24 Ақпан, 2017

Саппородағы сәтті күн екі алтын, екі күміс және бір қола сыйлады

292 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Саппородағы Ақ Азиаданың алтыншы күні Қазақстан үшін олжалы болды. Бұл күні қоржынымызға екі алтын, екі күміс және бір қола медаль түсті. Сәтімен болған бұл іске биатлоншыларымыз сүбелі үлес қосты. Он шақырымдық спринтерлік қашықтықта бақ сынаған Ян Савицкий желден жүйрік шаңғышы ғана емес, құралайды көзге атқан мерген де екендігін дәлелдеді. Ол бұл белесті 26 минут 59,2 секундта бағындырды. Мәре сызығын екінші болып қиған тағы бір жерлесіміз Василий Подкорытов нысана атуда екі рет мүлт кетіп, су жаңа чемпионнан 15 секундқа қалып келді. Қола жүлдеге жапондық биатлоншы Микито Тачизаки (+20,2; бір рет мүлт кетті) қол жеткізді. Азиада чемпионы Ян Савицкий Шығыс Қазақстан облысының өкілі. Жасы биыл отызға толатын тәжірибелі спортшы. Ванкувер-2010 Олимпиадасының қатысушысы. 2011 жылғы Азия ойындарының чемпионы (4х7,5 км эстафетасы), 2014 жылы Алматыда өткен Азия чемпионатының жеңімпазы (15 км масс-старт). Саппородағы үшінші алтынның иегері көшбасшы биатлоншымыз Галина Виш­невская болды. Қыздар арасындағы сприн­терлік сында саңлақ спортшы 20:32.6 минут көрсеткішпен жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Жарыс жолына Гали­намен тізе қосып шыққан тағы бір биат­лоншымыз Алина Райкова (+50.6) құра­маның қоржынына қола жүлде салды. Ал бұл сындағы күміс медаль қытайлық биатлоншы Ян Жанға (+24.2) бұйырды. Еске салар болсақ, Шығыс Қазақстан облысы­ның 23 жастағы өкілі Галина Вишневская таяуда ғана Алматыда өткен XXVIII Дүниежүзілік қысқы Уни­версиада додасында екі алтын, үш күміс медаль­ды жеңіп алған болатын. Сондай-ақ, алтыншы жарыс күнінде шаңғышы Елена Коломина да ерледі. Ол бес шақырымдық қашықтықты 15:02.8 минутта жүгіріп өтіп, күміс жүлдеге ие болды. Бұл бәсекеде Еленадан 6.7 секундқа озып кеткен жапон қызы Юки Кабаяши чемпион атанды. Коломина бұдан бұрын 1,4 шақырым­дық қысқа қашықтықта күміс және 10 шақы­рымдық жарыста қола жүлде алған болатын. Сонымен, қысқы Азия ойындарындағы алты күнде алған жүлделеріміздің саны 12-ге жетті. Яғни, 3 ал­тын, 4 күміс және 5 қола медаль­мен жал­пы­ко­мандалық есепте төртінші орында келеміз. Көш басында қоржынында 45 медалі (14 алтын, 15 күміс, 16 қола) бар Жапония келеді. Екінші орындағы Оңтүстік Кореяның еншісінде 34 жүлде (14, 12, 9) бар. Ал әзірге үшінші сатыға табан тіреген Қытай құрамасы 18 (6, 6, 6) медаль алып үлгерді. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» Суреттерді түсірген Данияр МАЙЛЫБАЕВ