Ақыл-ойдың тұңғиығын тақырлап, өркениет асқарына аяқ басқан адамзаттың әлі күнге дейін «тамырына балта шаба алмай» келе жатқан бір кеселі – «сыбайлас жемқорлық» атты індет. 2016 жылдың қорытындысы бойынша, әлемдік жемқорлар рейтингінде зерттеу жүргізілген 176 мемлекеттің ішінде Қазақстан мүмкін болған 100 балл көрсеткіштен 29 балл жинап, 131-ші орынды иеленіпті. 2015 жылғы нақ осындай әлемдік рейтингте еліміз зерттеу жүргізілген 168 мемлекеттің ішінде 123-ші орынды иеленген еді. Бір жыл ішінде еліміздегі «сыбайлас жемқорлық» індеті одан әрі асқынып, халықаралық рейтингіде бірден сегіз сатыға «өсіппіз». Transparency International атты халықаралық қор өткізген бұл әлемдік мемлекеттер рейтингінде 90 балл жинаған Дания мен Жаңа Зеландия көш бастаса, 10 балл алған Сомали жемқорлар тізімінің нүктесін қойыпты. Жыл ішінде көрсеткішін сегіз саты төмендеткен Қазақстан әлемдік рейтингіде сыбайлас жемқорлық бойынша аты шыққан Украина, Непал және Иран сияқты мемлекеттер тобына жақындапты. Тәуелсіздігіміз салтанат құрған ширек ғасыр ішінде сыбайлас жемқорлықпен аяусыз күресіп келеміз. Бұл індетке қарсы заң қабылдаудан да, форум өткізуден де кенде емеспіз. Бірақ сыбайлас жемқорлық қасіретінің беті қайтпақ түгілі, жылдан-жылға қазақи кеңістігімізді жегі құрттай жайлап барады. Тіпті, бұл қатерлі індетке шалдықпаған билік тармағы қалмағандай. «Түйені жүгімен, биені түгімен жұтатын» әкімқараларды былай қойғанда, жыл басталмай жатып, Ұлттық экономика министрі қамауға алынды. Осы орайда Елбасы өзінің «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында «Біз елдегі сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету бағытында елеулі қадамдар жасадық. Алайда, басты назар көбіне сыбайлас жемқорлықтың салдарымен күресуге аударылып отыр. Сыбайлас жемқорлықтың себептері мен алғышарттарын анықтап, оларды жою жұмысын күшейту қажет», деп атап көрсетті. Ендеше, бұл індеттің тамырына балта шабу үшін ең алдымен, оның шығу себептеріне тосқауыл қойылуы керек. Батыс сарапшыларының пікірінше, Қазақстандағы жемқорлық непотизмге, яғни қызмет бабында туыстық, рушылдық, жершілдік байланыстармен өсуге, сонымен бірге фаворитизмге, яғни басшыға сүйікті болу, біреудің ығында жүруге және біреуге арқа сүйеуге негізделген. Әрине, әкімнің немесе министрдің баласы жоғары қызмет атқармасын деген талап жоқ. Өкінішке қарай, бізде қызмет бабында «көкесінің» беделімен ғана жоғарылау қалыпты қағидаға айналып бара жатыр. Бұл келеңсіздік әкімдіктерде, министрліктерде, ұлттық компанияларда кімдердің балалары және туыстары отырғанынан-ақ бетке ұрып тұр. «Қанына тартпағанның қары сынсын» деген қағиданы кландық, рулық және командалық топтардың ұранына айналдырып, сыбайлас жемқорлықтың қазақи пирамидасын жасадық. Бұл өте қауіпті. Ұйымдасқан «қазақи жемқорлар пирамидасы» азғантай қазақты ала тайдай бүлдіріп, үлкен қасіретке ұрындыруы әбден мүмкін. БҰҰ-ның мәлімдеуінше, бүгінде адамзат алдында тұрған жаһандық ең ірі үш қатер бар екен. Соның бірі – байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық, яғни әлеуметтік теңсіздік ең қауіпті шекке жеткен. Бұл көрсеткіш бойынша да жағдайымыз онша мәз емес. Еліміздегі акционерлік қоғамдар мен банктердегі жалақы айырмашылығы жүздеген есе өсіп кеткен. Әлеуметтік әділетсіздік белең алған ортада жемқорлықтың қаулай түсетіні де айдан анық жайт. Елбасы сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресудің стратегиясына байланысты Қазақстанда маңызды үш элементтен тұратын жүйені құруды тапсырған болатын. Ол – біріншіден, азаматтарға қызмет ететін тиімді мемлекет, екіншіден, экономикалық дамудың қозғаушы күші ретіндегі мықты бизнес, үшіншіден, жауапкершілігі жоғары азаматтық қоғам. Бүгінгі таңдағы бүкіл қазақстандық қоғамның жұмыла атқарар міндеттері осы. Әйтпесе, шектен шыққан бұл індет қазақстандық қоғамның болашағына аса зор қатер төндіруі мүмкін.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»