, тәрбиеші атқаратын қыруар жұмысқа (соңғы екеуіне арнайы мамандар көмектеседі) балабақша қызметкерлері қанша айлық алады? Айтуға ұят. Шынына келгенде, мектепке балабақшадан барған бала мен үйде тәрбиелеген балдырғанның арасы жер мен көктей. Сонда осы бір бейнеті мол, баланы ертеңгі үлкен өмірге даярлайтын балабақша қызметкерлерін мардымсыз нәпақаға қаратып қоюдың реті қалай өзі? Менің ойымша, осынау маңызды мәселеге деген немқұрайлы көзқарасты өзгерту қажет. Рас, біздің елде балалардың барлығына бірдей балабақша жетіспейді. Қайтпек керек? Шамасы келген ата-ана жекеменшік балабақшаларға берсе, бірі үйге келіп бағатын бала  күтушілерді жалдайды, енді бірі ата-әжесі болса, үйлерінде жүріп сол кісілерден тәлім алсын дейді. Мұның ішінде ең арзаны әрине, ата-әженің қарағаны. Алайда, ол кісілер немерелерін бағып-қаққанымен, мектепке балабақшадағыдай даярлай алмайды. Сондықтан кейбір ата-ана балаларын оқыту орталықтарына апарады, әйтеуір қалайда жолын тауып мектепке әзірлейді. Мұның барлығының арзан тұрмайтыны да рас. Және бір баланы сырттан келіп қарайтын жалдамалы күтушінің 50 мың теңгеден кем алатыны жоқ. Сонда күніне 20 баланы бағып-қағып, тәлім беретін тәрбиеші мен күтушінің, бақшадағы музыка мамандарының айлық ақысы қанша болуы керек? Әрине, қазіргіден бірнеше есеге дейін артуы тиіс. Тілдері шала шыққан кішкентай періштелерге қолдарын жүректеріне қойып әнұран айтқызуға, тақпақты тайпалта айтуға, бұрала билетуге қаншама күш жұмсалады, бағдарламаға сәйкес мектепке даярлап шығу қандай еңбекпен келеді? Мардымсыз жалақыға балалар үшін маңдайының терін төгіп жүрген балабақша маңайындағылар мұңдарын кімге айтарларын да білмейді. Қазір жеке адамдарға бала күтуші тауып беретін агенттіктерге жақсы болды. Олар әр қалада бірнешеуін ашып, тәрбиеші, күтушілердің базасын жасап алып, жұмыс сұрағанға, егер осыған дейін күтіп-баққан балаларының ата-аналарынан жақсы мінездемесі болса, қымбат жалақыға ұсынып, екі жақтан да қызметі үшін пайыздық үстемесін алып, содан өздерінің нәпақасын айырып отыр. Егер арнайы мектеп жасындағы балалармен жұмыспен айналысуына құқық беретін дипломы болса, тіптен рахат. Жұмыс ұсынушының да, жалданушының да мұрты майланып қалады. Балама арнайы маман күтуші таптым деген ата-ананың да көңілі ұпайым түгел деп мәз. Ал балабақшадағы барлық мамандардың, күтушілердің мемлекеттік тұрғыда өз жұмыстарының лайықты бағалануын күтіп, айлығын шайлығына жеткізе алмай жүргендеріне көп болды.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, 

"Егемен Қазақстан"